Жұмабай ҚОЖАҚЫНҰЛЫ. Ұры айғыр

11526

Өзінің Тарпаңторысына мінген Өтеген ауылдан ерте шығып, Кептершінің сайын өрлей-өрлей, қарағайлы биік тау етегіндегі үстірт – Көкжазық шабысының астыңғы жағындағы аш кезеңнің үстіне көтерілгенде, шөбі алсындап қайта жетіліп кеткен алдындағы жалпақ ояңда қара-құра болып бір үйір жылқы жатқанын көрді. Бір қарап-ақ, «мынау көршілес «Октябрьдің» малы ғой» деді ол. О жағы мен бұ жағы бір шақырмдай болатын бұл ойпаңды ортадан қақ жарып өтетін жалғыз аяқ жолдың арғы беткейіне қарай тырмыса түсіп жайылып жатқан он шақты жылқының әрқайсысын жіті қарап өтіп, оттамай, өзінше елегізіп тұрған жирен байталға бір сәт көз тоқтатып қалды. «Мынау қос құлағын тікірейтіп, арғы шеттегі жирен айғырдан көз айырмай тұр ғой» дегенше, әлгі байтал айғырға бет алып жүріп еді, анау «Кет, кет! Менен аулақ жүр!» дегендей құлағын артқа жымқырып, көзін алайта кеп қарады. Бірақ онысынан ыға қоймаған сүйріктей жирен байтал оған іркіліссіз жақындап бара беріп еді, ана «дөрекі» айғыр басын жерге тұқырта еңкейтіп алып, бұған қарай тұра кеп ұмтылды. Алдыңғы жолғыдай тағы да қос аяқтап тебе ме деп жасқанған жирен байтал жалт бұрыла берем дегенше Кер айғыр сарт еткізіп салып кеп жіберді. Айғырдың тісі тәніне қатты батып кетсе керек, байтал шыбжың етіп шетке қарай безіп шықты да, ізінше тоқтап, «неге осынша қуа бересің» дегендей артына мүсәпірсіген кейіппен мойын бұрып қарады.
«Қап! Мына байғұстың күйі келіп жүр екен-ау, ә. Бағы байланған бұл бейшара ана жирен айғырдың өз кіндігінен шыққан тұқым болды ғой, шамасы. Жылқы дегенің осындай есті де текті мал болады – өз енесіне және өз кіндігінен тараған ұрғашы жылқыға шаппайды. «Октябрьдің» жылқышысы Үсен де болмағандау адам. Жылқышы деген аты бар демесең, анда-мұнда салақтап, ел қыдырумен есі кетіп жүргені. Көрмейсің бе, мына жануарға дер кезінде басқа айғыр салмай обалына қалғанын» деп ойлаған сәтте ол өзі осы топ жылқының тұспа-тұсына келіп те қалған еді.
Қоңыр күзге дейін әбден қоңданып жетілген тығыршықтай жирен байтал Өтегеннің мал атаулыны қалт жібермейтін ашқарақ көзін сүріндіріп әкетіп барады. Көзін ғана арбап алып қоймай, ішіне де құрт болып түскен тәрізді. «Таптым, таптым!» — деді ол өзіне-өзі риза боп кетіп. – Жіңішкедегі жылқыға тез жетіп, Кер айғырды алып келейін. Сонан кейінгісін тағы да көре жатармын», — деді іштей күбірлеп.
