Берік ЖҮСІПОВ. Көкмойнақтың үйірі

4720

Ескерту: Бұл мақала 2004 жылы жазылған (Argymaq.kz).

Әнуар Бимағамбеттің «Бәйге. Көкмойнақ» деген өлеңіне пікір айтқан Қажытай Ілиясовтың орынсыз сын сөзіне [Қазақ әдебиеті. – 2003. – 27 шілде] орнықты уәж айтқан Болат Жетекбайдың «Сынның сырын білеміз бе?» деген лебізіне [Қазақ әдебиеті. – 2003. – 31 қазан] ой қосуды жөн көрдік.

Біріншіден, өндір жастың қадамына бата беріп, жөн сілтейтін ағалықтан айнымаған асылдар жұмыр жердің бетінде аз екенін ақын бауырымыздың түсінгені және оған осы бастан көне бергені абзал. Ал аса құрметті Қажекең өлең өрімінде ұшырасатын аз-кем кемшілікпен тоқталса да болғандай екен. «Көкмойнақ жылқыда кездеспейтін түс. Итке қойылатын атау» деп сынның дәмін кетіріп, «әттеген-айлатып» алыпты.

Жүйрік ат жайында қай-қайсымыздың болсын, білетініміз бір тоғыз болса, білмейтініміз тоқсан тоғыз екенін қаперден шығарып алыпсыз, Қажеке. Оның үстіне, бір рулы елдің абыройы мен арына балаған күліктің нәсіліне күмән келтіре сөйлеуіңізді үлкендігіңізге лайық көрмедік. Біз сізді біледі деп жүруші едік. Енді міне, амалдың жоқтығынан, білмегендердің біліп жүруі үшін әңгіменің өзегін әріден төркіндетуге тура келді.

«Көкмойнақтың үйірі» бопса аңыз емес. Ақын Есенғали Раушанов халық арасында ауызша таралған аталмыш шығарманы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялап, көпшілікті көзайым еткен еді [Көкмойнақтың үйірі // Қазақ әдебиеті. – 1990. – 23 наурыз]. Жырдың содан соңғы тағдыры халықтың көз алдында. Бүгінде жыршы Елдос Еміл орындап, тыңдаушының құлақ құрышын қандырып жүргені былай тұрсын, үнтаспасы да жарық көргені [Еміл Е. Аманат. Алматы: Мәлике, 1999] қадірлі Қажекеңнің қаперінде жоқтығы мені таңғалдыруды былай қойып, бұл кісінің жылқы тұқымы туралы бірдеңе білетіні көңілге күдік ұялата бастады.

Есенғали әлгі жырға жазған алғы сөзінде «Қанша уақыттан бері іздестіріп, сұрастырып келсем де, мұның авторы кім екенін айғақтай алмағаным…» дейді. Десе де, уақытында «Соның өзі жазған жоқ па екен?» деген қазақы күңкіл-күдіктің де құлағы көрініп қалғаны рас. Меніңше, маңғыстаулық Светқали Нұржановтың бұл жыр авторын Ізбан ақын деуі шындықтың ауылынан шет емес сияқты. Есағаң Көкмойнақ жайындағы ізгі ойын сабақтай келе, «Бір ақиқат, аталмыш тұқым қазір аз қалған» деуімен, ақын дегдар жануардың нәсілі түгел құрып кетпегенін анық аңғартады.

Қазақта жүйрік атқа арналған қанша ән болса, сонша көкдауыл күй кездеседі. Әйелдің сұлулық сипаты да жүйрік атпен шендестірілуі көп жұртта кездесе бермейтін ерекшелік. Түркі-моңғол халықтарының эпикалық жырларындағы орталық бейне – қас батыр мен оның жан серігі, тағы да сол жүйрік аттың бейнесі [Липец Р. С. Образ батыра и его коня в тюрко-монгольском эпосе. Москва, 1984].

Ғалымдардың дәлелді сөзіне иек артсақ, малшылық егіншіліктен ескі кәсіп болып саналады. Алғашқы жүйрік жылқылар бүгінгі жыл санауымыздан 6-7 мың жыл бұрын Азия, Африка, Еуропада қолға үйретіле бастапты. Бұл пікірді профессор Виктор Зайберт алғашқы жылқылар қазақ жерінде — Ботайда қолбайрық бола бастады деп дәлелдей түседі. [Зайберт В. Т. Поселение Ботай и задачи исследование энеолита Северного Казахстана. Энеолит и бронзовый век Урало-Иртишского междуречья. Челядинск 1985].

