Төрехан МАЙБАС. Аңсар
Бұрынғы әкiмiнiң аққұла сейiстiгiн кiм бiлген?!
Жұмысынан кетiсiмен басқа шаруасын ысырып қойып, қаланың сыртынан ипподром салуға кiрiскен. Ұзатпай сол маңайдан жылқы зауытын да ашып алды. Әрине, қыруар қаржы шығарды.
«Маңдай терiмен тапқаны болса шашпас едi». Бұл елдiң күңкiлi.
«Бұрынғы жұмысында болса ел сөгер едi. Iшiп қойды, жеп қойды» деп. Бұл да елдiң ұзынқұлақта жүрген сөзi.
Қазiргi тiрлiгiне қарап сүйсiнiс танытып жүргендер де баршылық. «Бұрынғы тiршiлiгi осындай болғанда ғой» дейтiндер де бар.
Ел оның өз қолында тұрғанда ипподромды тегiн салып алмағанына таң.
Сонан кеншiлер қаласының әлгi ипподромы орналасқан далаңда тыным жоқ. Ерте көктемнен бастап бәйге алаңына айналады.
Алдымен өтетiнi – тәуiт бәйге.
Бұл көкек жарықтықтың өз атын өзi шақыра бастаған айдың өлiара кезi. Әр жағында мамырдың тоғызы көрiнiп тұрады. Сонан да бұл бәйгенi Жеңiс күнiнiң құрметiне деп орайластырады. Әйтпесе бұл кәдiмгi тәуiт бәйге. Оның айналасындағы қарақұрым жұқармайды. Ел шынымен бәйгенi сағынып қала ма, әлде тәуiт бәйгенi таңсық көре ме, аяқтыға жол бермейдi. Тәуiт болғандықтан мұнда күлiктердiң шүлейлерi келе бермейдi. Аламанға түсiп жүргендерi де қара көрсетпейдi. Есесiне сұлу мүсiн байталдардың нешеме атасын көруге болады. Тура сурет. Ет пен сүйектен жаратылмағандай.
Ел ырғын келедi. Кiм келiптi деген әңгiме шығады. Әркiм-бiркiмнiң есiмi аталады.
– Ақпан келiптi! – деген әңгiме дүңк етедi бiр кезде.
Бәрi елең ете қалады.
Ақпан елдiң бұрынғы әкiмге қарсы қойып алған сейiстерi. Әкiмнiң жылқы зауыты болса, Ақпанның өз алдына бағымы бөлек саңлақ үйiрi бар. Ондағы күзет зауыттағы қарауылдан бiр де кем емес.
Тәуiттiң қысқа қашықтағы бәйгесiн әкiм бермесе, аламандығын Ақпан бермейдi. Екеуiнде де бiр iштiлiк бар. Бәйгеге қосқан күлiктерiн келер бәйгеге қайтып қоспайды. Тағы бiр қызығы екеуi де тәуiтке тек байталдарын қосады. Басқа жұртшылық та байтал қосуды әдет қылып алған. Сонан барып осы жарысты «байтал бәйге» деушiлер шыға бастаған.
– Бұл жолы не болар екен? – дескен жұрт.
Болғаны сол Ақпан былтырғы Ақбақайын әкелiптi. Сәуегейлiк ендi басталған.
Байталдың ала аяқтығы көзге ұрып тұрады. Ақбақай десе – ақ бақай! Өткен тәуiтте иесiне тебiлген болса да бiр «арба» алып берген. Арба деп отырғандары кәдiмгi автомашина. Сол құрғыры баянсыздау болып жүр. Бәлкiм, сонысына қарай өздерi арба дейтiн шығар…
Елге түсiнiксiзi оның Ақбақайды бәйгеге қайтып қосуы. Соған орай елдiң айтар жорамалдары да әр түрлi. Сайып келгенде айтарлары Ақбақай былтыр тай болған. Байталға биыл шыққан.
– Бұл байтал, – дейдi бiр бiлгiш, – байтал болғанда құнажыны!
– Байталдың сонда құнажыны, дөнежiнi, бестiсi бола ма? – деп қыжыртады жылқышы ауылының бiр баласы.
