Жылқы текті жазушы
Жазу екінің бірінің қолынан келеді. Ал суреткер болу, бұл басқа дүние. Соның ішінде суреттеп отырған дүниеңнің ішкі әлеміне кіріп, жан-дүниесін жан-дүниеңмен сезініп жазу – шеберліктің шыңы деп ойлаймын. Тәкен Әлімқұлов қазақ әдебиетінде ерекше қолтаңбасымен қалған суреткер. Қазақ әдебиетінің қос тізгінін – проза мен поэзияны қатар ұстаған жылқы текті жазушының қаламынан бір дәуірдің «Тұлпарлар тағдыры» жазылды.
Оның сонау 1950 жылы жарық көрген алғашқы «Сапар» атты жыр жинағынан бастап, күні бүгінге дейін бірнеше рет қайта басылған «Ақбозат» романына дейінгі аралықта Тәкеннің тұлпарлары қазақ әдебиті деп аталатын ұланғайыр даланы еркін көсіліп келеді. Тәкеннің тұлпарлары дүбірлеткен далада «Абсенттің» ізі, «Көкпардың» шаңы, «Бозжорғаның» арқырай кісінеген үні қалды.
Қазақ даласындағы «Тұлпарлар тағдырын» қара сөздің күймесіне жеккен Тәкен Әлімқұлов сол жылқымен біте қайнасып, бір үйірге айналып кетеді. Тәкеннің шығармаларын оқып отырып жазушының қос-қос сөздің жылқышысы, тебіндегі тіркестердің үйірбасы, сүбелі теңеудің ақкөз айғырына айналып кеткенін байқайсың. Ол Абсенттің даңқ биігінен бір көрінсе, Торалаяқ пен Ақбоз ат болып көргеннің көз құртына айналады.
Тәкен қазақтың қара сөзі мен қара өлеңі деп аталар екі емшекті телі емген, орыс классикасы мен қазақ ауыз әдебиеті деп аталар қос қулықты арда емген азамат. Содан да болар оның қаламынан шұрқырай төгілген тілдің шұрайы мен сыны келіскен, кекілді шұлғып тастап әсем баса «аяңдағанда» «тымақты алшы кигізгендей» керім образға ие.
Тәкеннің тілдік ерекшелігінен бөлек жоғарыда айтқанымыздай жылқы жанын бүкіл болмысымен сезінетіндігі де өзіндік ерекшелігі. Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасында» қос қасқырдың жануари түйсігін қалай дөп басып суреттесе, Тәкен де өзінің жылқы тақырыбындағы кез келген шығармасында жылқыға айналып кете алады. Сөзіміз құрғақ болмасы үшін Абсент жайлы жазылған «Қош бол, Абсент» атты шағын очеркте Тәкеннің өзі Абсентпен бірге қиналады.
«… Етене бақташыдан гөрі көлденең ақынға Абсент көбірек іштартатындай. Ол оған жәудірей қарап, наз-нала төгеді. Оқыраныстың аяғы ыңқылға айналады. «Ақыным, менің жеткен жерім осы!» дегенді төл тілде, тұңғиық түйсікте жеткізеді. Сыршыл ақын да іштей еміреніп, егіліп, сөгіліп тұр. «Төрінен көрі жуық шақта қапасқа байлап қоймай туып-өскен жерін неге аралатпайды. Ат айналып қазығын тапса, қазықта бір-ақ түн түнемеуші ме еді…»
Тәкеннің қаламынан тұлпарлар тарихына қатысты роман, повесть, әңгімелерден бөлек очерктер, естеліктер, мақалалар, жолжазбалар да көп туды. Өзі қалам ұстап әдебиет дейтін дүбірге ілескенде өлеңмен бастаған ол, өмірінің соңына дейін қазақ жылқысының, соның ішінде жабылар мен мәстектерді емес, нағыз даланың тарпаң мінез тұлпарларын суреттеп өтті. Тәкен туындыларын оқып отырып оның адами болмысын, ұлттың жанына айналған жылқы малын жанындай сүйгенін байқауға болады.
Тәкеннің қазақтың қылқұйрықтарын суреттеген туындыларын бажайлай оқып отырып, оның өзі де кәнігі атбегі болғанын көреміз. Жер бетінде жылқы деген малдың барын, оны ұстап мініп, керегіне жарата білетін қанша адам болса, ат баптаудың да сонша түрі бар. Әркімнің ұстанымы әр түрлі. Біреу мәстектен тұлпар жасайды, біреу тұлпарды мәстекке айналдырады. Ал Тәкен Әлімқұлов – өмірі жылқы ішінде, ұйқысы ат үстінде, күлкісі құрық ұшында жүрген сақпанкөз атбегі екені анық. Оған «Жүйріктер мен жабылар» деп аталатын мақаласындағы мына бір пайымы дәлел.
«…Жылқы сұлу, ақылды түлікке жатады. Ол нәзік те шікәмшіл. Оны баптау да қиын. Оның қорегі мен сусыны жіті талғам тілейді. Алтайлық Бошай Кітапбаевтың, мал өсіруден озып шығып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған ісмердің, ғылым кандидатының, сәйгүліктерді 1600 километр жерге әкелгенде бабын бұзбауында шынайы сыр бар. Америкалықтар Европаға жүйрік әкелгенде суын бірге әкелген. Арнаулы кеспекпен жеткізген. Әрине, спортта бақ шабатын кез болады. Бап шабатын кез одан да жиі…» — дейді жазушы.
Иә, Тәкеннің өзі айтқандай «бақ шабатын да, бап шабатын да» кездер бар. Қазақ даласын дүбірлеткен Тәкеннің әдебиет аламанында бағы да, бабы да шапқаны рас.
Ержан Жаубай, argymaq.kz