Нәбидолла КИКЕБАЕВ: «Қазақтың қазанатын шығару — жылдардың еншісінде»

7513

ҚР ауылшаруашылығы ғылым академиясының академигі, республика спортының құрметті қайраткері, Қазақстан атбегілері «Қамбар Ата» қауымдастығының президенті, ғылым докторы, профессор Нәбидолла Ақанұлы Кикебаевтың есімі көпшілікке жақсы белгілі. Қырық жылға жуық уақыт бойы еліміздің жылқы шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалыммен біздің тілшіміз сұқбаттасып қайтқан еді.

«Ең қиын сатысынан өттік»

— Нәбидолла Ақанұлы, Сіз жетекшілік ететін «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты он бес жылдан бері «Міне, Қазақтың қазанаты!» деуге лайық бой-бітімі бөлекше Қостанай жылқысын шығаруға бар күшін сарп етіп келеді. Әзірге шыққан нәтиже бар ма, содан?
— Ол енді өзі, он бес жылда жерден өне салатын дүние емес. Мұның мәні өте терең. Біз шығарғалы жүргеніміз — Қазақстанның тарихындағы төртінші жылқы тұқымы. О баста, 1888-1951 жылдар аралығында Қостанай жылқысы шыққан. Міне, көрдіңіз бе, жетпіс нешеме жыл бойы әбден сұрыпталып, тек 1951 жылы ғана жаңа бір тұқымның төлі бекітілді. Былайша айтқанда, асылтұқымды жылқы жасап шығару оңай шаруа емес. Алғашқыда оларды бір-бірімен шағылыстырып, әбден іріктейді. Оны қайта қосып, одан туған құлын-тайды өсе келе тағы бір-біріне салады. Содан кейін барып қана белгілі бір деңгейге жетуі мүмкін. Қысқасы, түлікті әбден қатайту керек. Осылайша, оны мезгілімен дамытып отыру үшін көп уақыт керек.
1930 жылдары Ақжайықта Көшім жылқысының тұқымы пайда болды. Оған 46 жылдай уақыт жұмсалыпты. Көшім жылқысы ет пен сүттің малы боп есептеледі. Тағы бір мысал, 1928 жылы қазақтың баяғы жабы жылқысынан Мұқалжар тұқымын жасап шығару қолға алынды. Бұл да 1998 жылы ғана бекітілді. Алпыс жылдан кейін! Мұны көп адамдарға тәптіштеп түсіндіру өте қиын. Жұрттың бәрі: «жаңа тұқым неге тез шыға салмайды?» — деп ойлайды. Ол түске дейін басып жатып, түстен кейін жарып шығара салатын тауықтың балапаны емес қой. Тіпті, бидай емес, екі-үш жыл еккеннен кейін, жаңа бір сорт шығара салатын. Жылқының өзі күрделі жануар. Мәселен, бес жылда толық өсіп-жетілген жылқыны бесті деп атайды. Оған дейін құлын, тай, дөнен деген сияқты… Бұларды қайта шағылыстырғанша, шамамен он жыл уақытың кетеді, яки бір-ақ ұрпақ ауысады.

