Жылқытанудан докторлық қорғаған тұңғыш қазақ
Қазақстандағы жылқы шаруашылығының даму тарихында өзіндік із қалдырған, шәкірттер тәрбиелеп, ғылыми мектебін қалыптастырған ұлағатты ұстаз, үлкен ғалымның бірі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Садықов Байдолла Хамзаұлы болатын.
Алдымен ғалымның қысқаша өмірбаянына тоқталайық.
Байдолла Хамзаұлы 1908 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1933 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын және Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын (1935) бітірген.
1935-1938 жылдар аралығында Қазақстандағы ауыл шаруашылығы экономикасы институтының аға ғылыми қызметкері ретінде колхоздар мен жылқы зауыттарының ұйымдастыру-шаруашылық жоспарын құрастыруға қатысып, ол республикадағы осы салалардың жұмысын жоспарлаудың негізіне айналды.
1940-1941 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіндегі Қазақстан павильонының директоры болды. [1, 15-16 — б.].
1935-42, 1945-46 жылдары Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, директор;
1944-45 жылдары ВАСХНИЛ-дің Қазақ бөлімшесі Төралқа төрағасының орынбасары;
1946-54 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның Эксперименттік биология институтында бөлім меңгерушісі;
1954-86 жылдары Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ректоры, кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін атқарған [2, 646 — б.].
Міне, жоғарыдағы жолдардан Б.Х.Садықовтың сан қырлы тұлға болғанын көруге болады. Осы мақалада соның кейбіріне тоқталғанды жөн санадық.
Біріншіден, ол үлкен ғалым, ғылыми жұмыстарды шебер ұйымдастырушы. Жоғарыда атап кеткендей, республикалық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы болуы соның бір дәлелі. Жылқы саласы бойынша ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы атағын қорғаған алғашқы қазақ, профессор. Кезінде Бүкілодақтық салалық «Разработать и внедрить технологию повышения мясной и молочной продуктивности казахских лошадей типа «Джабе» және республикалық «Совершенствование технологии производства конины и кумыса в северо-восточной части Казахстана» атты тақырыптар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына басшылық жасады. Соның нәтижесінде республика бойынша қазақтың жергілікті «Жабы» тұқымды жылқысын өсіретін 6 асыл тұқымды жылқы фермасы, 2 асыл тұқымды шаруашылық (Шығыс Қазақстан облысындағы «Обухов», Павлодар облысындағы «Ақшиман» — аймақтық ерекшеліктерін ескере отырып жылқы шаруашылығын дамытудың ғылыми-негізделген жүйесі дайындалды) және дон жылқы тұқымын өсіретін асыл тұқымды жылқы фермасы құрылды [1, 17 — б.].
Б.Х.Садықов 100 ден астам ғылыми мақала мен әдістемелік нұқсқаулар жариялады. Оның ішінде өзінің авторлығымен жарық көрген — «Биологические и хозяйственные особенности адаевской лошади» (Алма-Ата, АН КазССР, 1958. — 143 с.; «Мясная продуктивность лошадей Казахстана и пути ее повышения». А-Ата, 1970. — 57 с.; «Конина». Алма-Ата. Кайнар, 1981. — 85 с.) секілді ғылыми еңбектері әлі де өзектілігін жойған жоқ.
Сонымен қатар, біз, ғалымның шәкірттерімен бірге жариялаған және ғалымдар әлі күнге дейін сілтеме жасайтын кейбір еңбектерін осында келтірген орынды деп санаймыз:
— Садыков Б.Х., Дадебаев М.К., Асанбаев Т.Ш. Эффективность табунного коневодства. // Коневодство и конный спорт. – М., 1984. №6.– С. 8-9.
— Садыков Б.Х. Сравнительные показатели комплекции казахских и улучшенных лошадей // Труды Семипалатинского зооветинститута. Т.5 -1971, — с.43-49.
— Садыков Б.Х., Дадебаев М.Г., Садыбаев Е.К. Откормочные и мясные качества молодняка лошадей в условиях Абайского района, Семипалатинской области // Науч.тр. Алма-Ата, 1981. — Т. 37.
— Садыков Б.Х., Дадебаев М.Г. Переваримость питательных веществ у молодых лошадей при пастбищном кормлении // Вестник сельскохозяйственной науки Казахстана. 1980, — №10, с. 58-59.
— Садыков Б.Х., Венярский А.Д. К изучению нагула лошадей // Труды Семипалатинского зооветинститута. Т.5 — 1971, — с.27-30.
— Адильбеков М.Т. Откормочные и мясные качества казахских лошадей в условиях Восточного Казахстана: Автореф. дисс:канд. с.-х. наук. Алма-Ата,1974. — 22 с.
— Адильбеков М. Т. Особенности морфологического и химического состава конского мяса // Сб. научн. тр. Алма-Атинского, Семипалатинского и Омского зооветеринарных институтов.- Алма-Ата, 1972.-Т. 21.-С. 91-96.
