Жылқы тұқымын асылдандыру немесе сегіз тұяқты құлын
Шаруашылыққа тиімді, сапалы мол өнім беретін жылқыларды сұрыптап алғаннан кейінгі зоотехниялық жауапты жұмыс – жұп таңдау. Жұп таңдау деп сұрыпталған жылқылардан ғылыми негізде бір-біріне лайықты, жақсы ұрпақ беретін, аталық және аналық жұп құруды айтады. Яғни жұп таңдау дегеніміз – таңдап алған жануардан, мысалы биеден жақсы төл алу үшін оны қандай айғырмен шағылыстыру қажеттігін шешу.
Сұрыптау мен жұп таңдау – селекция (тұқым асылдандыру) ғылымында тел ұғым. Жылқы тұқымын асылдандыруда бұл екі әдісті бөліп қарауға болмайды, олар – бірін-бірі толықтырып отыратын үдеріс. Екеуін үзіліссіз қатар пайдаланбайынша, жылқы тұқымын асылдандыруды ойдағыдай нәтижеге жеткізу мүмкін емес. Кез келген биені айғырмен шағылыстырғаннан жақсы төл алынбайды және жақсылап, мұқият іріктелініп алынған жылқыларды жөн-жобасыз, мақсатсыз шағылыстыру да жақсы нәтиже бермейтіндігі ғылымда дәлелденген. Жүйелі бір мақсатпен жұп таңдау арқылы бір жағдайда іріктеп алған жануардың ұнамды қасиеттерін одан әрі жетілдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа нәсілдік негізде бекітуге болады. Сөйтіп, жұп таңдау сұрыптау бағытындағы белгіні жетілдіре түседі. Екінші бір жағынан ата-енесінің ұнамды қасиеттерін жаңа бір бағытта біріктіріп және осы ерекшеліктеріне қарай тұқым қуалайтын төл алуға болады. Бұл – нәтижеде сұрыптау мүмкіншілігін кеңейте түседі.
Зоотехния ғылымының селекциялық тәжірибесі тарихында қашанда жұп таңдауға үлкен мән берілген. Белгілі ғалым-селекционер П.Н.Кулешовтің «Табынды жұп таңдау арқылы жақсарту – көп білім мен шыдамдылықты және мақсаттылықты қажет етеді» деген пікірі осы уақытқа дейін маңызын жойған жоқ.
Жұп таңдау генетикалық тұрғыдан қараған уақытта қалаған нәсілдік қасиеттердің жаңа үйлесімділігін құрудың құралы деп есептеуге болады. Осы ретте жұп таңдауда селекциялық жаңашылдық жағы толық көрінеді және сұрыптау мен жұп таңдаудың ұқсастығы мен бірлігі айқын білінеді әрі бекиді.
Сұрыптау — жануардыңдың өз тағдырын шешеді. Жұп таңдау — келесі ұрпақтың тағдырын анықтайды. Ұрпақтың сапасы – ата-енесінің нәсілдік қасиеттерінің бір-біріне үйлесімділігіне, лайықтылығына, яғни ата-ене жұбын дұрыс құруға байланысты.
Ғылыми тұрғыға негізделген жұп таңдаудың қажеттігі жануардың атасы мен енесінің нәсілдік қасиеттерінің үйлесімділік мүмкіншілігінің көптігінен туындайды. Алайда нақтылы бір жануардың тұқымдық қасиетінің әр түрлі жануармен үйлесімділігі түрліше болады. Тіпті нақтылы бір ата мен бір ененің нәсілдік қасиеттері үйлесімділігі тұрақты емес, сондықтан да әр келесі ұрпақ алған сайын өзгеріп отыруы мүмкін. Осы тұрғыдан «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деген атам қазақтың мақалы дәл айтылған.
Жылқы тұқымын асылдандыру тәжірибесінде жұп таңдаудың жалпы мақсаты біреу – әр келесі ұрпақтың сапасын алдыңғысынан арттыру, яғни жануардың өнімділігін ұрпақтан-ұрпаққа жақсарту болғанымен, нақтылы жұп құрудың қағидалары (принциптері), тәсілдері әр түрлі болады.
Мұның басты себебі кез келген табындағы жылқылар әр түрлі болады, тіпті басты ерекшеліктерін қаперге алмағанда бірінің өнімі жақсы, жоғары, бірінің өнімі төмен, нашар болады.
