Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ: Жылқы, жылқы, жылқылар…
Қазақ жылқысы жайлы жазылған еңбектерді іздестірген кезде бағыт-бағдар беген адамдардың көбі «Жағда Бабалықұлынан артық қазақ жылқысы жайлы ешкім білмейді. Сол кісінің еңбектерін жарияласаң ұтпасаң ұтылмайсың» — дегенді алға тартты. Сонымен Жағда ағамыздың еңбектеріне де қолым жетті. Ал өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырған бұл сұқбат-мақала Қасымхан Бегмановтың Жағда Бабалықұлының көзі тірісінде қазақ жылқысы жайлы өткізген сұқбаты. Сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
Арғымақ.кз
-Жылқының қандай мінездері бар екенін таратып айтсақ…
— Кісінейді, осқырады, оқыранады, шұрқырайды, арқырайды, үркеді, елеңдейді, ішін тартады, жөтеледі, түшкіреді, айғырлар шекіседі, тебіседі, тістеседі, жусайды, ұйықтайды, қашады, иіскейді, иіскеседі, шайнайды, таласады, есінейді, бірін-бірі іздеп кісінейді, кісінеп табысады, кісінеп танысады, «Жылқы кісінескенше, адам сөйлейкенше» деген сөз осыдан қалса керек. Жылқы өте жершіл болады. Өз мекенін іздеп қашады, өз үйірін іздеп қашады, оның айылын қатты тартсаң, тістеп не теуіп өшін алады, ұнатпай қалса, ыңғайы келгенде тебеді, жылқының аты шыққан тебегені болады, қытымыр мінезді жылқы, ақылды жылқы, ақылсыз жылқы, кең пейілді, ақ пейілді, арамза, арам ойлылары да болады. Адамды алдайтындары бар, ер мінезді батылдары бар, адамға, иесіне жанашырлық жасайтындары да болады.
1935 жылы Құсайын Бабалықұлы Үрімжі қаласынан бір қаракер атты сатып алып мініп, Шәуешек қаласына келген еді. Ат Құлжа аймағының Текес ауданынан айдалып, мың екі жүз шақырым жол жүріп, Үрімжі қаласына дейін арған. Үрімжіден 556 шақырым жүріп, Шәуешекке барған. 1937 жылы көктемде осы ат бізден қашқанда бұрын басып өткен жерлерін қайта баспай, Шәуешекке, Текеске қарай төте жолсызбен қашқан ғой, жарықтық. Текес, Шәуешек, Үрімжі үшеуі ошақтың үш бұты секілді, үш жерде орналасқан. Үрімжі мен Шәуешектің арасы – 556 шақырым, Шәуешек пен Текестің арасы – 1100 шақырым. Үрімжі мен Текестің арасы – 1200 шақырым. Сонда ол бұрын Текестен – Үрімжіге, Үрімжіден – Шәуешекке келіп отыр ғой. Бұл жолы ол тура келген жеріне қашқан. Ал осы ат жолды қалай біледі? Басып өткен жерлері – асқар тау, құм, елсіз дала, көл өзенді жерлер. Әлде жылқы аспан әлеміндегі жұлдыз, ай, күн, ауа райын есептей ме? Қалай ойласам да, осы аттың Текеске төтелеп қашуы мені қатты таңғалдырды. Табиғаттың тылсымы болар, қанша ойлансам да, бұл жұмбақты мен шеше алмадым.
— Түйекиік дейтін қандай жануар өзі?