Өтеген өзгені білмесе де, жылқы малының қыр-сырын бір кісідей-ақ білетін. Ол «Қызылту» колхозының жылқысын өз мойнына алып бағып келе жатқалы биыл, міне, он алтыншы жыл. Оны тіпті ес білгеннен бері жылқышы деуге де болады. Өйткені, Өтеген шыр етіп дүниеге келгенде әкесі осы колхоздың жылқысын бағатын. Содан қашан зейнетке шығып кеткенше, яғни осы тұла бойы тұңғышын ат мінуге жараған бес жасынан бастап жиырма жасқа дейінгі аралықта жылқышылық кәсіпке әбден-ақ баулып қойған. Өтеген қазірге дейін өзінің жеке басы үшін бұдан өткен жұмыс түрі бар деп әсте ойлап көрген емес. Бір күн жылқының шұрқыраған шуын естімесе, құлағының құрышы қанбайды. Ал енді бір күн жылқы етін жемесе, қарны аш қасқырдай ұлып шыға келетін әдеті тағы бар. Сондығынан да шығар, Өтеген кеше ғана жатқанның жанын кесіп әкететін баукеспе ұры болатын. Оны «Қызылту» колхозы ғана емес, көршілес «Октябрь», «Свердлов» колхоздары, тіпті бүкіл аудан көлеміндегілердің біразы білетін. Қанша әккі ұры болса да, үнемі құтылып кете беру қайда, кейде тұтылып қалып та жүретін. Ондайда өзі топты жылқының төлеуіне қалып, кәрі әкесінің әжімді бетін қызартып, өзге жұрттың батырып айтқан сөзі ағайын туыстарының сүйегіне таңба түсіріп жататын. Жанашыр жақындары: «Өтеген-ау, естіген елден ұят екен, осы ұрлығыңды қойшы», — десе, бұл кеңк-кеңк күліп, былай деп жауап беретін: «Баяғыда бір ұры болыпты. Ол да басқа емес, тура мен сияқты мал ұрлайды екен. Оның да осы сіздер сияқты жамағайындары «ұрлықты қойсаңшы» десе, анау «егер ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр ем» дейтін көрінеді. Қандай дәл тауып айтылған сөз! Сіздер де қызықсыздар! Мен қалай одан басқаша болмақпын?!» — деп, ағайындарынан қымсынып қоюды да білмейтін.
Әкенің аты әке емес пе, баласының «Өтеген ұры» атануы сексенге таяп қалған кейуананың арқасына аяздай батып жүретін. Бір күні қатты сырқаттанып қалып, осыдан беті бері қарай қоймасына көзі жеткен ол жылқыдағы ұлын шақыртып алып: «Балам, мен енді Алланың аманатын тартатын көрінем. Әкем көрінде тыныш жатсын десең, ұрлықты қоям деп уәде бер. Қане, дәл қазір айт! Жауабыңды ұзақ күте алмаймын. Жан алғышым, әне, босағаға келіп тұр», — деп өзі сұрланып кетіпті. Әкесі тап қазір өле салады деп ойламаған Өтеген кәдімгідей шошып кетіп: «Әкетай-ай, олай деп айта көрмеші! Қойдым! Қойдым ұрлықты. Қазір өлмеші!» — деп жылап жіберіпті.
Баласынан оңды жауап естіп, жаны жай тапқандай болған қарт сүт пісірімдей уақыт жүзі балбырап үнсіз жатыпты да, сонан соң еш жаны қиналмастан жалған дүниеден шынайы өмір өлкесіне сапар шегіп жүре беріпті.
Одан бері де екі жыл өткен. Өтеген сол айтқанында тұрып ұрлықты қойған. Бірақ оған былайғы жұрт, неге екенін кім білсін, сенбей-ақ қойды. «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, тышқақ лақтары жоғалса да, осы алды деп шыға келеді. Бұл да «алмадым» деп түзу жауап бере салмай, «артына із қалдырмау үшін қанын шығармай, терісімен қоса жұта салдым. Міне, ішімде жатыр», — деп бұлтиған қозы қарнын сыртынан сипап-сипап қоятын болған.
Жаңағы жұнттай жирен байталға басқа айғыр салу керек дегендегі тапқан ақылы – өз жылқысындағы Кер айғырды алып келу еді. Оны сол күні-ақ әкелді.
Алыстан бас бағып қарап алып, жылқы маңынан ешкімнің қарасы көрінбеген соң, жайылып жатқан айғыр үйірін жанап өте берді де, Кер айғырдың жүгенін сыпырып алып, бос жібере салды. Өзі іркіліссіз ары өтіп кетіп, шабыстың батыс жақ шетіндегі тұмсық тасты айнала беріп, кері қайырылып тоқтады. Осы көзден таса жерден Кер айғырдың ниет-құлқы мен іс-әрекетін анықтап алмақ болып, жылқылар жаққа алыстан көз тастап тұрды.
Айғыры жирен байталмен әп-сәтте-ақ табысып үлгірген сияқты. Жылқы ішіндегі жирен айғыр ол екеуіне анадайдан мойын созып қарап қойғаны болмаса, «мынау еркек кіндік баса-көктеп қайдан жүр?» деп «жөн-жосық та сұрамай», өз жайымен оттап тұра берді.