Жылқының ғылыми айналымда жүрген 12-13 тұқымының бірі Адай жылқысы. Қазақ Совет Энциклопедиясында бұл тұқым туралы «Ұзақ жүріске төзімді, жүйрік, қағылез, безбүйрек. Онда түркмен жылқысының қаны бар. Басы етсіз, көзі кішкентай, жанары мол, мойны қысқа, шоқтығы биік, арқасы түзу, сауыры ұзын әрі салыңқы, аяғы жуан, бірақ етсіз, тұяғы берік болады» [ҚСЭ. 1 том, 3-б] десе, Ш. Жанәбілов «Қазақша мал атаулары» кітабында бұл тұқымға «Салт мініске қолайлы, басы жіңішкелеу, шоқтығы шығыңқы, сауыры етсіздеу, итарқалау, аяқтары жіңішке, сіңірлі келеді. Ауа райына төзімді» деп сипаттама беріпті.

Хатқа түсіп, жазылып, ғылыми айналым қорын толтырып үлгерген тек биенің ғана дене бітіміне, құлындауына, күй-жайына, жасына, сауылуына, желін бітісіне, сүтіне, мінезіне, жал-құйрығына байланысты 127; айғыр мен саяқ, құлынның жайына қатысты 41; одан да басқа, жылқының жалпы 45 ортақ атауы кездеседі. Жылқы малының мінезіне, тісіне, құлындайтын уақытына, құлындайтын биеге айтылатын 47; үні мен әрекетіне, жатып-тұруына, түсіне, түгіне байланысты тағы 45 атау бар екен. Жылқыда болатын аурулардың ғана ұзын-ырға саны жиырма бір. Осыдан кейін жүйрік жылқының бабын, түсін, тегін бір адамдай «білемін» дейтіндердің жауабының жайы қалай болар екен? Қашан да асығыс байлам мен үстірт ой абыройсыздыққа бастайтын даңғылдың өзі. Олай болса, сөздің мәнсіз болып сетілуінен сақтасын.

Ал енді осыншама байтақ үлгіден бүгінде қолға ұстап қалғанымыз қайсы? Баба қазақтан мирас сейіс деген тауып айтылған және дәл айтылған анықтама сөз бар еді. Бүгінгілер «атбегі» деген қарпусыз сөз шығарып алып, жерден жеті қоян тапқандай атой салып жүр. Баба қазақтың нәрлі тілінде бапкер палуанның сейісіне, құсбегі қыран құс баптайтын адамға қатысты қолданылмаушы ма еді? Амал қанша, бұл сөздер де «әй» дейтін тілсақшы Ажаның (әженің емес. – Б. Ж.) жоқтығынан күнделікті сөз қорына еніп кетіп барады.

Саятшының серігі болған, аңызда итала қаздың жұмыртқасынан жүз жылда бір шығады деп дәріптелетін құмай тазының бұл күнде қазақ даласына шаққандағы саны бар-жоғы екі мыңға жетер-жетпес екен. Енді үш-төрт ұрпақ ауысқан соң құмай туралы біреуге айтып сендірудің өзі қиын болып қалуы кәдік. Атадан қалған сейістік, құсбегілік өнердің үзіліп, жалғаспай қалуына өкініш білдірудің орнына, кейбіреудің басымыздағы барға шүбә келтіре бастауы өкінішті, әрине.

Көкмойнақ анатомиялық атау болғандықтан, әуелден барша аң-құс пен жан-жануарға ортақ. Қазақта иттің де, жүйрік аттың да, адамның да бір атауға телінуі жаңалық емес, керісінше, заңдылық. Қанапия, Күнжан, Айтжан, Сәулежан тәрізді есімді бабаларымыз осы екі ортаны ажырата алмаған соң нашар бала мен ер балаға қақ жарып қойды дей алмаймыз. Құлындайтын биеге де, толғатқан әйелге де толғақ, шарана сөзін қатар қолданатын қазақ табиғаттың тамырын тап басқан халық. Жылқыға телінетін ықылықтау, шыңғыру, ойнақтау сөздерін қазақ бауырындағы баласына да қолданады. Жылқыда болатын қарақаптал, маңқа ауруларының атын қазекең қарғыс пен кемсіту орнына да пайдаланады. Көбіне жылқы малына байланысты айтылатын қарақұлақ, көкбақа, қоңторғай да жалпы анатомиялық ортақ атаулар. Сондықтан ит пен атқа қойылатын деген дербес ұғым, дара атау біздің жұртта жоқ. Бұдан бөтен білгеніңіз, басқа жақтан алып келгеніңіз бар болса, сөз сізде, құрметті Қажеке!

