Үмітхан Мұңалбаева. Қазақ жылқысы – тарихымыздың бір саласы

5526

Қазақ халқының ат ұстау мәдениеті ел аузындағы әңгімелерде, батырлар жырында, хисса-дастандарда, ақын-жазушылардың шығармаларында жиі кездесеседі. Сол себеп­тен де, ата-бабамыз «ер қанаты – ат» дегенді тегін айтпаса керек.

Қазақ халқының атқа міну мәдениеті мен жылқы ша­руа­шылығы сонау бағзы заман­дардан тарағаны белгілі. Бұған «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары дәлел бола алады. Зерттеу нәтижесі халқы­мыздың жылқыны тұңғыш рет осы жерде үйреткені анық­талды.

Ту ұстаған жауынгер де, ел бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендер де атты пайдаланған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетіне қатысты былай дейді:

«Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпен­ді­ле­рінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осы­лайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолда­ныс­қа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуі­ріміздің І ғасыры арасында көш­пенділердің ұзақ уақыт бойы бұ­рын-соңды болмаған жауын­герлік үстемдік орнатуын қамта­масыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті».

Тарихи деректерге сүйенсек, ерте замандағы халықтың жыл­қы шаруашылығымен айна­лыс­қаны айтылады. Бұған архео­логиялық зерттеулер дәлел бола алады. Бірнеше ескі көмбе­лер­ден, ас пісіретін жер ошақ маңы­нан жылқы сүйектері табылған. Мәселен, біздің заманымыздан екі мың жыл бұрын Андронов мәдениеті кезінде, Қостанай облысы Алексеевка ауылының маңында жылқы тұқымы болғаны анықталып отыр.

Ал Шығыс Қазақстан облы­сының Малая Красноярка ауылында, Батыс Қазақстандағы Покровка ауылдарының ма­ңын­да ­жануарлар сүйектерінің ара­сынан жылқы сүйектері табылды. Сонымен қатар, Алматы, Жамбыл, Шымкент облыстарындағы ел мекендеген жерлерде жылқы сүйектерімен бірге, ат әбзелдері, ер-тұрма­ны және тағы басқа заттар зерт­теу нәтижесінде анықталды. Батыс Қазақстан жылқыларына дон, астрахан, кавказ жылқы­ларын қоса пайдаланған. Жетісу жеріндегі жылқыларға моңғол, торғауыт жылқыларының тұқы­мы көбірек араласты.

Тарихшылардың айтуына қарағанда, қазақ жерінде сансыз көшпелі тайпалар мекендеген. Мәселен, сақтар, массагеттер, аландар, иссадондар өмір сүрген. Олар да жылқы малын керегінше пайдаланған.

Кезінде «Құла­гер» поэмасында аттың жүйріктігін сынайтын Күреңбай туралы Ілияс Жансүгіров жақсы жазған.

– Жануар жүйрік екен жылқы малдан,

Жері ұзақ, күші алдында, өрен жүйрік,

Бітімін өзі айтып тұр жануардың

Келіскен кескін мынау омыраудың…

Ақын, әнші, композитор Ақан серінің Құлагерінің сыны осылай болған. Күреңбай сыншының Құлагерді Көк­ше­таудың көрікті жылқысы, құлан жал, бұлан мойын, қой жұт­қын­шақ, қоян жон, жазық жая, жауырынды жануарға теңеген.

Тегінде қазақтың қай жыл­қысын алса да, денесінің ерекше шымырлығы, ауа райының қан­д­ай қатал жағдайына болса да төзімділігі, жем-шөп талғамай­тындығы және жыл бойы жа­йылымда күйін аздырмайтыны айтылады. Ерекше сипаты сол қазақ жылқысының арқасы берік, шабы қысқа, дене тұрқы ұзындау болып келеді. Аяғы берік, жуан әрі сүйекті. Тұяқтары кі­шілеу болғанымен шымыр кел­ген. Әлсіз тұяқты жылқылар тек топырағы жұмсақ, құмды жер­лерде кездескен. Қазақ жылқы­сының түсі де әртүрлі. Көбіне торы, жирен, көк, қара, құла, бу­рыл, сұр, сары түстілер бар. Тұ­қы­мы да әртүрлі болып кездеседі. Кезінде Каспий теңізінің жа­ғалауында адай жылқыларымен бірге, теке және жәуміт жылқы­лары да кездеседі. Ал адай жыл­қысын көбіне Маңғыстау, Атырау өңірлерінде байқауға болады.

