Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Жүйріктің жалпы сипаты

8895

Өрен жүйріктер үйірдің ортасында жүргенде әсем болып көрінбейді. Бойын (сынын) жасырып жүреді. Қол-аяғы жуан, арбиған, олпы-солпы, алқам-салқам болып көзге қораш көрінеді. Шабан аттың бейнесін елестетеді. Мұны керген кейбір сыншылар «Жүйрікте сын болмайды» дей салады. Ал, біз, «Жүйрікте мін болады» дер едік. Өрен жүйрікті жылқыдан ұстап алып, байлап қойғанда алғашқыдан да келісті көрінеді. Жүгендеп құйрық-жалын түйіп, бала мінгізіп байқағанда ғана «жүйрік деген менмін» деп үлкейіп, келбеттеніп, аруақтанып, таранып, құлпырып, жайнай бастайды. Бірақ сұлу бола алмайды. Жан-жағы тең, тұрқы үйлесімді, мүсінді болып көрінеді. Алдынан қарағанда, арты биік, алды аласа, артынан қарағанда, алды биік, арты аласа болады. Мінер жағынан 4-5 қадамдай алыс тұрып қарағанда ғана төртбұрыштығы байқалады. Басы, шоқтығы, сауыры бірдеңгейде болады. Алды биік аттар: жазықшыл, еңісшіл келеді. Керісінше, арты биік аттар өршіл келеді. Бұлар еңіске шаба алмайды. Алды-арты бірдей жақынға да, алысқа да талмай шабады. Мұндай бітімді жүйріктерді бәйгеде «шығасалма» дейді.

Түсінікті болдыру үшін бір мысал келтірейік.

Қоянның, түлкінің, қарсақтың, аюдың арыстанның, жолбарыстың… деген сияқты алуан-түрлі аңдардың алдыңғы аяқтары қысқа, артқы аяқтары ұзын болады. Олар өрге тиынша секіреді, еңіске түсерде бүгежектеп, «тұсалып» қалады. Бұл өз жауларының өр жағына шығып қана жан сауғалауға бейімделген табиғи үйлесімділік. Ал, бұғы, бұлан, құлан, киік, бөкен… сияқты аңдардың алды-арты тең болады да, Өр, еңісті елемейді.
Жүйрік аттың дене бітімінен мінезінен жүріс-тұрыс, шабысынан, даусынан, көз қарасынан, құлақ қағысынан жоғарыда айтылған аңдардың бейнесін елестетуге болады. Сондықтан да халық сыншылары: «Түлкінің күшігіндей, қоян жақ, арыстан кеуделі, жиренше желеді, құлан желісті, тәуешкі іспетті, бөкен қабақ, бөкен желісті, бұлан немесе бұғы басты» деп аңға теңеп сипаттайды. Жүйріктің аяқтарының арасы алшақ, бұты талтақ, артқы жағынан қарағанда, артқы екі аяғының немесе бұтының арасынан алдыңғы екі аяғы көрініп тұрады. Сыншылар мұны: «Астынан түйелі көш өткендей екен» деп әсерлендіріп мақтайды. Құйрық-жалы сұйық, жүндес келеді. Бауыры жазық, жоны тартық болады.

100_4741Бастың сыны: Жылқының бас пішінін бұғы бас, бұзау бас, қауға бас, қой бас, қоян бас, дорба бас, бақа бас, орақ бас, кешкіл бас, кез бас, добырайған бас, кәуек бас деген сияқты 15-16 топқа бөліп, әрқайсысын өз көзіне елестетіп жан-жануардың басына теңеп сынайды.

Мұнда бұлан бас, бұғы бас, құлан бас, орақ бас, дегендерді негізінен екінші топқа жатқызуға болады. Әр жүйрік аттың бас пішінін сипатының айпарадай ашық белгісі деп білген. Қу бас, кешкіл бас, кез бас,кәуек бастылар да жүйрікке лайық. Ал қалғандарын сыншылар жақтырмай сайысқа салуға жарамайтын, көзге қораш міністің топайлары мен салтанаттың біршек ұшқырларына байланысты атаса керек.

Көшпелілердің бір тармағы Моңғол халқының бапкерлері жылқыны қазына ретінде қастерлеген. Олар аттың басын 6 топқа бөліп қарайды.