– Сен өнген ауылдан мен де өнгем, бала, – дейдi бастапқысы намысқа шауып, – бестiсiн бiлмедiм, ал байтал құнажын, дөнежiн болып екiге бөлiнедi.
– Сойтал дегенi болушы едi, естiмедiңiз бе? – дейдi бала дауыстысы мысқыл жүгiртiп.
Алғашқысы осыдан кейiн жым болады. Өйткенi естiген. Сойталдың байталдың апасы екенi есiне ендi түстi.
– Сейiстiгiң болса сынап бершi, – дейдi баланың сейiстiгiн мойындап қалған алғашқысы дауысын бәсеңдетiп.
– Айтсақ айтармыз, – дейдi екiншiсi, – бұл шынымен тай, байтал шығары, олай деп айтуымның себебi бұл шiркiннiң жалы мен құйрығы сөйлеп тұр, бiрiншiден, құйрықтың құндыздық түбi мен маңдайдың кекiлдiк жалы аман қалған, екiншiден, құйрық ұшынан шыбын қағар қалдырған, ал байталдың құйрығын күзегенде атам қазақ тарақтағаннан әрiге бармаған…
Бала аузы-аузына жұқпай тақылдап тұр.
Елдiң бәрi аузын ашып қалған. Ел Ақбақайды әрi-берi айналып:
– Рас… рас…– дестi.
– Шабардың қайсы? – дестi жұрт.
– Саңлағы! – дедi бала.
Ел бұған ду ете қалды.
– Саңлағы дейдi?..
Сонан өзара жамырасып кетсiн.
– Бұл ендi бес жасына дейiн шабады! – дейдi бiреуi.
– Атшабарда көрермiз, – дейдi екiншiсi.
– Бүгiнгi тәуiттi бермейдi! – дейдi үшiншiсi.
Ақбақай шынымен алдына қара салмады. Қарақшыдан шыққан отыз шақты қараның жартысынан көбi көмбеге жетпедi. Не керек, Ақбақай елдiң үкiлеп қосқан желқабыздарын қайтып бәйгеге қоспайтындай қылып шашып кеттi.
Алған «арбасының» кiлтiн қаладағы жетiмханалардың бiрiне ұсынды.
– Кедейдiң жомарты, – дедi бiрi.
– Асқан, – дедi екiншiсi.
Бұған құлақ салып жатқан Ақпан жоқ. Жабық КамАЗ-ға Ақбақайымен өзi қоса тиелiп, қара жолдың шаңын бұрқ еткiздi.
Келер сәт көз ұшынан ғайып болып бара жатты.
* * *
Жылқышы ауыл баласының Ақбақай жөнiндегi әңгiмесi Ақпанға да жеткен. Iндетiп көрiп едi мына Айғыржалдағы Ұшқанның баласы болып шықты. «Мұның сейiстiгi әкесiнен де артып тұр екен».
Ұшқан Ақпанды күтiп отырғандай жайылып қарсы алды. Алдарына тоңазытылған үйме табақ ет келген. Жапырақтап турағанда еттiң қаракесегi жылтырымен бiлем-бiлем болып жалданып түсiп жатты. Және де бiрден табаққа түсiредi. Отырған орындарынан қозғалсайшы. Артынан сорпасын томыртқа қылып iштi. Iшек майды шайып кетедi деп шайды кейiнге қалдырысты.
Ертесiнде Ақпан таң алагеуiмiнен тұрған. Ауылдан тысқары ұзап ұзын дәрет сындырды. Асықпай отырып екi бас бамдат намазын қайырды. Сонан таңғы салқын самалды сiмiрiп бiраз жүрдi.
Негiзгi әңгiме сүт қатқан шай келгенде өрбiген.
– Ат айтып, балаңа ақжолтай тiлеп келген жайым бар, – деп шидем жеңiнен қармалжықты шығара берген.