Алпысыншы жылдардың ортасында көшім жылқысы мен қазақ жылқысының салыс­тыр­малы көрсеткіштері жасалды. Қазақ жылқысының салмағы орта есеппен 360 келіні көрсетсе, көшім жылқысының салмағы 100-120 келіге артық болған. Яғни, 460-480 келі. Нақтылай айтқанда, 1 168 қазақ жылқысына көшім жылқысының 500-і тең келген. Көшім жылқысының тағы бір ерекшелігі, бір тәулікте 280 шақырымнан астам алыс жолға шыдай береді.

Десек те, бұл қазақ жылқы­сының әлсіздігін көрсетпейді. Қазақ жылқысының жаңа түрлері де шығып жатты. Мә­селен, Қостанай жылқысы салт мінетін мықты жылқылардың қатарына қосылды. Деректерге сүйенсек, азамат соғысы кезінде дәл осы жылқылар жойылып кетуге ұшыраған екен. Бұл жөнінде қарт жылқышы Жұма­бай Көшекбаев айтқан. Қостанай жылқысының бірнеше түрлері болған: Зевс, II-Бек, Букет, Бу­ре­влад, Талант, Тапи-Вер, Умница, Тегеран, Табак, Тайфун және тағы басқалары. Байқап отырсаңыздар жылқылардың аттары өзгеше, қазақи аттардан емес. Бұған себеп, кеңестік үкімет кезінде қолға үйретіліп, ұсталған жылқылар болды.

Отанымыздағы тағы бір тұқым — Буденный жыл­қысы туралы да айтпай кету мүм­кін емес. Сапасы жоғары жаңа тұқым ретінде қолданылып келді. Сонымен қатар жылқы шаруашылығымен айналыс­қандар жылқының сапасын жақсарту үшін қолға үйретілді. Қазақстанның барлық өңір­ле­рінде өсірілген. 1941-1945 жыл­­дардағы ІІ дүниежүзілік соғыс тұсында халқымыз асыл тұқым­ды жылқымен кеңінен таныса бастаған. Сондай-ақ Қа­зақ­стан­ның табиғаты мен ауа ра­йы­на төзімді. Буденный жыл­қы­сы­ның шыққан жері Сальск да­ла­сы. Күй талғамайды, далада не­ме­се жорық жағдайларында кез­десе­тін қандай қатал ауырт­пашы­лықтарға шыдамды. Тағы бір артықшылығы – өте сымбатты.

Сымбатымен ерекшеленетін тағы бір жылқы Дон жылқысы деп аталады. Маңдайы томпақ, көздері үлкен, құлақтары орта­ша, жұқа, арқасы тегіс, жауы­рыны қысқа. Бұл, негізі, ноғай жылқысы. Салт жүріске нағыз қолайлы, жорықтарға шыдамды. Жылқының бұл тұқымы Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан өңірлерінде мекендеген.

Қазақстанның солтүстік да­лалы жерлерінде өскен жылқы­лардың бірі – Қарабайыр жыл­қысы. Негізі, шыққан жері – Өзбекстан. Көбінесе көк, боз, торы және жирен түсті келеді. Олар әрі күшті, жүрдек болып келеді. Жылқының жүйріктігін кезінде байқаған ғалымдар ­мы­надай тұжырымға келіпті.

1 000 метр жерден 1 минут 9 се­кундта, 1 600 метр жерден 1 ми­нут 57 секундта, 3 200 метр жер­ден 4 минут 5,6 секундта келген.

Қазақ жерінде тағы бір қоныс аударған Ақалтеке – түркімен жылқысын айтуға болады. Түр­кімендер бұл жылқыны негізгі жылқы ретінде пайдаланған. Ақалтеке жылқысы Жамбыл өңі­рін жерсінген болатын. Шөл және шөлейт жерлерге шыдас бе­ретін өте бағалы жылқы, ыс­тық­қа төзімді, ұзақ жолға шыдамды.

Бұлардан бөлек, қазақ же­рінде аттың басқа түрлерін де кездестіруге болады. Таза қанды салт мінетін жылқылар нағыз жүйрік болып келсе, желісті жылқылар жаңа жердің ауа-райына көндігеді, ыстыққа-суыққа шыдамды.

Осылайша, қазақ халқы үшін жылқы малының маңызы зор. Оның ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір бөлшегіне, тектіліктің нышанына айналғалы қашан.

U-DAURENBEKOVNAҮмітхан Мұңалбаева, профессор. aikyn.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.