Онда:

1. Жыртқыш басты, оның негізгі ерекшеліктері мыналар. Езу, аузы үлкен, кеңсірігі бунақталған жіңішке, көзі кішкене үрейлі келеді.
2. Бақа басты: Басы кішкентай, маңдайы жазық, көзі үлкен, тілдің жатыны кең, аузы, танаудың желбіршегі үлкен.
3. Қой басты, орақ басты болады. Маңдайы жазық, көзі, аузы, езуі үлкен, ауыз омыртқа жуан келеді.
4. Қоян басты: кішкентай ұзыншақ, қушық басты, кеңсірігі дөңес, беті, құлағы үлкен, тілдің жатыны кең әрі үлкен.
5. Киік басты: кішкене ұзыншақ басты, көз шарасы шығыңқы, құлағы үлкен.
6. Бұғы басты. Құлақтан танауға дейін тегіс, танауы кең, бастың еті сүйегінен бөлектеніп тұрады. Тілдің жатыны кішкентай, әрі тар маңдайы қушық келеді. Ал моңғол сыншылары осылардың ішінен қоян бас пен бақа бастысын жүйрікке біткен қасиет деп.санайды. Кекілі бүйра, келтелеу, көзіне жетпей тұрады.

Құлақ:

Жүйрік аттың құлағы кекілден жоғары селтиіп шығып тұратын ұзын қамыс құлақ келеді. Екі құлақтың арасы жақын, терісі жұқа, іші толған жүн, алысқа қарағанда құлағын тіге қарайтын, сонсоң мініп жатқанда қос құлағын қайшылау арғымаққа тән қасиеттің бірі.

Жылқының құлағының төмендегі ерекшеліктері оның іш-сыртынан хабардар етеді.

1. Құлағы қысқа әрі тік болса үркектіктің белгісі.
2. Екі құлақтың іші жазыңқы жалпақ болса, (есек құлақ) екі жағына жалтылдап үріккіш.
3. Құлақтың бітімі алға қарай еңкіш болса, қарсы алдынан ыршып үркеді.

Маңдай:
Маңдайы кең жазық, биік, үңгір қабақты болып келеді. Қысқа маңдайының жүні оңға қарай (күннің бағытымен) айналған үш орайлы болса, арғымақ деп баптаңыз.

Глаз лошадиКөзі:
Жүйріктің көзі отты, қызыл келеді. «Көзі қызыл» дегенде қарашығы қызыл екен деп ойламаңыз. Көз еті қанталап қызарып көрінеді. Үнемі елеңдеп, алысқа қарап тұрады. Жақынға әсте қарамайды. Адамға қарағанда беті ашылмаған қыздарша ұрлана қарайды.

Жалпы алғанда көз қарасы байыпты әрі салмақты келеді. Көзінің шарасы кең шара көзді болса жүйрікке біткен бітім. Мөлдіреген бота көздіден жүйрік мал шықпайды. Халық арасында, «Бота көздің мыңынан бірі жүйрік, шошқа көздің бәрі жүйрік» деген мақал бар. Бұл да тегін айтылмаған болар.

Моңғол халқы жүйріктің көзін сынағанда қазақтың бапкерлерімен бірдей сынап бағалайды. Сонымен қатар, төмендегідей кейбір ерекшеліктерді басып айтады. Мысалы:

1. Мініп жүрген атыңызды қарсы алдынан қарағанда бір көзінің қарасы төмен, бірі жоғарыда болса ат ауыстыру керек.
2. Бір көзінен жас шығып, күрсіне берсе иесінен айырылудың нышаны.
3. Көздері екі жаққа қиғаш, көзінің қыйығымен қараған әдеті болса жерсінбей туған өлкесіне, ұзаққа қашудың белгісі.

«Ат үйірін сағынса артқы аяғын қағынар.
Ер үйрін сағынса ер тұрманын тағынар» — деген қазақ халқының мақалы бар. Қашатын атты қазақ артқы аяғын қағынған белгісінен сезеді. Баптап жүргеніңізде таудың басына көз тігіп, қарай берсе, мінген кезде құйрығымен санын сабалап мінез көрсетсе ол ат бәйгеге жарамайтынының белгісі.

Кірпік-қасы мол болады. Әсіресе қасы 3-тен жоғары болса қайтсе де жаман ат болмайды. Өрен жүйріктердің қасы 4-7-ге дейін болатын көрінеді. Қасы дегенде жүйріктердің қабағына шыққан қылшықтар емес ұзындығы 7-8 см, жуандығы құйрықтың бір талына пара-пар келетіндей, қайратты, жылтыр қылшықтар болады.