Мал шаруашылығындағы жұп таңдаудың негізгі принципі бір-текті немесе гомогендік және әртекті немесе гетерогендік деп екі түрге бөлінеді.
Біртекті немесе гомогендік жұп таңдау дегеніміз – өнімдік қасиеттері ұқсас малды шағылыстыру. Біртекті немесе гомогендік жұп таңдау арқылы селекционердің шешетін негізгі мәселелеріне аталық пен аналықтың ұнамды ұқсас қасиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа бере отырып бекіту, ұнамды қасиеттерге сәйкесінше (аддетитивті) әсер ететін гендердің санын және олардың гомозиготалылығын арттыру арқылы құнды белгіні одан әрі жетілдіру және ұнамды топтардың төлін (ұрпақтарын) көбейту болып саналады.
Сонымен біртекті жұп таңдау – малдың атасында да, енесінде де бар ұнамды қасиеттерді ұрпақтан-ұрпаққа бекітеді және оларды одан әрі жетілдіреді. Сөйтіп, біртекті жұп таңдау сұрыптау әсерін селекция бағытында күшейте түседі.
Әр текті, яғни гетерогендік жұп таңдау дегеніміз – өнімділік қасиеттерінде, тегінде айырмашылықтары бар аталық және аналық малды шағылыстыру арқылы төл алу.
Гетерогендік жұп таңдауды қолданғанда көздейтін негізгі мақсат – ата-енелерінен өзгеше төл алу. Гетерогендік жұп таңдаудың құндылығы да, осалдығы да осында.
Құндылығы – ол келесі ұрпақтағы өзгешеліктің пайда болуы. Келесі ұрпақта ата-енелеріне тән кемшіліктің жөнделуі немесе ата-енелерінің әрқайсысындағы ұнамды қасиеттердің кeлесі ұрпақта бірігуі немесе ата-енесінде жоқ әр түрлі өнімдік қасиеттердің ұнамды және жаңа бірлігінің пайда болуы. Алынған ұрпақтың өнімдік сапасынның құндылығы арттырады.
Қазіргі уақытта инбридинг (іште өсу) деп туыстығы жағынан жақын жылқыларды шағылыстыру (әкесін ұрғашы ұрпағымен, еркек ұрпақтарын енелерімен және т. б.) жүйесін айтады.
Жылқы өсіруде инбридингті ешқандай жоспарсыз және жүйесіз қолдануға болмайды. Инбридинг нәтижесінің зиянды әсерлерін әр заман уақытында селекциянер-ғалымдар көп байқаған. Осының нәтижесінде бірсыпыра елдерде инбридингті пайдалануға тыйым салатын қатаң заңдар да қабылданған.
Р.Бэквелл инбридинг әдісін дәйекті түрде қолдана отырып әлемге әйгілі лейстер қойын, логгорн сиырын және жүк тасуға лайықты жылқы тұқымын шығарды. Оның тәжірибесі тез тарап кетті. Ол басқарған селекционерлер мектекбінің шәкірттері ағайынды Коллингтер Р.Бэквелл салған жолмен, бұрын практикада болып көрмеген бірнеше ұрпақ бойына инбридинг әдісін қолдану (мысалы, асыл бұқа дәйекті түрде өзінің енесімен, ұрғашы I ұрпағымен II және III ұрпақтарымен, IV ұрпағымен) әйгілі шортгорн сиырын шығарды.
Ал инбридингті Ресей елінде А.Г. Орлов пен В.И. Шишкин «Орлов» желгіш тұқымын шығаруда біршама сәтті пайдаланған. Инбридингті қолданған уақытта келесі ұрпақта барлық гендердің гомозиготтығы артады, нәсілдік қасиеті біртектене түседі.
Инбридинг нәтижесінің екі жақтылығының негізі – осында. Туыстас жылқыларды өзара шағылыстырғанда олардың жақсы қасиеттерінің де, жаман қасиеттерінің де гендерлік гомозиготтығы ұрпағында артады және алынған ұрпақтың жаңағы туыстас жылқыларының ортақ тегінде генетикалық ұқсастық көбейеді.
Инбридингтің жағымды немесе жағымсыз жақтарының білінуі шағылыстырып отырған қандас жылқылардың туыстық дәрежесіне де байланысты. Сондықтан жылқының туыстық және генетикалық ұқсастық дәрежесін анықтайтын бірнеше тәсілдер қолданылады. Бұл тәсілдер жылқы шежіресін талдауға негізделген.
