Мүде ханның Шұбары

4312

…Мүде Саян батырдың мыңдығында ат үстінде семсерлесу жаттығуын жасап жүрген. Бір кісіге бірнешеуінің жабылу кезегі болатын. Мүде әдеттегідей маңайын түгел шолып, әр сарбаздың қимылын бақылап тұрған.

Сарбаздар жаттығуда емес, нағыз майдан даласында жүргендей-ақ бар өнерін сала, құлшына қимылдап жүр. Әсіресе жүзбасыға жабылған мына бір үшеудің әрекеті тым ересен. Жүзбасы ерім-ақ екен, ат үстінде ұршықша үйіріліп, тұс-тұстан сілтеген қаруды денесіне дарытпай қағып тастайды. Бір кезде жүзбасы сарбазының шабуылына қанағаттанбады ма, әлде аруақтанып, жауынгерлік рухы көтерілді ме, қорғанысты ұмытып, өзі шабуылға шықты. Мүде жүзбасының мына қылығын ұнатпағанымен, оның ерлігіне, семсерлесу шеберлігіне қатты риза. Жүзбасы бетпе-бет келген сарбаздың шабуылын тез тойтарып тастады да, екінші сарбазға өзі ұмтылды. Анау төніп келген жүзбасының айбатынан жасқанып, қарсыласпай жылыса берді. Бұл жүзбасыны ызаландырған болуы керек, атын соның соңынан салды. Қарсыласпай қашқан қорқақтың қуып жетіп, жазасын бермек. Жүзбасының ниетін қашқан сарбаздың серіктері де бірден байқады. Сол-ақ екен олар тұс-тұстан жүзбасыға дүрсе қоя берді. Ашумен сақтықты естен шығарған жүзбасы қорғанысқа кеш көшті. Екі жағынан қапталдаса келіп қалған «қарсыласының» бірінің шабуылын тойтарғанмен екіншісіне үлгере алмады. Аңғырттықтың азабын тартып, аттан түсіп қалды. Бірақ қаруын қолдан түсірген жоқ. Жаяу «соғысуға» әзірлігін білдірді. Алайда сарбаздар шабуылын тоқтатып, жүзбасыларын қоршап тұра қалысты. Тәртіп бойынша қарсылас жеңілдім деп мойындап, қаруын төмен түсіргенше жеңген жақ шабуылды тоқтатпауы керек.

— Қорған!

Ащы да әмірлі дауыс жаттығуды доғарып, өзара әңгімеге көшкен үшеуді селт еткізді. Еріктен тыс «семсерлерін» шошаңдатып, дауыс шыққан жаққа жалт-жалт қарасты. Құйрық-жалы төгілген құла айғырын екілентіп, төніп келе жатқан Мүдені көрді. Өздерінің жаттығу тәртібін бұзып, ханзаданың қаһарына іліккенін енді ғана сезген үш сарбаз сол кінәларын жуғысы келгендей Мүдеге қарсы тап берді. Қорғану енді қолбасшының еншісіне айналды. Жеңілудің арты жаза екенін ұққан сарбаздар жандарын салып, тайсалмай табан тіресіп тұрып алды. Қарулы қолдардың қаймықпай сілтеген қаруын Мүде зорға-зорға қағып үлгеріп жүр. Уақыт озған сайын айқас жаттығулық мәнін жойып, өліспей беріспес егеске айналып бара жатты.

Мүде осылай қорғаныста тұра берсе, ұзамай денесіне соққы тигізерін білді. «Ретін тауып шабуылға шығу керек. Мыналардың қатарын сетінетпейінше болмайды» деп ойлады Мүде сарбаздар соққысынан жанталаса қорғанып жүріп. Сол сәт ол қарсы келіп қалған сарбаздың қаруын бар күшімен қағып жіберді де, өзіне бас салды. Қарсыласы бойын билеп түзелгенше, асқан шапшаңдықпен оны добалымен іштен түйіп өтті. Ауыр соққыға төтеп бере алмаған сарбаз аунап түсті. Мүде сол беті арт жағынан жетіп, қапталдаса берген екінші сарбазға тап бермек болып, құла айғырдың тізгінін бұра, жұлқи тартты. Бірақ тегеуірінді қолдың күшіне шыдамаған құла айғыр ағынын іркіп, қазығынан тік айнала алмай, мойны астына қайырылып, тоңқалаң асты. Ұшып кеткен Мүде шаңға бірер аунап барып түрегелді. Маңдайынан шып-шып шыққан қан көрінді.

