Абай және оның ағайын-туғандары пайдаланған ер-тұрмандары (ФОТО)
«Ер қанаты – ат» деген сөз қазақта ежелден бар. Жылқы түлігін қасиетті жеті қазынаға балап, ғасыр қойнауынан жақұт болып жеткен жырларда, дәуір жүгін арқалаған дастандарда азаматы мен қазанаты қоса суреттеліп отырған.
Дала данышпаны хакім Абайдың да жылқыға деген көзқарасы ерекше. Біз мұны ақын шығармалары мен замандастарының естеліктері арқылы білеміз.
Ғасырға жуық тарихы бар, іргетасын жиырмасыншы ғасырда қазақ қайраткерлері қалап кеткен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінде Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы мен оның айналасында ғұмыр кешкен туыстарының һәм жақын адамдарының ер-тоқымдары сақталған. Музейдің алтын қорындағы жеті ер-тоқым да бүгінгі күні алыс-жақыннан Абайын тануға асығып жететін Алаш баласы мен «Адамзаттың Абайын» білуге құштар қиырдан келетін қонақтардың назарына ұсынылады.
Хакім Абай өзінің «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» өлеңінде:
Тығылмай әм сүрінбей, жүрсе көсем,
Иек қағып, еліріп басса әсем.
Шапса – жүйрік, мінсе – берік, жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем – деп өзі арман еткен жануардың сынын келістіріп-ақ береді.
Осы өлеңдегі соңғы жолды оқығанда қажы баласының жақсы атқа қолы жетпеді ме деген ойға қалатынымыз рас. Ал, Абай туралы естеліктерді парақтағанда Абай мен інісі Оспан аулынан алуан түрлі жүйрік ат пен қыран құстың, ұшқыр тазының сапырылысып елден-елге ауысып жатқанын ұғамыз.
Ұлы ақынның ат құмарлығы жайында Тұрағұл Абайұлы:
«Шаруаның үш түрін ескеруші еді, жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып, ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер өтіп кеткені бар ма соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, айғыр сықылды жылқысы болмаса, жалпы жылқысын танымайды… Бір ғадаты жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді… Өз атымды өзім мінемін, өз құсымды өзім саламын деп ат пен құс секілді асылы бар кісі қаптал сеніп отыра алмаушы еді… Бір жылы жайлауда біреудің қоңыр атын құлынды биесін беріп сатып алды да, оған көңілі толмай, бауырға түскенде, түйесін беріп Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атын алды. Сол секілді біреудің атына көңілі түсіп бұлдап алады да, тез жеріп бір болымсыз адамға бере салғыш еді».
Әрхам Ысқақов «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде де Абай мен Оспанның ат пен құсқа деген құмарлығы айтылады:
«Жүйрік ат пен қыран құс бізде ғана болу керек деп өзге жұрттан сұрап алып, оны тағы біреуге беріп жіберу, біздің әдетіміз болған ғой. Мен мойындадым. Бұдан былай елдің жүйрігін, қыранын алмаймын, біреуге әпермеймін. Оспанға барып айтыңдар, о да мұнан былай бұндай істен тыйылсын».
Данышпан ақынның кенже інісі Оспан да айналасына сал-серілерді жиып, жүйрік жылқының талай түрін ұстапты. Мырзалығы келіскен ақынның кенже інісі ағасы Абай секілді қолындағы асылын өзі жақсы көрген адамына сыйлағыш екен. Бұл туралы Абайдың досы әрі шәкірті болған Көкбай Жанатайұлының «Оспаннан ат сұрап айтқаны» өлеңін дәлел етуге болады.
Сұр шолақ мінген атым өзі шабан,
Мың салса бір баспайды қызыл табан.
Еті арық, құйрығы да тым-ақ шолақ,
Кәпірдің көрер көзге түрі жаман.
Ел аузында Абай ауылында «Жирен ат», «Аққасқа», «Кербесті», «Қуқұла», «Қарақасқа» сияқты жүйрік аттардың, тұрпаты бөлек тұлпарлардың болғандығы туралы көп сөз сақталған.
