140-ты бағындырған Қызжирен

6638

Шығыс Қазақстан облысында тұңғыш рет өткізілген 140 шақырымдық ат бәйгесі өз мәресіне жетті. Ат жарысы үшкіндік «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер мен спорт фестивалі аясында өтті.

ШҚО Ақпараттық орталығынан хабарлағандай, таңғы сағат 4-те 140 шақырым ат бәйгесі басталды. Қазақстанның әр аймағынан келген 106 жүйрік Көкпекті ауылынан Ақсуат ауылына дейін бәйгеге түсті. Жарыстың шынайы әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында жылқылар GPS жүйесімен қамтамасыз етілді.

Қазақтың ұзақ жүріске шыдамды қазанаттарын һәм алаштың атқа мығым отыратын, шымыр жігіттерін анықтау мақсатында өткізілген жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейден 100-ден астам ат қатысқан-ды. Таңғы сағат 4-тте басталып, түске дейін созылған қыл құйрықтылар сайысында 1 орынды Ақсуат атынан қосылған Алматы облысының Талдықорған қаласының Қыз Жирен есімді (ат иесі – Рүстем Досжанов) жартылай асыл тұқымды жүйрігі иеленді. Ал 2-3 орындарды кезінде қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» деп тамсана әңгіме жазған Алтайдың абыз ақсақалы Бошай Кітапбаевтың туған жері – Катонқарағай ауданының атбегілері өзара бөлісті. Бір таңғаларлығы, екі ай бұрын Зайсанда тұңғыш рет ұйымдастырылған 130 шақырымдық бәйгеде 2 орын алған ат бұл жолы да осы жетістігін қайталап, елді елең еткізді (айтпақшы, сол жарыста 1 орынды осы ауданның аты иеленген-ді).

Қазақ күресінен Халықаралық федерациясының вице-президенті Батырхан Қамынханұлының мәлімдеуінше, бұл елімізде осындай қашықтықта өткізіліп отырған тұңғыш бәйге.

«Ат жарысы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ат жарысы мен атбегілікті жандандандыру мақсатында өткізіліп отыр. Бүгін Шабандоздар үшін үлкен мереке болды. Жылқылар ұзын қашықтықта жоғары шыдамдылықтарын көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптей түстік», — деді Батырхан Қамынханұлы.

Шабандоздар 8 сағаттан астам жол жүріп өтті. Үлкен жарыстың жеңімпазы Ақсуат атынан қосылған Алматы облысының Талдықорған қаласының Қыз Жиреннің шабандозы өз ойымен бөлісті.

«Бүгін үлкен жарыс болды. Жол жүру барысында қиындықтар болды. Бірақ аттарымыз шыдамдылық танытып, бірнеше мәрте демалып, ақтық мәреге бірінші жеттік. Астымдағы тұлпарымның жағдайын ұдайы бақылап, төзімділігінің нәтижесінде жеңімпаз атандық»,- деді қуанышын жасыра алмаған шабандоз.

Ұйымдастырушылар комитетінің өкілі, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаковтың пайымынша, бұл күн қазақстандық ат спорты тарихына енетін болады.

«Еліміздің Шығысында халықаралық бәйгенің өтуі-қазақстандық ат спортында айтулы оқиға. Жарысқа арнайы дайындалған жүйріктер қатысып, марафондық шыдамдылық танытты. Бұның барлығы үлкен табанды еңбек. Алдағы уақытта бұл бәйге түрін өткізуді дәстүрге айналдырмақпыз. Қатысушылар тізімі де кеңейетін болады»,- деді ол.

Сонымен қатар фестиваль аясында әр қашықтықта, жорға жырысы, тай бәйге және аламан бәйге өтті.

argymaq.kz (Фото: Жарқын Сәленұлы)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!