«Әкем мінген ақ боз ат»

12733

(Әңгіме)

Жылқы — өзінің әу бастағы қайталанбас қалпын күні бүгінге дейін жоғалтпай келе жатқан қасиетті жануар. Жыр-дастан, аңыздарға, тарихымызға арқау болған сипаты бөлекше жаратылған түлік. Төрт түлікітің «төресі» аталған қасиетті түліктің халқымыз үшін алатын орны ерекше. Ата-бабаларымыз тегінен тегін жылқыға «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, он мыңнан қазанат» деп батасын, әділ бағасын берген.
Қадам басқан баласын түліктің төліне теңеу де қазаққа тән қасиет, мінез, салт, әдет, ырым. Ата-ана баласын құлыным, құлыншағым деп еркелетіп, оның қаз-қаз басып, жүгірген қимылын құлынға балауы, зыр жүгірген жүрісін құлындай құлдыраңдады деу», «Құлыным» деп айтылғанның өзі көп нәрсені аңғартады. Ал кез келген ауыл баласы болса құлын болып кісінеп, тай-құнан боп тулап, асау болып алысып, ат болып жарысып ойнап, тарпаң болып ер жететіні анық.
«Қазақ – жылқы мінезді» деп текке айтылмаған. Өзімде осы жылқы жылы дүниеге келіппін.
Атам заманнан жыл қайыру да санамалау да жылдардың атауына да ие болған қасиетті жылқы. Қандай шежіре тарих болмасын осы жылы болды, осы жылқы жылы жақсылық болды деген деректерді оқимыз. Ауылда өскен әр бала, әр қазақ баласы қолына түскен қу шыбықтан бастап, көк талға дейін, атасының таяғына шейін, тіпті апасының сабауына дейін ат қылып мініп, ауылдың қара топырағында жалаңаяқ көк жусанда жүгіріп ойнайтыны өзі бір ғажап.
Иә, қу ағашқа, көк талға жан бітеді. Оның өзін мақтаныш көріп, мұрнымыз шаңға тұншықсақ та, бір-бірімізбен жарысып, жүгіруші едік. Бұқтырма өзені бойында қайыңмен аралас өскен тал біткен ауыл баласы үшін нағыз үйір-үйір жылқыдай, дүд-дүл тұлпарлардай болып кетуші еді. Жылқы таңдаған сыншыдай түзу, сұлу, алыстан көз тартып тұрған жас шыбықты таңдап, кесіп, оның өзін асау деп кісінетіп, үйретуші едік. Ауыздықпен алысқан астымыздағы көк талға жан бітіп, жылқы қасиеті бойына қонғандай тулап кетуші еді.
Иә, солай жүріп ақыры жетіден астым-ау дегенде алғашқы армандаған тұлпарға мінесің. Ең алғашқы мінген жылқы қашанда қастерлі. Менде осы жеті жасқа дейін мінген көк талым енді шынайы болып, қуанышымда шек болмай ең алғаш орманшы әкемнің таңдап әкелген ақбоз атына мінген кезім әлі есімде. Бейне бір ертегі әлеміне кіргендей күй кештім. Өр Алтайдың мұзарт шыңыннан түскен елес сияқты бәрі. Алтайдың ақ боранындай құбыла соққан желдің иіріміндей майда жалы төгіліп-ақ тұр. Бала болсам да әлі жадымда сол ақ жалдан тырмысып ұстап тақымымды қысып биікте отырған балғын шағым. Әкем орманшы ауылдағы жалғыз орманшы болғандықтан, жауапты жұмыспен төрт мезгілде де ат үстінен түспеген адам еді.
AkhbozКөктем шыға нағыз қарбалас кез. Алтайдың қарағай, самырсын бүршігін жинау деген орманшылардың науқаны басталады. Ақбоз ат енді дамылсыз сонау арғы жақтағы Шабанбайдан бастап, Марқакөлдің шекарасына дейін шығыстағы ең қиыр жатқан жайлаулардың дерлігіне тұяғын тигізіп қайтатын сәт.
Арыны басылмай тасыған Бұқтырма өзенінен мықты деген ат болмаса жүзіп өтуі екі талай. Жылқы екеш жылқы да иірімді сезеді. Ақбозға мінген әкем қашанда сенімді болатын. «Бұқтырмадан талай атпен өттім бірақ бірде бір жылқы осы ақ боздай болмады. Бәрі сескеніп, бұйра толқынның қуатынан қорқып суға тұяқ тигізбей қоюшы еді» — дейтін еді.
Ақбоздың бір кереметтілігі қанша шақырым жол жүріп келсе де шаршамаған кейіп танытып, әлде «туған жерге оралдым» деген ойы ма, еркіндікті аңсағаны ма, ер-тоқым түскен кезде құлындай қуанып, тоғайға қарай шаба жөнелетін. Мен талай осы сәттерге куә болдым. Тағы бір ерекшелігі әкем атқұмарлығы ма, әйтеуір ақбоз әкем ысқырған кезде екі алдыңғы тұяғын көкке шаншып тік шаншылушы еді. Бұл көрініс енді сөзге бергісіз керемет. Мал иесін таниды деген шын-ау. Өзге адам осылай жасаса елең етпейді. Бұл әкеме деген ақбоздың құрметі шығар бәлкім.
Қатты шаршаған ақбозды мен тек қартайған сәтінде ғана көрдім. Басын төмен шұлғып, бұрыңғы қайраты жоқ. Үнсіз тұрушы еді. Дегенмен 10 жасымда ақбозбен сонау асқар шыңға Өрел мен Еңбек ауылының ортасынан жайлауға барар «Сарыноқай» аталатын тік жалғыз аяқ ат жолымен қиялап, биігіне шығып, туған жердің, елдің тамаша көрінісін маусымдағы ақ шыңда тұрып төңірекке көз тастаған сәтім ұмытылған емес. Марқұм әкемді жора-жолдастары Оралбек демей «Оша» деп атап кеткендіктен, «Оша мінген ақбоз ат» болып ақбоз да ел есінде қалған.