Кірпік пен қасы шаң тозаңнан көзді қорғайды. Аламан бәйгеде шаң көтеріліп, аспанды торлайды. Кейде әудем жер көруіне мұң болады. Сонда кірпік пен қас мол болса ғана жанарды сақтайды. Сондықтан да бұл жүйрік жарықтыққа табиғаттың тартқан сыйы.

Бет: Бетінде ерекше біткен шошақ сүйек болады. Ол тері астынан томпиып көзге шалынуға тиіс. Қолмен сипап көргенде терісінің жұқалығы сондай, терісін тесіп, қолға кіріп кете жаздап тұрады.

Танауы: Сыртына қайырылған кең, желбіршегін ашып көргенде ішкі кеңсірікке қарай біткен 5-6 тесік болу керек. Мұрынының іші жүнді болған абзал.

Еріні: Салпы ерін, үстіңгі ернінен астыңғы ерні үлкен, озыңқы. Еріннің еттері ақшыл түсті, жұқалтаң болады. Ерінінің айналасына біткен қылшықтар мол болса жүйрікке біткен нышан.

Тілі: Ақшыл түсті, жұқа, жалпақтау ұзын болады. Жұмырланған қоңырқай түсті, қысқа тілдісі жүйрікке тән белгі.

HRS_horse_teethТісі: Жүйріктің тісі үлкен-кішілігіне байланысты: жалпылама үлкен сойдиған тістілер түйе тіс, ал ұсақ, аласа тістілер қой тісті делінеді. Тістің өңі аппақ болуы шарт. Тістің еті ақшыл, тіске жабыса бітеді. Тістің жиегін жауып жымдаса, бітсе бұл да ерекше қасиетінің біріне саналады. Қызғылтым өңді, әрі аттың тісінің мөрі бидай сиятындай кең болады. Азуы бураның азуындай ұзын сойдиған, маңдай тіске жақын, сырт жағына қарай шалқақ біткені жақсы. Үстіңгі жақ маңдай тістің дәл ортасындағы мөрде алтындай жарқыраған жұлдызша болады. Мұны көру үшін таңертең таң құланиектене берген сәтте сынап жүрген жүйріктің аузын ашып, маңдай тісті күнге қаратқан сәтте жарық шашады. Мұны көрген сыншының көзі жасаурап, қарығуға тиіс. Міне, нағыз жүйріктің сұлтаны сәйгүлік осы болса керек. Үстіңгі тіс астыңғысына дәл беттеспей сәл шығыңқы озып тұрса жүйрікке тән белгі. Егер асты, үстіңгі маңдайы тістен артық шығыңқы, әрі үстін басып тұрса, ұзақ жолда шалдықпайтынның белгісі.

Ал, жылқы малының тісін жүйріктің сипатына қарай қазақ алты топқа бөліп қарайды. Олар – құлан, түйе, бидай, доңыз, қой, сиыр тісті.

Құлан тіс – ұшы мен түбінің мөлшері бірдей, қалыңдығы мен ұзындығы бірдей, тістің еті жұқа, мөрі терең әрі баран түсті болады. Кейде тістері ішіне қарай шығыңқы болумен қатар, тістің ұшына қарай кішкентай қазнағы болады.

Түйе тіс — ұзын әрі жұқа, ақшыл, тістің еті ұзын тіспен бірдей болады.
Тістің сүйегінде ұзын қазнақ болады.

Бидай тіс. Жұлары өткір, тістің еті қысқа, алты қазнақты, ақ түсті тістер.

Қой тіс — тістің түбі жіңішке, ұзын әрі шексіз өткір аппақ тіс.

Сиыр тіс — орналасуы төртбақ, тістің ортасында үш қазнақты, тістің еті қалың болады.

Доңыз тіс — жіңішке төрт бұрыш, ұзындығы орташа, жұлары өткір болады.

Тістің еті қалың, әрі қызыл, мөрі кейде сарғыш түсті келеді. Тіс жылқы малының ішкі көп сырынан хабардар етеді. Мәселен мініп жүрген атыңыз не бәйгеге қосар жүйрігіңіз бұзылып кетті ме, әлде көңіл күйі қандай деген сауалды жылықының тісіне қарап анықтайсыз. Егер ауырып-сырқап қалса, сырқаттың клиникалық белгілерінде білуге болады.