— Әлі есімде, әкем Бабалықтың айтуынша, түйекиіктің денесі біздің тайлақ түйедей ғана болады екен. Манас ойпатының солтүстік батысындағы Жайыр тауын мекендеген найман ішінде матай елінің атақты саяткері, аңкөс Абдрахман Тұрлыбайұлы әр жылы қыста аңшылар тобын құрып, Манас ойпатына келіп, салбурынға шығады екен. Қалың жиде, сексеуіл, тораңғыл мене жыңғыл, дүзген орманы арасында қарақұйрық, елік, қасқыр, бұғы, марал, түлкі, қарсақ, шибөрі секілді аңдар болады. Сондай салбурындардың бірінде «түйекиік», кейде керқұланы да көреді екен. Бір жолы керқұланы атып та алғаны бар көрінеді. Әбекеңнің айтуынша, түйекиік – екі өркешті, өңі құла сары, дене тұрқы біздің тайлақ түйедей. Өте жүйрік, адамды көрген заматында құйындай зыта жөнеледі дейді. Бұл – 1915-21 жылдар аралығында болған оқиға. Біздің қолдағы түйелердің түсі әркелкі болатын. Ақсары, ақбас, құласары, қарақоңыр шудалы. Бүкіл әлемді алып қарайтын болсақ, жабайы түйені, түйекиікті ұстап – бағып отырған жануарлар бағы жоқ. «Моңғолия жерінде түйекиік бар» деген де сыбыс естіліп қалады. 1989 жылы мен Үрімжідегі хайуанаттар бағында болдым. Әдейілеп барғам. Соғыс кезінде далада қалып, тағыланып қалған бір түйені қытайлар ұстап алып, түйекиік деп атап отыр. Қолда бағылып, жүк артылған, екі өркеші сынған, жапырық, қайшы өркешті алып қара бура екен онысы. Мен көргенде алдындағы шөпті аузын толтыра асап, тік тұрып, қылғытып жатыр екен. Жанына жақын барып едім, маған қарамады. Сескенген, жиіркенген, қауіптенген сыңай танытпады. Қытай ғалымдары Манас ойпатында түйекиік болғанын жақсы біледі. Бірақ, түйе тегінің қай уақытта жойылып біткенін білмейді. Олар мен айтқан деректерге көңіл аудармады. Мен мұны әр кез айтып жүрмін. Жылқы біткеннің арғы тегі керқұла мен тарпаң ғой. Тарпаңның соңғы тұяғы 1864 жылы оққа ұшқаны жайлы менде дерек бар. Біздің қазақ жылқы құмарларының сөзіне қарағанда, жұқа тұяқ, қазтабан, шамалы шоқтықсыздау, дене бітімі жұқалтаң, күйгелектеу, мінезі жеңілтек келетін тұқымның түрлері қазақ жылқысының ішінде некен-саяқ кездеседі. Жалпы, тарпаң тектілер аздау.
— Бүгінде қазақтың нағыз жауға шабар, көкпар тартар жылқылары азайып кетті. Олардың қазақ даласын, сайын сахарамызды қайта дүбірлетеріне сенесіз бе?
— Жылқы деген ішсе – сусын, жесе – азық, мінсе – көлік. Қазақ жылқыларының төзімділігінде шек жоқ. Жаугершілік заманда бабаларымыз өздерімен бірге үйір-үйір жылқы айдап жүретін болған. Шөлдегенде қымызын ішіп, ашыққанда етіп жеп жүре берген. Әрі қашқанға да, қуғанға да, шапшаң қимылды жылқы оңтайлы. Шалт бұрылатын икемділігімен де шайқас үшін жаралғандай. Қазақ ат арқылы Үндістаннан Араб әлеміне дейін, Сахарадан Еуропаның Италия, Франция елдеріне дейін емін-еркін көшіп қонған. 1920 жылдары қазақтың кейбір шаңырағында 30-40 мыңға жуық жылқы малы болыпты. Ал бүкіл қазақ даласында жиырма миллионға тарта жылқы басы бар еді. Кейінірек Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен орыстар сол жылқылардың бәрін етке өткізіп, қырып салды.
