Белгілі көкпаршы иппоорталыққа тай сыйлады

3722

Қазақ «Оң қолың жасаған жақсылықты, сол қолың білмесін» дейді. Сондай-ақ, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін де біздің халық.

Көкпар сүйер, атқұмар халыққа Нұрдәулет Момыновтың аты жете таныс. Әсіресе Жамбыл, оңтүстік өңірінде «Дәуканың» даңқы жоғары. «Әке көрген оқ жонар» дегендей әкесі Нәби Момыновтай тарланнан тәлім алған текті ұл тектілігін танытып жүр.

Нұрдәулет Нәбиұлы көкпардан Қазақстан Республикасы чемпионатының 9 дүркін жеңімпазы, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының 2 дүркін жеңімпазы (2003, 2013 жылдар), «ЕуроАзия» Кубогының иегері (Тараз, 2003 жыл), Ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальдің 3 дүркін жеңімпазы (2004, 2011, 2015 жылдар), Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері (2016 жыл), «Қазақстан Республикасының спорт шебері» және «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Әулие Ата» кәсіпқой клубының» басшысы. «Әулие ата» көкпар командасының бас бапкері.

Қасиетті рамазан айының қарсаңында Нұрдәулет Нәбиұлы сауапты іс жасады. Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандар орталығының иппотерапиямен айналысатын бөліміне тай сыйлады. Қазақтың «Тай атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» деген сөзін берік ұстанған азамат, терапия орталығына тайынан бастап үйретілген аттың көбірек пайдалы екенін тап басып таныса керек.

Зербұлақ иппотерапия орталығы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі балаларға жәрдем береміз. Бұған дейін бір ғана атымыз болған. Нұрдәулет Нәбиұлы бүгін бір тай сыйлады. Ересек аттан гөрі тай жақсы. Балаларға тез үйір болады. Күніне 20 бүлдіршін, 20 ересек бала келеді. Барлығына бір ат үлгермейді. Оның үстіне аттар тез шаршап қалады – дейді орталық қызметкері Айгерім Маратбекқызы.

Оның айтуына қарағанда орталықта иппотерапияға келетін балалардың бәрі де тегін емделеді.

Балалар тегін емделеді. Көбінде демеушілік жасайтын азаматтардың көмегіне жүгінеміз. Біз иппотерапияны таңнан кешке дейін жасағымыз келеді. Бірақ оған мүмкіндік жоқ. Кейбір балалардың ДЦП жағдайы күрделі. Кейде ондай сырқат балаларын алып келуге мүмкіндігі жоқ ата-аналар хабарласады. Біздің қолымызда ат болса, сондай балаларға да көмектескіміз келеді. Біздің орталықтың өзінде де мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді. Ал атты ұстау, оның жем-шөбі, бағып-қағуы, бәрі ақша тұрады ғой. Оның сыртында иппотерапияның инструкторы болуы керек, оған да айлық төлеу керек дегендей. Әзірге осы жұмыстың барлығын волонтер ретінде ғана істеп жүр біздің орталықтың адамдары – дейді Айгерім.

Ол әзірге әкімшілік тарапынан қаражат бөлу мәселесі қозғалып жатпағанын айтады.

Алдағы уақытта бөлінуі мүмкін дегендей қылып отыр әкімшіліктегілер. Ондай жағдай жасап жатса, алғыстан басқа айтарымыз болмас еді. Орталығымызда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтіндіктен, сырқат балалары бар ата-аналарды жақсы түсінеміз. Сол үшін де оларды қолдап, қолымыздан келгенінше көмек көрсетуге тырысамыз — дейді Айгерім Маратбекқызы.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.