Кер айғыр ішін тарта керіліп тұра қалып еді, бұл жайдан білген-түйгені жоқ жирен байтал әлденеге ынтыққан көзжұмбайлықпен оған сүйкене барып алдына көлденеңдей тұрып қалды. Мұндай байталдың талайын көріп, әбден ысылып алған кексе айғыр байталды кеудесімен итеріп қалып, таңын өзіне қарай бұрып ала қойды. Сөйтті де, арбаң етіп үстіне артыла кетіп, байталдың екі-үш күннен бері есі кете аңсап жүрген тән құмарын тарқатпаққа екілене кірісіп кетті. Айғыр деген еркек иісті жылқы дәл осындай адуынды да арынды болады деп «ойламаған» жирен байтал сауырын басқан зілдей салмақты еркін көтеріп тұра алмай, тәлтіректеп кеткен төрт аяғын зорға жинап алды. Дәл осы бір сәтте үстіндегі айғыр оның балғын денесін дал-дұлын шығарып жыртып-жыртып жібергендей ауырсынып та кетті. Дегенмен, өзі қалап алдына барған соң, амалы қанша, не де болса шыдап бағуға тәуекел етіп тұр. О, ғажап! Кер айғырдың ендігі бір серпілісінде оның осып-осып жіберген сояудай тырнағы өзінің қышыған жеріне дөп тие кетіп, бүкіл тұла бойы сүйсіне балқып, еріп, езіліп бара жатқандай болды. белін үзе жаздаған алғашқы алапат ауырлық әп-сәтте жеңілдеп кеткендей, жер басып тұрған қара тұяғына дейін күйіп-жанып, өмірі бастан кешпеген өзгеше бір тән рахатына кенеле кетті. Мұндай қайратты да қайырымды еркек жылқыны ерекше ұнатып қалғаны сонша, ол енді қайда жүр десе де, «айтқанын» екі етпей, соңынан ілесе бермекке іштей әзір болып та қойды.
Табиғи тән қалауын орындап болып, созалаңдай барып жерге түскен Кер айғыр бір уаққа дейін сүлейсоқ қалыпта меңірейіп тұра берді. «Ғайыптан келе қалған жарылқаушым, менің құмарымды қандырам деп шаршап қалған жоқсың ба? Неге денеме денеңді тигізіп жақын тұрмайсың? Жарайды, өз қалауың білсін. Өйтпесең өйтпей-ақ қойшы. Тек анау тұрған қайырымы жоқ, қатыгез жирен айғырдай бола көрмесең екен. Мені қайда бастасаң да ерік өзіңде. Басқан ізіңнен қалмай ере беруге бармын. Тек осы арадан – соңғы кезде бәрі де томаға-тұйық әрі мейірімсіз болып кеткен мына менің туыстарымнан аулақ кетейікші» дегендей сүйкене барып қасына қатарласып тұрды. Айғыр басын көтеріп қалып «ендеше ілес соңыма» дегендей байталды мойын тұсынан тұмсығымен түртіп-түртіп жіберді де, өзінің келген жағына қарай бұрылып жүре берді. Екеуінің «ойлары» бір жерден шығып, олар жирен айғырдың үйірінен біртін-біртін алыстап бара жатты.
Ойына неше түрлі нәрсе келіп-кетіп тұрған Өтеген Кер айғыр мен Жирен байталды алыстан болжалдай жүріп отырып, осы Кепебұлақ сайынан Жіңішкеге асып түскен соң, екеуін өз малындай-ақ алдына салып айдап кете берді. Бірақ оларды колхоздың жылқысына апарып қосқысы келмеді. «Бұлардың «бал айын» өткізуге Алаңбай асуының бергі астындағы оңға қарай елеусіз ғана бұрылып кететін тар қыспақ – Шетенді сайдан өткен жайлы мекен жоқ деп есептеді. «Ит құстан аман болса, ол қыспақ сайға анау-мынау адамың ат ізін де сала алмайды. Үсен мықты болса Жирен байталын енді тауып ала қойсын. Сонда бұл не? Ұрлық па? Қайдам?… Жоқ! Қайдағы ұрлық?! Оны Кер айғыр ұрлап келмесе, өз басым ондайдан аулақпын. Бұрын ұрласақ ұрлаған шығармыз. Ол кәсіпті қойып кеткелі қашан! Кер айғыр ұрлады дегенге кім сенеді? Оны айтқан адам оттапты! Аузына келгенін тантымай жайына жүрсін!…» деп, мәселені ат үстінде келе жатып ойша жайғап тастаған Өтеген айғыр мен байталды сол бетінде-ақ Шетенді сайға айдап тастап қайтты.

