Денім сау болсын десең — саумал іш!

4039

Елде төтенше жағдай жарияланғалы ұлттық өнімге деген сұраныстың арта түскені белгілі. Бабаларымыздан қалған ұлттық сусынымыз балқымыздың денге қуат, дертке шипа екені талай мәрте жазылып та келеді. Десе де, бие байлап, кәсібінен нәсіп жаратып отырған ағайындылардың еңбегі ерекше. Сусын іздеп сусыраған жолаушы да, ем іздеп жер кезген ел де осы қара шаңырақтан дәм татпай кетпейтін болған. Сапарымыздың сәті түсіп Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылына жол тарттық.

Осыдан біраз жыл бұрын көршілес қытай елінен атажұртқа оралған ағайынды Мұрат Екпінұлы мен Мұрал Екпінұлы бүгінде бие байлап кәсіптенуде. Ата кәсіпті тіршілік көзіне айналдырған ауыл жұртының аузы ақтан үзілген жоқ. Кәсібін үш байталмен бастаған олар сауын биенің санын келер жылы 30 басқа жеткізуді жоспарлап отыр.

«Кәсіптің бастауы ауылда»

— Ата кәсіппен айналысып келе жатқанымызға үш жылдай уақыт болды. Ауылды жерде жұмыс жоқ деп жата беруді жөн көрмедік. Меніңше, кәсіптің бастауы ауылдан басталады екен. Қазір бие байлап, қымыз сатып күн кешудеміз. Ағам екеуміз бірге бастадық. Отбасымыздағы 5 адамды кәсіптендіріп отырмыз. Әрқайсымыз есепші, тапсырыс қабылдаушы, тасымалдаушы, қымыз ашытушы және жылқы бағушы болып істейміз. Алғаш 2-3 байталмен бастадық. Кейін бір-екі жылдай жайлауға шығардық. 2018 жылдан бастап кәсіби түрде айналысуды жөн көрдік. Міне, содан бері жалғастырып келеміз. Қазір сауында 18 бас құлынды бие бар. Келер жылы 30 басқа жеткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді жылқышы Мұрат Екпінұлы. — Төрт түліктің ішінде жаныма жақыны жылқы болды. Бәлкім осы кәсіпке бірден бел шеше кіріскеніме себепкер болған атқұмарлығым шығар. Менің жұмысым асау биелерді үйрету. Жылқы ысқырса желдікі, айдаса жаудікі емес пе, сондықтан түнде өріске айдағанда соңынан бір сәт те қалмаймыз. Биені саууға үйреткенде еш қорықпауың керек. Ең бірінші сабырлы болуың керек. Себебі жылқы өте сезімтал болады.

Қаладағы баға мен даладағы баға

Айта кетейік, елде төтенше жағдай басталғалы қымыздың бағасы қымбаттағаны белгілі. Өткен жылы қымыз бағасы 500-600 теңге болса, биыл 1000 теңгеден асып жығылады. Бұл мәселе әсіресе қалалы жерде қызып тұр. «Түйенің танығаны жапырақ» дегендейін карантин жағдайында аяқ асты «кәсіпкер» атанып, төл сусынның бағасын шарықтатып жіберген «кәсіпкерлер» қаншама. Бір қуантарлығы бұндай пайдакөстік қасиет кейіпкеріміздің бойына ұяламапты.

— Қазіргі жағдайға байланысты қымыздың бағасын көтермедік. Литрін 700 теңгеден сатып отырмыз. Себебі дәл осындай сәтте көбі саумалмен емделуді жөн көреді. Екіншіден, тұрақты тұтынушыларымызды жоғалтып алмас үшін бағаны тұрақты ұстадық. Қазір тапсырыс көп. Тіпті үлгере алмай жатырмыз. Кейде үлкен көлемді тапсырыстар түседі. Мүлдем қабылдамаймыз. Себебі олар біздің үстімізден пайда көруі мүмкін. Сондықтан әр сатып алушыға 10 литрден артық сатпаймыз, — дейді жылқышы. — 18 биеден күніне 70 литрдей саумал жинаймыз. Күндік кірісіміз 40 мың теңгеден кем түспейді. Ауылда саумал ішетін кісілер еш кезексіз 300-400 грамнан ішіп кетіп жатады. Ауылда көбі қымызды өздері келіп алады. Ал кейбір үлкен кісілерге тегін жеткізіп береміз. Тапсырыс көбейген кезде Өскеменге де тегін жеткіземіз. Саумал үшін қаладан арнайы келушілер де күн санап артып келеді.
Жылқы малының қыстық күтімі де оңай емес екенін малшы ағайын жақсы білсе керек.

