Жылқыға байланысты көнерген сөздер (Жалғасы)

14066

Дақа (дақы) – 1.Тайдың терісі немесе содан тігілген киім.
(Моңғолдар тайды «дағы», дақаны «дақы» дейді) 2.Теріден тігілген тон. Дақа қамшы – тай терісінен өрілген қамшы.
Дашай (Дашай арба) – қос дөңгелекті жеңіл арба.
«Ең алда көсемдеп үш ат жеккен, қос дөңгелекті дашай арбада мәртебелі ұлықтың өзі келе жатыр». (Қ.Жұмәділов)
Даяағашы – даяшы. Ұлттық ойындарды жүргізуші.
Даяшы – 1.Қожайынның жарлығын орындап отыратын басыбайлы қызметші.
«Қоршаған хан қасына қошаметші,
Даяшы, төлеңгіті, би, жендеті. (І.Жансүгіров)
2.Ұлттық ойындарды басқарушы. Бәйге даяшысы. (Кей жерде даяғашы деп те айтады.)
Дедеге – бәйге атына жаз кезінде жабатын жабу.
«Жүйрікке қыста жабу, жазғы ыстықта
жабады ақ дедеге төгілдіріп». (Ү.Кіребаев)
Делбе – 1.Малдың жұқпалы ауруы.
«Жылқыдай делбе сандалып,
ортасына кәпірдің,
аңдамай келіп түскенсің.» (Дулат Бабатайұлы)
2.Арбаға, шанаға жегілген атты жөнге салап отыратын ұзын қайыс тізгін, божы.
Делибаш – әншейін атқа мініп, желігін басушы.
«Кейде зәулім еменнің биігінен көз шалған жортуылшыларға жаудың шолғыншы жасағы емес, өңшең делибаш жолбасар аламан болып шығады.» (М.Мағауин)
Дембіл –сабы мен өрімі бір-біріне жалғастырылып, қайыстан өріп жасалған қамшы.
Дере – Ат байлайтын діңгек, мама ағаш.
Дилы – қоңды, күйлі.
«Кешкі салқында терін үгіп, жем жеп, диланып алған жарау аттар сау желгенде, жер табанын қуырғандай болды.» (Т.Әлімқұлов)
Доға – атты арбаға не шанаға жеккенде екі жақ шеті тәрте мен қамыттыңқұлақ бауын ұстап, бекітіп тұратын доғалдана иілген ағаш сайман.
«Гүлсары солбір қайта оралған ғажайып дүниеге енгісі келіп, мойнындағы қамыттан, екі жанындағы тертеден, желкедегі доғадан тез босанып шықпаққа жанталасып мықшиып, алға тырмысып бақты». (Ш.Айтматов)
Дойыр – өзегіне қорғасын құйылып өрілген сабы қысқа, жуан өрмелі қамшы.
«Жылқышысын дойырлап, жылқыларын сойылдап, көрші жұртын шулатып, Жаудай шапқан не сұмдық!» (Үмбетей жырау)
Домбырауын – шабандау, бірақ мініске берік жылқы.
Доңқу – ықыстау, жалт беру, мойнын ішіне алу.
«Дуана аяқ астынан үріккен жылқыша жалт беріп, доқып, әнтек тұра қалды да бұрылып, Ақбілекке қарай жүрді.» (Ж.Аймауытов)
Дөнежін –төрт жастағы бие. Дөнежін бие.
Дөнен қымыз – ашуы нашар да емес, аса күшті де емес, бабындағы қымыз.
Дөрбіт – тығыршықтай жұмыр денелі, құйрық жалы қалың жылқы. (Моңғолдың дөрбілжің-төртбақ (төрт бұрыш) деген сөзінен енген.)
Дыр – аса үлкен, ірі, зор. Дыр қамшы.
Дырау– ұрыс, шайқас кезінде қару үшін пайдаланатын қамшы.
“Қолымда бір қамшым бар, дырау қамшы,
Сабына өрнек салған құрау қамшы.” (Қара өлең)
Екітүгей – сауырлы келген, екі аттың мінісін беретін, көбінесе батырлыр мінген міністі ат.
«Екітүгей торша ат,
Ылауға жайдақ алғызды.» (Батырлар жыры)
Ереже –қ.Еріп (Қымыздың ерпі)
Ержайдақ – бедеу бие.
Ерқашты – көп мініліп, арқасына ер батқан, еріттегенде қашқақтағыш ат.
Ерсоқты – ат үстінде көп жүріп, шаршау.
«Ерсоқты болып, жілігі жұқарып келе жатыр». (Д.Досжанов)
Ершік – арбаға, шанаға жеккен көліктің арқасына жүк батпау үшін қолданатын ер сияқты әбзел.
Еріп (ербі, еребі) – ескірген қымыздың ыдыстың түбіне шөгіп қалған іртігі.
Ескер – ертоқым.
«Ағаштан ашамай, ескер қосатын ұсталар көшпелі ел тұрғысында елеулі қызмет атқарады.» (Б.Адамбаев)
Жабағы – Жылқының құлын мен тай арасындағы жас мөлшері. Тай-жабағы.
«Анау Алатай қыстағындағы екі жүз жабағы тігерге тұяқ болмай қырылып қала ма деп шошынамын.» (Оралхан Бөкей)
Жабазы – аттың қамытын мойнына жібермеу үшін салатын әбзел түрі.
Жабы– қазақ жылқысының нашар қарабайыр тұқымы.