***

Бірер күн өткенде Жіңішке сайындағы бұлақ бойында, қалың қарағайдың етегінде, қоңырайып көрінетін жылқышы Өтегеннің жайдақ қосына кешкі апақ-сапақта бір атты кісі келіп түсті. «Бұл қайсысы?» деп іштен шыққан үй иесі әлгімен құрақ көрісіп, төс қағысып амандасты. Екеуі қатарласа жүріп атты байласымен қауқылдаса сөйлесіп қосқа кіріп кетті. Содан түн ортасы болғанша сөздері түгеспей, күбір-күбір әңгімелері бір басылмады.
— Жаңа өзіңе шет жағасын айттым ғой, — деп қалды бір кезде Өтегеннің өзі құралпас қонағы. – Түнгі бір-екі шамасында алдыма түскен топты жылқының дүркірете қуып, Шәлкөдедегі менің үнемі күздеп-көктеп жүретін баяғы өзің көрген үлкен базға күн шыға айдап жетсем, киіз үйдің алдында бір топ адам самаладай боп иіріліп тұр. Ішім қылп ете түсіп, тұла бойым мұздап сала берді. Түнерген түрлеріне бір қарап-ақ бұлар мына алдымдағы малдың иесі екенін жүрегім сезе қойды. Өзің білесің, қазіргі кез – адамдар тілге келіп жай білісіп жатпастан, бірден күш жұмсауға кеткен заман ғой. Қолдарына түссем, мына пәлелер тірідей жейтініне дау жоқ. Сондықтан бұлардың құрығына ілінбей тұрып жалт беріп тау қойнына сүңгіп кеп кетсем деп бір оқталдым да, үрпиіп-үрпиіп есіктің көзінде тұрған бала-шағамның алдында тұра қашқанды ар көріп, үн-түнсіз аттан түстім. Кесем десеңдер бас міне деп жай басып алдарына келдім.
— Құрыған жерім осы болды десеңші.
— Е, жасырып-жауып қайтейін. Шыны керек, өзім де солай ойлағам. Қайта әлгілер құдайына қараған момын жандар екен, еңіреген әйел-балаларымның көз жасына қарады ма, «Бір жолға жаныңды қидық» деп, бір шапалақ ұрмастан тұрған жеріме сүмірейтіп тастап кетті. Тек мал иелерінің мықтап қойған бір талабы – күн батқанша жылқымыздың бір тал қылына қылау түсірмей біздің ауылға қайтадан айдап әкеп бересің дегенді айтты да, машиналарына отырып, қонақтан қайтқандай арқа-жарқа боп кете барды.
«Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, бұл дүниеде көпке танымал ұры болғаның да жаман екен. Топ жылқыны «Крупскаяның» батыс жақ сыртындағы тауды бөктерлете қуып отырып, Нарынқолдың үлкен жолын қиып өте шыққанымда, бір жеңіл машина сонадайдан ағызып келе жатқанын көргем. «Мен ұрлық қылған түні ай жарық болдының» керін келтіріп, Сарыжаздағы бір тойдан түнделетіп қайтқан әлгі машинаның жүргізушісі мені де, менің алдымдағы топ жылқының ішіндегі өзінің құла биесін де жазбай таныпты. Ұры сезіктеніп қалмасын деген оймен қасақана тоқтамай өтіп кетіп, ауылынан екі машинамен бес-алты жігіт алып шыққан ғой, әлгі су жүрек неме. Сөйтіп олар қос «Жигулимен» біздің «Кировқа» менен бұрын жетіп, сорым қайнағанда құрулы торға өзім келіп түспедім бе мен бейбақ!
— Әй, бірінен кейін бірін саулатып, тіпті мені шатастырып жібердің ғой. Тоқтап, мынаны айтшы. Сен ана «Лениннің» бір топ жылқысын төлейтін болдым демедің бе жаңа бір сөзіңде. Ол неғылған жылқы?
