Ержан ЖАУБАЙ. Өмірі ұйқысыз өтсе де, жылқысыз өтпеген халықпыз
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «әлемнің жеті кереметі» деген секілді, қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ежелгі көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағының жеті кереметін атап көрсетті. «Жеті қырдың» алғашқысы атқа міну мәдениетіне арналуы заңды да. Себебі, өзін көшпенділердің тікелей ұрпағымыз дейтін қазақ баласы үшін атқа мініп, ысқырып жылқы айдап, көпіршітіп қымыз сапырып, қиялай кесіп қазы жеуден рақат дүние жоқ.
Сонымен, жеті қырлы алмастың әуелгі қырына, гауһардай жарқырап күллі көшпенділер дәуіріне, адамзат дамуына сәуле түсіріп тұрған атқа міну мәдениетіне тоқталайық.
«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Осындайда әйгілі Асқар Сүлейменовтің «Өзгелер маймылдан жаралса жаралған шығар, қазақ жылқыдан жаралған» дейтін сөзі еске түседі. Иә, қазақтың арғы-бергі тарихын саралап қарасаңыз ұйқысыз өтсе де, жылқысыз өтпегенін көруге болады. Дала тарихын ат тұяғының ізімен жазған көшпенділердің соңында Ботай, Берел, Есік секілді тарихи қорғандар қалды. Бұлар жылқы тарихының, жылқыны қолға үйрету тарихының бастауы екенін қазіргі тарих өзі-ақ айқындап берді.
«Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деп Елбасы да өз мақаласында бұл жайға тиянақты тұжырым жасайды. Кешегі Геродоттың, Рубруктың, Страбонның, Марко Полоның жазбаларынан көшпенділердің ат жалындағы мәдениеті, ат жалындағы соғыс өнеріне жетіктігі, ат жалындағы рухани қазынасы қаншалықты тереңде, қаншалықты бай болғанын көреміз. «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты», – дейді Елбасы мақаласында.
Иә, қазақ даласында қолға үйретілген жылқы жануары әлемдік өркениетті алға сүйрегені анық. Әсіресе, ауыздық пен үзеңгіні ойлап тапқан бабаларымыз әлемнің тізгіні мен тіреуішін қолына ұстады десек болады.
Бұл туралы тарихтың атасы атанған әйгілі Геродот: «Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді, соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген: садақпен және найзамен қаруланған, қарапайым қару мен айбалтаны да қолданады. Сондай-ақ олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлейді» деп жазса, араб саяхатшысы Ибн-батута «…Дешті Қыпшақтарда төрт доңғалақты үлкен арбалар болады. Оған екі немесе бірнеше ат жегіледі, кейде ат орнына арбаның жеңілдігі мен ауырлығына қарай қара мал немесе түйе пайдаланылады. Айдаушы салт атқа мініп, ұзын бишікпен немесе ұзын шыбыртқымен бағыттап, оларды жолға түсіріп отырады. Арбаның үстіне бір-бірімен жіңішке қайыстармен байланыстырылған әрқилы ағаштардан құрастырылған үйшіктер орнатылады. Үйшіктердің сырты киізбен немесе басқа да материалмен қапталады. Бұл арбалардың алмалы-салмалы терезелері болады. Үйшіктің ішінде отырып, сыртта не болып жатқандығының бәрін аңдауға болғанымен, оның ішінде отырғандар көзге түспейді» дейді.
Екеуі де тарихта болған, екеуі де ежелгі қазақты көзімен көрген тарихшы. Дәл осы тарихшылар келтірген мәліметтің жалғасындай, Нұрсұлтан Назарбаев та өз мақаласында:
«Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды» деп жазды.
Иә, сан ғасырдан бері тақымынан тұлпары, қарынан құрығы, қолынан найзасы түспеген қазақты 18 ғасырдың соңында орыстың Ақ патшасы түсіруге талпынды. Тіпті бүгінде аңызға айналған ІІ Екатерина айтты дейтін сөз көкейімізде сайрап тұр. «Қазақтарды атқа мінгізбеңдер. Олар атқа мінсе кімді болса да таптап кетуден тайынбайды» деген қатын патшаның қаймығуы орынды да еді.
Себебі «Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» еді.
Ал әлем сахнасына атпен шыққан көшпенділер өркениетінен нәр алған бүгінгі еуропа адамбасты, жылқы денелі кентаврлардан бекер сескенбесе керек. Себебі де жоқ емес, бабаларымыз жылқы жануарының арқасында тізеліні бүктіріп, басы барды иілткен. Тіпті, адамзат әлі күнге қуат күшін аттың күшімен есептейтіні тегін емес. Дана халықтың барлық сөздік қоры, тіршілік-тынысы, тіпті әні мен күйі де жылқыдан бір елі ажыраған емес. «Дәйім менің мінгенім ал қарагер,
Ауыздығын шайнайды сол қарагер.
Оралыңның барында ойна да күл,
Жалмайды барлығын да сұм қара жер…» – деп қара өлеңнің қаймағына айналған жылқы малы, «ат баспаймын деген жерін үш басатынын» айғақтап мақал мен мәтелге де айналды. Бұл жылқының ұлттық руханиятқа, қазақы жадыға, халықтық санаға айналып кеткен бір көрінісі ғана.
Ендеше, Елбасы айтқандай, «біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз».
Елбасы тұжырымдап отырған атқа міну мәдениетінің тағы бір көрінісі – адамзат өркениетіне киім кию мен ықшамдылықты алып келді.
«Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды» дейді Елбасы.
Демек, ауыздықтап ат мінген бабаларымыз адамзат тарихына өлшеусіз үлес қосып, өркениет көшін дамудың жаңа сатысына көтергенін байқау қиын емес. Атқа міну мәдениеті кешегі бабаларымыз үшін әлемді аузына қаратқан айтулы оқиға болса, бүгін сол бабалардың ұрпағы аттың оң-терісін ажырата алмайтын жағдайға жетті.
Жоғарыда атап өткеніміздей ІІ Екатеринаның айтқаны айдай келіп, қазақ баласы «аттан түсті». Анығы түсірді! 300 жылдық патшалық сүргіннен әупіріммен аман қалған ұлттық руханияттың жұрнағы 70 жылдық кеңестік езгіде ессіздікке айналды. Қазіргі ұрпақ жылқы көрсе құлағын бір қағып тұра беретін есекпен шатыстыруға айналды.
Дәл осы тұста Елбасының кешегі «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бір дем беріп тастаған еді. Ал бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тақым қысар, айыл тартар сәттің келгенін көрсетті. Енді қазақ халқы үшін арғымаққа алтынды ер салып, төс айылды бос тартып, шап айылды берік тартып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, атқа қонар сәт келді.
Ержан ЖАУБАЙ, Argymaq.kz ұлттық-танымдық порталының бас редакторы
aikyn.kz