Назарбаев: Қазақтың қаза­натын сақтауға, санын арттыруға, сұранысты күшейтуге мүд­деліміз

3831

Қазақтың той-думаны бәйгесіз өтпеген. Ат бәйгесі қашанда үлкен мерекенің ажары болған. Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы қарсаңында елордамызда бәйге түрлерінен республикалық «Елбасы кубогы» турнирі өтпек. Елорда күні қар­саңында өтетін дүбірлі дода алдында республикалық «Бәйге» феде­рациясының президенті Нұрбол Назарбаевты сұхбатқа тартқан едік.

– Нұрбол Болатұлы, cоңғы уақытта қазақтың дәстүрлі ойыны – бәйге спортын дамытуға көңіл бұрған екенсіз. Қазіргі ат бәйгесінің даму бағыты қалай?

– Қазақ болған соң атқа жақынбыз. Бұрыннан осы дәстүріміздің жанкүйері болып, ат баптап, бәйгелерге ат қосып жүретінім бар еді. Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан ағамыз бәйге спортына жетек­шілік етуді ұсынған соң үлкен шаруаға кірісіп кеттік.

Бәйге спорты көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату секілді қазақтың дәстүрлі ойындарымен бірге Ұлттық спорт қауымдастығы құрамына кіреді. Қазақтың ат бәйгесі бүгінде ауыл арасындағы ат шабыс емес, Ұлттық олимпиадалық комитетпен танылған дербес спорт түрі. Республикалық «Бәйге» федерациясы – бәйге түрлері бойынша құзыретті, аккре­диттелген қоғамдық бірлестік. Заң талап­тарына сәйкес, жергілікті феде­рация­ларымыз өз өңірлерінде облыстық, қалалық деңгейде аккредитациядан өтіп жатыр. Бұйыртса, күзге дейін бұл шаруалар толыққанды аяқталады деп отырмыз.

Бәйгені қалай дамытамыз дегенде, олимпиадалық спорт түрлерінің даму стратегиясын назарымызға алдық. Спорт болу үшін ортақ ереже, тұрақты жарыстар, қалыптасқан төрешілер корпусының болуы маңызды. Сондықтан респуб­лика­лық деңгейде аға жаттықтырушы позиция­сын, өңірлердегі ұлттық спорт мектептері мен клубтарда жаттық­тырушылар штатын ашуға, төрешілер корпусын күшейтуге, спорттық жетістіктер мақсатында тұрақты бәйге жарыстарын ұйымдастыруға күш саламыз.

– 5 шілде – Елорда күні қарсаңында бәйге түрлерінен «Елбасы кубогы» рес­пуб­лика­лық турнирін ұйымдастыруды жос­парлап отыр екенсіздер. Бұл бәйгенің ерек­шелігі неде?

– Биыл – ата-бабамыз армандаған азаттықтың, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осындай мерейлі мерекемізге орай, қала күні қарсаңында «Елбасы кубогы» үшін бәйгенің төрт түрі – аламан бәйге, кіші аламан, құнан бәйге және Қостанай жылқысының бәйгесі өтпек. Аталған шара Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығы, республикалық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қол­дауымен «Қазанат» атшабарында жалауын желбіретпек.

Бұл жерде айрықша атап өтетін жаңалық – Қостанай тұқымды аттардың бөлек бәйгесі. 1889 жылы патшалық Ресей өкіметі қазақтың қазанатын негізге ала отырып, Қостанай жылқы зауытын құрады. Екі дүниежүзілік соғысқа, аштыққа, репрессияға қарамастан Қостанай тұқы­мының селекциясы үздіксіз жалғасқан. 60 жылғы сұрыптау нәтижесінде 1951 жылы Қостанай жылқысы зауыт тұқымы ретінде танылады. Кеңес өкіметі уақытында Қостанай жылқысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқымдарының қатарына қосы­лады. Бүкілодақтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы болған аттар да осы зауыттан шыққан. Заказ, Билетер, Гостинец деген Қостанай аттары өте танымал жүйріктер болды. Алайда кезінде аты дүрілдеген жылқы тұқымы қазір жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұр. 1969 жылғы санақ бойынша саны 44 000-ға жеткен Қостанай жылқысынан қазір зауытта бар-жоғы 50-ге жетер-жетпес бас қалған. Енді бір аз ғана тобы жеке аза­маттардың қолында.

