Ерлан СЫДЫҚОВ. Жәйтап – жылқының жаңа тұқымы

8884

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовпен сұхбаттасқан едік. Ол биыл жылқының жаңа генетикалық түрінің авторы атанды. ҚР Әділет министрлігі Интеллектуалды меншік институтының шешіміне сәйкес, республиканың жетекші селекционерлері мен жылқы шаруашылығының білікті мамандары тарихшы ғалымға осындай құжатты табыс етті.

images.jpeg444– Ерлан Бәтташұлы, тарихшының зоология мамандарының бақшасына түсіп кеткені қалай?
– Бұл жерде алдымен ата дәстүр, баба тарих баршамызға ортақ екенін айта кеткен жөн. Жылқыға құмар болмайтын қазақ жоқ. Мен де соның бірімін. Қазақтың жыраулық, шешендік өнеріне сәл ғана үңіліп көрелікші:
«Ағайынды жамандап, туғанды қайдан табарсың, Арғымақты жамандап, буданды қайдан табарсың?!» – дейді Досбол шешен.
Немесе Шалкиіз жыраудың: «Арғымақ атқа көп міндім – садаға кетсін буданнан, Азаматқа көп ердім – садаға кетсін туғаннан» дейтіні тағы бар. Осы бір сөздерден жылқы мен қазақтың мінездес екені де, тағдырлас екені де көрініп тұрған жоқ па? Бір жағынан ағайынның татулығын айтып отырса, екінші жағынан жылқы малының ішінде буданның арғымақтан да мықтылығын, жүйріктігін меңзейді. Жылқы жылы осындай ерекшелігімен есте қалады деп ойлаймын.

– Будан туралы түсінік бере кетіңізші…
– Біздің ата-бабаларымыз әу бастан-ақ жылқы ішінде жүйрігінің де, күштісінің да буданнан шығатынын жақсы білген. Будан – ғылыми тілде селекциялық жұмыстың нәтижелерін білдіреді. Бұл іс ерте заманнан жылқы ұстаған әрбір екінші қазақтың қолынан келген. Қазір алғаш рет жер жүзінде жылқы малын қолға үйрету біздің ата-бабаларымыз мекен еткен қазақ даласында жүзеге асырылғаны ғылыми тұрғыда нақты дәлелденіп отыр. Ер-тоқым мен үзеңгіні ойлап тауып, жылқыны бірінші рет ерттеп мінген де біздің бабаларымыз.
Үзеңгіні ойлап табудың өзі сол дәуірлерде өте үлкен эволюция болды. Өйткені, атты ертеп, аяқты үзеңгіге салған сәттен бастап ат үстінде жауынгер пайда болды.

–Халқымыз жылқының ерекшеліктерін ежелден зерделеп, шебер пайдалана білген ғой…
– Оған сөз бар ма? Қазақта асыл тұқымды жылқылардың, бәйге аттардың, жорғалардың тұқымдары ерекше сақталып, олардың шығу тегі, таралуы, қай құлын қайда берілгені шежіре сияқты атадан балаға айтылып, ауыздан ауызға жеткізіліп отырған. Жылқының түрін, түсін, тұрқын, бойын, жасын, қанын, етін, сүйегін саралап, керегіне жаратқан. Құлагерді сынайтын Толыбайлар қайдан шықты? Қазақта жылқының қандай екенін жазбай танитын білгірлер ауылдарда әлі күнге дейін бар. «Жеті атасынан бері қаракөк» дейтін теңеу соның бір белгісіндей.

– Ал тура осы бағыттағы қазіргі жағдайымыз қалай?
– Бүгінде жылқы малын асыл тұқымын алу, көбейту мәселесі қолға алынбай қалды, нашарлап кетті. Ғылыми қолдау, тәжірибе жасау деген тоқтады, жүйелі түрде ғылыми зертеу жүргізу жоққа тән. Тек қана жеке шаруашылығы бар, мал шаруашылымен айналысатын азаматтар ғана осы іспен айналысуда. Сондай азаматтың бірі – Темірбек Жәйтапов. Мұнай-газ саласында өз кәсібі бар кәсіпкер азамат жылқыға деген құмарлығының арқасында бар дүниесін бір күнде сатып жіберіп, бар ақшасына мың жылқы сатып алады. Ондағы мақсаты – кейбіреулер секілді жылқыны семіртіп етке өткізу немесе соғымға сою емес, асыл тұқымды жылқы малын көбейту, селекция жасау, яғни жаңа тұқым ойлап табу болды. Міне, осы жерде біздің ойымыз бір жерден шықты. Сөйтіп, істі ұйымдастыруға бірлесіп мұрындық болдық.