Хакім Абайдың ат танығыштығы, жүйрік жылқыға құмарлығы қажы Құнанбайдан дарығаны рас-ты. Бәйбішесі Күңкемен шаңырақ көтеріп, Өскенбайдан еншісін алып, бөлек шыққан Құнанбай қажы Ағанас бидің ауылына барып Торшолақ атты қолқалағаны да қызықты хикая. Құнанбай қажы мен Ағанас бидің арасындағы әңгіме туралы Ахат Құдайбердиевтің естелігіне сүйеніп шағын ғана үзінді келтірейік:
«Ағанас би Құнанбай қажының кетерінде:
— Өзіңнің қалаған-сұрағаның бар ма? – дейді. Құнанбай:
— Мен басқа мал алмаймын, Торшолақ атты қалап келдім, — дегенде, Ағанас би:
— Мен Торшолақ атты бермеймін, одан басқа не қаласаң соны ал, — дейді. Құнанбай:
— Мен басқа ештеме қалап келгем жоқ, — деп киіне бастағанда, Ағанастың бәйбішесі:
— Би, ол іші боқ, сырты түк бір қара емес пе? Балаңыздан тор атты несін аядыңыз? – дейді. Ағанас би:
— Мен бұдан атты аяп отырғаным жоқ. Өзін аяп отырмын. Қазір Тобықты басқа елмен жауласып отыр. Еліне жау шапса, бұл жауға, аттанға шаппай отыра ала ма? Бұл жауға шапса, осы торы атпен шабады. Қара көрсе тоқтамайтын ат оны алып жауға кіреді, не мұның бейнетіне, не ажалына себеп болады – дейді».
Алған бетінен қайтпайтын алғыр мырза сол жолы Ағанас бидің Торшолақ атына мініп еліне қайтады. Еліміз айтатын сол «есті жануармен» бірге Өскенбай баласының атағы шығып, «аттандап» жауға тиіп, жас Құнанбайдың тұлғасы танылып, абыройы үстем болады.
Бала Абай мен Алшынбай бидің де арасында осы тектес сөз ел арасында кең тараған. Ділдәмен отау құрғаннан кейін Абай да қайын жұрты, Арғын, Қаракесек Алшынбайға сәлем бере барғанында бабамыздың кәнігі салтымен «қалаған-сұрағаның бар ма?» деген сөзге шұбар айғырдың үйірі мен бір қысырақты алғысы келетінін айтады. Алшынбай айтқанын бермеген соң, қажы баласы тауаны қайтып, өкпелеп кеткен деседі.
Құнанбай ұрпағы Шәкәрім қажының да «Қоңыр ат» дейтін есті жануары болған. Бұл туралы Ахат ақсақалдың естелігі оқырманға үлкен ой салады:
«Қоңыр атты әкей дөненінде мінді. Мұны басында жылқышы мінген болатын. Әкей өзінің мініп жүрген дағдылы атын тастап, сол қоңыр дөненді қалап алды. Соған қарағанда, жақсы ат болатынын әкей сезген сияқты. Ал, Қоңыр атты алсақ – биік, аяғы асадалдың аяғындай тік, сіңірлі. Қысқа бел, басы етсіз, екі көзі оттай жайнап тұратын, жал-құйрығы қара, тұяғы құланның тұяғындай дөңгелек, тік бақай, сүрінбейтін, жүрісі жайлы, әлді ат болатын. Сол дөненінен мінген Қоңыр ат әкейге біржола үйреніп кеткен. Әкейді жалғыз тастап кетпейтін болған».
Кемеңгер ақын Қоңыр атпен сырласып, елсізде жатып тілдесіп, көлемді дастан арнаған. Шығармасына арқау етіп, өз жайынан хабар берген:
Ей, Қоңыр ат! Қоңыр ат!
Айтайын саған біраз дат!
Тысқарға алып барайын,
Жүгенің шешіп алайын,
Ауылға хабар салайын,
Елге қарай сырқырат,
Кейде желіп, кейде шап.
Көдені жайлап жұлып ап.
Таба жүріп тамақты,
Таң атқанша үйді тап!
Қызыл жендеттердің қыспағынан аман құтылу үшін Зият Шәкәрімұлы әкесінің Қоңыр атымен Қытайға асып кетеді. Қиыр жайлап, шет қонып, елден алыста жүргенде ақынның ұлы да Қоңыр атқа ішіндегі мұң-зарын айтып жыр арнайды. Осыдан-ақ Құнанбай қажы мен ұрпақтарының жылқы түлігіне деген көзқарасы тым жоғары болғанын аңғарамыз.
Жә, енді, музей қорында сақталған ер-тоқымдар жайына ойысайық.
Қазақ халқында ердің «Қазақ ері», «Қоқан ері», «Құранды ер», «Ашамай ер», «Қазық бас ер», «Орыс ері» деп аталатын көптеген түрлері кездеседі. Әр рудың аймақтың өзіндік үлгілері болған. Сол сияқты ер-тоқымның түрлері, өзіне тән ерекшеліктері бар.
