Атырау атқамінерлері атқа мінетін балаларға жағдай жасаса екен?!

4800

Атырау қаласына қарасты 50 мектептен әлеуметтік жағдайы төмен, 100 оқушының ат спорты және садақ ату үйірмесіне тегін қатысуына мүмкіндік беретін жаңа үйірме түрін ашуға бел будым!

Қашан, қайда, қалай деген сұрақтарға кейін жауап беремін. Алдымен бұл идея ойға қалай келді, жобаны жүзеге асыруға деген құлшыныс қайдан пайда болды деген сұраққа жауап беріп кетейін.

2010 жылы жұмыс барысымен Әбдікәрім Қошқаров деген құсбегі ағамызбен таныстым. Ұлдарымен бірге талай республикалық бүркітшілер сайысында қанжығасы майланып жүрген құсбегі ағамыз туралы телеарна эфирінен сюжет беріп, студияға шақырдым. Қысқы мезгіл. Әбдікәрім аға телефон соғып, үйде босқа жатқанша кел, атқа мініп, құс ұшырып қайтайық деп шақырып алатын. Содан бастап менің атқа деген, саятшылыққа деген махаббатым ояна бастады. Қолым босай салысымен екі күн демалыста Кәрім ағаға барып, ол кісінің ат үстінде тарихи-танымдық, ұлттық намысты қамшылайтын әңгімелерін тыңдап, кәдімгідей демалып қайтатынмын. Кейін, ағамыз 2012 жылдары Атыраудан Алматыға көшіп кетті. Алматыға барған сайын Шамалғанға Әбдікәрім ағаға асығып жетемін. Ұлттық танымдық әңгімелерін тыңдағанда өзіңді құдды бір баяғының болмысы бұзылмаған нағыз батырының қасында жүргендей сезініп, өз болмысынды сол қалыпқа ұқсатуға тырысатынмын. Қысқасы, сол кісі менің қасиетті жылқы жануарымен алғаш танысуыма жол ашқан еді…

Жылқыға деген махаббатымды оятып жіберген Кәрім аға көшіп кетсе де, әр демалыс күндері атқа мінетін жерден табылатынмын. Кейде апта сайын, кейде қол тимей қалып айына бір рет болса да атқа мініп қайтатынмын.

2017 жылы Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейіне жұмысқа орналастым. Түрлі ұлттық танымдық бағыттағы іс-шаралар легін лицей басшылығына ұсынып, ұйымдастыра бастадық. Сол ұсыныстарымның бірі – лицей оқушыларының қатысуымен ат спорты клубын ашу болатын. Лицей әкімшілігі ұсынысты қолдады. Сөйтіп, лицей шәкірттерінің қатысуымен 2018 жылдың қазан айында Жаңаталап ауылындағы «Құлагер» шаруа қожалығының базасында ат спорты клубы үйірмесін аштық. Ашылу салтанатын ұйымдастырып, қатысушы оқушылар мен ата-аналар келіп, үйірменің тұсауын кесті.

Екі аптадан кейін Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болған сол мақаладағы бір тарауға Елбасы «Атқа міну мәдәниеті» деп атау беріп, бабаларымыздың әлемде тұңғыш рет жабайы жылқы жануарын қолға үйреткендігін, жылқының қазақ тарихындағы орның, оның қазіргі уақытта да мәртебесін көтеру қажеттігін атап өтті. Сол мақаладан соң бұқаралық ақпарат құралдары бізге хабарласып, біздің екі апта бұрын ашқан ат спорты клубы туралы үйірмемізді көпшілікке жария етті.

Апта сайын лицейдің 22 шәкіртін шаруа қожалығына апарып жүрдім. Алғашқы сабақта аттан қорыққан оқушылар екі аптадан кейін шабуды меңгеріп алды. Үйірме оқушыларын біріктіретін ватсап группа ашып, жылқыға қатысты ақпараттарды жіберіп жүрдім. Оқып, біліп, таныса берсін деп. Сөйтіп ай сайын әр оқушы шаруа қожалығына 12 мың теңге төлеп, жаңа үйірмеге деген қызығушылықпен, аса ықыласпен қатысатын. Бір оқу жылы бойы ат спорты клубына қатысып шыққан оқушылардың мінез-құлқы, қабілеттері кәдімгідей өзгеріп шыға келді. Ата-аналары телефон шалып алғыстарын білдіріп жатты.

Содан үйірмеміздің бір жылдық қорытынды есебі ретінде атпен қатысты бір іс-шара өткізу керек деген ой маза бермеді. Сөйтіп, 2019 жылдың қазан айында ат үстінде жүруді, шабуды жақсы меңгерген он оқушыны ертіп елімізде тұңғыш рет мектеп оқушыларының қатысумен «Бабалар ізімен» аттылы экспедицияны ұйымдастырдым. Индербор кентінің батыр Махамбет Өтемісұлы жатқан Қароай жазығына экспедиция маршруты етіп, 42 шақырым жерді 7 сағатта бағындырдық. Экспедицияның мақсат мұраты айтпаса да түсінікті.

