Берік ЖҮСІПОВ. Күліктің көз жасы

4836

Сағымға оранып әлдеқашан сары бел асып кеткен күндеріне көз жіберсе болды алып басып, алшаңдатып арғымақ мінген қазақтың жанарына жас тұнады.

Адамнан зият жылқы жануары туралы сан ғасырларды соңына тастап, сараланып жеткен бейнелі теңеулер баршылық. Әттең, қанатты тұлпарлар туралы жазылған Беленицкий, Толстов, Снесарев, Липец сияқты орыс ғалымдарының еңбектерімен иық тірестіретін қабырғалы зерттеудің біздің буын тарапынан жазылмай келе жатқаны өкінішті.

Қыран құсты қанатсыз елестету мүмкін емес. Сол сияқты түркі-моңғол халықтарындағы батырлық жырлардың басты кейіпкері – қаһарман батыр бейнесін жауға мінетін жүйрік тұлпарсыз көз алдына көлденең тарта алмайтынымыз да жазылмаған заң.

Жер жүзіндегі екі жүз елуге тарта жылқы тұқымының елуге жуығын өсірген қазақ, біздің бабаларымыз жүйрік атты бар асылына, арман-аңсарының асқар шыңына теңеп, бауырындағы баласындай өбектеп, алдындағы ағасындай ұлық тұтқан. Өнерді өмірсалты еткен сері көңіл халық жүйрік жылқыға қаншама ән арнады, күй шығарды, жыр жазды десеңізші. Ғафу сияқты арда ақынның жылқыны қазақ даласының екінші есіміне теңеуі, Ахмет ағамыздың ер қанатын сән-салтанаттың, сұлулық пен көркемдіктің мұратына балауы, Сәуірбектің ат ердің тербелген бесігі деуі ел аралаған арда ерлердің сағымға орана бастаған даланы дүбірлеткен шашасына шаң жұқпас жүйріктерге деген сағыныш сазы болатын.

Иә, жүйрік ат десе делебесі қозып, қиялы қиянды шарлап кететін нағыз қасқа қазақ бүгін де бар. Қанын сорғалатып, қанша жазғанда көзге көрінбейтін, есесіне шиырып айтқан бір ауыз сөзі ғұмырлық азық болатын жазира жүйрік ат жайындағы тақырып қой. Қайран жүйріктер, ел қорғаған есіл ерден ажырап, басынан бағы тайып, базары тарқай бастаған заманда көздері жәудіреп, тілерсектері майысып, Кеңес колхозының көк арбасының тертесіне жегілді. Ол аз болғандай, кеңестік азық-түлік бағдарламасын іске асыру жолында арамтер боламыз деп талай пысықайлар даланы қан сасытып, етке көмді. Күлік болатын жануарды шаң жұттырып, қара қойдың соңына салды. Тұлпарға жасалған қиянат ұлттың рухына жасалған қастандық екенін ол күнде біреу білсе, біреу білмеген де болар.

Еуразия кеңістігіндегі түркі-моңғол эпостарында ер қанаты жүйрік ат пен халық қамқоры баһадүр-батыр тең дәрежелі, бастас тұлғалар ретінде тел суреттеледі. Көне эпостың кейіпкері бас қаһарманның аты өзімен бірге тізе біріктіріп жүріп, ерлік жасайды. Бір ғажабы, эпосты жасап, халықтың санасын қалыптастырушы жыршы-жыраулар бұл мәселеге ерекше назар аударып, айрықша көңіл бөлді. Өйткені, жүйрік ат – батырды жебеуші, жол бастаушы, досы әрі ақылшысы. Қанатты тұлпарының айтқанына құлақ аспаудың ақыры эпоста батырды сансыз сәтсіздіктерге ұрындырып отырады. Содан да болар, қаһармандық эпостарымыздағы батырдың жауға мінетін атының бейнесі көпқабатты және сан қырлы.

Якут-саха халқының олонхоларында батырды байтал-Құдайдың баласы деп те суреттейтін сарын кездеседі. Мұндай сарын башқұрттың «Бұзаншы батыр» жырында да сол қалпында ұшырасатыны еріксіз таңғалдырады. Көптеген эпостарда арғымақ-құлын мен бала-батыр жас күнінен тел өседі. Мысалы, қырғыз эпосында Алмамбет пен Сарыала, Алтай халқының «Маадай Қара» эпосында Көгудей мерген төрт құлақты биеден туған құлынмен бірге өсіп, кейін мергеннің жауға мінетін атына айналады. «Көрұғлы» жырының көптеген нұсқаларында түркмендердің Көрұғлы батыры да Ғират атпен бір енені тел емеді делінеді.