— Айтуыңызға қарағанда, толыққанды тұқымның өмірге келуіне әлі бірталай уақыт керек сияқты…
— Оныңыз рас. Өзіңіз қараңыз: біз 2003 араб айғырларын сатып алдық. Екі жылдан кейін тағы ағылшын айғырлары әкелінді. Сонда, тек қана төрт-бес жылдай уақыт асыл тұқымды айғыр әкелуге кетті, содан құлындар туды. Әлгілерді Қостанай биелеріне салдық. Осы үшеуінен туған төлдердің бір бұтағы Арабы-Қостанай боп кетті, екінші бұтағынан Англо-Қостанай шықты, үшіншісі – «нағашыларына», яғни, Қостанай жылқысына тартып туды. Бұлар есейген соң бір-біріне қосып барып, үш тұқымның қанын біріктірдік. Бастапқы мақсаттың өзі сол болатын.
Ағылшын жылқысы не үшін қажет? Айтайын. Олар өте жылдам, жүйрік, қысқа қашықтықта кез келгеннің адымын аштырмайды. Сондықтан оның тегінің белгілерін алып қалу керек болды. Ал Араб жылқысының сүйегі мықты, сосын шыдамды. Алыс қашықтықтарға араб жылқысы ғана төзе алады.
Қостанай жылқысы жүздеген жылдардан бері осы жердің ыстық-суығына көнген жануар. Әлбетте, жылқы малы жаратылысынан өте жершіл болып келеді. Әйтпесе, мейлі қай жақтан, қайсы бір асылтұқымды ат әкелсең де, ол үйреніспеген жеріне ешқашан тұрақтамайды. Оның үстіне Қостанай жылқысы тұрқы жағынан ағылшыннан кем емес. Бойы, сүйегі мығым. Қарап отырсаңыз, біздің аттар аламан бәйге сияқты алыс қашықтықтарға көсіле шаба алады, табиғаты соған бейім. Бірақ, жылдамдығы сәл жетіңкіремейді. Осы үшін араб пен ағылшын тұқымдарының бойындағы кейбір артықшылдықтарын қостық. Енді қараңыз, сонда англо-арабтың тұқымын алғанша алты жыл өтті. Одан соң төрт-бес жасқа келген бие мен айғырды бір-бірімен шағылыстырдық. Қазір екі-үш жыл болды, сол үш тұқымды бірігуінен туған жиырма шақты жылқымыз бар. Төзімділігі, жергілікті жерге бейімделуі жағынан бұлар Қостанай жылқысына келіп тұр. Бірақ, бойында кейбір элементтері әлі де жетімсіз. Мәселен, араб жылқылары құйрығын көкке шаншып алып шабады. Бұл мықтылықтың белгісі. Ағылшын аттарында зу етіп, көз ұшында ағып өтетін қасиет басым. Біз бұл процесті толық өткердік. Бірақ, бұлардың біреуі «нағашысына», біреуі ағылшын айғырына, екіншісі араб айғырына тартқан. Мұны «расшипление генов» деп атайды. Оны біріктіргенмен әлі толыққанды қалыптасқан жоқ. Зоотехника заңы бойынша өз айғырын өзіне салып, әбден бекіте түсуіміз қажет. Осыдан барып үш ұрпақ ауысқанда ғана «Қазақтың қазанаты» деген жаңа тұқым шығады. Біз әзірге соның үлгісін ғана жасадық. Зауыттарда көлік құрастырғанда алдымен пішінін жасап, құрастырып, содан кейін ғана сериялы даналарын шығармай ма? Бұл да сол сияқты. Біз де енді сөйте бастаймыз. Оның алдында жылқыны әбден зерттейміз. Ипподромға апарып, жүгіртіп көреміз. Егер көңілімізден шықпаса, оны алып тастап, басқасын қосамыз. Сөйтіп сұрыптаймыз. Бұған шамамен әлі он бес-жиырма жыл керек. Онсыз ештеңе де өнбейді. Дегенмен, ең қиын сатысынан өттік.

«Халық құндылығы ешқашан тозбайды, бірақ…»

Kostanai zhylkysy— Сіз үлкен ғалымсыз. Сөйте жүріп кезінде журналистика ауылына да ат шалдырғаныңыз есте. Өмірбаяныңызды қарап отырсам, бірқатар мекемелерге жетекшілік етіпсіз. Бір адамға бір мезетте осынша қызметті алып жүру оңай еместігі белгілі. Сұрайын дегенім, жалпы осы, ғалымдықтан шаршаған жоқсыз ба?
— (күліп) Шаршадым деп айтуға болмайтын шығар. Кей кезде шынымен шаршаған сияқты боласың. Неге десеңіз, сенің істеп жатқан жұмысыңды, бұрынғы ғалымдардың еткен еңбектерін түсінбейтіндер көбейді, қазір. Екіншіден, ғалымдардың беделі түсіп кетті. Бұрын қалай еді? Ғалым адам өте биік тұлға болатын. «Бәленше деген ғалым келіпті, соның лекциясын тыңдайықшы»,- деген сияқты қызығушылықтар туындайтын.
Кейінгі жылдары «Құндылықтардың құлдырауы» деген тәрізді үлкен мақалалар көп шығып жүр ғой. Дұрыс жазылған. Шындығында да құндылықтарды өзіміз емес пе, бағалай алмай жүрген?! Сол құлдыраудың бірі — кейін шыққан жалған ғалымдар. Оларда «осыны аяғына дейін апарайын» деген белгілі бір мақсат жоқ. Қазір жүйенің өзі тозып кетті. Кім көрінген табан астында атақ ала қояды. Бұрынғы студенттік шақтағыдай білім беретіндей жүйе құрдымға кеткен. Бізге оқып жүрген қаншама магистр, доктаранттар келеді, сұрасаң түк білмейді. Оларда базалық білімнің өзі жоқ. Өзінін түйген ештеңесі болмаған соң, интернеттен дайын дүниені көшіріп ала қояды да «жұмыс істеп жатырмыз» деп ойлайды. Зоотехниктер де, мал дәрігерлері де солар сияқты. Тіпті, кейде не оқытып, не қоятыныңды білмей қаласың. Осыған қарның ашады. Міне, сондай кезде, «осы біздің істеп жүргендеріміз мемлекетке керек пе өзі?» деп қынжыласың. Бір жағынан, аттың жалын тартып, қайта мінгенде: «Ата-бабаларымыздан келе жатқан жылқының шаруасын біз алға жылжытпағанда, кім жылжытады?» деп ойлайсың. Бәлкім, бүгін керек болмай жатқан шығар, бірақ, міндетті түрде ертең керек болады. Оған сенімім кәміл. Халық құндылығы ешқашан тозбақ емес, түбінде қайта шығады. Сол кезде босқа қарманып жүрмейік.