Сонда қарап отырсам әкем мінген талай жылқылардың ішіндегі екі ат қана желісті болған екен. Соның алғашқысы осы – ақбоз. Екіншісі – кері ат. Ауылда ақбоз мінген адамдар көп болды. Ақбоз мінген адамды көргенде балалық шағым, әкем, туған жер, жайлау, ауыл адамдары есіме түсіп кетеді.
Уақыт та зымырап өтіпті-ау. Жайлауға Алатайға бүршік теруге барғанда әкем айтып отырушы еді. «Орманшылар кешкісін жұмыс аяқталғанда, Алатайдың барағынан бастап, Тарбағатай жайлауындағы жазықтағы қара жолмен орманшы шыңғыстайлық Елтайдың үйіне дейін кішігірім ат жарысын ұйымдастырушы едік — деп. — Ол жерде Өр Алтайдың небір жүйрік аттары, жаратылған орманшылардың сәйгүліктері жиылушы еді — деп. — Желісі аттардың қатарынан қашанда ешкімге алдын бермеген ақбоз қара шаңды артқа тастап үздік келетін — деуші еді. — Шабысты жылқының өзі жорға атаулы да шаң қауып құйрық тістескен аттар жетер мәреге таяу қалғанда амалсыз қалатын» — деген әңгімесі мені қызықтырып қоятын.
Сол ақбоз аттан кейін бір ақбоз болмады-ау. Совхоз құрып, жылқы біткен етке кетті. Басы азайып, ауылда совхоздың жылқысы дегеннен алып қалған ат болмаса талай мықты аттар кетті-ау. Сол кездегі совхоздың аты деп аямай мінген аттар шыныменде мықты еді. Ал, әкемнің ақбозы сол Лесхоздан емес Совхоздан таңдалып алынған дөнен болатын. Ол уақытта ақбоз үйірдегі жас айғыр еді.
Сол ақбоз сынды қасиетті жылқылардан қазір ауылда тұяқ қалмады-ау. Ұсақталып кеткен сыңайлы. Жайлауға барған малшы біткен сол ақбоздың тік қарғыған өнерін қызықтап мініп көреді екен. Алтайдың соқпақ жолын ат тұяғымен жүріп өткен Өр Алтайдың өрін бағындырған өр тұлпарлары қашанда Қазанат болып қала бермек.
Иә, қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі ең қасиетті, ең қадірлі малы. Өйткені ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің тыныс-тіршілігі, өмір салты, өнер білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады.
Ақ боз аттың өзі тарихта болмапсын аңызда болмасын дәстүрлі ортада ерекше қастерленетін жылқы түсінің атауы. Бастапқыда ақ түстің қасиетті саналуының негізі күн түсіне баланған, хандар, батырлар мінген деп ерекше қастерленген. Сол себепті де иесінің атақ-даңқын, лауазымын айғақтайтын символикалық мәні де болды. Дәстүрлі наным-сенімнің өзінде адам ақ боз биенің сүтіне шомылса, бойындағы науқасы, қайғы-қасіретінен тез айығады делінген.
Ақбозат – Темірқазық төңірегіндегі жұлдыз. Қазақ аңызы бойынша Жетіқарақшының Темірқазыққа шылбырмен байланған екі атының бірі. Жарықтығы жағынан үшінші орында. Ақбозат – аспандағы жыл бойы батпайтын жұлдыздардың бірі. Қазақ халқы ертеректегі тұрмысында Ақбозатты Темірқазықпен бірге бағыт-бағдар алуға жиі пайдаланған. Ежелден қалған ескі сөз – ер қанаты – ат. «Күш-қайратың қайнап, әл-қуатың тасып тұрған жастық шағыңда ел-жер аралап, қыр-сырына қанық, көпті көріп көзінді аш» деген ұғымды атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп деп бекер айтылмаса керек. Қуатың, білімің барда қарымта. Жылқы деген қасиет. Ылайым ақбоз мінген ел ағаларымыз аман болсын! Ақ тілектер әр шаңырақта орындалсын! Жылқы мінезді халқымыз аман-есен болсын!

Дидар Оралбекұлы, ШҚО.

3 comments

  1. СӘДІБЕК ТҮГЕЛ 1 Ақпан, 2016 at 15:58 Ответить

    Дидар! Жақсы жазылған шығармаңмен шын жүректен құттықтаймын! Құнды туынды әрқашан қуантады оқырмандарды. «Мыңнан -қазанат» деп дәл тауып жазғансың. Шынында, Ер қанаты-ҚАЗАНАТ! Қазанаты болғанда қазақ қор болмаған! Қаламың ұштала берсін! Атбегі Оралбек ағаның мына қазақтың қазанаты Ақбозаттың үстінде түcкен фотосуреті ғажап екен. Ұрпақтар үшін сақта

  2. Талғат Омар 12 Сәуір, 2018 at 01:20 Ответить

    Мұндай жылқылардың қасиеті ерекше. Ал орманшының да жан серігі болған ақ боздың өзі Алтайдың мықты тұқымы екен. Дидар бауырым қаламың ұштала берсін. Тамаша естелік екен.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.