– Ниетiңе рахмет, iздеп келген балаң Барқы ғой, артымнан iлескен жайы бар, ат көрсе бiр нәрсенi былжырап жүредi. Ақбақай туралы ел естiген әңгiмесiне мен де өз аузынан қанықпын. Қайырын берсiн. Айтқандарының дөп тиiп жататыны да бар, – деп Ұшқан шешiлдi.
Ақпан қолын екiншi жеңге салған. Одан тағы бiр түйiншiктi шығарсын. Орауын жазғанда Ұшқан жанып түстi.
– Мынасы жүйрiгi, мынасы тұлпары, мынасы күлiгi, мынасы саңлағы, – деп жылқы тезегiн санамалап бердi.
Ендi не айтар екен деп бұл сөз қоспаған.
– Мынасы бiздiң тезекке ұқсап тұр-ау, – деп қалтасынан қолорамалын шығарып, жiпсiген басын сипап құрғатты, сонсоң барып әлгi тезектi орап салып алды.
Бұл күлiктiң тезегi болатын. Сонан бұл сенде қайдан жүр дегендей бетiне ажырая қараған.
– Осы ауылдың жұртынан, – деп қойды Ақпан.
Бұл да салып алды екеуiн.
Бiреуiне тиiскен жоқ.
Ұшқан да қол созған жоқ.
Бiреу жадылап кеткендей екеуi сол тезектен көз ала алмай қалсын.
– Бұл қайдан жүр, жарықтық? – деп сұрады бiр кезде Ұшқан.
– Түйтенiң Көкшағырының қиы, – дедi Ақпан.
– Болса болар … Бисмилла… – деп Ұшқан тезектi қайтып қолына алды, әрi-берi қарап, – жатыры жүйрiк екен, – деп қойды.
Сонсоң Ұшқан орнынан тұрып, сандық түбiнен түйiншiк шығарған. Оны ашқанда тезектер көрiнген.
– Сенiң манағы ұстап отырғаның да осындай тезек-тiн. Бұл бiздiң Апақтың Құласының қиы болатын. Қазiр соның қиына да зар болып қалдық. Саған қайдан барып жүргенiн бiр сен бiлмесең бiз бiле алмадық… Мұның түбi тұлпар едi… – деп Ұшқан сөзiнiң аяғын жұтып қойды.
– Бiр жоқты бiр жоқ табады деген. Жоқшымыз ғой, – деп Ақпан да сүйкеме жауап бере салған.
Сөйтiп отырғанда Барқы көрiнген.
– Мына әкең қонбаған құсыңа балдақтық әкелiптi, одан басқа да бұйымтайы бар екен, – деп Ұшқан кейiн ысырылған.
Барқы тезектi қолында ойнатып бiраз отырды. Сонсоң барып:
– Бұл шабысынан. Тезегiнiң дөкiрлiгiне сындырсақ саңлағы… – деген.
Одан әрi сөз жарастырмады.
Келген iзiмен керi қайтты.
* * *
Ақбақайын анық бiлiп отыр. Саңлағы екен. Күмәнсiз. Үш адамның үшеуі бiрдей қателесуi мүмкiн емес. Несi бар, бабын келтiрсе күлiгiңе де шаң қаптырар.
Осы малының өзiн ойға бөктiрген жайы бар. Жылқы болып жайылып, құлан болып бөлек жусайды.
Сонысынан үмiттi.
Ауыл iшiнiң итбүлкегi, ұланбәйгесi мен қара жарысынан әбден ақиықтанып шыққан.
Бәйгенiң тәуiтiне екi рет қосты. Екеуiнде де қара үздiрдi. Түп қана терледi.
Құлақ түбi…
Шап түбi…
Қолтық түбi…
Қазекем айтқыш қой. «Байтал шауып бәйге алмайды» дейтiнi бар. Қазiр мұны «Байтал бәйге алмайды» деп шұнтитып, шолағынан қайырып жүр. Дұрысы әу бастағысы. Әйтпесе шауып бәйге алған байталды көрмек тұрсын естiген де емес…
«Бап алады…»
* * *
Ақбақай үйiрге бiрден қосылған.
Саяққа да жүрмедi.
Қысырақ та араламады.
Ең бастысы мұнда әкесi де, ағасы да жоқ.
