Жергілікті жылқы шаруашылығының мәселелері

4369

Қазіргі таңда елімізде етті-сүтті бағыттағы жылқы шаруашылығын дамыту мәселесі өте өзекті. Жылқы етінің дәмі тіл үйірер қазы-қартасы мен жал-жаясын айтпағанның өзінде, оның адам саулығына ұлан-асыр пайдасы бар екені әмбеге аян. Жылқы өсірудің жоғары тиімділігі, оның етінің диеталық құндылығы, әсіресе, жыл-он екі ай сұранысқа ие болуы – атакәсіптің жыл артқан сайын мән-маңызы арта түспесе, еш кемімегенінің айғағы. Жылқы өсіру үшін айтарлықтай қаражат көзі, еңбек ресурстары және арнайы дайындалатын құнарлы мал азығы аса қажет емес. Дейтұрғанмен, өнімді жылқы шаруашылығын шығын аз жұмсалатын сала ретінде де қарауға болмайды.

Жылқы шаруашылығын сөз еткенде «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз аз емес. Қазақстанда заманауи жылқы шаруашылығын дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбей отыр. Генетикалық ресурстары мен ауыл шаруашылығы малдарының түрлерін жою тенденцияларына тән, сондықтан малдардың сипаттамалары мен әлеуеттері белгісіз. Осыған орай белгілі экономикалық және климаттық жағдайға жақсы бейімделген жылқылардың жергілікті түрлерін, асыл тұқымды жылқылардың ішінде кеңінен таралған – қазақтың мұғалжар және көшім жылқыларын сақтап қалу, көбейту және оларды жетілдіру әдістерін дайындау мәселесі өткір күйінде қалып отыр.

Жылқының етті-сүтті тұқымы арасындағы саны бойынша ең көп таралғаны көшім тұқымы. Бұл жыл бойы жайылымды-тебінді бағылымға жақсы бейімделген, етті-сүтті өнімділігі жоғары тұқымның жақсартылған түрі. Жылқының көшім тұқымы тез жетілуімен, тұқымдылығымен және өсу тиімділігімен ерекшеленеді.

Ал мұғалжар тұқымы тұқымдылығымен, күй талғамайтындығымен ерекшеленеді. Салыстырмалы түрде жыл бойы жайылымдық-тебінді бағылудың қатаң жағдайларын жеңіл көтереді. Алыс жолдарға да төзімді. Сондай-ақ «жабы» түріндегі жылқылармен асыл тұқымды жұмыстағы негізгі селекциялық белгілер – ірілік (тірілей салмақ), сырт бітімінің ерекше жаратылысы, жыл бойғы жайылымда бағуға бейімділігі, тұқымдық сапасының жоғарылығы.

Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасы жылқының мұғалжар, көшім тұқымдарын жетілдіру мен өсіру бойынша нәтижелі жұмыстар атқаруда. Палатаның селекциялық-асылдандыру жұмысы ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейтуге және ауыл шаруашылығын интенсивті дамыту талаптарына жауап беретін тұқым түрлері мен жаңа өнімділігі жоғары зауыттық желілерді құруға бағытталған.

Республика бойынша жылқы басы жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. ҚР Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 2259,2 мың жылқы болса, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша олардың саны 2395 мыңды көрсетті.

2017 жылдың қорытындысы бойынша жылқы саны 135,8 мыңға немесе 6%-ға өскен. Тұқымды жылқы соңғы үш жыл ішінде 10 000 басқа артып, 2017 жылы олардың саны 172 625 басты құраған.

Еліміздегі жылқы шаруашылығы өнімдерінің өндірісі осы мақсатта қолданылатын тұқымдардың өнімділік деңгейімен анықталады. 2017 жылы бір бастың орта тәуліктік салмағы – 356 кг құрады, 100 аналық басқа шаққанда мал өсімі соңғы үш жылда 68-ден 74 басқа дейін өсті. Республика бойынша жылқы етінің сатылымы 2015 жылмен салыстырғанда 14%-ға артқан.

Жергілікті жылқы тұқымдарының өнімділік қасиеттерін жетілдіру үшін өнімділігі жоғары тұқымдардың әлеуеттерін ұтымды пайдалануымыз қажет. Бұл орайда басты назар тұқымды жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтарға ауады. 2017 жылғы мәлімет бойынша шаруашылық нысандары бойынша мал басының ең көбі ЖҚШ (жеке қосалқы шаруашылықта) – 50%, ШҚ (шаруа қожалықтарында) – 43,86%, ал АШК (ауыл шаруашылығы кооперативтерінде) – 6%.

Барлық деңгейде осы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары аналық тұқымдастар, ұяшықтар мен желілер бойынша мал өсіру әдісін қолдана отырып, жылқыдағы пайдалы тұқым қуалаушылықты дамыту мен нығайтуды қамтамасыз ететін мәдени-табынды бағу әдістерінің элементтерін енгізумен қатар жас жануарларды өсіріп, таңдап және іріктеу жүргізулері тиіс.