Экспедиция барысында қаладағы алақандай жерде емес, кең дала төсінде ат үстінде қуанып, шауып бара жатқан оқушыларды көріп құдды бір үлкен армандарымның бірі орындалғандай қуандым, қуаныш пен жеңіс сезімін кештім. Сол сәтте қазақ баласының, оқушылардың ат үйірмесіне қатысуына жағдай туғызу керек деген ой көктен келіп, көкейіме қонды. Содан бері бір жыл өтті, ат үйірмесіне қатыстыратын жеке орталық ашамын, сол жұмысты ұйымдастырамын деген ойды толғатамын деп айлар өте берді.

Сәуір айында Жәңгір мен Тамерлан атты лицей шәкірттерінің жыл басынан бері «ағай атқа қашан барамыз, осы сенбіде барайықшы» деп «маза» бермеген хабарламалары әлгі ат спорты клбубын ашамын деген ойымды қамшылай түсті. Жобаны қағазға түсіріп, түрлі түсті етіп сәндеп енді әкімшілікке ұсынамын дегенде мына індет келіп, елде, қалада карантин басталып кетті. Тек маусым айының басында ғана қала әкімінің атына хат жолдадым. Хатта жобамды таныстырып, жүз оқушыны тегін қатыстыратын, оқушылардың келіп кетуіне ыңғайлы болу үшін қала аумағынан, өзен жағалауындағы бос жатқан үлкен жерден аумағы 250/80 метр болатын алаңды ат спорты клубы жұмысын ұйымдастыру үшін сұраған едім. Тек кеше ғана (12 тамыз күні) әкімшіліктен әкім орынбасары хабарласып жерді уақытша пайдалануға ала алмайтындығымды, тек қала сыртынан аукцион арқылы ғана беруге болатындығын айтты.

Ал маусымнан бастап кеше нақты жауап алғанға дейін мен жер сұрап қайда бармадым деңіз. Хатымды тапсырған сәтте бір-екі аптадан кейін қалалық спорт бөлімінен бір маман телефон соғып, үйірме, жоба туралы толығырақ білгісі келді. Мен жер беретін болды ғой деп оларға лезде шауып бардым. Өйткені маған телефон шалған хатшы қыз өз сөзінде «біз қолдасақ әкім рұқсат береді» деді. Оны естіген мен ынтығып барып, спорт бөлімінің басшысына жобамды таныстырып жоғарыда айтқандарымды айтып бердім. Сөйтсем хатымды қала әкімінің орынбасары архитектураға, білім және спорт бөліміне жіберген екен. Мына хатқа не айтасыздар, қолдайсыздар ма дегендей. Спорт бөлімі жобаның өте қажет екендігін, біз тек «иә, қолдаймыз» деп кері жауап хат жіберетіндігін айтты. Одан шығып жұмыс уақыты аяқталса да білім бөліміне жүгірдім жобамды бөбегімдей әлдилеп. Хатты орындауға алған білім бөлімінің маманы да бұл үйірменің оқушыларға керектігін, өздерінің қолдайтындығын, солай кері хат жіберетіндерін хабарлады. Келесі күні архитектураға бардым. Ол мекеменің орынбасарымен сөйлестім. «Қазір жер алу қиынның қиыны» екенің сол маман аузынан естіп білдім. Маған жердің тек аукцион арқылы, оның да бір жылға созылатын процестері бар екендігін айтты. Мен сұраған жер аукционда бастапқы құны 35млнға шығатын аумақ боп шықты. Одан шығып ЖКХ-ға бардым. Басшысына жолығып сізге дейін осындай мекемелерге бардым, хатты әкімге жібердім, мен сұрап тұрған жердің бос, бос еместігін анықтап алайын деп сіздерге келіп тұрмын деп жобамды таныстырдым. Сөйтсек мен сұраған жер ешбір мекеменің балансында жоқ екен. Бос жатқан жер. Алайда ол жерден де тек әкімнің рұқсатымен ғана ол жерді алу жүзеге асатындығын біліп шықтым.

Көңілдегі көрікті ой, ауыздан шыққанда өңі қашады дегендей көңіл күй түсіп, кері қайттым. Кейін бірінші хатыма ресми жауап келмеген соң, әкім атына тағы бір хат жолдадым. Содан желіден Ерлан Күмісқалиевті кездестіріп қалдым. Ол кісіге иттермен және жылқылармен сырқат балаларды емдейтін орталығына жерді қалайша алғандығын білейінші деп хабарластым. Ерлан аға да аукцион арқылы жерді алуға біздің мүмкіндігіміз жоқ екендігін, өзінің облыс әкімі алдында жобасын қорғап, содан кейін барып қалалық әкімшілік арқылы 5 гектар жерді өз атына 5 жылға жалға алғандығын айтып берді. Сонда менде облыс басшысына жобамды таныстырсам, қолдау тапсам, жерді аукцион арқылы емес, солай жалға алу арқылы ала алам ғой деп сөніп бара жатқан үміт отын қайта жағып алдым. Алайда елде карантин болған соң, облыс әкіміне немесе оның орынбасарларына жолығуды кейінге қоя тұрайын деп шештім.