Көкмойнақ топонимикалық та атау, алайда топонимикалық жер-су атауына кейін ауысқан ұғым. Қазақ екі төбенің арасын қосып тұратын ұзынша қысаң жерді, екі теңіз арасын жалғайтын жылғаны мойнақ (перешейка) деген. Бұл сіз ойлағандай, «Бірінен екіншісі биіктеп, болмаса аласара беретін кезеңнің ұсақ-түйек қалпы» емес. Мұндай аңыз-әпсананы қара танып, оң-солын біліп қалған жастарға абайлап айтқаныңыз абзал болар еді. Жалпы, адамға ақыл айтудан өткен азап болса-шы.

Ал енді қазақтағы қазанаттар тұқымын қалыптастырудың өзіндік жоралғысына келейік. Ғылым бұл ерекше түрге байланысты «Жабайы жылқы тұқымы ма, әлде тағыланып кеткен кәдуілгі жылқы ма?» деген сауалға нүкте қоймай, басын ашық қалдырған. Ал қазекем мұның шешімін тағы да аңызға байлайды.

Түздің құландары бөлек-салақ жүрген биені үйіріне қосып алатын немесе жылқышылар әдейі қуып жіберіп, бие бауырына құлын байлағанда ғана қайтаратын кездер болады екен. Қазанаттар дала тарпаңдарының қанынан осылайша қайнап шығыпты. Сондай жолмен алынған будан Сауран атты жылқы тұқымы туралы (Сауран сойы. – Б. Ж.) Ә. Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романында жазады. Оңтүстіктегі атақты қаланың аты жылқы тұқымының осы түріне орай қойылса керек. Әрине, мұнымыз нақты байлам емес, әзірге көп жорамалдың бірі ғана.

Сауранның түсі тышқан түстес, сұр келеді. Ендеше, Үстірттегі көкмойнақ тұқымы да жылқының түсіне орай аталатынына бұдан былай күмән-күдікті сейілткен жөн. Демек, көкмойнақ деген атау жылқының түсін (масть) білдіруі де әбден мүмкін. Бұл жорамалды жоққа шығару үшін бұлтартпас дәйек керек. Әрине, ондай дәлел Қажытай ағамызда болса, сөзді сиырқұйымшақ қылмай, кесіп айтқан болар еді ғой.

Үстірттегі адайлар ежелден түркмендермен қоңсы отырған. Тіршілігін сырт дұшпанмен кескілесіп, ат үстінде өткізген жауынгер елдің серігі қашан да жүйрік ат. Бұл өңірде түркменнің аламойнақ аты деген жылқы тұқымы және бар.

Халық арасындағы қария сөз түркменнің Теке мен Жәуміт тайпасынан шыққан екі азулы ел құдандалы болып, жылқыларын бірге бағып, атақты «Текежәуміт» тегі жасалғаны туралы айтады. Ақалтеке атанған Ақал мен Теке тарихы да соны баян етеді. Ақалтеке – ең ескі тұқым, араб жылқысынан да бұрын шыққан тек болып саналады. Далалық ауызша тарихта сол ақалтеке мен қазанаттың арасынан шыққан буданды аты аңызға арқау болған Көкмойнақтың үйірі деседі. Көптің уәлі сөзі болғандықтан, бұны да қаперге тұту баршаға міндет.

Үстірт өңіріндегі тағы бір есті сөз судан шығатын Суын айғырға байланысты. Бұл әлемдегі халықтардың фольклор мұрасы ертегі, аңыз, әфсанаға ортақ сарын болып сіңген кәдуілгі су айғыры болса керек. Жергілікті лексиконға байланған Суын деген сөзді ұғымға сәйкес суытылған, тың айғыр деп те пайымдауға болатын тәрізді. Мифологиялық ұғымдармен астасып жатқан бұл аңыздың ерекшелігі бізге нақты тарихи тұлғалармен байланысты болып жетуінде. Бұл жерде мифтің қайта жаңғырып, фольклорлық заңдылықтарға сүйене отырып персонификацияға түскенін, яғни қайта құбылғанын көреміз. Ендеше, халықтың фольклорланған ерекше тарихнамасына құлақ түрелік.