Егер жылқы шежіресінде әрі атасы, әрі енесі жағында ортақ ата-енелері болған болса, ондай жылқы инбридинг жолымен, яғни туыстас екі жылқыны шағылыстырып алынды деп есептелінеді.
С. Рзабаевтың (1979) мәліметіне қарағанда жергілікті қазақы жылқының тұқымын селекцияландыруда жоғары өнімді айғырлардың генетикалық ұқсастық дәрежесі 9,4 – 18,7 процент аралығында болған, ал инбридинг дәрежесі III – IV және IV – IV, яғни 1,6 проценттен аспағанда тиімді болып шыққан. Сонымен инбридинг нәтижесінде екі жақтылық бар. Ол жоғары өнімін ұрпағына баянды ететін жылқы алумен қатар ұрпақтың өміршеңдігін, өнімін кемітіп те жібереді. Сондықтан инбридингті өндірістік шаруашылықтарда қолдануға болмайды, ол тек тұқымдық мал өсіретін шаруашылықтарда ғана тәжірибесі мол, малдың «сырын» жақсы білетін шебер мамандардың басқаруымен «аталық із» салып, оны жетілдіру үшін қолданылады.
Қазақы айғырлардың бір қасиеті сол – өзінің ұрпағына, өз кіндігінен тараған құлындарына шаппайды. Шектен шыға күйлеп жүрген байталдары болса, оңдайларды теуіп, тістеп үйірден шығарып жіберген. Қазақ жылқысының әлемдегі басқа тұқымдардан өзгешелігі де, артықшылығы да сол – оның ерекше төзімділігі мен шыдамдылығы. Ғасырлар бойы қазақ халқы жаздың аптап ыстығы мен қыстың аязды қарлы боранында, көктемнің қара суығы мен жауын-шашынында ашық далада (аридный зонада) өз қорегін өзі тауып жеген жылқы тұқымдарын сұрыптап, дамытып отырған.
Осы орайда біз ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми кеңес беріп жүрген шаруашылықта қызықты жағдайға тап болғанымызды айта кетейік. Бұл жерде өте жақын туыстас жылқылар арасынан сегіз тұяқты құлын туылыпты. Бұл құлын 2014 жылы туылған, түсі құла құлын Сарыайғыр атты тұқымдық айғырдың үйірінде туылыпты. Себебі тұқымдық айғыр өзінен туылған байталын үйірінен қумай, тоқтатып жіберген. Міне, осыдан сегіз тұяқты құлын пайда болған. Себебін тексере келсек, тұқымдық Сарыайғырдың өзінде бірнеше тұқымнның қаны бар екені аңықталды. Демек, Сарыайғыр таза қазақ жылқы тұқымы емес, будан болып тұр. Тек қазақ жылқысына ғана тән тектілік қасиет бұл айғырдың бойынан табылмады. Сөзімізді қортындылай келе, бұл жерде инбридинг болғаны байқалды. Осыған дәлел ретінде сегіз тұяқты жылқының бірнеше суретін төменде беріп отырмыз.
Әлбетте, біз орын алған бұл жағдайдың инбридингтік шағылысудың нәтижесі дей отырып, экологиялық ортаның немесе құлынның іште жатып жетілу кезінде енесінің тосын соққы алуының әсерінен егіз өскінің бір сыңары жетілмей қалуынан да пайда болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Солай болуы да мүмкін-ау десек те, жақын туыстық қатынастың (шағылысудың) тұқым асылдандыруда кездесіп қалатын осындай да өрескел жағымсыз көрінісі болатыны шындық деп білеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ахмет Т. Қазақ жылқысының тарихы. ЖШС «Алматы кітап баспасы», 2010.
2. Ә.Байжұманов. Мал өсіру. Алматы «Қайнар» 1987ж
3. Барминцев Ю.Н. Мясное и молочное коневодство.- М., Сельхозиздат, 1963.
4. П.Н.Кулешов. Теоретические работы по племенному животноводству. М.:Сельхозгиз, 1947г.
5. Исхан Қ.Ж. Жылқы шаруашылығы. Алматы, «Нур – Принт», 2009
Қазақ ұлттық аграрлық университеті
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Ж.Исхан
ҚХР «Тарым» университеті
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Гіміңгүл Мұқантайқызы