Қара өлең құдіреті: «Боз ат»
Қазақтың қара өлеңі — тұнып тұрған алтын қазына! Қазақтың жан дүниесін осы қара өлеңнен табуға болады. Әсіресе жылқымен жаны егіз көшпенділердің бар болмысын, өмір сүру салтын, махаббатын, тұрмыс-тіршілігін, күнделікті күн көрісін, салт-дәстүрін, сал-серілігін, аңшылығын, мал шаруашылығын барлығын да осы қара өлеңнен табуға болады. Соның бір айғағы төмендегі «Боз аттың бойдай талай…» өлеңі.
Халықтың ғасырлардан жеткен дала философиясын бір ғана өлеңге сидырған бұл құндылықты бүгінгі ұрпақтың санасында қайта жаңғырта алсақ, Мәңгілік ел болудың кілтін қолымызға ұстар едік.
Сонымен назарларыңызда қазақтың қара өлеңі — «Боз ат».
Боз аттың бойдай талай бой денесі,
Адамның қолқа, жүрек—жан денесі.
Боз аттың бар мүшесін өлең қылсам,
Шықпасын әріптестің сонда есі.
Боз аттың секілдісің арқасындай,
Сырың бар қатпарланған құз тасындай.
Келгенде қара өлеңге дес бермейсің,
Қияның құзғын ұшпас жартасындай.
Боз аттың бойдай талай басындайсың,
Емілдің орқаш-орқаш тасындайсың.
Кез болған қиуада, қос әріптес,
Қара өлеңге келгенде тасқындайсың.
Боз аттың бойдай талай белдемесі,
Қолқа, жүрек—адамның жан денесі.
Боз аттың бар мүшесін өлең қылсам,
Қозады шын ақынның делебесі.
Боз аттың, бойдай тал-ай, бой денесі,
Адамның қолқа—жүрек—жан денесі.
Артына өлген адам қарамайды,
Қара жер бауыры суық әлденесі.
Боз аттың бойдай талай боғындайсың,
Келіншектің тана-моншақ шоғындайсың.
Әріптес, тілің шешен, сөзің өткір,
Мырыштың дәлдеп атқан оғындайсың.
Боз аттың болды-ау талай былқылдағы,
Кетпейді қыздың даусы ұйқыдағы.
Жүруші ем медеу көріп мен сыртыңнан,
Сүмбедей қара жорға жылқымдағы.
Боз аттың бойдай талай жағындайсың,
Бұлдырап көрінетін сағымдайсың.
Болғанда сөзің өткір, ойың асқақ,
Келгенде қара өлеңге жалындайсың.
Боз аттың бойдай талай жалындайсың,
Ешкімнен өлең сұрап жалынбайсың.
Кез болған қиуада, қос әріптес,
Өлең сөзге келгенде арындайсың.
Боз аттың, бойдай тал-ай, жорғасындай,
Балқисың, қолым тисе, қорғасындай.
Барында тіршіліктің ойна да күл,
Болмайды той-мереке күнде осындай
Боз аттың бойдай талай жүгіндейсің,
Жайлаудың жаңа ашылған гүліндейсің.
Кез болған қиуада, қимас қалқа,
Елжіретіп жүректі күлімдейсің.
Боз аттың бойдай талай көзіндейсің,
Ақ шағи саудагердің бөзіндейсің.
Шын көңіл, шын пейілің менде болса,
Әріптес, не себепті көрінбейсің?
Боз аттың бойдай талай құлағысың,
Жайлаудың қаулап өскен құрағысың.
Әншейін айта салған сөз болмасын,
Әуелі, өзің сертте тұрамысың?
Боз аттың бұлаңдайсың құйрығындай,
Кім көнбес Жаратқанның бұйрығына-ай!
Қаласаң, іліп ала жөнелер ем,
Алтайдың ақиықты қыранындай.
Боз аттың бойдай талай құйрығысың,
Сайраған сахараның бұлбұлысың.
Кез болған қиуада, қос әріптес,
Өлеңнің шалдықпайтын дүлдүлісің.
Боз аттың бойдай талай маңдайысың,
Сұлудың кім сүймейді таңдаулысын.
«Аңдып бас аяғыңды» деген қайда,
Кім білер бар екенін қандай ісің.
Боз аттың бойдай талай сауырысың,
Сауырға жарамасаң, жауырысың.
Көз алмай саған қарап отырғаным—
Құрбының өзің теңдес тәуірісің.
Боз аттың бойдай талай танауысың,
Жігіттің көрдім мен де таңдаулысын.
Ұсынсам жүрегімді қолыма алып,
Қуаныштан от болып жанбаймысың.
Боз аттың бойдай талай таңдайысың,
Кім біледі бар екен қандай ісің.
Қырандай мені іліп жөнелетін,
Басқа қыздан, батырым, қорқамысың?
Боз аттың бойдай талай тұяғысың,
Жайқалған саздауыттың қияғысың.
Шын көңіл, шын пейілім ауды өзіңе,
Сөзіңде уағдалы тұрамысың?
Боз аттың бойдай талай тіліндейсің,
Қырмызы қызыл гүлдей күлімдейсің.
Қорымнан аңдып басқан қаракердей,
Қара өлеңге келгенде сүрінбейсің.
Боз аттың бойдай талай тісіндейсің,
Әріптес, мені неге түсінбейсің.
Қалтырап, қусырылмай жақын отыр,
Жылынсаң қызуыма үсінбейсің.
Боз аттың бойдай талай үлпершегі,
Адамның мандымайды еріншегі.
Кез болған қиуада, қимас қалқа,
Боласың әлде кімнің келіншегі?!
«Бабалар сөзі» 70 том, argymaq.kz
Qazaqtyn qara oleni bar dunienin tegershigi goi