— Ойдан ой туындайды, Сіздер де 60-қа келдіңіздер. Болашақта қазақ жылқысының жоғын жоқтайтын адам таппай қаламыз ба деген қорқыныш жоқ па, бойыңызда? Өйткені, қазіргі жастардың дені портфель ұстағысы келеді…
— Мағжан Жұмабаев кезінде: «Мен жастарға сенемін!» демеп пе еді. Ол кезде де осындай күмәнді ой көп болғанға ұқсайды. Әрине, жігерлі жастар бар, бірақ аз. Олар ғалым болмағанмен, үлкен орталардан аулақ, ат жүгірткен жерде жүреді. Жастайынан жылқымен бірге өсіп, біте қайнасқан балалардың арасынан әйтеуір біреуі шығуы тиіс. Қазіргі жастардың шаңның ортасында ат ойнатып, көкпар тартып жүргенін көргенде әлгіндей қорқыныш сәлде болса сейіледі. Олардың арасында мықты жастар бар.

— Дегенмен, соның бәрі ғалым боп кетеді деген сөз емес қой, бұл. Бір уақ атқа мініп, сейіл құру біреулер үшін таза хобби болуы мүмкін. Ал өсе келе басқа мамандықты қалауы кәдік. Негізі осы саланы қуатын жастар бар ма, қазір?
— Әрине, біздің заманымыздағыдай соңымыздан ерген «кереметтер» жоқ шығар. Алайда, осы жердің өзінде де жылқы тарихына қызығатын жастарды көріп жүрмін, өз басым. Оларды әкелері өздері ертіп әкеледі. Мәселен, мына тұрған Камен-Оралда Өскелең деген жігіт бар. Оның өзі де жылқы ұстап, қымыз өндіреді. Сол жігіт ұлын мектепте оқып жүрген кезінен бастап осында ара-кәдік әкеледі. Қазір азамат болды ол да. «Мына бала жылқыға қатты қызығады, жылқының арасында жүреді», — дейді бірде екеуара әңгіме арасында. Сонда байқағаным, әлгі бала: «Әке, мынау қалай деп аталады, мынау не?» — деген сияқты сұрақты жиі қояды екен. Жылқының түрі жетеді. Ал қазір торы мен күреңнен басқа жылқының түсін айыра алмайтындар көп. Өскелең бала сұрағына мардымды жауап бере алмайды, өйткені өзі де орысша тәрбие алған адам.
Мен өзім жасаған сөздіктерді бердім. Арасында бес тілде жасалған сөздік бар-тұғын.
Міне, сол баланың көзі жанып тұр. Оның бар ойы — жылқы өсіріп, баю емес, ғылым жағына әуестеу ме деп қалдым. Сіздердің әріптестеріңіз — Қыдырбек те баласын ертіп, бірнеше рет келіп кетті. «Ұлым жылқыға қатты қызығады, бірдеңе жазып жүр», — дейді. Өзің жазып беретін шығарсың десем, қаршадай баланың өзі ізденіп жүргенін айтады. Осындай мысалдар жеткілікті. Жақын маңдағы мектептің оқушылары келеді. Олар қазақ жылқысының, зауыттың тарихын көтереді, архивтерді аралайды. Алдағы уақытта солардың арасынан ғалымдар шығуы мүмкін.