Мұның әу бастағы үйiрi басқа-ды. Құда-жекжаттық жолымен келген. Жиенге атаған бәсiре едi.
Тайды құда жақ өздерi жетектетiп жiберген. Ақпан алғаш назар аудармаған. Артынан қарағанда алды көрiнбеген. «Жыл сайын ұрғашы табатын тұқымынан болды» деген де қойған. Мұндай малды қазекем қазанымның берекесi деп ерекше күтiмге алып, соның тiлеуiнде жүредi. Қазақтың қорамы осы.
Кейiн назар салса қолтық бөлек жатыр. Ендi алдынан шығып қараған. Алдамапты. Үшбұрыш қалып көрiп, саңлақтығын таныған.
Бұлардың тiзерлер ойындары алыс емес-тi. Жылқы жарықтық қалайда естi мал ғой. Аңсарларын тiзелетiп бiлдiредi. Табаны қызған бие атаулы айғырдың алдын көлегейлей бастаған.
Ақбақай да өзiнiң назарында жүрген. Кешелi-бүгiндi басын көкке көтерiп, иiс алып жүр…
«Табаны дөңгеленiп қыза бастаса керек…»
* * *
Ақпан жаман түс көргендей түн iшi шошып оянды. Кiсiнеген байтал дауысын жазбай таныды. «Қайтедi Ақбақай?» дедi iштей. «Не болды?» деп шарбақты бетке алған. Келер сәт шарбақтан қарғып бара жатқан байталдың ала бақайын көзi анық шалды. «Сол ма, сол емес пе» деп қайтып көз тiктегенде ол шығысты бетке алып құйындатып бара жатты.
«Қайтедi Ақбақай?» дедi тағы да iштей.
Әлде қосар алып қуса ма? Әлде күлiктерiнiң бiреуiмен қуса ма?
Екi аяқты тырылдағын қолай көрген. От алдырып, Балатолағайдың иiнiнен қайтты. Ақбақайдың сыры өзiне мәлiм. Қуса жететiн, қашса құтылатын саңлақтың өзi.
Асықпай жүрiп багын бензiнге толтырды. Одан сырт тағы да бөлек-салақ бензiнiн алды. Сонан бұл да тартқан…
Керегетастан бiреу көрiптi.
Ақбауырдан да көргендер бар екен.
Кернейжұртқа келгенде тiзе суытқан.
Ақбақайдың тастаған тезегiн сонда көрдi. Кәдiмгiдей тобарсыған екен. Қолына алып бiраз отырды. «Саңлағы» дедi iштей.
Бұл жердi – Кернейжұрт дейдi. Ата-бабалары көшiп-қонып жүргенде осы жерде ерулейдi екен. Керней ақмай ел. Жоғында жетегi болады. Кернейлер ерулеп жатыр деп қоңсы отырған жұрт та ағылады екен. Көшкiн жұрт ақсақ-тоқсағын, көшке ере алмайтын, немесе көш жолын көтере алмайтын тұяғын бiр Құдайға тапсырып осы жерге тастап кетедi дейдi.
Сөйткен бабалар жұртына Ақпан тәуеп етiп бiраз отырды.
Керней жұртының iргесiнде Керней ауылы орналасқан. Бұл кейiнде бой көтерген ауылдардың бiрi. Суы, тоғы келiп тұр. Онда ет жақыны тұрсын, көзтанысы да тұрмайды. Сонда да сол ауылға ат басын тiредi. Келген үйден тоқтықтың иiсi шығып тұрды. Дастарқаны ақ пен майлы бауырсақтан қайысып тұр. Тоңазыған ет те келдi. Жапырақтап турап отырып бiраз әңгiме айтылды. Соның көбiсi қыр әңгiмесi.
Қазан көтертпейiн деп әдейi кешiгiңкiреп келген. Құтпан намазын қазаға шығармай оны да оқып тастады. Сонан барып жөнiн айтқан.
– Керней ауылынан, Керней атасынан… – деп.
Осы сөз жеткiлiктi едi.