«Жақсы ердің келген жасын сұрама, жақсы аттың тісін ашып сұрама» дейді қазақ. Бұл жүйрікке басқаның сұғы қадалмасын деген ырым, әрі тіспен ең соңғы қорытынды шығарып, жылқының дәл сол сәттегі этологиялық мінез-құлығын анықтауға болады.

Бұл көшпелілердің қаншама мың жылғы тәжірибесінің жемісі болса керек. Қазақтар мен моңғолдар жүйріктің жалпы жылқының тісінен көз айырмай оған пайда болған әрбір өзгерісті қалт жібермей қадағалап отырған. Біздің халық ішінен жинаған этнографиялық материалдарымызбен моңғолдың ат туралы шежірелеріндегі белгілер көп жағдайда бір-бірін толықтырып отыратындығын бұл арада айта кеткеніміз жөн болар.

Астыңғы тісі қаракөктеніп кетсе, баптап отырған атыңыз бұзылып жүрегі қайтқанының белгісі. Ол үшін құрым кигізбен булау керек. Одан түзелмесе, құрым кигізді жуып соның суын қайнатып, оң жақ танауынан құйыңыз. Жауын-шашынға соғылған жақсы аттың тісі сарғайып қақ тоқтайды. Қасқа тістің ортаңғы төрт тістің ұшы үгітіліп, сызат пайда болса, бабы кетіп, жүрегі қайтқандықтың белгісі. Атыңыз күрсіне берсе, атыңыздың жүрегі қайтқандықтың белгісі. Мұндай жағдайда өрік немесе жиденің қайсыбір түрін ешкінің майымен қосып үгітіп жегізу керек. Ойдан құлап, жүрегі қайтқан аттың маңдай тісіне сызат түседі. Бұл сызаттың бір ұшы тістің етіне дейін созылады. Мұндай жағдайда жүйрікті бәйгеге қосудың қажеті жоқ. Бір жылға дейін мінбей еркімен жіберу керек. Сонсоң төл малдармен жарыстырып қалыпқа келтіру жөн.

Жалы. Жалы сұйық, құлан жал болады. Қылшықтары ұяң емес, қайратты келеді. Орташа күзеген аттың жалы жығылмайды, тікірейіп тұрады. Шоқтығы жалы мен бірдей ұзарып өспейді. Жалының ортасында қара жолақ болады. Бүл жолақ сызық, қыр арқадан түпқұйрыққа жалғасады.

Мойнының терісі жұқа, жүні қалың, ауыз омыртқа шығыңқы, шықшыты кең, қыл мойын, жіп-жіңішке болып көрінеді. Сыншылар мұны «Мойыны бауыздауынан үзіліп кете жаздап тұр екен, жарықтық» немесе «Қаз мойынның өзі екен» деседі.

Жауырыны жалпақ әрі ұзын, бас-арқамен теңесе бітеді. Кәрі жілік пен жауырынның бұлшық еттері білеу-білеу болып бөлектеніп тұрады.

Қолтығы және шынтағы. Жүйріктің қолтығы мен шынтағы қабырғадан алшақтанып, қабырға мен шынтақтың арасында жұдырық сиятындай кеңістік тұрады. Терісі жұқа әрі кең етке жабысып бөлек қалады. Қолтықтың терісінде 4-5 қатпар болады.

Аяғы — шомбал жуан әрі ұзын емес. Бақайы қысқа, бір тұтам. Алдыңғы бақайынан артқы бақайлары сәл ұзындау келеді. Сіңірлері садақтың адырнасындай (садақтың тартпа қайысы) бөлектеніп көрінеді. Ұстап көргенде бас бармақпен ортан қолдың ұштары бір-біріне тиіп тұрады. Сіңірі қатты әрі серіппелі болады. Мұндай сіңір аттың аяғына ақау түсірмейді.