«Студенттікке кандидаттықтан» басталған жол

— Өзіңіздің ғылым саласын таңдауыңызға не түрткі болды?
— Мен Алматы облысындағы Жамбыл ауданына қарасты «Дегерес» жылқы зауытында тудым. Ол кезде «Дегерес» Мәскеуге қарайтын аты-шулы жылқы зауыты болатын. Төрт-бес жасымызға дейін сол жерде тұрдық. Қысқасы, ат тұяғының дүбірін естіп өстік бала жастан. Содан бойымызға көп нәрсе сіңді. Кейін мектепті бітірген соң, зоотехникалық, мал дәрігерлік институтқа түстік. Онда да осы жылқы саласына қарай мойын бұра бастадық. Ғылыми жол осылай өріс алды.
Екіншіден, ол кезде жоғарғы оқу орнына әркімнің қолы жете бермейді. Шындығын айтқанда, бәрі «блатпен» түседі. Қайта қазір оқуға түсу оңайырақ шығар. Қысқасы, нашар оқитындардың бәрі студент болып алды. Ал интститутқа тусуге менің жарты-ақ балым жетпей қалды. Бәрін жап-жақсы тапсырған сияқты едім…
Жарты балы жетпей қалған отыз шақты баланы бөлек тізімге қосыпты. «Келіңіздер, собеседование жасаймыз», — деді. Ол кезде жарты балың жетпесе «кандидат в студенты» деген термин болатын. Мені соған жазыпты. Қызығы сол, осы бүгінгі шаруамды ғылым кандидаты емес, «студенттікке кандидат» кезімнен бастағанмын ғой (күліп). Сонымен не керек, мұғалімдер студенттердің бәрінен сабақ сұрайды, біз ол санатқа жатпаймыз. Әгәрәки, олар білмесе, кезек біздікі. Біз оқуға түсу үшін барлық сұрақтарға дайындалып, тас-түйін боп барамыз. Сосын: «ал білсеңдер сендер айтыңдаршы», — десе бітті, тақылдатып айтып береміз. Ұстаздарымыз: «Әй, сендер неге білмейсіңдер, мыналар біліп отыр, әнеки. Осы жігіттер түсу керек еді», — деп қояды. Бір студент оқудан шығып кетіп еді, соның орнына кіргізді. Сөйтіп, бағамның бәрі «бес» болғаннан соң, бірінші семестрге жетпей, ең бірінші мені оқуға қабылдады. Институтта петропавлдық Ораз Мұстафин деген кісі декан болатын, сол кісі: «Осындай үрдіс біздің кезімізде де болды», — дейді. Өзі бізден бір жиырма жас үлкен. Ол да оқуға мен сияқты «кандидаты в студенты» болып түсіпті. Кейін ғылым докторы атанды. Үлкен ғалым адам. «Так что, балам, сен әлі талай жерге барасың!» деп батасын беріп еді, жарықтық. Әуелден «бес» алып үйренген адам төрт жыл бойы бір «төрт» алмай, ақыры аспирантураға берген жалғыз жолдама 250 адамның ішінде маған бұйырғанын қарашы.. Содан ғылым жолына түстік.
Мен өз жұмысымды Бетпақдаладан бастағанымды үнемі айтып жүремін. И.Нечаев бастаған үлкен-үлкен академиктерден көп нәрсе үйрендік. Жылқышылардың соңынан бір елі қалмаймыз. Ол кезде жылқышы біткен далада, шағын вагондарда тұрады. Түнде жылқының күзетіне шығамыз, таңбалаймыз. Атқа мінеміз, шабамыз, қысқасы жылқышының міндетін атқарамыз. Әлбетте, жылқышымен бірге болмасаң, оның көргенін көрмесең, ғылымды терең меңгере алмайсың.

— Сіздің әңгіменіңізден білім, ілім қуудың бұралаңы көп болғанын аңғару қиын емес. Бұған екінің бірі шыдай бермейтіні тағы бар. Жылқы табиғатын терең түсіну, оны зерттеу жас ғалымға ауыр соққан жоқ па?
-Әрине, алғашқыда қиын болды. Дегенмен, жас кезіңде одан да қиынға төтеп беруге тура келеді. Мен аспирантураға түскен жылы Шу ауданына іссапарға бардым. Ақадыр стансасынан совхоз орталығына жету үшін күніне бір рет қатынайтын автобусты тосуың керек. Сонымен тоқсан шақырым жердегі совхоздың орталығына грейдер жолмен барамыз. Одан бөлімшеге тартасың. Сөйтіп, Мойынқұм жаққа қарай, тағы жетпіс шақырым жүреміз. Бұл жолы кез келген көлікті тоқтатып, қорабының үстіне мініп баруға тура келеді. Діттеген жеріңе бір жетіп алған соң, кері қайтқанда біреулерге ілесіп келесің. Осылайша менің 45-46 күн іссапарда болған кезім болды. Қазіргілер дайын тұрған жуас жылқыны өлшеп кету былай тұрсын, бізге келіп, кетуге ерінеді. Сонысымен қоймай ғылыми жұмысты керемет жасадым деп есептейді.
Баяғыда мыңдаған жылқылардың ішінен құлын-тайларды бөліп алып, өлшейтінбіз. Негізі, құлындарда таңба болмайды. Сондықтан, ауысып кетпес үшін бойының қаншалықты өскендігін біліп отыру үшін құлын кезінде мойнына жіп байлаймын да өзім басқа жаққа іссапарға кетемін. Осындай күндердің бірінде жылқышы қоңыраулатады: «Мына жақта құлындардың бәрі өлетін болды. Сен келмегеннен кейін мойындағысын шешпей жүрмін. Тезірек кел». Мен безек қағып жетіп бармаймын ба. Сөйтсем, баяғы құлындар толыса түскен де, байлап кеткен жіп мойындарын қиып жіберген ғой. Онысы жара боп кетіпті. Осындай қызықтар болған. Өзімізше тосыннан ойлап тапқан тәсілдердеріміз. Кейін құлындардың мойынына резеңке байлап қоятынды шығардық.
Жалпы, күнде жалынан сипап жүрген қорада тұрған мал емес, даланың жылқылары шу асау келеді. Оны жылқышыларға жалынып жүріп, құрықпен ұстатуың керек. Ол үшін жылқышылардың тілін таба білгенің жөн. Бұл да жас маманға өзінше қиындық туғызады.