– Білуімізше, әкеңіз Бәтташ ақсақал Семей өңіріндегі атқұмар адамдардың бір болған екен. Сол кісінің осы қасиеті сізге дарыған ба?
– Мүмкін. Ол кісі зейнеткерлікке шыққан соң, жылқы малын көбейтумен айналыса бастады. Әкеден көріп, менің де қызығушылығым оянды.
Соңғы 20 жыл бойы біз жылқы малын асылдандыру, жылқының жаңа түрін (тұқымын) ойлап табумен айналысып келеміз. Бұл жобаны жүзеге асыруға Еуразия ұлттық университетінің бірнеше ғалымдары да атсалысуда. Мақсат – Ақмола облысының тебінді жайылымында жаңа биотехнологиялардың негiзiнде сүт және ет өнімділігі жоғары генi бар мұғалжар тұқымдас жылқылардың жаңа зауыт түрiн шығару арқылы экологиялық таза азық-түлік өндiрiсiн (қымыз және жылқы етi) және асыл тұқымды өнiмді көбейту.

– Қолға алған жұмыстың өзектілігі қандай?
– Өзектілігі сонда, Солтүстiк Қазақстанының дала аймағы жағдайында тұңғыш рет асыл тұқымды үйiрлi жылқы шаруашылығындағы жаңа биотехнологияны тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкiн болды және есептеу, таңдау ақпараттық технологияларын қолдану арқылы өнiмдiлiгi жоғары жылқылардың мамандандырылған зауыттық түрiн шығару әдiстерi қолданылды.
Ерейментаудағы оқу-тәжірибе базасында мал жайылымы ресурстарын үнемді пайдалану технологиясын енгізіп, дамыттық. Жылқының жәйтап зауыттық жаңа түрі Заңғар және Пернеш атты ерекше айғырлар тұқымы желісі базасында алынды. Бұл бұйырса, Қазақстанда асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытуға тамаша мүмкіндік беретін жаңалық болмақ.

– Өзіңіз айтпақшы, бұл будан сонда қалай аталады?
– Ресми құжатта – «Мұғалжар тұқымы жылқысының жәйтап зауыттық типі». Ауызекі тілде «Жәйтап жылқысы» деуге болатын шығар. Салмағы өте жоғары жылқы түрі. Қазақстанның өзге аймақтары жылқыларынан еті мен сүті жағынан анағұрлым сапалы болмақ.

– Бұған қалай көз жеткізуге болады?
– Бұл жылқының генетикалық әлеуеті көрсеткендей, айғырлары – 600-650 келі, биелері 570 келі мөлшерінде салмақ тартады. Ал оны өсіретін шаруашылықтың рентабельділігі жайшылықта 155 пайызға дейін, асыл тұқымды жас жылқыларды сатқан кезде 200 пайызға дейін өседі. Қосымша өнімдерден жылына 100 миллион теңгедей пайда түседі. Мұның бәрі осы аймақты асыл тұқымды жылқы экспортының орталығы етуге мүмкіндік береді. Елбасының «етті әлемдік нарыққа шығаратын елге айналуымыз керек» деген тапсырмасын жүзеге асырудың бір қадамы осы болмақ.

– Әлемдік нарыққа қазақ жылқысы арқылы шығуға бола ма?
– Бізде дәл осы мәcеленің үдесінен шығатын барлық жағдай бар. Жеріміз де жетеді, тек қана мәселеге терең мән беру керек. Мен ойлаймын, біз әлемдік нарықтан тек қана өз ұлтымыздың салт-дәстүрінде, тарихында, күнделікті өмірінде қолданатын өнімдер мен тағамдар арқылы ғана орын аламыз. Мысалы, біздің еттен жасалатын түрлі тағамдарымыз бен қымыз, шұбат секілді сусындарымыз нағыз экологиялық таза тағамдар.
Жылқының бір ғана ахалтеке тұқымының өзі Түрікмен елін айдай әлемге әйгілеуде. Осы секілді қазақтың нағыз асыл тұқымды жылқыларын ойлап тауып, неге әлемді мойындатпасқа? Қанымызда бар дәстүрлі шаруашылықты дамыта отырып, оны ғылыми негізде асылдандыру жағын қолға алсақ, белгілі бір нәтижеге жетуге болады.

– Сіздер шығарған жылқының жәйтап зауыттық түрі мұндай қадамға бастау болатын шығар, бәлкім?
– Солай деп сенейік. Өйткені бұл жылқыға тән ерекшеліктер, мәліметтер салыстырмалы түрде алғанда дәстүрлі көрсеткіштерден анағұрлым жоғары.
Жаңа биотехнологияны қолдану арқылы бұл жылқының тұқымдарын кең жариялау және экспортқа шығарып, құнын көтеру саланың бәсекеге қабілеттігін жоғарылатады деп ойлаймын. Жаңа Жылқы жылында армандарымыз бен мақсаттарымызға жақсы қадамдар жасалады деп үміттенемін.

Ғабдул Мерқұрман
aynaline.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.