Қазақы жылқыны көбейту керек. Қазақы жылқыны сен асырамайсың, ол сені асырайды. Бір жарым метр қар жауғанның өзінде өз шөбін өзі табуға шамасы жетеді. Қазақтың көптеген қалталы ессіз байлары таза қанды жылқы асырап, қаражатын далаға шашып жатыр. Әкелген әлгі асыл тұқымдылары ұзаққа шабуға шыдамайды. Бұл турасында мен көп жаздым. Мінуге де жарамайды. Былайша айтқанда – мәңгүрт. Өйткені өз енесіне, өзінен туған байталға шаба береді. Қазақы жылқы өйтпейді, тегін сақтайды. Тек сақтайтын аң-құс санаулы. Дегенмен, тек сақтау – жаратылсытағы барлық тіршілік иелеріне тән нәрсе. Сондай-ақ аққу, кәмшат құндыздың теке сақтайтыны хақ. Америкада пума деген жолбарыс текті жыртқыш бар. ол да осы секілді өз тегіне адал. Қазақ «жылқы тектес» деп бекер айтпайды, үнемі жылқы етімен қоректенгеннен жылқы қасиетін бойына сіңірген. Қанымызға жылқы қасиеті әбден орныққан. Сондықтан біз де жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспейміз. Мысалы, адам баласының қаны қазіргі ғылымның зерттеуі бойынша отыз-отыз бес мың текке бөлінеді. Қазақ халқының әйелдері «өй, тексіз неме, өңез неме» дейді ашуланғанда.
-Өңез деп тұрғаны не сонда?
— Өңез шелектің ішіне жиналған кір. Шелек жуылмаса, іші кірге толып, күйе секілді болып кеткенде «өңез» деп атайды. Сонда «тегің өңіз» деп тұр ғой. Ал жаңағы ғылымның зерттеген тектерінің ішінде «өңез текті» деген бар. қазақитың қатындары қайдан білді мұны? Сондай-ақ, «ашытқы текті» деген бар. Кәдімгі ашытқы. Адам баласының бойындағы тектерді ешкім түбегейлі зерттеп, бас-аяғына шыға алған жоқ… Елімізде қасиетті қазақы жылқы тез өседі. Қазақ топырағында қазақы қой да жылдам көбейеді. Ақ қойдың біздің жерімізге бейімделуі қиын. Өзін-өзі баға алмайды. Көп күтімді талап етеді. Қазір техниканың күші жеткілікті. Осы арқылы қазақы жылқылардың өрісін кеңейтуге жол ашылмақ.
— Жылқы жануары жайында әңгіме мұнымен шектелмесі анық. бір жылдары «Маңмаңгер» дейтін журнал жарық көрген болатын. Қазір көзге түспейді бұл басылымға да атсалысқан шығарсыз?
— Қазақ баспасөзінің тарихында жылқыға арнап арнайы журнал шыққаны мәлім емес. Кейбір елдің иті мен мысығына, шошқасы мен торғайына арналған журналдары бар. Ал дүниені дүбірімен дүр сілкіндірген қазақ жылқысына тән арнайы журнал шығара бастадық. Журналымыз бастан-аяқ қазақ тілінде жарық көрді. Екі-үш жылдан соң «Маңмаңгерге» Қайрат Сатыбалды мырзаның көңілі ауып, «Маңмаңгер» редакциясын Астанаға көшіруді ұсынды. Біз қарсы болмадық. Қайта мемлекеттен арқа сүйеу тапқанымызға шын ниетімізбен қуандық. «Маңмаңгер» редакциясы Астанаға көшті. Өкінішке қарай, бұрынғы бас редакторды ауыстырып жіберді. Журнал орысша-қазақша екі тілде шыға бастады. Қазақ жылқысының арғы-бергі тарихына тоқталуды мақсат тұтқан, қазақ жылқысына тән он мыңдаған түбір сөз бен жүз мыңдаған тіркес сөзді жариялауды армандаған «Маңмаңгердің» тілегі осылай орындалмай қалды. Орыс тілді авторлардың оған шамасы келген жоқ. Олардың әлі жетпейді де. Егер бұдан былай газет-журналдар қазақ жылқысы туралы егжей-тегжейлі айтып бере алса, айтқаны елге түсінікті болып, қазақ халқының игілігіне жарап, өкінішпен өткен үзік сырларды жалғасытырып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бағыт бағдарымыз қасиетті қазақ жылқысына байланысты барлық сырды ашу болатын. Сонымен бірге қазақтың тілдік қорында жылқыға тән қанша атаулар мен сөз тіркестері барын шамалау еді. Бұл жұмыстың аса ауыр екендігінде сөз жоқ. Алайда, «алыс болса ауылыңа бармаймысың» дегендей, түбі бір шығаруға, айтуға тура келеді… «Інжудің құнын азабын шегіп іздеген біледі» дейді ғой. Біздің қолымыз жетпесе, келер ұрпақтың қолы жетеді деген сенімдеміз. Ниетіміз адал. Қазақ тілінің дертіне «бір тамшы» ем іздедік. Бұл бағытта көбінесе баспа бетін көруге жолы болмаған, сан-санақсыз түкпір мен елеусіз күл-қоқыс арасында шашылып, тозып, жоғалуға бет алған, әдеби айналымға кіре қоймайтын атаулар мен тіркестерді газет-журнал арқылы көрсетіп, жас ұрпаққа үйретуді қолға ала бастаған едік. Енді бүгін тек там-тұмдап жазғанымыз болмаса, көлемді дүниені жарыққа шығаруға мүмкіндік жоқ.
