Абыройы аспандаған Ақалтеке

15018

Қаз мойынды, қамыс құлақ, бойына артық май жинамайтын арғымақтар паңдықтың, тектіліктің нышанындай. Сымбаты мен жүйріктігі жөнінде сөз бөлек. Ақалтеке 1000 метрге 1 минут 06 секундта, 2000 метрге 2 минут 22 секундта жете алады. Араб, таза қанды ағыл­шын, қарабақ жылқы тұқымдары дәл осы Ақалтеке тұқымынан алынған деседі. Ұлттық брендіге айналған Ақалтеке жылқысына түрікмендердің көңілі ерек. Бүгінде жылқының осы түрін сатуға тыйым салынған. Түрікмендер жылқы етін жемейді. 1999 жылы Мәскеуде өткен әлем чемпионатында оза шауып, бәйге алған ақалтеке Янардаганың суретін Ел­таңбаларына енгізген.

«Таңертең әкең­мен, онан соң жылқыңмен аман­дас» деген мақалы бар бұл ел 1992 жылдан бері сәуір айының соңғы жексенбісін­де Ақалтеке күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. 1991 жылы сәуірде сол кезде ел прези­денті Сапармұрат Ниязовтың Жарлы­ғымен ақалтеке тұқымының жойылып кетуінің алдын алу үшін «Түрікменатла­ры» мемлекеттік бірлестігі құрылған. Биыл Ақалтеке күні халықаралық деңгейге көтерілді, алыс-жақын шетелдерден қо­нақтар шақырылды. Түрікмен жылқысы­ның айтулы мерекесін жарты әлемге жариялау үшін әлемнің 22 елінен 130-дан астам журналисті жинапты.

Көздің жауын алар жылқы төресіне арналған мереке төрт күнге созылды. Бірінші күні той Ашхабадтағы ат жарыстан басталды. 60 шақырымдық аламанда жиырмадан астам жүйрік бақ сынады. Бұл той Ашхабадтан бөлек, осы елдің бес уәлаятында да (облыс) бірдей аталып өтіп жатты. Ат жарысы бастала бере Ашхабадтың аспанын қара бұлт торлап, жаңбырлатып жатса да арқасы қозған халық бәйге орнын тастап кеткен жоқ. Жеңімпаздың есімін естігенше төзіп бақты. Бізде әдетте ат жарысында мәре сызығынан бірінші өткен арғымақ жеңімпаз атанады. Ал Ашхабадтағы ат жарыста арғымақты ешбір жарасыз, аман-сау жеткізе білгендер ғана жеңімпаз.

«Мұны аттың жүрек соғысы арқылы анықтайды. Аттың тамыр соғысы минутына 64 бүлкілден аспауы тиіс. Бұл халықаралық талап», – дейді Түрікменстан ат спорты федерациясының хатшысы Жүсіп Аннаклычев. Бәйге аяқтала бере түс ауа Халықаралық спорт кешенінде ат спорты ойындарының байқауы басталды. Бұл сайыста ақалтеке жылқылары бірінші кезеңде 1 метр биіктен секіріп бақ сынады. Екінші кезеңге өткендер 1 метр 30 см биіктікті бағындыруы тиіс еді, алайда ол екінің бірінің қолынан келе қоймайды. Тек жеңісті жігіттермен қатар өнер көрсеткен Фариза Зариповаға Едигая аты алып берді.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.