Жылқыға қатысты көнерген сөздер (жалғасы)

14358

Таға – аяқкиім тозбау үшін етіктің табынына байлаған жылқының қуыс тұяғы. Таға тарту. (Кей жерде тақа деп те айтады.)
Тай үйрету – асау тайды мініске жегу үшін алғаш міну.
Тайжақы – құлын терісінен тігілген пешпент.
«Шешесі жауып кеткен тайжақы ішікті бүркене түсіп, шаршаңқы жанармен әкесіне қарады». (Оралхан Бөкеев)
Тайжүзген – қымыз құятын үлкен саба.
«Екі өгіздің терісінен тұтас тігілген тайжүзген саба да орнап қалып еді.» (М .Мағауин)
Тайтері – тайдың терісінен жасалған тулақ.
«-Отыр!– төре қамшысымен оң жақтағы тайтеріні салып қалып еді, шаңы бұрқ етті.» (Қ. Исабаев)
Тайтұяқ – көлемі тайдың тұяғындай кесек алтын, күміс.
«Жаршының жағында тыным жоқ: «бас бәйге – бір тайтұяқ алтын, боталы іңген, тай-құлынымен бір үйір жылқы!» (С.Жүнісов)
Тақымгер – көкпарды жақсы тартатын, тақымынан шығармайтын мықты азамат.
«Көзім біздің ауылдың әйгілі тақымгер көкпаршы жігіті Жұмақожаға түсті». (Н.Қазыбеков)
Талақ – Жылқының ауруы.
«Талағың түскір» – жылқыға айтылатын қарғыс, зеку.
Талыс – жылқының не сиырдың бас терісін бітеу сойып, балға, тістеуік сынды ұсақ саймандар салуға арналған көшпенді елдің ықшам сайман салғышы.
Таң асыру – суытудың бір түрі. Алыс жол, қатты жүрістен қиналып келген немесе бәйгеге баптау кезінде (әредік) атты таңға дейін отқа қоймай тынықтыру.
«-Шаңқай түсте атты таңасыра ма екен?» (Т.Әлімқұлов)
Таралғы –күміс әшекей айлбасты үзеңгібау.
«Таралғысы қысқартылған үзенгіге ширыға сүйеніп, шабытты шәулідей шүйіле түсті.» (Т.Әлімқұлов)
Таран – Атпен айналдырып, тас ататын соғыс құралы. (Шыңғыс хан заманынан)
Тарантас – төрт дөңгелекті көбіне үсті жабық жақтаулы жеңіл арба.
«Тарантастың бір ырғақты сықырына үн қосып, түйеге жеккен ағаш арба сықырлайды.» (Т.Ахтанов)
Тарпаң– жабайы жылқы.
«Дала жылқысы тарпаң мен үй жылқысы қазанаттың арасынан шыққан будан.» (М.Мағауин)
«Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген,
Тағыдай таңдан су ішкен,
Тағы сынды жан едік». (Махамбет)
Тасырқау – тағасыз аттың табанына тас батып, кібіртіктеп баса алмауы.
«Би менен батыр аз болып,
Тасырқап па едің шаба алмай?» (Үмбетей жырау)
«Арғымақ ат тасырқап,
Тағасыз болған замана.» (Шортанбай ақын)
Тату – қымыздың, айранның ыдыста (Әсіресе метал ыдыста) ұзақ сақталудан, сол ыдыстың дәмі сіңіп, бұзылуы. Темір тату, татыған қымыз. Татымал.
«Анда барған соң іле-шала шелекке су құйып, қымызды ішіне салып қой. Татып кетпесін». (С.Ләмбеков)
Татымал – ыдыстың дәмі шығып кеткен ішуге жарамсыз қымыз.
Тәбия – Күлік.
«Күпсек санды күреңді,
Тәбия қып жаратқан.» (Бұқар жырау)
Тебін – 1.Тұяқты мал қарда аяғымен теуіп, аршып жейтін қысқы жайылым.
2.Малдың өріске шыққандағы алғашқы жүрісі. Отардың тебінін қайтару. Малды тебіндету.
Тебінгі – тоқым қысқа болғанда аяқкиім мен шалбар балағын аттың терінен қорғайтын ер-тұрман әбзелі.
«Тебінгінің астынан ала балта суырып.» (Шалкиіз)
Тегілдірік – ат теріне етік, балақ былғанбас үшін тоқымға бекітілген былғары көлегей.
«Атқа салдыс тегілдірік, пыстанды.» («Қобыланды батыр» жыры)
Текежәуміт – асыл тұқымды түрікмен жылқысы.
«Шаң жұтпас текежәуміт атың қайда,
Қалдырмас жауға тастап жақын қайда?» (Міржақып Дулатов)
Тел – екі енені бірдей емген төл немесе бір енені емген екі төл. Тел өскен, тел қозыдай, тел қоңыр.
«Екі енені тел емген,
Мен күпшек сан тел күрең.» (Базар жырау)
Телше – жылқының қабырғамен ұштас сүбелік майы.
«Ораз-Мұхамедтің алдында үлкен табақта басқа сыйлы мүшелерімен қатар тайдың тұтас пісірілген телшесі туралып жатқан.» (М.Мағауин)
Теңге ату – қазақтың ұлттық ат ойын, спорт түрі. Ат үстінде шауып келе жатып, биікке ілінген күміс теңгені садақпен атып түсіру сайысы.
Теңге ілу – қазақтың ұлттық ат ойыны. Атпен шауып келе жатып жердегі теңгені іліп алу.
Тепкішек – жас баланы атқа мінгізгенде үзеңгі орнына ерге байланған киіз дорба. (Кей жерде тепкіншек деп атайды.)