— Жылқы – есті жануар дедіңіз. Кейбір біз білмейтін ерекшеліктерін айтасыз ба?
— Жылқының қасиетін айтып тауыса алмайсың. Ақылды жылқы өз жатырына шаппайды. Адамға сүйіспеншілкіпен қарайды. Адамды қорғайды. Жердің бедерін біледі. Адамды алдайды, өтірік жығылып қалады. Өзара бірін-бірі алдайды. Жарыста мақтанып, алға ұмтылады. Жақтырмаған қолдан, жерден, өңірден қашады. Қашудағы айласы тіпті көп.
Құсайын ағамның қоңыр аты ағам қайтыс болғанда келіп, сүйекті иіскеп күрсінді. Бұл 1947 жылдың жиырма бірінші тамызы болатын. Адаммен достық қатынас орната біледі. 1943 жылы желтоқсан айында «Қызылтұз» даласындағы боранда Әубәкір Бабалықұлының (менің ағам) құла аты алты ай бұрын тоқтап өткен жерді тауып, бізді апаттан алам алып қалды.
Ақылды хайуандардың бәрі жыртқыштан тараған. Жылқының да арғы тегі жыртқыш. Жылқы ашыққанда адамды жейді. Жұт болатын жылды жылқы жануары алдын ала сезеді. Жер қара, күн жылы кезінде қоңыр күзде көп жылқылар жер аударып, басқа жаққа қашып кетеді. Кейде кейбір биелер іш тастап, ішіндегі құлынынан құтылуға тырысады. Өз бойындағы күш-қуаттың құлынды аман алып қалуға шамасы жетпейтінін алдын ала сезеді.
Парсылар атты «бөджан», «елжан» десе, үнділер «тахт-и-раван» дейді екен. Дағыстандықтар «жылқы адам болуға бір дүниесі сәл-сәл жетпей қалыпты» деседі. Көне қытайлықтардың айтулары бойынша, сонау Ғұндар елінде «қанатты жылқылар» болған. «қанатты жылқыны» алу үшін қытайлар ғұндарға қарсы соғыс жариялағаны туралы тарихи деректер бар. Осы бір таңғажайып аңыздар мен деректердің барлығы тек жылқы түлігіне арналған. Ал осының басты себебі – жылқы жануарының адам баласына сіңірген еңбегіне байланысты.
Қазақ жылқыны «желден жаралған ер қанаты» деп бағалайды. Сүтін – сусын, етін – тамақ еткен қазақ «жылқы жұпар иісті» деп тамсанады. Он мыңдаған жылдар жылқы қаны бойына сіңген ата-бабамыз «адам жылқы мінезді» деп, жанын жылқыға таңып туыстырады. Тақымынан – ат, жайлауынан жылқы кетпеген «жылқы мінезді» сырмінез қазақ «жылқы-ақылды жануар» деп сендіре айтады. Өзінен тараған қанды білетін, жаза баспай танитын, өз енесінің иісін, өзінен тараған ұрпақ иісін жаңылмай сезетін, өз тұқымының үн-дыбысын, мінез – құлқын табатын, өзін туған енесіне, өзінен туған байталға шаппайтын қазақы жылқы тұқымының естілігін, ақылдылығын білетін қазақ «жақсы айғыр жатырына шаппайды» дейді көргенділікпен.