Айқас тоқтап қалды.

Құла айғыр да тапырақтай орнынан тұрды. Сын сағатта сүрініп, сыр бергеніне кешірім сұрағандай жануар оқырана кісінеді. Дүр сілкініп, үстінің шаңын қақты.

Мүде сылти басып құла айғырдың қасына барды. Сұрланған өңінде қан-сөл жоқ. Танауы қусырылып, қос желбезегі жабылып, тыныс жолын бітеп тастаған тәрізді, ентіге дем алады. Екі көзі – торға түскен барыстың көзіндей қып-қызыл.

Не істеу керегін білмей қыбызық қаққан сарбаздар тақауға батпай, алыстан үрке қарайды.

Құла айғыр өз кінәсін сезгендей, иесінен рақым тілегендей, Мүдеге бір түрлі аянышты қарап, тағы оқыранды. Бірақ қатыгез иесі кешпеді. Мүде қолындағы добал көз ілеспес шапшаңдықпен күн көзіне шағылысып жарқ етті. Дыбыс шығаруға шамасы келмеген құла айғыр сүріне, етпеттей құлады. Ірі жануардың гүрс еткен ауыр денесімен бірге опырылған шекеден миы да жерге шашылып түсті.

Мүде шіміріккен жоқ. Ол осы арада тұңғыш рет мақсатты ісінің құрбандығы болған Ақбозды ойлады. Бірақ өкінбеді. Тек жабымен жан бағуға болғанмен, жау шабуға болмайтынына қынжылды.

Сол күні оның шатырға құр сүлдері ғана келді.

***

…Үйреншікті шатқалдың қолтығына сынақтың үшінші кезеңіне жиналған әскердің көзі Мүде мініп келген атлас түкті теңге шұбар айғырға қадалған. Күні кеше жанына жан жуытпай осқырынған тағы тарпаңның бүгін Мүденің астында кіременде малдай моп-момақан келе жатқанына таңдана бас шайқасады.

Ақбоз арғымақты оққа байлап, құла жабымен шаңға аунап қор болған Мүде жартастың қуысына еніп алып, шықпай қойған жолбарыстай шатырына барып жатып алған. Үйреншікті дәстүрін бұзып, жаттығуға да бармады. Ол тым ашулы еді.

Ханзаданың бұл жағдайын маңайындағылар жақсы түсінді. Бірақ көмектесуге дәрменсіз болатын. Бас сақшы орайы келген бір тұста хан қолында күніне мың ли жер алатын аттың – цяньлиманың бар екенін айтып, соны алдыруға адам жіберуіне кеңес берді. Мүденің шегір көзі шатынап, қара сұр өңі сұстанып шыға келді.

— Есіңде болсын, — деді ол құтырына ақырып. – Мүде ешкімнен ешқашан ештеңе сұрамайды. Сұрамақ та емес. Мүде өзінде жоқты өзгеден күшпен алады. Беруге тәуелді етеді. Ұқтың ба?!

«Әкеңнен де тартып аласың ба?» деген ой тұрды бас сақшының көмейінде. Бірақ айта алмады. Мұндайда бұққан жөн. Ол ұқтым дегенді түрімен де, шыбындаған аттай бас изеңдеткен қылығымен де бірдей танытып, шатырдан шегіншектей шығып кетті. Содан оралмады.

Атсыз хунну – қанатсыз құс. Қанатсыз құс – көрінгеннің ермегі. Атсыз хунну да солай. Қатпар-қалтарысы көп жан дүниесінің сона-а-ау түкпірінде көзін ашпай, әзірге қалғып жатқан аяулы мақсатын тербеткен Мүде еншіленуді емес, еншілеуді армандайды. Ол үшін қанат болар ат керек, қашқанда құтылу, қуғанда жету парыз. Әке қолындағы мың лилік ат бұл үшін – көктегі жұлдыз. Әзірге оған жетер жол жоқ, қысқа. Тойымсыз көңілдің жалақтауы мол, тояты жоқ. Мүде де осы сәт дәрменсіз еді.