Сізге өтірік, осы жобаны бастағалы жылқы үстінде шауып бара жатқан, құлап бара жатқан, аттылы көштен қалып қойған, жылқыларға таңданып тұрған түрлі түстерді жиі көріп кеттім. Сол түстер маза бермей неде болса әрекет етейін деп, айналаңда өзінді қолдайтын бірде-бір таныс тұлғаның жоқ екендігін ұққаннан кейін салмағы бар адам іздей бастадым. Облыс әкіміне не оның орынбасарларына мені бірге ертіп барады, жер алуға хат жазып қолқабыс етеді деп қаламызда ұлттық бағытта бірнеше жұмыстарды атқарып келе жатқан «Елсана» клубының жетекшісі Нұржан ағама хабарластым. …Қысқасы, Нұржан аға тамыз аяғында осы жобаны қолға алайық деп ойын білдірді. Сөйтіп келіскендей боп тарқастық.

Сонымен кеше күндіз (12 тамыз күні), қалалық әкімшіліктен әкім орынбасары хабарласып, жер тек аукцион арқылы ғана берілетіндігін айтты. Сөйтіп мен жіберген екі хатқа телефон арқылы жауап бергендей болды. Аукцион арқылы жер алу мүмкін емес біз үшін.

Бір жағынан бұл жоба туралы фейсбукке жазбаған себебім әкімшіліктен жауап күтуім болды. Елді шулатып, желі арқылы әкімшілік маған жер бер деп босқа шулатқым келмеді. Бір өзім жүріп, жобамды алға салып, жер берер деген ой ғой мендегі сондағы. Алайда олай емес екен…

Қазір қаламызда ат ұстап жүрген жігіттер қатары көбейіп келеді. Оны желіден байқап жүрмін. Кейбірі тіпті ауыл ішінде прокатқа ат беріп, кәсіп қылып жүр. Дұрыс қой. Жылқы болса оны қорада босқа ұстамай, жем-шөбін табатын қаражат әкелсе ол істен кім қашады. Алайда жалға беру бағалары қымбат. Бұрын біздің оқушылар айына 12 мың төлеп атқа мінсе, қазір «Құлагердегі» бағамен оқушылар айына 16 мың теңге төлеу керек болады. Ал Геологтағы атқа міну базасына айына төрт рет барсаңыз 20 мың теңгеңді беру қажет. Қымбат па? Қымбат!

Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, күзде Атырау қаласына қарасты 50 мектептен әлеуметтік жағдайы төмен деген барлығы 100 оқушының тегін, қалған оқушылардың қолжетімді бағада «Күлтегін» ат спорты клубына қатысуларына мүмкіндік беретін жаңа үйірмені ашамыз деп жоспарлап отырмын.

Жерің жоқ, қалай ашпақсың дейсіз ғой?! Әкімшілікке хат жібергенімде, олардан әлі жауап алмаған күндері, қайтсем де осы үйірмені ашуым керек, сүйікті ісіңді жұмыс қылып, онымен айналасуым керек деген ойлар маза бермей жүргенде бір ой келді. Сол ой жетелеп қала аумағындағы бір жерге апарды. Үйірмені ашуға, он-он екі ат ұстайтын қора салуға болатын жерді, оның иесін таптым. Сол кісілерге хабарласып, кездесіп, ойымды, жобамды айтып, жер алу процестерінде қазір қандай жағдайда жүргенімді жеткіздім. «Әр қиындық артында бір жеңілдік болады» дегендей ол азаматтарға мені ниетім жолықтырды деп сенем. Өйткені ол кісілер ауқымды жерін пайдалануға беріп отыр! Сол аумақта, Алла қаласа күзде карантин толық аяқталғанда, оқушылар мектепке барған соң, ат спорты клубы өз жұмысын бастамақ!

«Түптен келгенде қазақтың тарихы жылқының тұяғымен жазылған тарих» деген қанатты сөз бар. Олай болса, жас ұрпақ санасында ұлт тарихын жаңғыртамыз десек оларды алдымен жылқы жануарымен таныстырумыз қажет. Ұлы Даладан қалған, бабалардан қалған мұра, аманат ол жылқы! Атқа міну арқылы әр мектеп оқушысы аттың тұяғымен жазылған Отан тарихына қанық болып, ұлттық сананы қалыптастыруға бет алады.

 Амандық Есқали

Атырау, «Ақ Жайық»

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.