Сәт Есенбайұлы. Көк ат

Kok at

Көркін көрген ұнатқан,
Көз сүйсінген көк аттан.
Құлаш мойын, майда жал,
Қиған қамыс құлақтан.

Бота тірсек, бөкен сан,
Сом болат төрт тұяқтан.
Желісіңе жел жетпес,
Үсті жайлы пырақтан.
Құтқармайды тағыны,
Көріне қашқан жырақтан.
Екпіні тауды құлатқан.
Тиіп кеткен тұяғы,
Қара тасты уатқан.
Қасқырды көрсе бір тарпып,
Төбесін ойып сұлатқан.
Көлденең келген сайлардың,
Беліне кесе бір атқан.
Қиқу шықса еліріп,
Құр емес құс қанаттан.
Жақындатып жанына,
Жармастырып жалына,
Жауыз қолды жануар,
Емес еді жолатқан.
Түстік жерге егесте,
Жүрмейді артық сағаттан.
Елдің игі жақсысы,
Ат құмарлар сақшысы,
Талайы қалап сұратқан.
Жылтылдап жүні құндыздай,
Жалтылдап көзі жұлдыздай,
Салыстырсам бағасы,
Емес пе үздік көп аттан.

Айта берсем суреттеп,
Адамдай есті ісі бар.
Ал қара-көк құлпырған,
Көз тартатын түсі бар.
Тұтам ерін, салқы төс,
Сынық сүйем тісі бар.
Тау артса да тартатын,
Трактордай күші бар.
Құлын боп тумас биеден,
Келешекте мұндай мал.

Қайыспайтын ауырға,
Пілдей берік белі бар.
Қайнап біткен қабырға,
Нәсілі тұлпар тегі бар.
Орынсыз ұрсаң ұмытпас,
Адамдай арлы кегі бар.
Қыздыратын темірді,
Оттан ыстық демі бар.
Сипатында жаралыс,
Демейді көрген кемі бар.
Малда бұған теңдес жоқ,
Мейлің мін, мейлің жегіп ал.

Жыл жайласаң жабығып,
Оған арып талмайды.
Сулығымен су ішіп,
Асуда шөлден қалмайды.
Екіталай егесте,
Алдына мал салмайды.
Қалшылдаған қаңтарды,
Суық деп ойға алмайды.
Ай жіберсең оңалып,
Қазысы қарыс қом алып,
Шыға алмай өрге шайлайды.
Жүзіп ішпей тұнықтан,
Қанша жұтса қанбайды.

Шыққан еді бұл көк ат,
Шомбалдың баққан тобынан.
Құлын күннен ардақтап,
Өсірген еді қолынан.
Шыбын тайып жығылған,
Қоян сауыр жонынан.
Шөкеңді көрсе еркелеп,
Еретін еді соңынан.

Қолқамды салып көк атты,
Колхоздан сұрап алып ем.
Жануарды алған соң,
Мінетін атқа жарып ем.

Нияздың ұлы Сұлтанға,
Көрікті көк ат ұнаған.
Жұмабайды мазалап,
Домбырадай бұраған.
Байлыққа әуес басқарма,
Нарға қалай шыдаған.
Екі түйе көрсетіп,
Айырбас ет деп мынаған.
Бедел сала қолқалап,
Өтінішпен сұраған.
Сәтті қойып Сұлтанға,
Ықыласы құлаған.

Басқарманың үйінде,
Сұлтанның үні сұңқылдап.
Ұстап көріп көк атты,
Қолын жайып құр-құрлап.
Живсырьеде* екі нар,
«Жүр», «ал» деп құнтыңдап.
Сырттан біліп хал жайды,
Сәтекең де жүр тың тыңдап.

Біздің қолдан келер жоқ,
Кетсін көк ат хош боп қал.
Қызметің көп еді,
Көрсеткен маған жануар.

Байлауыма бағындың,
Жіберген жерден табылдың.
Үстіңе мінсем аянбай,
Көрсеттің күш, сабылдың.
Азғырып сені алатын,
Араға сөз салатын,
Қарағым, Сұлтан, неғылдым?

Сәт Есенбайұлы, (1893 – 1975)

(Өлеңді құрастырып, сайтқа ұсынған Батырлан Сағынтаев)
argymaq.kz

1 пікір

  1. Альберт

    Сәт Есенбаев -Торғайдың ақтаңгер ақыны, айтыс өнерін дамытуға зор үлес қосқан, ел басқарған Торғайдың Амангелді ауданында өмір сұрген ардақты адам. Амангелді ауданында Сәт ауылы деп аталатын елді мекен бар. Сәттің атын елді мекенге бергізген Қарасу ауылының тұргыны соғыс арадгері, өмірін ұстаздыққа арнаған ҚССР оқу-ағарту ісінің үздігі Тұрманов Темірғали ағамыз еді. Кезінде ауылдан музей ашып, Сәт Есенбаевтың өмірін, шығармашылығын зертеп, бірақ жиғанын жарыққа шығаруға ғұмыры жетпей кеткен еді. Тамаша музейдің жәдігерлері Сәбет үкіметімен бірге тоналып ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>