Үй иесi жетпiстiң жуан iшiне кiрген, сықпытын бермес қызылшырайлының өзi екен. Есiмiн Тұрар деп қайырып, естi әңгiмелер айтып отырды. Ауыл Керней аталғанымен онда ұрпағы түгiл жиен, жұрағаты да тұрмайды екен. Есесiне басқалары тұрады. Керней жұртында. Бұл мекен құтты болып шығады. Өзi әке-шешеден жалғыз екен. Өзiнен бұрынғылар тұрмай шетiней берiптi. Тұрғаны өзi. Шешесi осы Керней жұртына келiп босаныпты. Есiмiн қырқынан шығарып барып қойыпты. Тұрар деп. Тұрған соң.
Қазан қайта көтерiлген.
Тұрар ақсақал да көрiптi мұның Ақбақайын. Дұрысы дауысын естiптi.
– Байтал кiсiнес, – дейдi.
Сонан Тұрар ақсақал ұзақ сонар әңгiмеге кеткен.
– Жылқы сынды естi малдарда да адамдардiкiндей сезiм болады. Сүйiспеншiлiк деп айтуға келмес. Алайда соның өтпелiсi болса керек. Оны атам қазақ «аңсар» деген. Оның iшiнде жылқы малына қаратылып айтылады. Адамнан кейiнгi төрт аяқтыдағы малдың естiсi осы – жылқы жарықтық… – деп әңгiмесiнiң әлқиссасын қайырған.
Әр жағын өзi сабақтай жөнелген.
Өз жатырына шаппайтын да, осылар…
Өз қарындасын үйiрiнен айдап шығатындар да осылар…
Қоса шабыстырмай құнан шығарын да шеттететiн де осылар…
Төрт аяқтыда түс көретiндер де осылар…
– Сенiң Ақбақайың түс көрген, – деген Тұрар ақсақал.
Бұл аңысын аңдып сөзiн бөлмедi.
– Түсiнде аңсарын көрген. Соған жеткенше тоқтамайды. Оны ендi ешнәрсе де тоқтата алмайды. Айғырдан шыққаннан кейiн өзi қайтып келедi. Осы жерден қайта берсең де болады…
Шынында қайта берсе де болатын. Ауылда басы қайырылатын жұмыстар жеткiлiктi едi. Алғаш бетте түнделетiп те шықпақшы болды. Соңынан айныды. Құдайдың таңы атсын деп.
Ертеңгiлiк кешегi шешiмiнен тағы да айнысын. Оны әуестiк жеңген едi. Ақбақайдың аңсарын көргiсi келген. Ақжолтай тiлеп қала берген Тұрар ақсақалмен қош айтысып, тырылдағын керi бұрмай қиялай шығысқа салған. Жолдың сарсаңы көбiрек болды. Жолдағы он шақты ауылдың ешқайсы мұның Ақбақайын көрмеген болып шықты. Не болса да деп бетiнен таймай жүрдi де отырды. Сайын даланың жалғызаяқ жолдары қашан адастырып едi. Көп ұзамай қыр асты жалғыз үйдiң үстiнен шығарған. Төбеттерi ерiне әупiлдей үрiп, мезгiлсiз келген мейманның хабарын иесiне бiлдiрiстi.
Қазақтың жолымен жөн сұрасысқан соң-ақ үй иесiнiң қабағы өзгерiп сала берген.
– Қайдалы деген шал естiсең мен боламын, – деген нұрлы келген шал.
Қазiргiнiң шалы көсе келер едi. Мына кiсiнiң бiтiмi бөлек екен. Жiберген сақалы белуарынан келедi. Аудан орталығындағы мешiттен сондай бiр-екi шалдарды көрiп жүрушi едi. Есiне ерiксiз сол кiсiлер түстi. Артынан ақсақалға деген сыйластығы, құрметi оянған. «Сүйегi асыл екен» деп қойды iштей сүйсiнiс танытып. «Жөнiмен қартайған екен» деп және қойды.
– Аруақ iздеп жүрмiн де! – Қайдалы ақсақалдың дауысында бiр ризалық жатыр едi.