«Арқасы арылмаған сары жүннен,
Ақтарлан тойға келді бала мінген,
Әшімтай немересін тепкішекке,
Мінгізіп, ырым етіп ала келген.» (Кәп Құмарұлы)
Терлік – тоқымның астына салатын жұқа киіз әбзел.
Тобылғы – қызыл күрең түсті қатты бұта ағаш. (Қазақтар көбіне қамшының сабын жасайды.) Тобылғы торы – күреңкей торы.
«Тобылғы сапты қамшы ұстап, тұмар мойын ат мінген қыдырмашы жігіт-желең бір ауылдан-бір ауылға сабылысып бағар-ды.» (Ә.Кекілбаев)
Тобыршық – Тобыршық қамшы – буылтығы бар түйіндеп өрген қамшы.
Тобышақ (Тобышақ ат) – жауға мінер мықты ат.
«Садақ сыртты, күпшек сан, Тобышақ атты жайламай.» (Дулат Бабатайұлы)
«Тұлпардан шын тобышақ туыпты.» (Әсет пен Ырысжанның айтысынан)
Тоға – белдік, тартпа сияқты заттардың айылбасының ортасындағы бекіткіш тілшік.
«Арғымаққа тартқан ығыршық арқасына бекімес,
үзісе айыл толғасы.» (Абыл ақын)
Тоғайрақ – малдың қарны мен жұмыршағы арасындағы қарынша. Кепеш қарын. (Жылқының тоғайрағын құрт қарын деп атайды.)
Тон – жаңа туған төлдің сыртындағы шарананы ұстап тұратын жұқа қабық, қағанақ.
«Тұншығып тұлпар қалар деп,
Құртқаның жаны шығады,
Тонын жарып тұлпардың,
Құлынға тыныс қылады.» («Қобланды батыр» жыры)
Топқазы – жылқы ауруы.
Топай – жылқының бақайшық сүйегі. Кей жерде іріқара малдың асығын да топай дейді. (Сақа) Топай ату, топай ойнау.
Топыраш – бітімі, жүрісі жайсыз жылқы.
Торай (торай бермеу) – бәйгеде жүлде бермеу.
«Топта торай бермейтін,
Тұлпар аттай қунақпын.» (Дулат Бабатайұлы)
Тоспашы – барымта кезінде ұрылардың қуғыншылардың алдын тосатын тобы.
«Енді Наймантайдың тоспашы жігіттері тізгін тартысып, арттағы қуғыншыларды қасқайып қарсы алып еді.» (А.Сейдімбеков)
Төгерек – жұмыр, дөңгеленген, жай тұрғанда төбе сүйек, сауыр, шоқтық биіктігі бірдей, алды арты тең келген жүйрік аттың сыны. Төгерек жүйрік.
«Қысқа бақай, тар мықын,
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Құлжа мойын төгерек,
Ұмтыла шапқан Тарланым.» («Ер Тарғын» жыры)
Төсайыл – ердің алдыңғы айлы.
“Төс айылдың батқанын иесі емес ат білер,
азаматтың қадірін ағайын білмес жат білер.” (Мақал)
Турылу – ішін май басу, семіру.
Тұғыр – Мініске төзімді жабы тұқымдас жылқы.
Тұқай – тұяқ.
«Тұқайы оның кетіліп,
Сыныпты үлкен мұқалып.» (Асан қайғы) (Моңғол тілінде де «туқай» (туухай))
Тұлдау – Қайтыс болған адамның мінген атын жетісіне, қырқына яки жылдығына арнап сояр алдында атты еріттеп, үстіне иесінің киімін, ат әбзелдерін қойып, құран оқытатын дәстүр.
«Тұлдап қойған Даубайдың шұбар жорғасын әкеліп, құранды ерінің басына ілген қамшысын алмақ болып тосын біреу қол салғанда бәйбіше де, Нұрия да қара жабуды алғызбаймыз деп жылауды үдетіп, аттың кежім жабуын басып тұрып алды.» (Б.Қыдырбекұлы)
Тұлық – атқа жегіп, астық бастыратын төрт не алты қырлы тас құрал.
Тұлықтас – тұлықтың ертедегі атауы.
Тұмба – буаз биенің құлындар алдындағы артынан білінетін құлын тынысы.
Тұра (тұяқ) – 1. Жылқының тұяғының сыртқы мүйіз қабы. Тұрасы өсу – көп мінілмеуден болып, тұяқтың пішіні бұзылып, өсуі.
2. Ат тұяғының табанындағы тіл сияқты шеміршек.
Тұрман – ер-тоқымның жабдығы, ер-тұрман, айыл-тұрман.
Тұрық (Арық тұрық, арық тұрақ) — арық. Арық-тұрық мал. Моңғол тілінде тұрық – арықтау.
Тұсамыс – аттың алыстап кетпеуі үшін алдыңғы екі аяғын қосақтап бекітетін әбзел.
Түнемел – түн асқан сапасы нашар қымыз.
Тышқан (тышқаншық) – улы шөп жеуден пайда болатын ірі қара малдың ауыруы.
«Жүйрікке тышқан тиді, жүгірмейді,
Домбыра таңқ-тұңқ етіп, күй білмейді» (І.Жансүгіров)
Тізелдірік – бір тізерлеп отырып бие сауғанда тізеден сыз өтпеу үшін былғарыға киіз күсіп жасаған тізе қап.
«Тізелдірікте көнек сияқты көбіне былғарыдан жасалады». (Б.Қыдырбекұлы)

B.TokhanulyБодаухан Тоқанұлы, журналист.
«Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздердің түсіндірме сөздігі» кітабынан.
(Басы: 1. 2.3.) (Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.