Ертеде ата-бабаларымыз қару-жарағы мен асытндағы атына сүйеніп, елін-жерін, намысын қорғады. Бірнеше жүз мыңдаған қолды бастап, сонау Сахалиндегі татар бұғазынан Батысқа қарай, Азияны талай рет көктей өтіп, Батыс елдеріне ойран салды. Сонау түкпір Түнсібірден Оңтүстікке беттеп, талай рет Араб, Парсы, Үнді жеріне сұғынды. Шығыста Қытайды қорқытып, бес мың шақырымдық қытай «жау балшығын» — осы күнгі Қытай қорғанын салдырды. Осы бір таңғажайып жорықтар мен қыруар тарихтың жасалуы тек қана жылқы түлігінің орасан молдығы мен ат күшіне байланысты болған. Мыңдаған жылдарға созылған жорықтар мен тарихи оқиғалар қазақтың табиғи ұлт болып қалыптасуына орасан зор ықпал жасады. Қазақ – құрамалы, жасанды ұлт емес, табиғи ұлт. Табиғи ұлттың табиғатпен белсенді байланысының айғағы — жылқы. Қазақтың ұлттық ділін, қазақтың туған тілін жасасқан аса қасиетті жануар. Еренқабырғаның (Тянь-Шаньның) шығыс сілемінде жатқан, қытай мен түрік аралығы аталған, осы күнде де солай аталатын Ататүрік ауданынан батыстағы Астарахан обылысына дейінгі аралық мөлшермен бес мың шақырым деуге болады. Ал осы аралыққа тарыдай шашылған қазақты диалектсіз сөйлетіп кеткен құдіретті күш те – жылқы. Тәуелсіз қазақ мемлекетінің сан салалы оқу-ағарту ғылымы бұл күндері басқа тілде сөйлейді де, қазақ тілінде сөйлеуге қолы жетпей отыр. Отарлық езгіден құтылдық десек те, ассимилияцияға қазақ тілі әлі күнге дейін ғылым тіліне айнала алмай отыр. Бүкіл оқу-ағарту саласында қазақ этнопедагогика ғылымы өз шаңырағын көтере алмай келеді. Болашақ үшін оқу-ағарту саласына керекті қазақтың этнопедагогика ғылымын жасау жолын іздестіру керек. «алынбайтын қамал жоқ», осы ғылымның құдіретімен орысша сөйлейтін, орысша ойлап, қазақша шала сөйлейтіндерді ұлттық намысты ойлайтын адамдарға ауыстыру заманы келуі керек.
— Неге Түнсібір дейміз?
— Түнсібір деп өте дұрыс айтылып тұр. Қараңғы ғой. Түн деп тұрғаны «қараңғы» деген сөз. Сібір деген жалпы басқа елдің сөзі емес. Түркітілдес халықтардың сөзі. Қазақстанның кей өңірлеріндегілер «ол жақ сібір ғой, алыс қой» дейді. Алыс деген мағынада қолданылып тұр. Қазақтың табиғи ұлт болып қалыптасуына мол үлес қосқан төрт түлікке тән тілдік қорымызды жинақтай теріп, ұлттық діліміздің қыры мен сырын ашу арқылы қазақтың ұлттық этнопедагогикасын қалыптастыруға аз да болса үлес қоссақ деймін. Осы арманға жету үшін, ең алдымен, қазақ жылқысының жібек жалына жабыстық. Жылқыға байланысты – тіл, діл, салт-сана, әдет-ғұрып, ырым, сыр-сипат, мінез-құлық, тәртіп-қағида, тыйым, талғам, ұлттық дәстүр, ұлттық намыс, ұлттық қорғану, ұлттық иелік тағы басқаларды сөз етуді ойлаймын.Қазақтың маңмаңгер жылқысына кезінде ақындар өлең арнады.
Маңмаңгер кекілің келте, жалың майда,
Байлаған сені сылап қалқатай да,
Жүресің желмаядай жануарым,
Көрейін қызығыңды осындайда, — деп жырламап па еді баяғыда жарықтық Ақан серінің өзі?!