«Жабыдан айғыр салсаңыз,
жауға мінер ат тумас.» (Бұқар жырау)
Жақы – құлын терісінен тігілген жеңіл сырткиім.
Жалды – қоңды, семіз.
Жалпош – Жүрйік атқа бәйге алдында жауып қоятын әшекейлі желең жабу.
«Бәйге аты жалпош салынғанда ғана қашқақтайды.» «Жалпошты аттар желпініп жүрді.» (Т.Әлімқұлов)
Жамандат – жылқы малының ауруы.
«Жамандатқыр көк шолақ,
арам қатқыр көк шолақ.» (Кенен Әзірбаев)
«Жамандатқыр тарлан ат,
құйрығын құстай тарады». («Қобыланды батыр» жыры)
Жамшы – Айдаушы, лаушы, ат-көлік жеткізуші.
«Қазақ жерінде бұрын сауда жолында тұрған керуен сарайлар мен кіре тартатын аттар жам деп аталған» («Сөз – сандық»)
Жанторсық – жортуыл кезінде қанжығаға байлап жүретін сусын құятын шағын торсық.
«…ірімшік жеп, жанторсық түбінде қалған айран, қымыздарын сораптай ішіп, …ер жастана қара жерге көсіле ұйықтап, көз шырымдарын алған.» (М.Мағауин)
Жапал – ерте кезде сиырға еріттейтін ерді осылай атаған
Жарғақ– 1.Жүнін тақырлап қырып өңдеген тері.
2.Түгін сыртына қаратып тіккен тері сырт киім. Бөкен жарғақ, құлын жарғақ.
«…шым жібекпен кестеленген жарғағын желбегей жамылған Ораз-Мұхамедтің өзі отырды.» (М.Мағауин)
3.Еті арылған, арық, қатпа.
Жәмшік – Арба айдаушы, делбеші.
Жедел – сәйгүлік, жүйрік.
Желдік – ердің қапталы аттың арқасынабатпау үшін қысқа тоқымының астына салатын киіз қабат.
«Тоқымын қайып тіктім желдігімен,
Көз тартар ер оқпаны кеңдігімен,
Таралғы, үзеңгісі, қанжығасы,
Таралып түгенделді, енді міне.» (Дәркембай Шоқпарұлы)
Желкелік – Жүгеннің, ноқтаның екі жақтауының желкеде түйісетін тұсы.
Желқом – жылқыға жүк артқан кезде арқасын қажамау үшін ердің астына қабатталып салынатын киіз.
«Жаман желқом ерлі қақпанбел жабының үсті соншалықты жайсыз екен.» (М.Мағауин)
«Желқом ер, жауыр торы атты көрсе,
Кенекем қайран қалар соныңызға.» (Мұхаметжан Сералин)
Желтақым – бәйгеге шапқан аты үнемі шылбыр ұстататын тақымы құт бала.
«…Тұлпар ма екен, тұйғын ба екен енесі,
Желтақым ба мініп шақан баласы» (Шынай Рахметұлы)
Желтоқым – 1.Жауыр атқа салатын ортасы ойық тоқым.
2.Ыстық-суықтан болатын жылқыдағы ауру, ісік.
Желі – құлындарды, бұзауларды қатарластыра байлауға арналып, екі қазық ортасына керілген арқан.
«Алалы жылқы айдаған,
желілеп құлын байлаған» (Тұрмыс-салт жырынан)
Жем – жылқының ауыруы. Қан түсу. Аяғына жем түсті.
«Ауына сыймай алшаңдаған арғымақтарының аяғына жем түсер». (Р.Отарбаев)
Жерсоғар – ат тұяғының арт жағындағы қатты жері. Өкшелігі.
«Жерсоғары сіңірлі, аяғы тік,
Жауырыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.» (Абай)
Жесек – жылқы күзеті.
«Жылқымен көз ашып, жылқы жесегімен жетілген.» («Сөз – сандық»)
Жетіжарғы – жеті тосқауылдан сүрінбей өтетін тұлпар.
Жиенқұрық – нағашысының жиеніне атап беретін сый малы. (Керейлер «Жиеннің қырық серкеші» дейді.)
«Қазақстанның кей жерінде жиенқұрықты «жиеннің серкеші», «қырық шұбар тай» деп те атайды». (С.Адамбеков)
Жона – тоқым мен ердің екі қапталының арасына салатын сыртын терімен қаптаған тоқым.
Жұнт – 1.Жылқы жылының көне атауы. Жұнт жылы.
2.Мінілмей тағыланып кеткен асау жылқы. Жұнттай.
Жыланқарақ – жылт етер майы жоқ арық ет.
Жырым – төс айылды бекітуге арналған ердің мінер жағындағы өрме қайыс.
Жілікті –Орташа семіз. Жілігі татитын.
Жінігу – Жылқының болдырудан, зорығудан болып, етінің сапасы кетуі, бұзылуы. Жініккен жылқының еті.

B.TokhanulyБодаухан Тоқанұлы, журналист.
«Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздердің түсіндірме сөздігі» кітабынан.
(Басы мына жерде) (Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.