Алайда мемлекет тарапынан өнімді бағыттағы жылқы шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды аналық басты ұстауға (бағуға), селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізу үшін де демеу қаржы берілмейді. Сол себепті асыл тұқымды жылқыларды өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары селекциялық-асылдандыру жұмыстарын өте баяу жүргізуде.

Сол себепті ауыл шаруашылығы кәсіпорындары селекциялық-асылдандыру жұмыстарына шығу тегі мен сапасы белгісіз айғырларды қолдануға немесе әр түрлі тұқымдағы айғырларды сатып алуға мәжбүр. Кейбір шаруашылықтар жылқылардың зауыттық түрлерін бақылаусыз әкелумен айналысады және оларды жергілікті аналық малмен будандастырады.

Осылардың барлығы жылқы ауруларының таралуына, төлдеуінің төмендеуіне, төл індетіне, әлсіз де өнімділігі төмен құлындардың туылуына әкелді. Ол өз кезегінде өндірілетін еттің көлеміне әсер етіп, сәйкесінше осы жылқыларды баптау үшін бағаның артуына алып келді. Сондай-ақ малды ұстау бағасының артуы айғырлардың зауыттық тұқымдарын пайдалану (желісті жылқы, ауыр жүк таситын және т. б.), қоспа тұқымдардың екінші және үшінші ұрпақтарының тебінде бағылу қабілеттерін жоғалтады.

Ал бордақылауда қазы мен қарта алу үшін 4-5 айға дейін құнарлы жеммен азықтануы тиіс. Сонымен қоса жайылымдық тебінді жылқы шаруашылығына қаражат бөлінбегендіктен, қазіргі таңда зооветмамандары мен тәжірибелі табыншылардың тапшылығы байқалып отыр. Селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін де қаражат бөлінбеуі асыл тұқымды жылқыларды өсірумен айналысатын кейбір ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ғылыми қолдаусыз қалуына әкеліп соқты.

Жоғарыда аталған барлық мәселелер 5-7 жылдан кейін республикада жылқы саны мен өнімділігінің төмендеуіне алып келуі әбден мүмкін екендігін көрсетеді. Егер мемлекет тарапынан нақты қолдау болмаса, Қазақстан жағдайында жыл бойғы жайылымдық-тебінді бағылымға жақсы бейімделген жылқылардың отандық тұқымдарының өнімділігі жоғары асыл тұқымды тектік қоры жойылып кетуі мүмкін. Мемлекеттің қолдауынсыз ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарын асылдандыруды аз уақыт ішінде жолға қою мүмкін емес.

Осы тұрғыда қазақ жылқыларының «жабы», мұғалжар және көшім тұқымдарының аса құнды селекциялық топтарын өсіру арқылы жергілікті табынды жылқылардың сапасын арттыруға қол жеткізе аламыз. Оның үстіне, аталған жергілікті тұқымдар мал басын шығынға ұшырататын пироплазмоз және некробациллез сияқты ауруларға төзімділігімен ерекшеленеді.

Аталған мәселелерді шешудің ұтымды жолы – ет және сүт өнімі бағытындағы асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамыту үшін субсидия енгізу.

Селекциялық-асылдандыру жұмысын субсидиялау кезінде ғылыми сүйемелдеу мақсатты және ғылымға негізделіп жүргізіледі. Шаруашылықтардағы зоотехникалық және тұқымдық есеп реттеледі. Бұл өз кезегінде өнімді бағыттағы жылқы өсірумен айналысатын шаруашылықтарды мал басының тұқымдық және өнімділік сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жасауға ынталандырады.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы жекелеген жылқы шаруашылықтарының арқасында тұқымдық жануарлар сақталған. Тіпті ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарын субсидиялау түріндегі мемлекеттің қолдауынсыз-ақ, асыл тұқымды жылқыларды өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен селекционер ғалымдар бірлесіп, селекциялық жұмыста белгілі жетістіктерге жетіп отыр.

Мысалы, 2013 жылы «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ» ЖШС ғалымдары жүргізген «жабы» типті қазақы жылқыны селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде Павлодар облысында «Памир», «Браслет», «Задор», қазақтың жабы жылқысының селеті зауыттық тұрпатындағы айғырлардың жаңа зауыттық желілері құралды.

2015 жылы Павлодар облысында айғырлардың жаңа зауыттық желілері – «Әсем», «Зонтик», «Зов», жабы типті қазақы жылқының «Бестау» зауыттық тұрпаты құрылды.

«Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының» жылқы шаруашылығы бөлімі Ақтөбе облысындағы «Әсем-Наз» ПК-да қазақтың жабы жылқысының зауыттық түрін құру бойынша жұмыстар жүргізіп, 2017 жылы қазақтың жабы жылқысының «Әсем-Наз-Ақтөбе» зауыттық типін алу үшін патентке өтінім берілді.

Осылайша Ақтөбе популяциясындағы қазақтың жабы жылқысы республикадағы қазақ жылқыларының ішіндегі құндылығы жоғары генофонд болды.

Мұғалжар тұқымы бойынша үлкен жылқылардың ет өнімділігі 270-290 келіні (тұтас еттің салмағы) құрайтын, сойыс шығымы 58-60% болатын, шаруашылыққа пайдалы және биологиялық тегін беру қабілеттілігімен ерекшеленетін өнімділігі жоғары «Мұғалжар-Ақтөбе» ішкітұқымдық түрінің тектік қорын құру бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді.

2017 жылы мұғалжар тұқымдық айғырлары – «Палуанторы», «Бау» және «Бекзат» зауыттық желілеріне, сондай-ақ мұғалжар тұқымының өнімділігі жоғары «Мұғалжар-Ақтөбе» ішкі түріне патент алу үшін өтінім берілді.

Зерттеулер нәтижелерін енгізу Қазақстан Республикасының аймақтары мен жақын шетелдерге тұқымдық төлді сату жолымен жүзеге асырылады. Тұқымдық төлдің негізгі репродукторлары «Көктас» АҚ, Ақтөбе қаласындағы «Мұғалжар-жылқысы» ЖШС, Ақтөбе облысы Алға ауданының «Жансая» шаруа қожалығы және Темір ауданының «Жан-Қанат-С» шаруа қожалығы. Осы шаруашылықтарда «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» жылқы шаруашылығы бөлімінің селекционер ғалымдары алдағы он жылға құрылған селекциялық-асылдандыру жұмыстарының келешек жоспарларына сәйкес тұқымдарды жетілдірумен айналысады.

Мұғалжар тұқымының іріктеп алынған тұқымдық төлдерінің 150-170 басы жыл сайын Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, және Қарағанды облыстарына сатылады.

Көпжылдық ғылымға негізделген селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізу нәтижесінде «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ҒЗИ» ЖШС Батыс Қазақстан облысында көшім жылқы тұқымының «Жаңақала» зауыттық түрі шығарылды (патент №600, 2016 ж.).

2014 жылы Қостанай облысында Ақтөбе популяиясының көшім тұқымының жаңа зауыттық желілерінің айғырларын қолдану негізінде асыл тұқымды көшім жылқысын өсіру бойынша шаруашылықтар құрылды. Жоғарыда аталған зауыттық желілер мен типтерді құру тұқымның өнімдік және тұқымдық сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Генетикалық жақсарған қазіргі айғырлардың тірі салмағы – 91,8 кг (18,4%), биелерде – 44,3 кг (9,4 %), айғырлардың көлемділік индексі 12,6%-ға артты.

Өнімділігі жоғары селекциялық топтардан шығарылған айғырларлардың жаңа зауыттық желілері «Крепыш», «Гром», «Самоцвет» негізінде көшім тұқымының «Мамыр-Ақтөбе» жаңа ішкітұқымдық типі құрылды. Ол дене бітімінің үлкендігімен, жыл бойғы жайылымдық-тебінде бағылуға қабілеттілігімен және етті-сүтті өнімділігінің жоғарылығымен (тұтас етінің салмағы – 280-300 кг, сойыс шығымы – 58-60%, тәуліктік сүттілігі – 16-17 л), сондай-ақ көшім тұқымының биологиялық және шаруашылықты-пайдалы сапаларын сақтап, тұқым қуалаушылық қабілетінің жоғарылығымен ерекшеленеді.

2017 жылы «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» жылқы шаруашылығы бөлімі көшім тұқымының «Мамыр-Ақтөбе» жаңа ішкітұқымдық типіне патент алуға өтінім берді.

Генетика мен биологияның заманауи жетістіктерін қолдану негізінде қолда бар тұқымдардың тектік қорын сақтау, жылқының тұқымдық төлін өсіруге бағытталған перспективалық технологиялар құру, өнімді табынды жылқы шаруашылығын жүргізудің селекциялық-технологиялық тәсілдерін жетілдіру, ет пен сүттің жоғары сапасымен, қабілеттілігі-мен, өміршеңдігімен ерекшеленетін ет және сүт өнімі бағытындағы өнімділігі жоғары ген түрлерін құру арқылы жергілікті жылқы тұқымдарының генофондын жетілдіруге баса мән берілуі қажет. Бұл тұрғыда, тұқым үшін сатып алынған тұқымдық төлді субсидиялау мен төлдейтін малмен жүргізілетін селекциялық және тұқымдық жұмысты субсидиялау аса маңызды.

Қазыбай Бозымов,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

Орал өңірі, 2018 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.