Жылқыны жоқтау

11091

Еуразияның салқар сахарасында дала өркениетін жасаған байырғы көшпенділер – сақтар мен ғұндар жаяу жүрмеген, түгел ат үстінде болған.
Ал солардың дала өркениетін дара өркениетке айналдырған, алты айшылық кең жері бар ер қазақтардың тіпті жылқымен жаны бірігіп кеткен десек… аңыз, ертегілері мен батырлық дастандарында – Ертөстіктегі Шалқұйрық, Керқұла атты Кендебай, ескіде Қобыланды батырда Тайбурыл ат, Алпамыс батырда Байшұбар, арыда Қабанбай батырдың Қубасы, Керей Жәнібектің Көкдөнені, ең берісі – қазақтың Исатай мен Махамбет сынды қос батыры «Ереуіл атқа ет салмай, ерлердің ісі бітер ме!» деп ат үстінен бүкіл Алаш жұртына асыл ұран тастап кеткені нақты дәлел, адастырмас айғақ қой! Яғни қазақ арысының аты аталса болды, астындағы сәйгүлігі да қоса аталған.
qazaq atbegilik oneriСол ер үстінде күн кешкен ер қазақтың ұрпағы бүгін жаяу қалыппыз. Жанымыздың жартысы болған жылқымыздан айырылып, қанатымыздан қайырылыппыз. Сөйтіп, көрінген көк аттылар басынатын жуас жұртқа айналыппыз. Жуастығымызды жомарттық санағандар асыл қасиеттерімізді тонай-тонай, жұлымданған тіліміз бар, жарым-жартылай дініміз бар, жырымдалған жеріміз бар, жарлы-жақыбай күйіміз бар, көрінген келімсекке жалпылдайтын жұпыны мінезіміз бар халге түсіппіз. Бұл неден болды!? Жаяулықтан! Жылқы мінезден айырылудан!
Соны енді-енді біле бастаған сияқ­тымыз. Әне-міне жоқтап жатқан сыңай­дамыз. Жуырда қолымызға тиген, «Қазақ­тың атбегілік өнері» деген көлемді кітап осы мақаланың басынан бергі жазылған көңіл күй аралас тарихи жадымызды қозғап кеткені содан.
Иә, баяғы арынды жылқымінез қазақ бүгінгі күні жылқыдан алыстаған соң, жылқы туралы кітапты да солай атап отырмыз. Әйтпесе қазақ үшін атбегілік өнер ғана емес, кәдімгі атпен біте қайнасқан өмірі еді ғой. Осы көлемді кітаптың бөлімдеріне назар аударған кезде бұл еңбекті «Жылқы жайлы оқулық» десе болғандай ма деп қалдық. Кітап жылқының шығу тегінен бастау алып жатыр. Сұлу сәйгүліктердің тұнық түсірілген көз тартарлық суреттерінің қанықтығы сондай, жусанды дала мен жылқының иісі кеңсірікке келгендей тұшынып қаласың. Бұдан сексен жыл бұрын дүние жүзінде 120 млн-дай жылқы болса, қазір 58 млн-ға дейін кеміген екен. Ең көбі АҚШ-та 10 млн-нан асатын болса, жылқықұмар сана­латын көшпенділердің ұрпағы Қазақстанда жылқы саны бір миллион жарымдай ғана, ал Моңғолияда екі миллионнан асатын көрінеді.
Сонымен, кітаптың келесі бөлімдерінде жылқының ішкі-сыртқы анатомиясы анық суреттермен түгелдей безендіріліп, қазақы атаулар қаз-қатар тізілген. Біз қазір ұмыта бастаған атаулар, «шідерлік», «шегелік», «шаша», «жаңбырлық» деп жалғасып жатыр. Қозғалыс, қан айналыс, сезім­талдығы да физиологиялық негіздермен анық баяндалған. Мәселен, тек жүрдек қозғалыс атауының өзі жиырмадан асады екен: зар желіс, бөкен желіс, китің, шоқырақ аяң, шапқын, ит бүлкек, текірек…