— Сауында болған биенің құлындарына қыста жем-шөпті көп береміз. Себебі олар басқа жылқыларға қарағанда әлсіздеу болады. Бірінші қыстан күйлі шықса, келер жылы қалпына келіп алады, — дейді жылқышы.

Отбасылық кәсіптің басы-қасында жүрген сауыншы Нәзира Әлишқызын да сөзге тарттық.

— Сауыншы болып жұмыс істеп келе жатқаныма үш жыл болды. Алғашында қорқып, маңайына жоламайтынмын. Кейін үйреніп кеттік. Қазір биені арнайы аппаратпен сауамыз. Бұрын қолмен сауатын едік. Кейде теуіп жіберсе, кейде аяғыңды басып тұрып алатын. Бірте-бірте жылқы да үйреніп алады екен. Бөтен адам келсе, жатырқап исініп кетеді. Біреуі бір сауғанда бір литр сүт берсе, екіншісі екі литрге дейін береді. Кейбірі 3-4 сауыннан кейін бірақ ииді. Бұрынғыдай емес жылқылар толық үйреніп кетті. Күндіз құлындары бөлек тұрады. Кеште ғана жайылымға бірге жібереміз. Аппаратпен сауғанның бір пайдасы уақыт үнемдейсіз. Сонымен бірге, асау биелерді сауғанға жақсы, — дейді Нәзира Әлишқызы.

Қымыздың сіз білмейтін сырлары

Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруға ем емес пе. Жұрт бұрындары ұлттық сусынды шөлге іздесе, қазір емге іздеп сабылуда. Себебі дәл қазір жұрт елдің есін алған індеттің дауасы бал қымыз деп пайымдап отыр.

— Қымыздың емдік қасиетін ежелден көріп келеміз. Ұлым тоғыз жасында әлсіреп қатты ауырды. Ол кезде көршілеріміздің көбі бие байлайтын. Солардан күнде бес литр қымыз алып ішкізіп отырдым. Бір айға жуық уақытта сергіп кетті. Қымыздың пайдасын сол кезден бастап білдім. Кейін өзім де қатерлі ісік ауруына шалдықтым. Оның да емін қымыздан таптым. Дәрігерлер әлі күнге дейін таңқалады. Әсіресе саумал қымыздың пайдасы зор. Денедегі түрлі жарақаттарға қымыздың көбігін жақсаң, жазылып кетеді. Көбінесе өкпеге, қан айналымын жақсартуға, адам бойындағы утты шығаруға, қан бөгелу сынды ауруларға ем. Қазіргі жағдайда адамдар қымызды көптеп ішуі керек. Әсіресе саумал қымыз адамның иммунитетін көтеруге таптырмас сусындық, — дейді көпті көрген Күлжи әжей. — Қымызды ашыту да оңай емес. Саумалды салқындатып барып сабаға құямыз. Ашытқысын салып піспекпен пісе бастаймыз. Қымызды қыста да сақтаймыз. Қазір алдымен көрші-қолаңдарымызды, ауылдастарымызды қымызбен қамтамасыз етеміз. Сосын барып басқа жаққа сатылымға шығарамыз. Бағасын да тұрақты ұстап отырмыз. Мынадай кезде баға көтеру адамгершілікке жат қылық деп есептеймін. Сауда – әділ, таза болуы керек.

Таза қымызды қалай ажыратамыз?

Адамнан айла артылған ба? Пайда табу үшін кәсіпкерлеріміз адамдығын ақшаға айырбастауы да мүмкін. Бидай көрсетіп, арпа сататын саудагерлер енді қымызға су қосуды шығарды. Не істеу керек? Қалай ажырата аламыз?

— Су қосылған қымыздың дәмі өзгеріп, су қымыздың бетіне шығып кетеді. Түрі де кілегейінен ажыратылған көк сүт тәрізді болады. Қымыздың да түр-түрі бар ғой. Құнан қымыз, бесті қымыз, дөнен қымыз. Құнан қымыз – бір күн тұрған қымыз, бесті қымыз – 2-3 күн сақталған қымыз, осылай сабада тұрған уақыты мен күштілігіне қарай аталады, — дейді Күлжи әжей әңгімесін аяқтап.

Таунар Қайрат,

«Устинка плюс» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.