Сол дәрменсіздіктен оны Хотен батыр құтқарды. Кіруге рұқсат сұрап келген батырды Мүде ашу үстінде шатырға кіргізбей қоя жаздады. Алайда райынан тез қайтты. Ойлап қараса, әкесінен он мың әскер алып, осы араға келіп жаттыққанынан бері бір жан өзінің шақыртуынсыз шатыр есігін аттамапты. Сол қалыптасқан дәстүрді бұзып, Хотен батыр бүгін шатырға кіруге рұқсат сұраса, сағынғаннан емес, кейінге қалдырмас іс болғаны да! Жабыдан жығылдым деп жабығып, тамаққа өкпелеген баладай томсырайып, томаға тұйық жатып алуым ханзада басыма, қолбасшылық атыма лайық па?! Ашу – алда, ақыл – артта. Арындап келген ашуға ерік бере берсем, аты шабан ақылдың ауыл қарасын көрмеуі де мүмкін-ау. Қой, сап-сап, сабырлық керек бұл істе.

Имене кірген Хотен табалдырықтан ұзамай, ханзадаға қол қусырып тағзым етті. Мүде жаңа байқады, Хотеннің денесінің алыптығы шатырға кіргенде ерекше байқалады екен. Еңселі шатыр еңкейген батырдың өзіне аласалық қылып тұрғандай. Мүде еріксіз сүйсінді.

— Сөйле, батыр! – Дауысы зілсіз, жарқын да жылы естілді.

— Тақсыр, тыныштығыңызды алып, ойыңызды бұзғаныма ұлы мейіріміңізден кешірім өтінемін. – Хотеннің зор дауысы ішкі толқуды танытқандай шатыр ішінде біртүрлі құмыға шықты.

— Мүденің алды – батырына кең. Байыз тап та, баяндай бер. Мен сені тыңдап отырмын, Хотен батыр!

— Тақсыр, бұрын айтуға батпай жүр едім. Әрі айтар реті де болмаған сияқты. Кеше жаман ат жалтаруға жарамай, жалп етіп құлап, қолбасшыны қор қылғанда, көптен көкейімді құрт болып тесіп жүрген сол ат көз алдыма тағы келді…

— Ат! – Мүденің даусы тосын да, қатқыл шықты. Түсі сұрланып, танау желбезегі қусырылып, шегір көздері ұшқын шаша бастады. – Ол не қылған ат?!

— Иә, тақсыр, ат. Ат болғанда Көк тәңірі, Жер-ана тек өзіңе арнап жаратқан ат. Ондай малды Көктің сүйікті ұлы сен ғана иеленуге тиіссің. – Хотеннің сабырлы түрі, салмақты үні аяқ астынан ашу шақырған ханзададан ықпағанын аңғартқандай еді. Бұл Мүдеге аз да болса бұрқырай көтерілген ашу дауылын басып, сабадан шықпай, сабыр сақтауына әсер етті. Жаны қалап жақында мыңбасы еткен жігіттен енді бірдеме десе көңілі біржола қалып қоятындай көрініп, оның алдын орады.

— Айтпағың цяньлима ма? – деп торыға сұрады.

— Жоқ, тақсыр. Цяньлима емес. Ол мықты ат болғанымен, жауға мінер жылқы емес қой.

— Айт онда! Қайда ол? Не қылған ат? – Мүде тез жадырады, даусы құмарлық таныта қуанышты шықты. Екі бетінің ұшы қызарып, жүзінде нұр ойнады…

… – Тақсыр, қарға байғұстың бір көзі боқта болса, бір көзі оқта болады ғой. Мен де жылқы ішінде көзін ашып, жылқы арасында өскен жылқышының баласымын. Жақсы, жаман жылқы малы менің назарымнан тыс қалмайды. Биылғы көктемде аңшылап барып, таудың аяқ жетпес биігіндегі бір жазықтан тағы жылқының үйірін көрдім.

Үйір тұнба бұлақтан су ішіп жатты. Қарауылда қалған шұбар айғыр «О, адамзат, мені көріп қал. Енді саған мендей жылқы тұқымын көру жоқ. Көк тәңрінің өзі жаратқан пырақпын» дегендей көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды. О, тақсыр, оны көруге көз керек. Менің доғал тілім долбарын домдағанмен, тәңірім тамаша етіп жаратқан мінсіз мүсінді жеткізе айтуға жарамайды.

