Мағауия СЕМБАЙ. Жылқының киесі

10172

Жылқышы ертоқымы мен жүгенін арқалап, автобуспен ауылына қайтты. Теледидарда өзі өмір берген баласынан безген безбүйрек (алиментшіл) әкелер қаптап кеткені туралы хабар беріліп жатты. Жылқышы адамдардан түңілді. Жылқыдан емес. Ол – Сержан Жүнісбекұлы еді.

* * *

Совет Одағы кезінде Теңіз ауданы болған. Қазір жоқ. Целиноград облысынан Қарағандыға қараған. Көмір үшін. Өмір үшін емес. Тоғыз мың халқы бар. 12 мың қылқұйрық өсіріп отырғанын аупартком алдымызға қағаз жүзінде жайып бергенмен, жайылып жүрген Қамбар ата тұқымының санын өздері де білмейді екен. Иен дала. Бір жағы Ұлытаумен, бір жағы Торғаймен ұласатын ұлан дала. Киік көшкенін сонда көрдім. Тауда өскен бізге – таңсық. Сағым ба, өзен бе, әйтеуір кеңістіктің бір пұшпағы алдымнан ағып бара жатқандай. Жанарыңмен жұтып алмасаң да, санаңда мәңгі қалады екен. Бұл – жаздағы көрініс.

Қыраулы қыс. Іссапарға жіберді редакция сол ауданға. Ол тұста Теңіз ауданының наны өсіп, тасы өрге домалап тұрған. АН-2, АН-24 ұшақтары екі жолаушы болса да, баратын сол ауданға. АН-2 ұшағының бортында жалғызбын. Ұшқыштар жылы киінген. Біздікі – белгілі. Аудан орталығы – Баршынға қонғанда, әйтеуір үсіп түспедім, үрпиіп түстім. «Бастан құлақ садаға» деген қазақпыз ғой. Денсаулықтың бірталайы кетті-ау сол кезде деп қазір ойлайсың. Жас кезде қай шаруаның парқын біліпсің. Мәселе онда емес, сол жолы «Сарыөзен» совхозының жылқышысымен қысқа қайырым ғана шүйіркелесіп қалған едім. Айтқанын – аңшылардың аңызына, жылқышының серілігіне, болмаса перілігіне, әрі кетсе, облыстан келген журналисті таңқалдыруына балап, қаламға іліктірмесем де, ойымнан шығармай жүр едім. Енді жылқышының сол әңгімесін ортаға салуға болады.

«Ту» деген түкірігің жерге түскенше түймедей қататын үскірік аяз. Жылқыны араладық. Ит-құстан аман ба, ығып кетпеді ме деген, жылқышының уайымы ғой біздікі. Жылқыны үйірімен түгендейтін қазақпыз. Арқыраған айғыры бар үйірден ешуақытта шығын болмайды. Ол үйірге қасқыр да батып шаба алмайды. Көп жылқының ішіндегі аты шулы, есік пен төрдей қасқа қарагер айғыр жоқ. Бірақ, үйірі шеңбер жасап, шоқтай иіріліп тұр. Кілең мама биелер құйрықтарымен қоршау жасап алған. Булары аспанға атады. Баспалап қарадық. Ойымыз ортада – жабағы, тай ғой. Жоқ. Қарагер қасқа айғыр жусап тұр. Сөйтсек, бүкіл үйір бір қасқа айғырды үскіріп тұрған аяздан сақтап тұр екен, – деген еді жылқышы көзбен көргенімен бөлісіп.

Бұл – блокнотта (ол кезде диктофон жоқ) жазылмағанымен, бірақ санаға зіл батпан салмақ салған сурет еді. Сыртқа шығаруға тағы да жылқы себеп болды.

* * *

Таң алагеуім. Жылқы көршінің мәйегіне түсіп кеткен. Арты – бәле. Сотқа береді, айып төлейсің. Нарық заманы келген тұс. Жайып жіберіп жүрген өзі. Иесі еңбегі сіңбеген жерді алған. Содан аямаған. Оны жылқы біле ме? Тас кенеше жабысып, тақырлап жатыр. Сержан қатты жөтелді. Бүкіл жылқы дүрк көтеріліп, өзі жайлауына тартты. Жылқышының бір жөткірінгеніне қайырылған жануарлар қандай, ә?!. Құрықпен қиқулап жүргенде қайыру бермейтін жылқы Сержанның бір ымына бас иді.

Қарағандының маңындағы бір шаруашылықтың жылқысын бағып жүрген Сержан ол кезде. Алдынан мал алдырып, артынан сөз ертпеген еді. Иелері бас басына би болып, өз малдарын өздері ұрлай бастады. Жоқ болған жылқыларды жылқышыға жапты. Әлде бір шаруамен бір күні жылқыда болмаған. Көмекшісі есін білмейді. Мас. Жонынан жарылатындай он екі бие тай, жабағысымен ізімғайым жоқ. Қарагер айғыр ғана қалған. Соғымға айғыр сойылмайтыны белгілі. Ғұмыры ертоқым түгілі, жүген-құрық көрмеген айғырды ұстады Сержан. Жануар жылқышыға анығында өзі келген еді. Жанары ұшқын атып, жер тарпиды. Сержан ұрылардың ізіне түсті. Тізгінді бос жіберді. Қарагер айғыр сары желіп отырып, Қарағандыдан бір-ақ шықты. Биік дуалдың алдына келіп айғыр арқырап тұрып кісінегенде, қамауда тұрған үйірі ұлардай шулап, шұрқырағанда төбе құйқасы шымырлады. Мал табылғанмен, жылқышы адалдығын дәлелдегенмен, Қарагер айғырдың үйірі бәрібір соғымға сойылып кетті.

Сержан ертоқым мен жүгенін алып, айғырдың кекілінен сипап, жөніне жі­берді. Жануар үйірін, тай, жабағысын, құлынын іздеп биік дуалға қарай тартты. Жылқышы айғырдың соғымға емес, колбаса болу үшін басын өлімге тігіп бара жатқанын білді. Іші қан жылады. Басқа не қайраны бар. Осы тұста Алаштың ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлының атақты «Арғымақтар» өлеңінен үзінді келтірмесем, сөз атасы өледі.

Сол уақыт өтті…
Жылқы еті – үстелімізде,
Вагон-ресторандарда ішкенімізде,
Самолет қана көреміз
түстерімізде!
Ертоқымдардың шаң басқан, бірақ,
өрнегін,
Ипподромдарға қамалған
Құлагерлерім –
Жылап тұр!

* * *

Нұрадағы өз ауылында ат жалында жылқы бағып жүр Сержан күні бүгінге дейін. Қазақты Қамбар ата киесі атып кетпесін деп. Өйткені, ол жылқысыз ғұмыр кеше алмайды.

«Орталық Қазақстан» газетінен

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.