— Ой, сен де ұрлықты қойдым деп ымға да, дымға да түсінбейтін болғансың-ау, шамасы. Саған мен ымдап емес, тіл-жағымды безеп тұрып айтып отырмын ғой манадан бері. «Лениннің» бір топ жылқысы деп отырғаным – «Крупскаяның» жылқысын аман-есен өз қолына тапсырып, кері қайтқандағы жаралы қасқырдың, яғни мына Жантай досыңның амалсыздан жасаған көзжұмбайлық әрекеті болатын. Бұл жорық қай жетіскен тәуекел ғой дейсің. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, өзінің ақыры да жақсы болмады. Алдында – «Крупскаяның» маған бұйырмаған малын айдап үйден шыққанымда әйеліме: «Аналар еліп қалса, машиналарын қалқаға қойып, мені күтсін» деп кеткем.
— «Аналарың» кім тағы?
— Ойбай-ау, бағанадан бері ұйықтап отырғаннан саумысың? Өзің талай рет мал шығарып беріп, жемтікті бірге жеген Алматыдағы Көкжал ше?! Оны да ұмытып қалғанбысың?!. Бала емессің, шаға емессің. Сен былай дұрыстап тыңдасаңшы әңгімені, ақша да керек, әрине. Күз болса келіп қалды. Балалардың біреуін Алматыға, екеуін мектеп-интернатқа жіберу керек дегендей. Шалқадан түсіп жатқанда аузыңа ақша өзі кеп түсер дейсің бе?! Әрекетке көшіп, Көкжалға звондағам. «Мал болады. Сәрсенбінің сәтінен қалмай жет!» дегем өз дітіме сеніп. Сөйтсем, сәрсенбі басқаның сәтін салса да, ұрлықты ұнатпайтын болуы керек, сол сәрсенбіге қараған түні келген малымды мына өзіме қайта айдатып барғызды емес пе?! Қаншама ұрлық жасап жүріп осы жолғыдай қорланбаған шығармын. Тура сол күні ғой, сол күні бір емес, қатарынан екі рет күйдім.
— Қалай екі рет күйіп жүрсің? «Крупскаяның» жылқысын қайтарып беріп күйгеніңді білдік. Одан кейінгісі – Көкжалды құры қол қайтарып сорлағаның ғой, сірә.
— Ойбай! Құры қол қайтарды дегенді атама! Ол дегенің ұрылардың жазылмаған заңында жоқ масқара ғой. Шын атының кім екенін бір құдай білсін, клишкасының өзін көрмейсің бе?! Көкжал! Нағыз қанды ауыздың өзі. Оған бір нәрсе деп уәде берді екенсің, кеудеңде жаның тұрғанда орндауың керек. Әйтпесе қырына іліндім дей бер. Сенімінен бір шықсаң, келтектей басыңды кеңірдегіңмен қоса жұлып алады. Содан ғой, «Крупскаядан» кері қайтқан жолда жаралы қасқырдай алас ұрып, «Ленинге» қарай жортып кеп кеткенім. Бұл жорығым басында оңынан келіп, Көкжалды да риза қылып жөнелтіп едім. Амал қанша, айттым ғой жаңа арты жақсы болмады деп. Мен байғұс ақыр-соңында жаптым жала, жақтым күйеге қалдым.
— Алғаның рас болса, өзіңе қойылған кінәні қалай жала демексің?!
— Ой, сары ауыз балапаным-ай! Бір кезде сені де ұры болды дейді-ау жұрт. Қылмыс үстінде ұсталмаған ұры ұры ма? Ұры емес! Тек мына соңғы ұрланған малдың иесі арты диірмен тартқан, нағыз зіл-батпан дөкей боп шықты емес пе. Әлгі қуып кеткенім тұп-тура «Ленин» колхозы бастығының жеке меншік жылқысы екен.
— Сонымен, «Тоқпағы келіссе, киіз қазық жерге кіреді» деп, бастық бастықтығын жасап күшпен мойындатты ма?
— Жоқ, ә! Мүлде олай емес. О шіркіннің айқайлап аттандамай-ақ, шаптығып шабаланбай-ақ, жалғыз өзі келді де, майдалап айтып отырып жіпсіз байлап кетті ғой мен бейбақты.
— Сонда қалай, алдым дей салдың ба?
— Қайдағы алған?! Алдым деген ұры ұры ма, тәйірі. Жаңа ғана айттым ғой саған, «көпке танымал ұры болғанын да жаман екен» деп. Үйде түскі шайымды ішіп отырсам, есік алдына гүр етіп жеңіл машина келіп тоқтағандай болды. Соның артынша «Ассалаумағалейкум?!» деп қара тон киген шалдау кісі кіріп келе жатты. «Әликімсалам» дейін десем, сәлем берушім өзімнен әлдеқайда үлкен адам болып тұр. «Жоғары шығыңыз», — деп орныннан тұра бердім. Сәлемші төрге барып отырды. Бала-шаға, мал-басымыздың амандығын сұрап жатыр. Осы кезде ғана тани кеттім – «Ленин» колхозының бастығы.