— Ондай керемет болса, неге ұстап мінбедің? Сендей батырға да сенімді ат керек қой. – Ішкі қуанышты іркіп, сабырлық сабасына түскен Мүде мыңбасына сынай қарады.

— О, тақсыр, ондай жылқыны бізге мінуге тәңірім жазбаған. Тәңірі қаламағанға пендесі ұмтылса, ол көктің қаһарына ұшырамақ. Көктің сүйіктісі – артық жаратылған өзіңнің еншің – шұбар айғыр.

— Хотен батыр, сен ат танитын адамсың. Әлгі мақтаған шұбарың Ақбоздан қалай?

— Ақбоз… – Хотен аузын ашқан күйі іркіліп қалды. «Ақбозды Шұбармен салыстыруға бола ма?! Ақбоз – тұғыр, Шұбар – тұлпар емес пе, тұлпардан тұғыр озар ма шабылғанмен» деп ойлады атжанды хунну арманды пырағына ханзада сөзі кір тигізгендей кейіп. Бірақ ол ойын сыртқа шығара алмады. Ханзада үшін қанша мақтағанмен көрмеген шұбардан қылығы өткен Ақбоздың қадірі артық. Демек, асылдың асылдығы ашылғанша ауыз баққан жөн.

— Ақбоз – аяулы ат қой, тақсыр. Аспан жылқысының тұқымы. Бірақ Шұбар – тек Көктің сүйікті ұлына ғана арналып жаратылған жылқы. Арналғанның артықшылығы көп болатынын өзіңіз де білесіз ғой. Тақсыр, адам жіберіп, алдыртыңыз. Өкінішіңіз болмайды. Шұбар шын иесін күтіп жүр.

— Жарайды, Хотен батыр. Бағасын асырдың, мақтауын жеткіздің. Жедел аттан. Сарбаздарыңды түгел ерт. Тек есіңде болсын: алып келсең, Шұбар айтқаныңдай айтулы жылқы болса, онда саған теңгерерім жоқ, сол қанатым сенікі әрқашан. Жақсылығым өлшеусіз. Жоқ деп келсең, жазам сол, жыртқыштарға жем етем.

— Көк тәңірі, Жер-ана куә. Жаным кеудемде болса, Шұбарды шатырыңның алдына әкеп байлармын.

— Аттан!.. Жолың болсын!..

Хотен тағзым еткен күйі шегіншектеп шығып кетті. Ханзада дүдәмәл күйде қала берді.

Батыр айтқанында тұрды. Арада апта өткенде, Шұбарды шыңғыртып әкеп, Мүденің шатырының алдына байлады.

Мүде ат танитын. Шұбарды көргенде есі шығып кетті. Ханзадалық тәкаппар паңдығынан айырылып, баладай ұшып аттың қасына жетіп барды. Жақсы ат шығар дегенімен дәл мұндай болар-ау деген ойды Мүде тіпті түсінде де маңайлатқан емес. Хотен батыр Шұбарды аузының суы құрып мақтағанда «тұрымтай көрсе, қыран деп мақтайтын тобырдың топшы-бөспесі шығар» деп түсінген. Тек жылқышының баласы ғой, түйсігі алдамас, дәл Ақбоздай болмағанмен өздерінде бар жылқыдан тәуір болар деп жорамалдаған да, әкелуге рұқсат берген.

Ал мынаның аты жылқы болғанымен, заты басқа тәрізді. Екі көзі от шашып, жарқырап тұр. Делдиген танауының кеңдігі сондай, қанталап қызарған кеңсірігі шоқтай жанып, дем алған сайын төңірегіне алаулы жалын шашып тұрғандай. Шоқпардай кекіл Шұбарға ерекше сұсты айбар беріп, желмен желкілдей желбірейді. Терге шыланған түгі қытай жібегіндей жылтырап, күн сәулесімен ойнай шағылысып, жылт-жылт етеді. Шұбарлығы қандай! Көк түстес көгілдір атласқа жылтыр қоңыр теңгелерді сәндік үшін әдейі бір тәртіппен жапсыра берген секілді. Былай қарағанда Шұбардың басы ересен үлкен екен. Бірақ денесінің алыптығы сол үлкендікті елетпей, кәдуілгі қатардағы аттың басындай етіп көрсетеді. Жұдырық еркін сиып кететіндей үңірейген сағақ, қамыстың сүйрігіндей тік шаншылған қос құлақтың арасынан томпайып көрінген ауызомыртқа. Қабырғалары хан ордасының уығындай ірі де иінді.