«Жылқыны союға үш жылға мораторий жариялау керек»

— Нәбидолла Ақанұлы, елімізде жылқы шаруашылығына мемлекет тарапынан нақты көңіл бөлініп жүр ме?
— Олай деп айта алмас едім. Бізде министр ауысқан сайын көзқарас ауысады. Субьективті пікірлер көп. Мәселен, үш жылдық жоспар деген бар. Соған сәйкес келген министр алдымен өз жоспарларын түзеді. Қазір қара малды мейлінше көбейтіп, жылына 60 млн. тонна етті Ресейге сатуымыз керек деген жоспарды қойды, басқаға бас ауыртпайды. «Сыйлы қонақ келгенде қазы-қарта қоясың, сиырды неге соймайсың?» деп мұны талай рет айттым. Көлемді мақала етіп жазып, газет-журналдарға да шығардым. Қараңыз: мейрамхана толы қазы-қарта, ал оған ақша бөлгісі келмейді. Немесе, кезекті мақаламды жоғары жақтағылардың көзіне түссін деп «Соғым жейтін ауыз көп, сөзін сөйлер бірің жоқ» деген эпиграфтан бастаймын, әдейі. Әшейінде бұл туралы біреуі жақ ашпайды, ал соғым кезінде бәрі шапқылайды.
Бірде «Қазақ тұлпарына» республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов келді. Түскі астың үстінде әңгімелесіп отырғанда ол кісі: «Осы жылқыны көбейту үшін не істеуіміз керек?» — деп сауал тастады. Мен қонақтың жауабын кідірткенім жоқ. «Жылқыны көбейту үшін, бет алды соя бермей үш жылға мораторий жариялау керек. Қазір жұрттың бәрі жылқының ұрғашысын сояды. Егер үш жылға мараторий жарияласақ, онда Қамбар ата түлігі Қазақстанда бой бермей өседі. Дүкендерде еттің бәрі арзан, самсап тұрар еді. Халық үшін қолжетімді болады. Үш жылда тек биесін ғана көбейтсек, содан кейін өсімінің өзі бізге былай жетеді», — деймін мен. Сөйтсем, Саукең юморы бар адам ғой: «Сол мораторийің бүгін менен басталып кеткен жоқ па?» — деп күлді. Сыйлы қонаққа қазы-қарта, жал-жая тарта алмағанымызды меңзесе керек. Тек, жылқы ғана емес, кез келген түлікті көбейту үшін шыдамдылық керек. Бұл менің сөзім емес, күтімінде екі мыңнан астам жылқысы бар кәнігі шаруа айтады. Үш жылда өз төлінен өсіре алсақ, содан кейін оңды-солды жұмсауға, бәріне жетеді. Кемінде екі есе көбейеді.

«Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар…»

— Нәбидолла Ақанұлы, енді әлгіндегі әңгімемізге қайта оралайықшы. Мемлекет жылқы шаруашылығын дамытуға неге қасаң көзқараспен қарайды?
— Бұл жерде, біріншіден, адами фактор тұр. Олар жылқы шаруашылығын өзінен-өзі дамитын сала деп есептейді. Сондағы ойы: далада жүрген жылқыға ештеңе қажет емес, өз тамағын өзі тауып жейді деген жаңсақ пікір. Өсіріп жатқан адамдар бар, олар пайдасын біледі деп ойлайды. Мұны бір деңіз.
Сосын, жылқыны байлар ғана ұстап отыр дегенге мүлде келіспеймін, олар шабатын жүйріктерді ғана баптайды. Әйтпесе, бес-он жылдың ішінде мал біткен далаға сыймай кетер еді. Атқұмар байшыкештер небір тұлпарды өсіреді, бәйгеге салады, өлтіреді, құртады. Сонда түлік өзімен-өзі қалай өседі? Министрлердің өздері де жылқы ұстайды. Араласатын адамдары да басқа, бай шетінен. Олар хобби үшін ұстайды. Ал оның етін, басқасын есептеп отырған жоқ. Бұл елге керек нәрсе. Ана бір жылдары Астанада өткен жиналыста мен мұны биік мінберде, министр А.Мамытбековтың көзінше айттым: «Жылқыны көбейту үшін алдымен ірі қара малымен бірдей дотация беру керек. Сонда базардағы ет арзандайды. Қазір ең қымбаты жылқының еті. Қымыздың бағасы да олқы емес, бір литрі 500 теңгеден кем түспейді. Көп адамдар ішкісі келеді, бірақ қалтасы көтермейді. Мұны кабинеттертерде отырған әлдекімдер шемішке шағып отырып, есептей салған! Үкіметтің жылқы шаруашылығын дамытуға деген салғырт көзқарасы осыдан кеп туындап отыр. Кейбір экономистер мұны былайша есептейді екен: «Мәселен, далада мың жылқы жайылып жүр дейік. Оны үш-төрт-ақ адам бағады. Тебінде жүрген түлік аса күтімді қажетсінбейді, өз төлінен көбейіп жатыр. Сондықтан оған қыруар қаржының қажеті жоқ». Мәссаған! Сонда базарда неғып ет қымбат?! Көрдіңіз бе, әлгі экономистер далада жүрген байлардың ғана жылқысын есепке алып отыр, ал малдың 80 проценті халықтың қолында тұрған жоқ па. Жалғыз биеге қарап отырған жан, одан туған тайды келесі жылы қалай арзанға сатады? Сатпайды ол. Сойса да қымбатқа өткізгісі келеді. Өйткені, қорадағы малдың күтімі бір бөлек, ол адамның отбасы бар емес пе?! Жылқының қымбатқа түсетіні сондықтан. Осындай нәрселерді түсіндіру қиын.
Министрліктегілер қазір бізге бірінші кезекте нан керек, жейтін тамақ керек, халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз етіп алу қажет дейді. Біз о бастан ауылшаруашылық министрілігінің қарауындағы мекемеміз. Олар үшін ат спорты бірінші кезектегі нәрсе емес. Сондықтан, болмашы ақша ғана бөлінеді. Мен қағазымды көтеріп ауылшаруашылық министрлігіне де талай бардым: Мені «спортсың» деп қуып жіберді. «Біз спорт жылқысын өсіріп жатыр екенбіз, ендеше неғып көмектеспейсіздер?» — деймін ондағыларға. Ал спорттағылар маған: «Сенің өсіріп отырғаның жылқы, ал жылқы — мал шаруашылығына жатпай ма? Біздің салаға еш қатысыңыз жоқ». Бітті! Бір-біріне сілтейді. Сөйтіп, әлі күнге екеуінің ортасында сыймай жүрміз. Апырым-ай, жылқы түлігін өсіру — өнер десең өнер, ғылым десең ғылым ғой, тұнып тұрған. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» дегеннің кері боп тұр, қысқасы.

— Сонда Үкіметтен ешбір қайран болмай тұр ма?
— Қазір жоқ. Екі жылдан бері өз күндеріңді өздерің көріңдер деп «жүгенімізді сыпырып» қоя берді. Алайда, солай екен деп қарап отыруға тағы болмайды, өзім ғалым болғаннан кейін ана бір жылдары, құр айғыр мен биенің ортасында жүре бермейікші деп ғылыми саланы өркендеткенбіз. Бертін келе кәсіпорында айғырдың ұрығын алатын биотехнологиялық орталық аштық. Жылқының тектілігін зерттейтін мұндай ең үлкен генетикалық лабаратория бүкіл Қазақстан бойынша бізде ғана бар. Міне, осы арқылы біз ғылыммен тереңдетіп айналысамыз.
Атауы «Қостанай жылқы зауыты» деп аталғанмен, біз ғылыми мекемеміз. Яғни, үлкен ғылыми институттармен таласып-тармасып жүріп, гранттар ұтамыз. Онымен тек ғалымдар жұмыс істеуі керек. Ал біз сол ақшаны жырып, жылқының күтіміне жұмсаймыз. Сондықтан, бір-екі үш ғалымға ғана жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бір жақсысы, өзіміздің жеріміз бар, шөбіміз бар, уақытында шауып аламыз.
Қостанай жылқысын өстіп ұстап отырған жайымыз бар. Ғылыми жұмыстарды да жалғастыра береміз. Бәлкім, алдағы уақытта жағдайымыз жақсарар. Қайткенде де, кеудесінде күдіктен гөрі үміті басым халықтың ұрпағы емеспіз бе.