— Әкең – Күмісбек қарияны жақсы білемін, — деп бастады ол сөзін. – Соғыс кезінде мен қатарлылар кішкентай бала едік. Әкең өте мейірімді кісі еді. Жақсылығын көргенбіз. Есіңде де болар. Ана жылы о кісі дүние салғанда, елден естіп болса да келіп топырақ салысқанмын. Жарықтықтың жатқан жері жайлы болсын. Артындағы өздерің аман болыңдар. Бір шаруамен жоғары өтіп бара жатыр едім, өзіңді осы базда отыр дегенді естіп, жағдайларыңды біле кетейінші деп бұрылдым. Балалар осы екі кішкендай ғана ма? – деп жымиды.
Мен де күлген болып:
— Аға, шай ішіп отырыңыз… Балалар бар ғой. Құдайдың берген бес-алтауы бар. Алды Алматыда оқуда. Одан кейінгілері ауылдағы мектепте оқиды.
-Жөн-жөн. Бұларың дұрыс екен. Қайда болса аман-есен, абыройлы болсын, -деп, бір-екі шыны шай ішіп қана орнынан тұрды.
Машинасын есіктің көзінен әрегірекке қойған екен. Шығарып салып тұрғанымда:
— Қарағым, Жантай, шынымды айтсам, мал іздеп жүрген жайым бар. Жаңа үйде келіннің көзінше еш нәрсе дей алмадым. Мен бәрін сұрастырып, зерттеп біліп, індетіп келіп отырмын. Саған сес көрсетем, күш қолданам десем, бүйтіп жалғыз келмес едім. Танымайтын адам емессің. Сен алғанда, мал менікі екенін білген де жоқсың, әрине. Сені сотқа беріп, түрмеге қаматайын деген де ниетім жоқ. Жаңа келінді, балаларыңды көрдім. Менікі он төрт тұяқ жылқы: төрт құлынды бие, бір ту бие, екі байтал, екі тай, бір айғыр. Олардың Алматыға қандай жолмен кеткені де маған аян болып отыр. Енді осы малдың басын түгендеп берсең, айтқаным айтқан, екеуіміз тып-тыныш ел қалпымызда қала береміз. Бұрын қылмысты адам өзі сотталса да, бала-шағасына көп қауіп бола қоймаушы еді. Қазіргі қайта құру заманында ұры-қарылар да қайта құрылып алған ба, сыбайласына кегі кетсе, оның өзін ғана жазалап қоймай, жақын-жуықтарына да шүйілетін болыпты дегенді ести бастадық. Сен егер тергеуге түсіп, қала жақтағы үлкен ұрыларды көрсетіп қойып жүрсең, олар сенің бала-шағаңа зиян жасап қоюы да ғажап емес сияқты. Бала емессің ғой, ол жағын өзің де біліп тұрған боларсың. Жарайды, мен жүрейін. Хабар өзіңнен болсын, — деп, ол да ұрмай-соқпай мақтамен бауыздағандай етіп кетті.
Ұзын сөздің қысқасы, ол кісінің мал іздей келгенін әйелім о баста-ақ сезген екен. Екі-үш күндей бас қатырып жүріп, ақыры ерлі-зайыпты екеуіміз өзара ақылдаса келіп, «Ленин» колхозының бастығымен теке-тіреске бармай, жылқысының тұяғын түгендеп беретін болып шештік. Бүйткен тегін олжасы бар болсын, осы құрғырды қоям-ау деймін…
— Ойпырай, ә!..
— Таңданып отырсың ғой, шамасы. Таңданатын да жөнің бар. Ұрлықты шынымен-ақ қойып кетем бе деп өзім де кейде ойланып қалам.
— Әй, Жантай, таң атуға таяп қалыпты, жатып, бір-екі сағат мызғып алайық, ертең тағы жол жүресің дегендей.