Жазушы Әбіш Кекілбаевтың арғы аталары Қожаназар деген жылқылы бай болыпты. Суын айғырдың судан шығып, биеге шабатын мезгілін түркмендер де, сол Қожаназардың жылқышылары да біледі екен. Бірде жылқы күзетінде тұрып, ұйықтап кеткен жылқышылар екі жақтың биелерін шатастырып алып, түркмен биесі Қожаназар жылқыларының үйірінде жүргендіктен, мұның ақыр аяғы көп жылға созылған дауға айналыпты. Дау қазақ жағында болуы себепті, даулаушы түркмен елі Қожаназардың баласы Қошанды Көксуын айғырдан туған сүліктей қара атқа мінгізіп, Қараман ата әулиенің басында антқа ұстайды. «Біз кінәлі болсақ бізді ат, қара кінәлі болса қараны ат» дегенде ердің басына орнатылған кәдуілгі біз қақ айырылып, қара ат мертігіп, үстіндегі бала аман қалыпты» дейді осы уақиғаға қатысты аңыздың асыл нобайы.

Көнекөздердің айтуынша, осы антқа Бекет әулиенің өзі қатысқан. Ақыры дау қазақтың пайдасына шешіліп, Көксуын айғырдың тұқымы көкмойнақ Үстіртте, адай жұртында қалыпты-мыс. Мұндағы Көксуын айғыр бейнесін батырлық пен ерліктің тұрақты бір бөлігі ретінде де қарастыруға болады. Халықтың ұғымында бес қару мен алты асыл (арғымақ, ақ сауыт, алмас қылыш, түзу мылтық, құмай тазы, мұзбалақ) тұтастай алғанда да, жеке-дара қарастырғанда да аталмыш ұғымды толықтыра бермек.

Естуімізше, көкмойнақ жылқы тұқымының ізі бүгінгі Ақтау өңірінде әлі де сақталған дейді. Түркмен адайлары арасында Ақмоншақ деген жүйрік ат 1990 жылға дейін болған. Ақмоншақ аттың есімі халық ауыз әдебиетінің көркем үлгісі «Қобыланды батыр» жырында, Сыр өңірінен шыққан күйші Құрақтың Досжаны шығармасында да кездеседі. Хабиболла ақсақалдың айтуынша, Маңғыстауда күні кешеге дейін көкмойнақтың тұқымынан бір көк ат болыпты. Бірақ ешкім бәйгеге қосып, жануардың бағын бір сынамапты. Түбі асыл жылқының тегіне бұдан артық құрмет болар ма? Бүгінгідей өлермен заманда кім болса да тұлпардан қалған тұяққа бір тер үктіріп қалса керек еді. Көкмойнақ жайындағы ақиқатқа бергісіз аңыздың халықтың санасынан орын тепкені сонша, Үстіртте оны ат орнына міну де қиянат деп саналады екен.

Жоғарыда сөз болған «Көкмойнақтың үйірі» поэмасына қатысты ойдың шетін де түйіндей кеткен жөн. Жыр арқауы 1932 жылғы ашаршылық уақиғасын суреттейді. Бір жас жігіт бабасынан қалған көкмойнақтың үйірін өкіметі бар жерден жасырып бағып жүреді екен. Ақыры қолға түсіп, айдалып бара жатқан жігіт көкмойнақтың арба тартып, арса-арса болып келе жатқанын көріп, жүрегі қан жылайды. Поэма өрімінің айтар ой мен идея тұрғысынан Ілиястың «Құлагерімен» өзегі егіз. Қас таланттардың қай кезде де мәреге жете алмай жығылатынын жыр көркем бейнеге бөлеп береді. Ал жабының қашан да тұлпар көрсе қыршынынан қиюға даяр тұратыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Жіліншігі жіптіктей,

Жіптік те болса болаттай,

Болат оңай сынар ма?

Доңыз мойын қара емес,

Басы жеңіл бұрарға.

Одан артық көлік жоқ,

Кезенген жауға тап болып,

Кескілесе шығарда.

Майға бөгіп қалмайды,

Бір атасы бұлан ба?

Бұл – «Көкмойнақтың үйірі» деген халық жырындағы Көкмойнақ тұлпардың суреті. Қай кезде де текті тұлпарды сақтаудың жолы жасырып ұстау. Поэма әлгі жылқының тұқымын ғана емес, жақсыны сақтаудың да үлгілі жолын нұсқайды. Жыр оқиғасының асыл арқауы осындай жайттарды паш етеді.

Бір шеті мен екінші қиырына ұшқан құстың қанаты талып жететін біздің далада қашан да күмән мен күдіктің ақырын тосқан абзал. Онсыз тырнақтап жиған абыройды уыстап шашып шығудан басқа жол жоқ.

 Берік Жүсіпов, фольклортанушы.

Қазақ әдебиеті. – 2004. №2

Фото: Абзал Молдабек

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.