— «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек…» деп жатамыз. Жылқыны не үшін «қазанат» дейміз?
— Кей сөздердің этимологиясын, төркінін іздеу – өзінше бір тақырып. «Қазанат» деген сөз – шыдамды, берік, мықты, тұлпар сынды, әлді, жүйрік десе жүйрік, жүріске мықты, мойымайтұғын деген мазмұнды беріп тұрған секілді. Биология, география және химия пәнінің мұғалімдеріне жарап қалар деген ниетпен жылқы жануары туралы көптген деректер жинадым. Жылқы жануарының кәделі сүйектерін атаудың анатомия ғылымына қосатын үлесі шамалы. Бірақ, тіл ғылымы тұрғысынан алғанда ассимиляцияланған қазақ тілін түзеуге қосқан үлесім болсын деймін де…
Жүріс-тұрысына, түр-түсіне және жаратылысына қарай қазақ жылқы малын бірнеше түрге бөлген. Солардың бірнешеуін айтып көрейін: арғымақ, қазанат, жабы, тобышақ, текежәуміт, қазақы ат, пырақ, дүлдүл, ақалтеке, жүйрік, тұлпар, күлік (сәйгүлік), саңлақ, жорға, су жорға, төкпе жорға, айдама, айдама жорға, шайқалған жорға, аяқ ылау, жетек ат, қосақ ат, түп ат, көсем ат.
Жылқы баласын құлын (бір жасқа дейінгі), жабағы (бір жасқа толмаған, жүні түспеген, тай болмаған кезі), тай(екі жасар), құнан (үш жастағы), дөнен (төрт жастағы), бесті (бес жастағы) деп жасына қарай атайды. Бұдан соң – бие (бес жаста), байтал (екі жастан бес жасқа дейінгі ұрғашы жылқы), Байталды «құнажын байтал», «дөнежін байтал» деп екіге бөледі.
Биенің сауылуына байланысты да атаулар бар: бас сауым (күні бойы сауылатын биенің ең бірінше сауылған мезгілі), жебей сауу (бірінші сауымнан кейін, жарты сағаттан кейін қайта сауу), бос емшек (биенің күздігүні емшегі сүтке толған кездегі бірінші сауылымы), қосақ (күзге қарай ірі құлындарды енесінің мойынына қосақтап жіберу).
Сүтіне қарай биелер мынадай түрлерге бөлінеді: Мама бие (өте сүтті бие), мәнерсіз бие (сүт шығымы аз бие), ақ тандыр бие (сүт шықпайтын бие), исіншек бие (сауар алдында құлынына жаны ашып,. Исініп, сүтін ағызып жіберетін бие).
Қысырақтардың (бойдақ билелер) өзі бірнеше түрге жіктеледі: қысырақтар (құлындамаған биелер, байталдар), тұмса қулық (үш немесе төрт жасқа дейін айғырдан шықса да, құлындамай жүрген биелер), көбен бие (шоңданып, тойына бастаған бие), ақ жілік бие (құлынында енесі сауылмай, еркін емген), қара кемік бие (енесі сауылып, жүдеу болып өскен бие), нәкүс құтамсыз бие (шыққан тегі нашар, сүті аз бие), құйма тұяқ бие (тұяғы көп тасырламайтын бие). Халқымыз дене бітіміне қарап жылқы малын «қазанат» және «қара етті» деп екіге бөлген. Қазанат майды сыртына жинайды. Ал қара еттісі керісінше майды ішіне жинайды. Қазанат жүріске шыдамды, еті дәмді, қазысы қалың, іші майлы келеді. Сондықтан да қазекең қазанаттың тұқымын малдануға күш салған. Үйірді қазанаттың тұүқымынан жинаған. Жылқы үйір-үйір болып жүретін мал ғой. Бір үйірде бестен жиырмаға дейін бие не байтал болады.
(Жалғасы бар)
Сұқбаттасқан
Қасымхан Бегманов
Ассалам алейкум! Арғымақ журналынын Алматы қаласындағы редакциясынын мекен-жайын айтасыздар ма.