— Е-е, құрдас, оның да дұрыс шығар…

***

Жантай Өтегеннен арнайы бұйымтай сұрамаса да, ол оның не тілеп келгенін ауыз қалпетінен-ақ біліп болды. Баяғыда өстіп басы шатылып қалғанда, өзі де барған. Бір ауыз сөзін жерге тастамай, өзінікі ме, әлде біреуден жымқырып берді ме, әйтеуір бір ту биені ләм демей жетектетіп жіберген. «Ине өткен жерден жіп өтеді», «кемедегінің жаны бір» демекші, ұрлықты қойған екем деп ескі «достан» бұлтаң етіп бірден теріс айналып кетсем, оным сатқындық болмай ма. «Жирен байтал да бір кәдеме жарап қалатын болды» деп ойлаған ол қонағын ертесі Шетенді сайға қарай бастап жүрген.
Бір сайдан екі-ақ жылқы – Кер айғыр мен Жирен байталды ғана көрген Жантай: «Сен ұрлықты қойдым дегенше, оның түрін өзгерттім демейсің бе», — деп кеңк-кеңк күліп алды. Ал Өтеген болса, бұлар өзге жылқының кедергісінсіз бал айын өткізіп жүргенін айтып, әңгімені күлкіге шаптырып құтылғансыған.
— Ей, Өтеген, мынауың маған бір тың ой салып тұр. Мен айғырыңды қоса алып кетейін де, алдына бір үйір жылқы салып берейін. Өздігінен қайырып әкете қоймаса, тобымен айдап асудан бері қарай асырып жіберемін. Сонан соң олжаны тең бөліп аламыз. Табылған ақыл емес пе, ә?!
— Көрейік, — деді көзіне кілең қылшығы үлпілдеген семіз жылқылар елестеп кеткен Өтеген. Ол қапелімде ұрлықты қойып кеткенін де естен шығарып алған тәрізді.

***

Тіс қаққан екі ұрының жорамал-жоспары ойдағыдай іске асты. Кер айғырды елдің, тіпті әйелінің де көзі түспейтін жерге жасырып ұстаған Жантай орайы келген бір кеште он, Кер айғырмен он бір тұяқ жылқыны Шәлкөде жайлауын өрлете айдап, Алтынкен жазығына жеткенде терістікке қарай кілт бұрып, үстін әжептеуір қар алып қалған Кетпен асуын асырып жіберіп, кері қайтты.
Ертесі таңертең ел көзіне еркіндей түсіп, үлкен баласы екеуі екі қап картопты автобустың багажына салып, «баламды куәртирге орналастырып келем» деп Алматыға кетті. Сол кеткеннен қалада Көкжалмен кездесіп, оны Өтегенге бастап барды.
Кер айғырдың Нарынқол жағынан «айдап барған» үйірін машинаға тиеп беріп жатып Өтегенге:
— Айғырыңды мініп, асудан тура асып кетейін. Амандық болса, кешіктірмей келесі партияны жіберем! – деді Жантай өзеурей түсіп.
— Жоқ! Ол болмайды. Соңғы жауған қар асуды тас бекітіп қалды. Енді тау арқылы жылқы асыру – оны ажалынан бұрын қырып алу деген сөз. Биылша сабыр сақтайық. Амандық болса келесі жылы Кер айғырдың ұрлығын қайта жалғастырып беріп, өзіміз подпольеге кетпейміз бе?…
— А, солай ма?! Подполье дейсің, ә. Әй, сенің де таппайтының жоқ, ей. Бірақ қайдам. Сен екеуіміз тұмсығымыз тасқа тигенше ұрлықты қоя алар ма екенбіз?!… Ха-ха-ха! Жарайды. Мен онда мыналардың машинасымен Көкпекке дейін жетіп қалайын.
— Жортқанда жолың болсын, Жантай құрдас!..

***

Арада екі жылға жуық уақыт өткен. Ауыл ішін адам түсініп болмайтын берекесіздік жайлады. Басшылардың көбі бұрынғы Одақтан қалған «тегін» мал-мүлікті молынан иеленіп, артығымен асап қалуға кірісіп кетті. Мұндай асты-үстіне апалаң-топалаңнан Өтеген де тыс қалған жоқ, әрине. Он сегіз жыл бойы бір өзгермей колхоздың жылқысын баққан Өтегенді он тоғызыншы жыл дегенде ұжымшардың жаңа бастығы оп-оңай-ақ жұмыстан босатып тастады. Жылқының өзі де жырым-жырым болды. Бастықтар көбіректен, былайғылар азырақтан дегендей бір-ақ күнде ту-талақайын шығарып таратып әкуетті. Ел қатарлы бір жылқы тиесілі болған Өтекең құрсағы құры жатпайтын биелердің біріне құрық тастаудың орнына Кер айғырдың шаужайына жармасып алып, оған ешкімді де маңайлатпай қойды.