Ер-тоқым – қазақтың ең көп пайдаланатын мүлікінің бірі, бағалы тұрмыстық заты. Бағзы заманда бабаларымыз үйіне келген мейманның мінген аты мен атының әбзелдеріне қарап-ақ оның қай рудан, қай жерден келгенін жазбай танып, дәрежесінің деңгейін, қай өңірдің тумасы екенін де айырып отырған.
Ең аяғы қамшыны қалай ұстаудың да өзіндік айтары болған. Егер келген кісі қамшысын бүктеп ұстап келсе, дау айтуға келгені, бүлдіргісінен іліп, сүйретіп келсе жоқ іздеп жүрген жан, ал қонақ қамшысын сол үйге қалтырып кетсе, қайта айналып соғамын деген мағынаны білдірген.
Халық арасында ердің жасалу үлгісіне қарай «Арғын ері», «Найман ері», «Дулат ері» және «Мұрын ері» деген түрлерін де кездестіруге болады. Әйелдерге арналған ерлерді алтын, күміс сияқты аса бағалы тастармен әшекейлеп жасату да ел ішінде кең таралып, қолданыс аясын кеңейтіп отырған.
Абай Қарқаралыға барып жүргенде Еркін деген ершінің ерін көріп ұнатып, бір ер сатып әкеледі екен. Өз еліндегі Жігітек Өтеп деген ершіні шақырып алып:
«Сен ерді осындай қылып қос, бұрынғы атқа ауыр, алдыңғы қасы биік, адамға жайсыз үлгіні таста. Бірақ, Қарқаралы елі ерді желдік салып мінеді екен, ол артық зат. Сондықтан желдік салмағанда да ат арқасына батпайтын болсын», — деп өзі қатынаса отырып, әрі жеңіл, әрі сұлу, әрі адамға жайлы ат арқасына тимейтін ер жасатып шығарып кейінгі жас ершілерге үлгі қалдырады.
Ақынның інісі әрі шәкірті Шәкәрім Абай айтқан «Өлең сөздің патшасы сөз сарасы» деген өлшемге лайық сөз сөйлеуді және он саусағынан өнер тамған ершінің өнерін аса жауапты іс екенін әспеттеп, өзінің «Ер қоспақ пен сөз сөйлемек» атты ойлы шығармасын дүниеге әкелген:
Кей ердің алды биік, арты аласа,
Оны көрсем қаламын таң-тамаша.
Алды қайқақ, ерінің арты жалпақ,
Атын жауыр қылады-ау, байқамаса.
Біреу сөйлер басында батыр шығып,
Жеп жіберер кісімсіп жерге тығып.
Ер жүректі еркекке жолыққанда,
Ыржаң қағып, жалынып кетеді ығып.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіндегі «Ұлы дала» бөлімінде көрермен назарына ұсынылған аса құнды тарихи жәдігер Абайдың нағашы атасы Тұрпанның ері.
Тұрпан – Арғын ішінде айтқыштығымен аты шыққан Тонтайдың інісі әрі Абайдай ақынға өмір сыйлаған Ұлжан ананың туған әкесі. Бұл ер Арқада ақтар мен қызылдардың арасында болған қантөгіс пен бай-бағландардың мүлкін тәркілеу кезінде қолды болмай, көненің көзіндей сақталып қалған құнды мүліктің бірі.
Бас музейдегі «Абай дәуірі» залынан орын алған екінші ер-тоқым Абайдың көзі тірісінде пайдаланған ері.
«Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты, мен есімді білген кезде алысырақ жерге арба жегіп, отыз-қырық шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді. Жылқы бағып, отарға да шығыпты» — деген Тұрағұлдың естелігі мен Абай пайдаланған ерді ақын өмірінің куәгері деуге болады. Бұл жәдігер Н.И.Долгополов арқылы Семейдің тарихи-өлкетану музейіне өткізілген. 1964 жылы абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың бастамасымен ақын музейіне көшірілген.
Ер-тұрман әбзелдерінің ең бастысы – күміс ер. Мұндай ердің тағы біреуі «Абай дәуірі» залында орнын тапқан. Абайдың жары Әйгерімнің елінен ұзатылғандағы жасауымен бірге келген күмістелген ер-торқым.
Хакім Абай үйінің аса бағалы жәдігері 1928 жылы Тұрағұл Абайұлының шаңырағын тінту кезінде тәркіленген. Әйгерімнің ер-тоқымы үзеңгі, тартпасы, таралғысы, өмілдірік-құйысқаны түгелдей күмістеліп, қазақы ою-өрнектермен әшекейленіп, түрлі-түсті бағалы тастармен безендірілген. Тоқымын былғарымен қаптап, төменгі жағына екі қатардан ақ түсті металдан қазақы өрнектер таңбаланған. Төменгі жағының екі қатардағысын жалпылай санағанда 18 үшбұрышты, 13 гүлді және 4 жағынан бұрыштай жапсырылған зооморфтық өрнекті көреміз. Бұл күміс ердің алдыңғы және артқы қастары түгелдей дерлік күміспен жабылып, өрнек, мық шегелермен және үш түрлі бағалы тастармен безендірілуі назар аудартады.