Ақпан оны бiрден түсiндi. «Бұл кiсi де сейiс болды, қара жаяуынан емес екен» дедi iшiнен. «Бәйгеат деп, немесе саңлақ» деп езу кермейдi. Тiптi байтал да демейдi. «Аруақ» дейдi.
– Жоқшы болсаң, осы жерден қайтарсың, – деп және қойды.
Ақпан селк ете түстi.
Қойнына қолын салып жiберiп төгiлiп тұрған саралжықты алып шықты. Жоғары көтерiп:
– Бапыңыздың сыралғысы! – дедi Ақпан.
– Ендi байталың шабады… – дедi Қайдалы ақсақал.
* * *
Сонан Ақбақай қайтып келдi.
Түк болмағандай.
Айғыр атойлар деп ойлаған. Алайда мойынын жерге салып үйiрге қосқаннан әрiге бармады. Iле-шала иесi қолға қаратқан.
Ай жабында тұрды…
Ай кебiнде тұрды…
Ай артынан ай аунап тамыз кiрген. Бұл айда ел ас бергiш-ақ. Тiрiлерiн түгендеп бiткен туысқандар ендi аруақ шақырып, ата-бабаларын тiрiлте бастайды. Ру-руға, ата-атаға бөлiнiп алып аруақ жарыстыру басталады. Жиын-терiмi аяқталған, болмаса шаруасын ойсыратқан ел ата-бабаларына бағыштап сауын айтады. Соның бiр қызығы бәйгенiң аламаны. Бiрiнен бiрi асып түседi. Тiптi алғашқы келген қарамның бәрiне бiрдей арба байлайтын үрдiс шықты. Мұндай бәйгелердi қазiр тiгiлген арба санына қарай «алтыбас», «жетiбас» деу үйренiшiктi жайтқа айналды.
Сөйтiп жүргенде «Арқаның төлеңгiттерi ас бередi екен» деген хабар келдi.
«Бәрекелдiсiн» айтып бұл да екi қолына түкiрiндi. Бүгiнде шабарына жабын да, кебiн де жаппайды. Бұрынғыдай киiз үй де тiкпейдi.
Шатыршада баптайтын қалып шығарған. Асқа тура бiр жұма қалғанда сол шатыршаға Ақбақайын кiргiздi. КамАЗ-ға сол күйi тиеп, аяғын жерге тигiзбей төлеңгiт жұртына түсiрген.
«Ақпан келiптi!» – деген әңгiме лезде тараған.
Ақпанның есiмi Арқа жұртшылығына жақсы таныс. Ол қатысқан бәйгесiнiң байрағына таласады. Сонан да Ақпан есiмi аталған жерде қилы әңгiме жүредi.
– Қандай бақабас әкелiптi бұл жолы? – сауал жарыса шыққан.
– Тағы да байтал дейдi… – деп жұрт естiгендерiн жамыраса айтып жатыр.
Ауада күз иiсi шыққанымен тамыз қалайда ыссы ай. Арқаның маңдайыңды жiпсiтiп тұратын қанжылым қызуы күн көтерiлер-көтерiлместен қойны-қонышыңды қуалай жөнеледi. Бұл жақтың үрдiсiнде атшабар екiнтi ауғаннан кейiн жiберiледi.
Алғаш отыз шақырым делiнген. Кейiн алғашқыларынан айнып, тағы бес шақырым қосты.
«Құдайына қараса еттi». Ақпан iштей налыс бiлдiрдi. Мұнысы ендi қысастық. Шабардың денi өкпесiн шаң қаптырған соң шаппайды. Айналым ұзарған сайын оның шаңы да қоюлана түседi, әрине.
«Бап шабатын болды» деді күбiрлеп…
Екiнтi ауып, жарапазаншы:
– Атшабар!.. – деп айқайлаған.
Алғаш ұланбәйгесiн өткiздi. Сонан жорға желістiрдi. Онан қайтып тоқ бәйгесiн қарақшы асырды.
Аламан сонсоң басталған.
– Тура жүз отыз төрт тұяқ саналды!.. – жарапазаншының даусы жер жарады.
Ел ду ете қалды:
– Сағынайдың асынан да асып түстi, – деп.