Мүде Шұбардың алдына шықты. Омырауы толқын ұрған жартастай, ашық, кең жатыр. Алып кеудені қабырғадан үрке шалқая біткен шынтақты алдыңғы екі аяқ әрең көтеріп тұрғандай. Арасынан тонды кісі қысылып-қымтырылмай өте беретін. Салқы төс қайықтың толқын жарар тұмсығындай сүйір де шеңберлі. Ойынды ет домдап жапсырғандай бөлек-бөлек.

Мүде жалпақ тақтайдай етсіз жауырынды Шұбардың ер тимеген жұмыр жонымен тайғанақтаған көзін төңкерілген қазандай дөңгелек сауырға тіреді. Айналып артына барды. Аламайлы көтендікті жапқан құйрықтың қыл шашағы хас арудың қолаң шашындай төгіліп, жер сүзеді. Етті санның бұлтиған таңдығы енді-енді болмаса, тырс етіп жарылып кетердей тырсиып-ақ тұр. Кере қарыс шідерліктің сіңірі жуан. Ұршығы төмен, тірсегі маймақ, айта беретін бота тірсектің өзі.

Мүдені бір таңдандырғаны алдынан қарағанда осынау керсендей бөксенің көзге түспейтіні. Сол секілді арттан қарағанда жаңағы алқам-салқам алып омыраудың жасырын қалатыны еді. Шұбардың алды-артына кезек шығып қарап, көз суарған сайын мейірі қанып, рақат тапқан Мүденің ойын осы сәт «Шіркін, өзін мініп көрер ме еді» деген іңкәрлік биледі. Алайда үш-үштен екі жаққа бөлініп, шірене тартқан алты адамға ерік бермей еліріп тұрған тарпаңға мінем деушілік те арыстан қамалған торға кірудей қатерлі еді. Бірақ өлімнен қорқып, мінер атын біреуге үйреткізу сүйекке таңба ғой. Аттан қорыққан жігіт жігіт пе екен?! Тамырында хуннудың асау қаны бүлкілдеп ағып жатқанда – тарпаңың не, тағың не! Құмарлығы қорқынышын екі бүктеп қанжығаға байлаған дала ұлы еш толқусыз аласұрған Шұбардың жанына барды. Барды да шудаланған жалға жармасты. Ақбозға айтар үйреншікті «аппасын» әдеттегіден де қатқылдау айтқан Мүде көз ілеспес шапшаңдықпен Шұбардың арқасына қонды. Туа мұндайды көрмеген тағы жануар не шыңғырғанға, не осқырынғанға ұқсамайтын бір қорқынышты да қатерлі дыбыс шығарып, шорши атылды. Табандата тартқан алты адам дедектеп келіп, бір-біріне соғылды.

Шұбар аласұрып тулап жүр. Тұяқ асты тапталып қалудан қорыққан сарбаздар тұс-тұсқа бытырай қашты. Ирелеңдей бүктеліп, шорши секіріп, тебіне мөңкіп, аспанға ұшып кетердей шаншыла атылып, арқасына жабысқан пәледен құтыла алмаған шұбар айғыр бір кезде құба жонды бетке алып, жұлдыздай ақты. Бейне арқасын желмен сүртіп тазартпақ секілді. Ат басындағы алты арқан алты өрім шаштай сүзіліп, жел өтінде ойнап барады. Қос шеңгелін жалға қадаған Мүденің тақымы Шұбардың терісімен кірігіп кеткендей жабысып қалған.

Бас сақшы бастаған сақшылар Мүденің соңынан ұмтылды. Бірақ шұбардың шаңын да көре алмай, тырағайлап, айдалада қалды…

Міне, осының бәрін көрген сарбаздар мінбек түгілі қасына барудың өзі қауіпті көрінген тағы Шұбардың енді құлынынан қолда өскен малдай момақан күйде ханзада астында лыпып келе жатқанына қалай таңданбасын…

QoishyagaҚойшығара Салғараұлы,

«Мөде хан» повестінен ықшамдалып алынды,

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.