Абайдың Жидебайдағы музей-үйінде Абайдың жары Әйгерімнің заты делінетін екінші ер-тоқым бар. Бұны Абай өзінің сүйген жары Әйгерімге сыйлаған.
Жидебайдағы ер-тоқымның да алдыңғы және артқы қастары күміспен бедерленген. Алғашқы ер-тоқымнан айырмашылығы алдыңғы қасында бағалы әшекей бұйымдар жоқ және тоқымының пішіні Найман үлгісіне келеді. Осыған қарағанда Найман шеберінің қолынан шыққан бағалы бұйым болса керек.
Сонымен бірге, музей қорындағы асыл жәдігерлердің бірі – «Алаш арыстары-Мұхтар Әуезов» музей экспозициясындағы Мұхтар Әуезовтің ері.
Бұл ер XX ғасырдың 50 жылдары жасалған. 1957 жылы ғұлама жазушы 60 жылдық мерейтойы қарсаңында елге келгенде пайдаланған. Күмістелген элементтері бар. Жасыл түсті. Ұзындығы – 62 см, биіктігі – 28 см.
«Шәкәрім саят қорасы» музейінде тұрған тағы бір бағалы жәдігер Абай өнер мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі, халық ақыны Тәңірберген Әміреновтың ер-тоқымы.
Ер-тоқымда «Ер иесі СССР Жазушылар Одағының мүшесі, халық ақыны-Тәңірберген Амренов» деген жазу таңбаланған.
Абай музейінің алтын қорындағы жетінші ер-тоқым «Жаз» залында келушілер назарына ұсынылған. Бұл ер-тоқым Ырыздықбай қорасынан табылған. Иесі белгісіз. Жақсы сақталғаны көзге анық көрінеді.
Жоғарыда аталған ертоқымдардың жасалу үлгісі бір-біріне жақын. Оған қоса күмістелген ертоқымдардың айтарлықтай айырмашылықтары жоқ. Тарихи тұлғалардың өмір сүру кезеңіне қарай қызығушылық танытқан жандарға берері көп. Ұлтты ғылым мен өнерге үндеген, ағартушылықтың дәнін сепкен Абай да бағзы замандағы бабаларымыз қалыптастырған атқа міну мәдениетін одан әрі дамытып, халыққа үлгі-өнеге көрсеткеніне таңдануға болмас.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Абай шығармаларының толық жинағы. І том, Алматы, «Жазушы», 2005 жыл.
2. Абай туралы естеліктер (Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің асыл қорынан), Алматы, «Қаламгер», 2018 жыл.
3. М.Әуезов, «Абай Құнанбаев» монографиялық зерттеу. Алматы, «Санат», 1995 жыл.
4. Ш. Құдайбердиев шығармалары (Өлеңдер, дастандар, қара сөздер), Алматы, «Жазушы», 1988 жыл.
5. Ш.Құдайбердіұлы шығармалары, І том, Астана, «Фолиант», 2018 жыл.
6. А.Шәкәрімұлы «Менің әкем, Халық ұлы – Шәкәрім», «Жұлдыз» журналы, №11, 1992 жыл.
7. Қ.Мұхамедханов «Абайдың ақын шәкірттері» (Екінші кітап), Алматы, «Дәуір», 1994 жыл.
8. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қолжазбалар қоры; КП-27.
9. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қолжазбалар қоры; КП-6714.
10. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қолжазбалар қоры; КП-4464.
11. «Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының жәдігерлері», (№1 кітапша), Семей, 2010 жыл.
12. «Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының жәдігерлері», (№3 кітапша), Семей, 2012 жыл.
13. М. Бейсенбаев «Абай және оның заманы», Алматы, «Жазушы», 1988 жыл.
14. «Абай» энциклопедиясы, Алматы, «Атамұра, 1995 жыл.
15. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Алматы, «Дайк-Пресс», 2008 жыл.
16. Б.Исабаев «Ұлылар мекені», Новосибирск, 2001 жыл.
17. Т. Жұртбай «Құнанбай», Алматы, «Алаш», 2004 жыл.
Абай Құнанбайұлының ер-тұрманы жайлы мына жерден де оқуға болады.
Абай музейінің ғылыми қызметкері