Өзi болса «сағынайшылдарын» деп тыжырынып жаратпады. «Садаға кеткiрлер» деп және қосып қойды. Ол астан бұл астың бәсi төмен. Ондағы атшабар бәйгенiң ұраны. Қазiргiсi бұзау-тайыншалардың тапырашының әр жақ-бер жағы…
Шабандоз баланың бастығын түзедi. Соңғы рет құлақ түбiнiң тұзын татып:
– Тұзы бапқа ауған екен, – деп қойды.
Шабандоз балаға «өкпесiне шаң қаптырманы» барынша тапсырды.
– Екi бүйiрдiң де мазасын алмаймын, – деп бала тақ ете қалды.
Ақпанның келер тапсырары сол екi бүйiрi болатын. Бала соны меңзеп сұңғылалық танытты. Оған Ақпан iштей риза болсын.
Бала ұзап, «Алла жарылғасынын» айтып бұл қала бердi.
Ендiгi қызықты сырт тұрып тамашаламақ. Дүрбiсiн қолына алып, қарауылға iргеде тұрған шоқының биiгiн қолай көрген.
Атшабар деп айқайлағанмен бұл айналма шабыс. Бес шақырымнан жетi айналым. Соның үшiншi айналымынан шабардың жартысы шашылып қалған.
«Ендi жамырау басталады» дедi iштей Ақпан.
Жамырай шабу деген делқұлы шабыс. Бәрiнiң бiрiншi болып келгiсi бар. Өзге дүниенiң барлығы ұмыт. Шаршы орамалының ұшы желбiреп өзi ғана шауып келе жатқандай. Астындағы құсқанатын мүлдем ұмытады…
Олар өздерiн шауып келе жатқандай емес, ұшып келе жатқандай сезiнедi.
– Аттар бесiншi айналымға кеттi! – деп хабарлады.
Мұны сейiстер өз iшiнде шабандоз балалардың айналымы дейдi… Расында бұл айналымда ат шаппай, балалар шабады. Олар алдымен өзiн емес, өзгелердiң аяқ алысын бағады.
Жарапазаншы соңғы екi айналымның қалғанын хабарлаған.
«Ендi ат шабады»… Бұл кезде шаппайтын аттың бәрi айналымнан сырт қалады. Шаппайтын ат тура қарақшыдан кежегесi кейiн тартып тұра қалады. Тартпаға салсаң да жүрмейдi. Әрi-берiден соң керi шабатыны болады. Соңғы айналым алдындағы ат шабадының осындай сыры бар. Мұндайда аттың ортасы шабады. Алды сүйрейдi, арты итередi.
Жарапазаншы соңғы айналымды хабарлағанда Ақбақай осындай шабыста келе жатқан. Ақпанға ұнағаны екпiнi. Ақбақайы шауып келе жатқан жоқ, екпiнiмен келе жатқан сынды.
«Ендi ат пен бала шабады»… деп аузын жиып алғанша болған жоқ Ақбақай жазылып бердi. Үстiндегi шабандоз бала түсiп қалғандай көрiнбей кетедi де көзге қайта iлiгедi.
– Бап шапты! – деп қамшысының сабымен етiгiнiң қонышынан төмен ала сарт еткiзгенiн өзi де сезбей қалды.
Бұл кезде айналмада отыз шақты ғана ат қалған-ды.
Солардың алдында оқ бойы Ақбақай кетiп бара жатты…
* * *
Тамыздың ортасын ала тағы бiр ас өтетiн болды. Тобықты ағайындар күпсiнiп жүрдi. Өскенбайдан кейiнгi ас деп айтып жүретiндей ас болады деп.
– Бәлi!.. Шөл Тобықтысы бар, көл Тобықтысы бар, жол Тобықтысы бар жабылып бiр ас беретiн уақыты жеттi, – дестi жұрт.
Бәйгемалының санын алтауға жеткiзiптi.
«Алтыбас» деп қойды Ақпан.
Түйiн түйген Ақбақай шабыс тiлеп тұрған. Зар күйi ғой бұл. Бағын байламайын мұның деп Ақпан үй алдынан шатыршасын көтерген.