Сондықтан қазақтың қазанатын – жалғыз зауыттық жылқы тұқымын сақтап қалу жолында қауымдастық бар, «Бәйге» федерациясы бар осындай үлкен бастама көтеріп отыр. Биыл «Елбасы кубогында» тұңғыш рет Қостанай тұқымды жылқы­лардың жабық бәйгесін өткізбекпіз. Қалыптасу уақытында таза Қостанай тұқымды аттарды табу оңай емес. Сол себепті алғашқы уақытта біраз жеңілдік жасап, жартылай Қостанай аттарын жарысқа шығаруға рұқсат беріп отырмыз. Бәйгеге қатысатын аттардың тұқымын арнайы ДНҚ сараптама арқылы анықтап, жарыс жолына қосамыз.

Ұлттық спорт түрлерінің, оның ішінде бәйге спортының дамуы – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен толық үндеседі. Қостанай жылқысын сақтап, дамыту «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­ламалық мақаласында көтерілген атқа міну мәдениетін сақтау мен насихаттау қағи­даларымен сәйкес келеді.

Федерация басшысы ретінде дербес бәйгені тұрақты өткізіп, қазақтың қаза­натын сақтап қалуға, санын арттыруға, оған деген сұранысты күшейтуге мүд­деліміз. Сондай-ақ елдің белді азамат­тарына, атбегілерге «қазақтың қазанатына көңіл бөліңіздер, еліміздің мақтанышы Қостанай жылқысын сақтауға, көбейтуге сіздер де үлес қосыңыздар» деп үндеу тастағым келеді.

– «Бәйге» федерациясының алдағы жоспары қандай? Алда тақым қысқан, дүбірлі додаларға жанкүйер азаматтар қандай бәйгелерге куә бола алады?

– Бәйге, бұл – қазақ халқының рухани болмысының бір көрінісі, сан ғасырлық мәдениетінің ажырамас бөлігі. Өмірі, тұрмыс-салты жылқымен біте қайнасқан жұртымыздың бір қуанышы, бір сүйініші – осы бәйге. Екінші жағынан, қазір ұлттық ат спорты түрлері, бұл – мыңдаған адам кәсіби және әуесқой түрде айналысатын бұқаралық сипатқа ие дәстүрлі спорт.

Әдетте, бәйгенің айналасында ауылдың азаматтары, ауыл балалары жүреді. Бәйгенің бұқаралық сипатқа ие болып, қанат жаюы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен «бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс» деген тапсырмасына сай келеді.

Сондықтан біздің федерация Мәдениет және спорт министрлігімен, жергілікті әкімдіктермен тығыз жұмыс істей отырып, бәйгенің тұрақты әрі жүйелі өтуіне күш салатын болады.

Биыл 51 шақырымдық дәстүрлі «Алтын тұлпар» атты ұлы аламанын алтыншы рет өткізу жоспарда бар. Аздаған үзілістен кейін бәйгеден Қазақстан чемпионаты жарысын Жамбыл облысында қайта жандандырмақпыз. Ұлттық спорт түрлері­нен жастар арасындағы «Ұлы дала рухы» фестивалі мен Маңғыстау облысында өтетін «Ақбидай» ауыл ойындары аясында бәйге өткізу көзделген. Сондай-ақ Алатау бөктерінде өтетін «Жетісу жүйрігі» жарысымыз бар.

Сәйгүліктер жолына көз салған көрермен байрақты бәсекелерге көзайым болады деп сенеміз. Ең бастысы, аттарымыз сүрінбесін, шабандоздарымыз жығыл­масын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Әлихан Исман

«Айқын» газеті

1 comment

  1. Ереке 4 Шілде, 2021 at 10:35 Ответить

    Ассалаумағалейкум ағайын, бастаған игі бастамаларың іске асуына тілектеспіз. Қостанай жылқысын сақтаңыздар бауырлар. Сақтайық

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.