«Шәкірттерімнің арасында олқысы жоқ»

— Қазір ел ішінде болсын, немесе сырт мемлекеттерден Қостанай жылқысына деген қаншалықты сұраныс бар?
— Бар. Қызығушылық өте үлкен. Сенсеңіз, қазір бізде сататын мал қалған жоқ. Күздің күні құлынды енесінен бөлгеннен кейін сата бастаймыз. Өйткені, оның бәрін ұстап тұру қиын. Мәселен, бір малды жыл бойы ұстап тұру үшін, оған кемінде 150-200 мың теңге қажет. Бұрын тай күнінен бастап баптайтынбыз, ипподрормға шығарып жүгіртетінбіз. Үкімет субсидия бермегеннен соң, оған жағдайымыз келмей қалды.
Ал енді сатқан жылқыларымызды сыртынан бақылап жүреміз. Көріп жүреміз, бізден шыққан жүйріктер көптеген бәйгелердің жүлдесін ұтып алып жүр. Құдайға шүкір, қай жерде болмасын, Қостанай жылқылары әлі бәйгелердің алдын ешкімге бермей келе жатыр. Біз осыған қуанамыз. Сондықтан біздің жылқыларға сұраныс бар.
Әрине, ең таңдаулы жылқыларды кәсіпорында қалдырамыз. Сосын содан ұрпақ өрбітеміз. Былайша айтқанда, ашытқысы өзімізде қалады. Қазақ қымыздың қорын сақтап отырады ғой, сол сияқты. Одан айрылмауымыз керек.

— «Кәсібім-нәсібім» деген тәмсіл бар ел ауызында, саланың «майын ішкен» маманы ретінде ғылымға әбден бой үйреттіңіз. Дегенмен, әр нәрсенің бір кемшін тұсы болмай ма? Сіз үшін ғылыми жұмыстың қиындықтары неде?
-Ғылым саласы қызыққан адамға қиын емес. Мен кейде кәсіпорын директоры емес, таза ғалым ретінде жұмыс істегім келеді. Ұзақты күн көз майымды тауысып, қағаздарымды қопарып отыра аламын. Менің мұрағатымда материалдар жеткілікті. Газетке жылқы туралы бір мақала шықса, соны қиып сақтап қоямын. Бірақ, онымен түбегейлі айналысуға қазір қол тие бермейді. Кейін зейнеткерлікке шыққанда кітап етіп шығармақпын. Осы есептен алғанда қиын деп айту әбестік болар еді. Оның үстінде қазір техника дамыған заман. Бұрын «крахмальный гель» деген болатын, малдың ДНК-сын айыру үшін пайдаланатынбыз. Электрофарез арқылы атқарылады. Ол қиын. Бүгінде ДНК-ны автоматты түрде анықтайтын заманауи құрылғылар шықты. Кір жуғыш машина сияқты, бұрынғылар қолымен ысқылап отырса, қазір бір жағына ұнтағын салып қойып, өзі телевизорын көріп отыра береді.
Сондықтан, қазіргі ғалымдарға өте оңай. Біз осы жерде ғылыми жұмыстармен он шақты жыл айналыстық. Алты-жеті маман өздерінің кандидаттығын қорғады. Соның бірі Индира Бейішова деген шәкіртім. Ол қазір мықты ғалым. Осыдан бірер жыл бұрын А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ құны жүздеген млн. теңге тұратын қондырғы сатып алды. Өте қымбат. ТМД-да бір-екі-ақ жерде бар. Бірақ, болашақта оның тілін білетін ғалымдар керек. Сол үшін жастарды баулу қажет. Сейілхан Рахманов деген маман жұмыс істеді. Ол да осы арадан докторлығын қорғап шықты. Қазір Алматының генетигі деп есептеледі. Негізі, бұл ең қиын сала.
Жалпы, менің шәкірттерімнің арасында олқысы жоқ. Өйткені, өз білгенімді соларға беруге тырыстым. Ғалым адам ешқашан өтірік жазбау керек. Мынадай бір оқиға айтайын: мен ең бірінші ғылыммен айналысып жүргенде Матвей Борисов деген ақсақал болды. Ол Қазақтың ғылыми-зерттеу технологиялық қой шаруашылығы институтында жылқы бөлімшесінің меңгерушісі еді. Бір күні сол кісі маған: «Сен бұдан былай менің қарсы алдымда отырасың», — деді. Мен аң-таңмын. Мүмкін институтта оқып жүргенде алған бағаларыма қызыққан шығар… Содан не керек, ертеңіне қарындаш пен блокнот әкелуді тапсырды. Ұстазымның айтқанын орындадым. — Енді қарындашты төртке бөліп, әр қайсысын жеке-жеке ұшта, — деп бұйырды, — Сосын барлық қалтаңа салып қой. Есіңде болсын, ғалым адам үнемі ой үстінде жүреді. Сондайда осы қарындаштарың саған көмекке келеді. Бүгін радио тыңдадың ба? Күн райы қалай екен? Желдің жылдамдығы, ауаның ылғалдылығы қандай? Күнде осыларды қойын дептеріңе жазып отыруға тиіссің. Мұның сен үшін керегі зор…
Біздер, міне, осындай кісілерден тәлім алдық. Соны өз шәкірттеріме үйретемін.