Ал «Жылқы сыны» аталатын бөлім өзі бір жеке кітаптың жүгін көтеріп тұр. Жылқының онсыз да көздің жауын алатын сұлу мүсіндерін, ерен сыншылар ұшқан құс, жүгірген аңға ұқсата сипаттаған ғой. Міне, солар түгелдей кесте сурет, меншік атаулармен өрнектелгені әдемі-ақ! Алаш жұртының атақты ат сыншыларының үлгілері жеке-жеке таныстырылған. Толыбай сыншыдан бастап, әйгілі Қадыл Айдаубайұлы қатарлы ондаған сыншы түгел қамтылған. Келесі бөлімде «Жүйрік баптау» жалғасып жатыр. Иә, әлгі «Атбегілік өнер» деп отырғанымыздың өзі дәл осы салаға саяды. Содан да бұл бөлім өнер ғана емес, ғылыми әдістемелік жетістіктерді де сыйғыза білген десе болады. Мұнда жорға, көкпар, саят ат­тарының ерекшеліктері жеке тарауларда талдап түсіндірілген. «Жылқы жабдықтары» деген бөлімде ер-тұрман, ат-әбзелдері әдемі суреттермен қоса арнаулы атаулары және жылқының алуан түрлі өң-түсі, жасына сәйкес тістері мен ерекше ен-таңбалары да ұмыт қалмаған. Әрине, бұл бөлімде қазақтың төл сусыны қымыз да, бие құлынымен қоса тамаша суреттелген екен.
Ең соңғы бөлім «Жылқының ауруы» деп аталып, аурудың төл атаулары, қазақы емдеу тәсілдері және арнайы қан алу құралдары, жылқының әртүрлі ауруы кезінде қан алатын дене тұстары да нақты суреттер бойынша баяндалған. Бұл бөлімде, жылқыға қатысты атаулардың өзі жеке бір түсіндірме сөздік секілді қазақы жады­мызды жаңғыртуға қажетті дүние болған екен: «Шұрқырау» – жылқы үйірінің қасқырдан, ұрыдан қатты шошынған сәттегі түгелдей үн қосып кісінесуі. «Құрайт-құрайт» – айғырды күйті келген биеге шақыратын сөз, т.б.
Сонымен, Ұлы Жаратушының ерек жаратқан бір түлігі болған, Құранда аталған «Жылқы әлемін» бір кітапқа жинақтау теңізден тамшыдай таныстыру десек, оны аз сөзге сыйғызып оқырман көпшілікке таныстыру – тамшының тамшысы іспетті іс қой.
Beken K.Ал теңізден тебенмен тергендей етіп жиналған осынау көлемді еңбектің авторы – қазіргі зерттеуші-журналист Бекен Қайратұлы сонау тоқсаныншы жылы алыстан атажұртқа «Қайдан келдің дейсіз бе?», «Атамекенге неге келдің дейсіз бе?», «Не әкелдің дейсіз бе?», «Не көрдің дейсіз бе?» дейтін атақты төрт өлеңімен елге танымал болған тұлға еді. Моңғолиялық бұрынғы артиллерия офицерінің ұлтжан­дылығын, отаншылдығын қайталап жатудың қажеті қалмайтын шығар.
Бекен Қайратұлының қолынан осы кітапты алған кезде «Бұл кітапты оқыған қазақ атқа қайта қону керек қой!» дедік. Ала­ман бәйге, көкпар секілді ұлттық ойын үшін ғана емес, ұлттық қауіпсіздікті күзе­тетін сарбаздың ата-бабалары құсап ат үстіндегі айбарлы жауынгер болатын сәті енді туған тәрізді. Өйткені қазақ тарихында «жаяу әскер» деген атау да, түсінік те бол­маған. Өйтсе «Қазақтың атты ар­миясын» жасақтайтын бір ардагер қол­басшы қалың қазақтың ортасынан туған болуға керек!

maukaraАбай ХАМЗА (Мауқараұлы)
Ақтан ҚОҢЫР
aikyn.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!