Әбділда АХМЕТОВ. Көкжал ат

8816

Бұл аттың тарихы әріден басталады. Бабамыз Қалыбек батырдың жүйріктері қазақ, қырғызға аты шыққан Қаракөктердің тұқымы еді. Қалыбек бабамыздың ортаншы әйелі Шаңқанай анамыздан туған жалғыз ұл Нияздан екі ұл Бигелді, Жиде өрбиді.

Кенжесі Жиде атқұмар болады да, жүйріктерді жинаумен, баптаумен әуестенеді. Жүйрік аттар үзілмейді. Бұл үрдіс ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса отырып, жетінші ұрпақ – ағайынды Көтбай мен Ахметке (Менің атам – автор) келгенде ең жоғары деңгейге көтерілді. Кеңес өкіметі орнап, колхоздастыру, байларды кәмпескелеу секілді науқандар басталып, малдың барлығы ортаға топтастырылады. Көтбай мен Ахметтің де бар малы ортаға өтіп, жалғыз құлынды биесі қалады. Жүйрікті құлынынан танитын Ахмет жалғыз биенің көк құлыны жүйрік болатынын балаларына айтып, жақсы қарауды тапсырады. Екінші ұлы Мырзекен көк құлынға көзінің қарашығындай қарай бастайды.
Байларға салықты көбейтіп, төлей алмағандарын итжеккенге айдау науқаны басталады. Салық төлей алмаған Көтбай мен Ахмет те Қытай асып кетеді. Әйелі Кербезді, үлкен ұлы Алдекенді атам Ахмет өзімен бірге алып кетеді де, кішкентай төрт ұл, бір қызы Жалаулының Тоғызбұлақ деген жеріндегі ағаш үйде қалып қояды. Көк құлын құнан шығады. Оған, әрине, белсенділердің көзі бірден түседі. Әжеме «құнанды ортаға өткізіңдер» деп белсенді жақын туысымыз бір-екі рет келеді. Әжем өткізбейді. Әсіресе, менің әкем Мырзекен «өлсем де өткізбеймін» деп қасарысып тұрып алады. Өз еркімен өткізбейтінін сезген белсенділер енді күшке басады. Ауданнан милиция шақыртады. Бір күні Тоғызбұлақтағы қыстауда отырғанда таңертең далада ит үргенін естіп шыққан Мырзекен үйге қарай келе жатқан екі милиция мен белсенді туысымызды көреді. Құнанды алуға келе жатқанын біледі де, байлаулы тұрған жануарға жайдақ мініп қаша жөнеледі. Қашқанын көрген милициялар да бастырмалата қуады. Кегеннің суынан өтіп, Қарқараны жағалап, Бөлексазға дейін қашады. Қуғыншылардың аттары да байлардан тартып алған жүйрік аттар екен. Көк құнан жеткізбейді. Милициялар «тоқта, тоқтамасаң атамыз» деп айқайлап, анда-санда басынан асыра атып қоятын көрінеді. Әкем балалықтың әсері ме, әлде бар ойы құнанын құтқарып қалу ма, өлемін деп ойламайды. Содан тауға қашып, ұстатпай кетеді де, түн бата үйге келеді. Анасына «әкемнің артынан кетейік» деп шарт қояды. Милиционерлердің «жақын арада құнанды әкеліп өткізбесеңдер, сендерді де қамап, итжеккенге айдатамыз» деп кіжінгені әжемнің есіне түсіп, «жарайды, кетеміз бірақ сендер ешкімге айтпаңдар» деп ескертеді. Ертеңінде жолға дайындала бастайды. Бар көлігі – биесі мен құнаны. Бабасы Нияздан мұра болып келе жатқан қарашаңырақты киізге орап, су тимейтін жерге тығады. Қараңғы түсіп, ел аяғы басылған мезгілде жолға шығады. Жүріп отырып, таң ата Шәлкөдедегі төркініне жетеді. Бір аптадан соң Мәтіл жәкем шекарадан өткізіп кетеді. Арғы бетке өтіп, отағасымен табысқан соң қайтадан жылқы ұстай бастайды. Оншақты жылқы жиналғанмен, жүйрік шықпайды. Сосын көк құнан дөнен болғанда айғыр қояды.