Өтегеннің де өз есебі өзінде болатын. Оның көздегені Кер айғырдың күші емес, тындыратын ісі еді. Айғыры өзіне пайданы еселеп қайтаратын елеусіз ұры болғандықтан да, оған аш кенеше жабысқан.
Бүгінде Өтегеннің «ұры» деген аты ұмыт болып бара жатқанмен, кемеліне келген нағыз ұры Кер айғыр екенін оның өзінен басқа көп ешкім біле бермейтін. Жылқышының жылқыдан шығып қалғалы бергі істейтін кәсібі – түн жамылып Кер айғырды жиырма – отыз шақырымдай жердегі басқа ауылдың өрісінде жайылып жатқан азды-көпті жылқының маңайына апарып тастап, кері қайту. Қайтып үйіне келген соң, ниеті жаман адамның тілеуі белгілі ғой, «Я, құдай, бере гөр» деп қара пышағын ертеден кешке дейін қайрайды да отырады…
Осы уақытқа дейін өзі де, айғыр да есептен жаңылып көрген жоқ. «Бұйыртса, бір күн өтіп, екінші күні келіп қалар» десе, сол уақытында Кер айғыр алдына түскенін шырқ иіріп айдап жетеді. Осыдан кейін Өтекең басқалардың түсіне кіретін жылқы етін жегенінше жеп бағады. Аузынан артылғанын арзанға беріп ақша да жасап қояды.
Өмір ұсынған жаңа күнкөріс тәсілдерін бұл да бір кісідей-ақ меңгеріп алған. Өзі шылқа май жеп отырса да, ауылдастарына сіңір де таттырмайды. Оның тойған мысықтай көзін жұмып үйінен аттап шықпайтынын ел де «біледі». Олардың айтатындары – «Өтекең ұрлықты қойған. Жұрт мұсылмандыққа ден қоя бастағалы бері ол да қолына тасбиқ ұстап, құлқуалланы іліп-шалып үш қайтаратын болып жүр» деседі. Алайда оның бұл діндарлығы – ел сенімінде жүрейін деген амалы ғана. Әйтпесе, өтпелі кезеңдегі Өтегеннің аңдып-баққаны ел байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында етіп жатқан мына аласапыран заманда одан өз шамасынша асап қалу.
Ол ұрлық жылқысын көзге түсірмей сатып өткізетін базар іздеп те әуре болмайды. Алушылар мұны өздері іздеп келеді. Баяғы Көкжал содан қайтып ат ізін салмай кеткенімен, бүгінгі жаңа дәуірдің «көкжалдары» бұрынғыны кісі орнына оқынбайды десе де болады. Қазіргілер – бақайшығына дейін қаруланған нағыз жендеттердің өзі. Бұлардікі ұрлық екенін де, қарақшылық екенін де біліп болмайсың. Жүзін тасалап түнделетіп жүруді де қойған. Ұсталып қаламыз-ау деп ешкімнен ығып та қоймайды. Өздері кілең «Рекет руынан шыққан сойқандар» деседі айтуышлар. Жеме-жемге келгенде берсең қолыңнан алам, бермесең, күтіп тұрып жолыңнан алам деп, мылтығын кезеп тұра қалғанда «қалағаныңның бәрін ал» деп, өзіңді атып кетпегеніне мың мәрте шүкірлік етесің.
Өтеген қарулы сойқандармен қапелімде жалғасып қалды да, қайтар жолы жоқ қалың дүрмекке қайдан шықсаң сонан шық деп қосылды да кетті. Тек жасы егде тартып, тәуекел ете алмай қалған ба, болмаса «әкесінің аруағын сыйлай ма», өзі білегін сыбанып түнгі жорыққа шықпайды. Бар сенері – Кер айғыр. Соның алдына сап айдап келгенін ғана жан пенденің көзі түспейтін терең шатқалдар мен жыныс-қорыстардың біріне жасырып, алыстан келетін сыбайластарына дер кезінде өткізіп бере қоюды ған біледі. Өтегеннің жұмысы осындай – ол ауылдастарының ешқайсысына да ұқсамайды.

(Жалғасы бар)

w8Жұмабай Қожақынұлы «Күреңжорға» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.