Сойылған аттың жалы, сүйегі, терісі де табиғат-анамен тілдесіп, көшпелі өмірсалттың тізгінін ұстаған халықтардың нақты ғұрыптарынан берік орын алған. Мұндай ғұрыптық және мифологиялық жұрнақтар эпоста да тамаша бейнеленген. Якут халқында жүйрік аттың құйрығын бақсы алқа-қотан зікір кезінде пайдаланады екен. Біздің қазақта қасиетті қара қобызға ең жүйрік деген жылқының құйрығынан ішек тағатын рәсім-жоралғы әлі бар. Бұл да батыр-бақсының ілкідегі тұтас тұлға кезінен қалған нышандар екені байқалады.

Түркі-моңғол халықтары эпосының көне сипатын қанықтыра түсетін басты элементтердің және бірі батырдың астына мінген атының кәдуілгі адамша сөйлеуі. Ғалым Р. С. Липец аттың сөйлеуі – жауының өзіне жомарт жүректі көшпенділердің идеалды әскери ар заңына қатысты туған сарын дегенді айтады. Мұндай жағдайда батырдың аты иесіне соғыс жүргізудің дәстүрлі заңдылықтарын аттамауды қатаң ескертіп отырады. Қазақ эпосында Ер Тарғын мен Сайын батырлар астына мінген аты түгілі, қарына ілген қару-жарағымен де сырласады. Қалмақтың «Жангар» эпосында ат бала батырды әскери ұрыс тәсіліне баулиды, соның арқасында батыр жеңіске жетіп отырады. Түркі-моңғол эпостарында батыр да жүйрік атына адамнан зият аға, анда деп құрмет көрсетіп, көтермелей сөйлейді.

Түркі-моңғол халықтарындағы эпостық шығармаларда жүйрік ат пен батырдың бейнесі барынша қанық бояумен, жан-жақты, толық әрі мінсіз суреттеледі. Әсіресе, эпос сюжеті өрби келе, жүйрік аттың жүрісіне келгенде батырдың тұлпары тап өзі сияқты көз алдыңда адам танымастай болып құлпырады. Жүйрік аттың шабысындағы әрбір деталь суреттелгенде орындаушы-жыршы қиялының жемісі арқылы қаһарлы боранға, найзағайдың жарқылына, аққан жұлдыз бен жанған оттың сәулесіне, таудан құлаған тасқынға, атылған оққа теңеледі. Бұл бейнелердің барлығы да эпосты тыңдап отырған тыңдаушының қиял әлемін қияларға жетелейтін, саналарына елдік пен ерліктің қанына суарылған сансыз сурет салып, аңсарларын ата-баба байтағына аударатын отқа оранған өр рухты оятып, адамның санасында намысын арға жаныған байланыстар тудырмақ.

Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында, оның қалыптасу, даму барысында өлең деген ерекше әлемнің қол жеткізген биік белдері мен шырқау шыңдары ішінде «Қобыланды батыр» қаһармандық эпосындағы Тайбурыл аттың бейнесіндей кемел бейне өте сирек екеніне ешкімнің де шүбәсі бола қоймас. Бұл бейне – ұлттық рухтың ауыз әдебиеті, халық поэзиясындағы қоладан құйылған еншілі ескерткіші. Мұндай эстетикалық талғам, эпитет-теңеудің түркі-моңғол эпосында ағыл-тегіл кездесуі некен-саяқ. Тайбурылдың бейнесі – жүйрік аттың бейнесін сомдауда қазақ поэзиясындағы өзіне дейінгі үлгі-жобаның озығы, өзінен кейінгі барша баянның бағдаршамы болды. Аршындап шапқан аттың желдей гулеп, тау мен тасты көрмеуі, табаны жерге тимей, көлденең жатқан көк тасты тұлпар тұяғының саз балшықтай илеуі сияқты оралымдар ұлт бойындағы ұлы рух пен отансүйгіштік сезімді оятудың тегершігі мен кілті десе болады.