019Тұяқ: Тұяқты түріне, бітіміне қарай «болат тұяқ», «жұмыр тұяқ», деп бөледі. Кейбір сыншылар-«Жарықтықтың тұяғы төңкерген қазандай екен» деп әсерлеп, киелендіре сынайды. Жұқа тұяқты жүйріктерді көбінде «Кәрі биенің құлыны екен» деп жақтырмайды. Бұлар жақыншыл, ұшқыр, жазықшыл келеді. Құмайттау жазық жерлерде 10-15 шақырымға дейін шаба алады. Көмбе алыстаған сайын тұяғы қызып шабысы баяулайды. Артта келе жатқан аттар басып оза береді. Ал керіш, тастақ жерлерге шапқанда тіпті баяулайды, тұяқтары жарылып кетеді. Жұмыр, болат тұяқтылар жер таңдамайды. Күндік жерге шапса да тұяғы қызбайды. Шашасы мол, кейде жерге жетіп тұрады. Өкшесі биік келеді. Тұяғының ортасы шұңқыр, жерсоғары жерге жетпей тұрғаны оңды. Ізін анықтап, абайлағанда тұяқтың дөңгелек ізі ғана түседі. Өкшесі мен майтабанының бедері ізден білінбейді.

Қабырғасы – имек, доғалданып (дөңгелектеніп) майысып келеді. Атқа мініп көргенде адамның екі аяғы (бұты) керіліп қалады. Артынан қарағанда бірдей немесе артық шығып тұрады. Бұл арада Абайдың «Қабырғалы, жоталы, болса күшті» дегені еріксіз еске оралады.

Орайы. Жүйрік сәйгүліктерді сынаған сыншылар аттың орайына ерекше мән береді, жүйрік аттың орайлары оңнан солға қарай айналған (аузы ашық) болса ғана жақсылықтың нышаны.

Ал Моңғол халқы аттың 46 орайын дәлме-дәл көрсетумен бірге ең жақсы, қасиетті 28 орайдың қандай ерекшелігі нышаны болатынын шежіре кітаптарда жазып қалдырған.

Мықыны тар. қабырғаның қанаты мен қалбағайдың арасы 2-3 екліден аспайды.

Жаясы жалпақ, қанаты ұшатын бүркіттің қанаты іспетті.
Көтені ары үңірейген, көтенінің аузындағы қуысқа түйенің құмалағын салып көргенде тоқтап тұрады. Жұмылған екі саусақтың екі буыны (бүк қол мен ортан қол) сиятындай үңгір қобы болады.

Құйыршық: құйыршығы ұзын, жанына қарай тартып көргенде қалбағайдың басынан асып тұрады. Құйрығының түбі жуан, ұшы сымпыс болады. Мұны түп құйрық, немесе түлкі құйрық дейді. Түп құйрықтың қылшықтары қайратты қатты болады. Ал ұшына ала ұяңдап жіңішкереді. Одан әрі құйрық салаланып айырылады. Бір тал түп ағаштың бұтағы іспетті 2-3 сала болып өседі.

Даусы: Сыншылар «Айғыр үнді, құлын жүнді» деп сипаттайды арқырап кісінейтін аттардан үміт күтіп жетелейді де жүреді. Онысы сәті түссе ғана шылбыр ұстатады. Ал нағыз шаң тиместер арыстанша арқырап, сарылықша қорқылдап кісінемейді. Олардың үні «жылқышы» деген бозторғайдың үні, немесе құлынның даусындай ғана сыңғырлап шығады, тұнық әрі таза.

Жайылуы: Жайылғанда обырланып ашқарақтық істемейді, сіңімділігі күшті, таңдайына татитын шөптің шүйгінін ғана таңдап жейді. Бір түп шөпті жұлғанда жұғымсыз бір талын шайнамастан шығарып тастап кетеді. Абайсызда жұлынып кетсе аузынан шығарып тастайды. Сіңіре (тойғанша) жейді, сығымдап тышады. Жүйрікке тұз бермейді.

Суару. Су ішікенде ағысқа қарсы тұрып, судың бетіне ерінін ғана тигізеді де баяу жұтады. 4-5 рет басын көтеріп тамсанып (аузын шаймайды) алысты болжап, есінеп асықпай-үсікпей кербездене ішеді. Судың ағысымен бірге ағып, мұрнын малып (кейде көзіне дейін батады) сылық-сылық жұтып, аузын шайып, бір-екі рет дем алып қалатындары жүйрік болып мандымайды.

Міне, бұл айтылғандар жай ғана көзбен көріп, қолмен ұстап сынайтын айқын белгілер. Бұларды қырағы сыншылар жазбай таниды.

9f1a8f7afabf8d5c03eccab2e7d0f2b3Қаржаубай Сартқожаұлы,

IMG_1675Қадыл Айдаубайұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!