«Үстірт жазылған дүние бәрібір шикі боп шығады»

— Кезінде «Маңмаңгер» атты журнал шығардыңыздар. Соның қазіргі тағдыры нешік?
— Иә, біз «Маңмаңгер» журналын 1998-2001 жылдары аралығында шығардық. Ол еліміздің экономикалық жағдайындағы ең бір күрделі кезеңдер еді ғой…
Мына жұмыспен айналысқалы оны доғардық. Қазір елімізде сол тақылеттес журналдар көбейді. Жылқы туралы жазып жүрген журналистер де бар. Бірақ, соның бірде біреуі жазарға тақырып таппайды. Керісінше, біздің жариялаған мақалаларымыз бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Біздікі — саланы өлтіріп алмаудың амалы. Бұрынғылардан келе жатқан жылқыны өсіру тәсілдері немесе жылқыны қазақша емдеу әдістері тәрізді құндылықтарды көтердік. Бас редактор ретінде журналға қойған талабым о баста осы болатын. Менің пайымымда бүгін оқыған нәрсе ертең ескірмеуі керек. Қазір міне, одан бері он жылдан асып кетті, аламын да ақтарамын. Әр мақаланың өміршеңдігі осында жатса керек. Қайта баспа жүзін көрсе, жұрт іздеп жүріп оқуға тұратын ондай дүниелер көп. Кейде сол мақалаларыма «құда түсіп» қоятындар бар.
Ол кезде әр мақалаға өзім жүретін едім, фотоаппаратымды асынып. Ат жарыстарына барып, сырт-сырт еткізіп суретке түсіріп, атбегілерден сұхбат аламын. Сосын тілшілердің материалдарын шетінен өзім редакциялаймын. Қазіргі журналистер жазса, сенің айтқан пікіріңді бұрып әкетеді. Негізі, Шәмшінің айтатыны бар ғой: «Тезектің иісін иіскемесең, ауыл туралы керемет ән жаза алмайсың» деп, сол айтпақшы, мәселені түбіне дейін қазып жазу үшін саланы терең білуің керек. Үстіріт жазылған дүние бәрібір шикі боп шығады.

— Нәбидолла Ақанұлы, балаларыңыздың арасында Сіздің жолыңызды қуғандар бар ма? Жалпы, оларды ат спортына баулисыз ба?
— Жұмысыңның қиындығын көріп өскен бала, сенің ізіңді баспайды. Олар өздері таңдаған бағытпен жүргісі келеді. Бірақ, ертең үлкейгенде ғылым докторы атанып, суреттерің газеттерде басылып жатқанын, кеудеңдегі сан алуан орден-медальдеріңді көрсе, немереңнің бойында «мен де осындай болсам ғой» деген қызығушылықтар оянуы мүмкін. Түбі сенің ізіңді басатындар солардың арасынан шығады. Орыс халқы: «На детях гены отдыхают» дейді. Бәрі тәрбиеге байланысты. Біз жастау, жұмысбастылау кезімізде балаға көп көңіл бөлмедік. Кейін өз балаңа бермеген сол тәрбиені немереңе бересің. Білгеніңді үйретесің.
Әйтпесе, біздің балалардың бәрі атқа мініп өсті ғой, бірақ ғалым болғысы келмейді.
— Әңгімеңізге көп рахмет! Ел үшін еткен еңбектеріңіз еселене берсін!

Сұқбаттасқан Айбек Кәдірұлы, Қостанай қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.