Туғалы күннің көзін көрсетпей, Құртқа сұлу алты жыл баққан Тайбурыл тұлпар түнектен шыққанда түлкідей көзі жайнайды, қазандай болып қайнайды, көлденең жатқан көк тасты сулығым деп шайнайды. Ауыздықпен алысып, қыз Құртқаны көкке алып екі ұшады. Осы бір қайталанбас айшықты, айырық бейнелерде байтақ даланың сән-салтанаты, қазақтай ер халықтың бар болмыс-бітімі, ұлттық қасиеттері мен асыл рухы сақталған.

Түркі-моңғол эпосының берік қағидаларының бірі – батырдың астына мінген тұлпарына деген шексіз құрметінде. Мұнда ұлттық тәрбие мен таным, тазалық пен тектің негізі салынып, болашақ ұрпақтың санасына өр рухтың алғашқы тәрбиелік дәні егіледі. Батыр өзінің жан серік тұлпары мен жауға мінетін атын ешқашан жасқамайды, ұрмайды, қайта оның қамқорын шегумен болады. Жау жайлаған жапан-түзде жалғыз қалмау үшін де батыр жан серік атын сақтауы тиіс. Қазақтың қаһармандық эпосы «Қобыланды батыр» жырында асығыс, суыт келе жатқан батырдың қамшысы сауырына қатты тигенде, Тайбурылдың тілі алғаш рет сонда шықпаушы ма еді. Эпос бас қаһарман батырды бес қаруын асынған, мұздай қаруланған деп әспеттесе, батырдың жан серігі – жүйрік тұлпардың алтынмен апталған, күміспен күптелген ат-әбзелге малшынған бейнесіне де тұғырды ерекше биіктен береді.

Эпоста жауға мінетін батырдың аты мен батырдың өз тағдыры тұтас суреттеледі. Демек, батырдың бейнесі мен аттың бейнесі көзге көрінбейтін мәңгілік тін арқылы маталған деуге болады. Эпоста батырдың өзі жаумен алысып жатқанда, батыр мінген ат жаудың жылқыларын жер жастандырып жүретіні де сондықтан. Олай болса, жүйрік аттың тағдыры – қаһарман батырдың тағдыры, батырдың тағдыры – халықтың тағдыры. Мұны аспандағы ай мен жұлдыздай мәңгілік тұтас өрілген егіз енші, бір-бірінен балталаса да ажырамайтын қасиеттер жиынтығы деп қарастырған абзал. Түркі-моңғол халықтарының қаһармандық эпосы батыр мен оның жан серігі – жүйрік атының тұлғасына байланысты айтылатын әрбір сөзді адамның санасына сіңіру жолында мүмкін болған жеріне дейін жеткізіп, қырлап, айшықтап, ойып айтқандықтан, батыр-бақсы, батыр-елшінің халық қамын жеп, түн жорытқан барша жорық сапарлары мен оның өмір жолында тұлпар аттың бейнесі қанық суреттеліп отырады.

Біздің рух деп жүргеніміз – жан. Ал жан дегеніміз – өлімнен пәк, әрі тыс, мәңгі жасай беретін ерекше ару дүние. Рухтың әлсіреуі, бұйығы күйге түсуі немесе тарихтың табанында таптанды болып қалуы мүмкін. Бірақ рух ешқашан да азып-тозып, мүлдем жоғалып кетпейді. Жүйрік ат – қазақтың жаны! Дүрбелең тарихтың талайында тақымы терлік пен тоқымнан кеуіп, үзеңгіден босап көрмеген қазақ-сейістің дүние дидарынан өткен соң да мәңгі жасай беретін өлмес жаны осы жүйрік ат.

Ел арасында төрт аяғын тең басқан жүйріктігімен төрткүл дүниені таңғалдырған атақты Абсент туралы аңыз-әңгіме көп. Сол атағы даңды күлік ақтық демі бітіп, фәни дүниенің дидарынан озарында ұзақ күндер бойы азаланып, көзі жасаурап, жылап жатыпты деген сөз қалған. Желден жүйрік жануар, бүтін бір ұлттың асқақ рухына, асыл қасиеті мен иман-арына баланған сәйгүліктердің болашақ тағдырына алаңдап жылады ма екен?! Әлде…

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!