Мұны көрген жұрт аузын жия алмады.
– Ақпан әбден асқан екен…
– Ақбақайдың биыл әперген екi арбасы аз болыпты оған…
– Бiр айда байтал екi рет шапты деген не сұмдық?..
– Малдың киесi деген қайда?..
Ертеңiнде салып ұрып Ұшқанның сейiс баласы Барқы келген. Не қам жасап жатқанын бiлiп кел деп әкесi жiберiптi.
Бұл Ақбақайын қосатынын жасырған жоқ.
– Алып қойдым бәйгемалын! – дедi.
Шiмiрiкпей айтты. Нық бiр сенiммен айтты. Ол баптың шабатынына сенген.
– Есебiңiз түгел ме? – сейiс бала басқа сөз қоспады.
Ақбақайды көрем бе деп ойласа керек, жер шұқып бiраз отырды. Бұл көрсетпедi.
Мұның есебi түгел.
Саусақтарын тағы бiр санамалап өттi. Түйiннiң түскенiне төрт ай қарады. Құлын ендi көлбеу түстi.
Ақбақай ендi шабады!..
Бап шабады!..
Ақбақай ендi шабады.
Өзi үшiн!..
Iштегi құлыны үшiн!..
* * *
– Ақпан келдi!.. Ақпан келдi!.. Ақбақайымен!..
Ел бәрiн күтсе де осыны күтпеп едi.
Ел ендi Ақпанды көруге асықты.
Оның Ақбақайын көруге асықты.
Ақбақай тұрған бойы сурет едi.
Ұрғашы бiткеннiң бәрi көрiктi. Алайда бәдендiнiң де бәдендiсi болады ғой. Сол көрiк Ақбақайға жуасу арқылы келген.
Ел Ақбақайдан көз ала алмаған.
– Көрмеге қоятын мал екен, – дедi бiр мүмiн.
Мұнан артық баға жоқ едi.
Алайда бұл көрме емес, атшабар ғой.
Екiнтi құлай сақалы белiн сүзе түскен қария аттан түсiп жатты.
– Кiм бар-ау? – деп ес берген.
Бұл селк еттi. Таныс дауыс.
Бұл Қайдалы сейiс едi. Баянауылдың қадiрмендi ақсақалы. Аңсар айғырын аламанға алып келiптi.
Өткен-кеткендi айтысып көп отырды. Соңында Ақбақайды көрсетуiн өтiндi. Құлақ түбiн, шап түбiн, қолтық түбiн ұзақ қасыды. Саусақ ұшын тiлiне тигiздi.
– Бап шабады! – дедi келген мейман.
– Бап шабады! – дедi бұл да.
– Шап безiне тұз шығыпты. Бап iрiп кеткен болды… – Қайдалы ақсақалдың даусы дiрiлдей шықты.
– Қоссаң екiншi келедi! – дедi Қайдалы ақсақал дауысын қатайтып.
– Бiрiншi ше? – дедi бұл.
– Аңсар келедi, – дедi терiс қарап тұрған күйi.
Аңсар… Аңсар…
Бұл Ақпанның Қайдалы ақсақалдың айғырына қойып алған өзiнiң аты. Ақпанның осы аты оған жабысты да қалды. Қазiр Аңсар десең бәрi бiле қалады.
– Бап ше? – дедi бұл Қайдалы шалдың сөзiне күмәнмен қарап.
– Баптан айырдым. Аңсардың тұзы бабымен ағып кеттi… Қазiр нағыз зар күйiнде. Оның бабы ендi қорлана бастайды. Ол өзi үшiн ғана шаппай бабы үшiн де шабады. Бап шабады… – Қайдалы қарт кейiнгi сөзiн нығарлай айтты.
Бұл жақ жазған жоқ.
* * *
Қайдалы қарттың айтқаны айдай келдi де қалды.
Аңсар бiрiншi келдi.
Екiншi болып… Ақбақай өттi…
– Бап шапты, – дедi Қайдалы ақсақал.
– Бап шапты… – дедi Ақпан.
Төрехан Майбас, argymaq.kz