— Асанбаев Т.Ш., Садыков Б.Х. Опыт работы знатного табунщика, Героя Социалистического Труда Кали Каленова. // Коневодство и конный спорт. – М.: Колос, 1978. №6.
— Дадебаев М.Г. Оптимальные сроки откорма молодняка лошадей в условиях Восточного Казахстана. Автореф. дисс. на соиск. учен степени канд. наук. Алма Ата, 1975 — 24 с. (Садықовтың еңбектері түгелдей дерлік орыс тілінде жазылған. Біз тақырыптық өзектіліктен ауытқымау үшін еңбектерді қазақ тіліне аудармадық – Argymaq.kz)
Профессор Б.Х.Садықовтың жетекшілігімен 5 адам ғылым кандидаты атағын қорғады. Олардың арасында Әділбеков М.Т., Дәдебаев М.Г. секілді ғылым кандидаттары, доцент атанып, соңғысы ұстазының жолын жалғастырып, кафедрада меңгеруші болып қызмет атқарды. Ал республиканың ауыл шаруашылығы өндірісі мен ғылымында Т.Ш.Асанбаев, А.Қ.Қазымов, Т.Қ.Раимханов, С.Б.Ережепов сияқты профессордың ғылыми мектебінен өткен, институттың аспирантурасын бітірген шәкірттері жемісті еңбек етуде.
Ол көп жылдар Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының жанындағы докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғайтын мамандырылған кеңестің мүшесі болып, қаншама болашақ ғалымдардың жолын ашуға септігін тигізді.
Екіншіден, ол ұлағатты ұстаз, аграрлық жоғары білім беру жүйесінің көрнекті өкілі, ұйымдастырушысы, білгір басшысы болды. Байдолла Хамзаұлы 1954 жылдан алғашында Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының директоры, ал 1961-1967 жылдар аралығында институттың бірінші ректоры қызметін атқарса, 1955-1979 жылдар аралығында ірі қара мал шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі болды. Осы аралықта ол институттың материалдық-техникалық базасының нығаюына, білікті кадрлармен жасақтауға, еліміздің жетекші оқу орындарынан зоотехния және ветеринария саласы бойынша біліктілігі жоғары ғалым-ұстаздармен толығуына үлкен күш жұмсады.
Бұл кезеңде институт қабырғасынан профессордың тәлімін көрген, лекциясын тыңдаған студенттердің диплом алып, еліміздің түпкір-түпкірінде мамандығы бойынша еңбекке араласқандар саны мыңдап саналады.
Үшіншіден, Б.Х.Садықовтың ғылыми зерттеулерінің нәтижелері республикамызды айтпағанда, бүкілодақтық деңгейде шыққан оқулықтарға енді. Соның бір мысалы, Мәскеудің К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының «Жылқы шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А.С.Красников Кеңес Одағындағы ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулығына (Коневодство. Под ред. проф. д-ра с.-х. наук А.С.Красникова. М., «Колос», 1973.) қазақ профессорының деректерін бағалап кітапқа енгізуі дер едік. Әлі де болса маңыздылығын жоймаған ол көрсеткіштерді төмендегі суреттен байқауға болады [3, 101 — б.].
Кітап авторы Б.Х.Садықов пен оның шәкірті М.Әділбековтің деректерін оқулықтың «Етті жылқы шаруашылығы» атты 5-бөлімде берген. Бұдан біз қазақ жылқысын сойған кезде алынған ұшасының жекелей бөліктерінің, оның ішінде қазақтың ұлттық ет түрлерінің — қазы, жал, жая секілді мүшелерінің химиялық құрамы мен құнарлығы бойынша алынған көрсеткіштерінің құндылығына берілген баға деп түсінеміз.
Б.Х.Садықовтың көп жылғы ауыл шаруашылығы мен ғылымдағы ерен еңбегі үшін екі рет «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен лайықты бағаланды. Оған «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген зоотехнигі» деген атақ берілді. Семей қаласындағы ол тұрған үйге естелік тақта орнатылған.
Байдолла Хамзаұлының ұрпақтары кемел тұлғаның өнегелі ғұмырын абыройлы жалғастырып келеді. Оның балалары мен немерелерінің арасынан екі ғылым докторы мен үш ғылым кандидаты шықты.
Қазақстанның жылқы шаруашылығы мен ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосқан профессор Б.Х.Садықовтың ғылымдағы ғұмыры, жазған еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі болып, шәкірттері арқылы, бүгінгі ізбасарлары арқылы жалғаса береді деп сенеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Токаев З.К. Летопись аграрного факультета СемГУ имени Шакарима, правоприемника Семипалатинского зоотеническо-ветеринарного института. / Документальная повесть. – Семей, 2018. – 404 с.
- Шығыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. / Бас. ред. Б.Ө.Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. – 848 бет.
- Коневодство. Под ред. проф. д-ра с.-х. наук А.С.Красникова. М., «Колос», 1973. – 312 c.
Өмірзақ Сұлтанов,
а/ш ғ.к., доцент, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ
Қорабаев Ж.З.,
биология ғ.к., доцент, Шәкірім университеті.