1946 жылы Мәтіл жәкемнің күрең биесінен көкжал күрең құлын туады. Бұл әкем Мырзекеннің ортаға өткізбей алып қашып әкелген жүйрік көк құнанының тұқымы еді. Желіде байлаулы тұрған көкжал құлынды көріп, Ахмет атам жәкемді шақырып, көкжал құлынның жүйрік болатынын айтады. Көкжал құлын құнанында бәйгеден озып келеді. Дөненінде сұлулайды (ат жасайды), бестісінде үлкен аламан бәйгеде қара үзіп келеді. Осыдан бастап Көкжал аттың атағы шыға бастайды. Көкжал ат онша үлкен емес, аздап жол жорғасы бар, мініп жүруге де жайлы ат еді. Бәйгеге қосарда кейбір аттар секілді жұлқынып тыпырламайтын. Осындай момақандығына қарап, көп адам «бұл қалай жүгіреді?» деп ойлап қалатын. Шапқанда бүктетіле созылып, сұлуланып кететін. Бәйгенің алдын бермей үйренгендіктен бе, алдына ат оздырмауға тырысатын. Шауып келе жатып, қатарласқан атты тістеп, артына келгенін теуіп, кейін шегіндіріп жіберетін. Көкжал атқа Мәтіл жәкемнің кенже ұлы Тұрғынбек мініп шабатын. Ол тәжірибесі мол, шағын денелі жеңіл бала еді.
Көкжал аттың теңдесі жоқ жүйрік екеніне екі рет мініп шапқанда көзім жетті. Қалқатының басындағы жайлауда отырғанбыз. Таңертең Мәтіл жәкем үйге келіп, Ахметтің ортаншы ұлы Әлдекен ағаны шақырды да, «ертең және күн аралатып Аттың тауында екі бәйге болады екен, соған Көкжал мен Торы атты қосып келейік» деді. Аға әзіл-шыны аралас «Көкжал атқа Әбділданы мінгізсеңіз, барамын» деді. Жәкем кеңкілдеп бір күліп алды да, «жарайды мінгіземін, түстен кейін жолға шығайық» деп үйіне кетті. Үйдің ішінде тыңдап тұрған менің қуанышымда шек болмады. Өйткені атақты Көкжал атқа бірінші рет мінейін деп тұрмын. Барлығымыз тез жиналып, түс ауа Көтбай көкеме барып батасын алдық.
Ертеңінде түске таяу ат шабатын жерге келдік. Халық көп жиналыпты. Бәйгеге қосылатын аттың қарасы 60-70-ке таяу секілді. Көкжал аттың келгенін естіген ел топырлап келіп көре бастады. Атты айналым емес, ұзаққа айдайтын болды. Көкжал атқа мінгеніме бір қуансам, екінші жағынан «атқа шапқанда кемшілік жіберіп қоямын ба?» деп қобалжып жүрмін. Ат айдаушы бәйгеге қосылатын аттарды жинап, ер-тұрмандардың дұрыстығын тексеріп шығуды тапсырды. Аттарды жіберетін жер жазықтау кезеңше екен, қатар тізіп қойып «ал балалар, жолдарың болсын!» деп дауыстап, аттарды жіберді. Мен де тебініп қалып, Көкжал аттың басын жібердім. Бірден зулай жөнелді. 150-200 метрден соң-ақ барлық аттың алдына шықты. «Қалыбек! Қалыбек! Қалыбек!» деп ұрандатып шауып келемін. Жануардың шабысы ерекше еді. Денем шымырлап, жүрегім лүпілдеп кетті. Тынысым тарылып, тұншығып ба¬ра жатқан секілдімін. Шауып емес, ұшып келе жатқандай сезіндім. Бірте-бірте өзіме келе бастадым. Артыма қарап қоямын, басқа аттардан ұзап кетіппін. Тізгінді тартып, қинамай, еркімен шауып келемін. Көкжал аттың шабысы бірте-бірте үдеп бара жатқан секілді. Мұндайда «аттың басын іркіп, ауыздыққа сүйеп шабу керек» деп ескертетін. Мәреге бір шақырымдай қалғанда жайлап тебініп, аттың басын жібердім, жануар зулай жөнелді. Өзгелерден 150 метрдей озып келдім. Бір күннен кейінгі болған бәйгеге шапқанда өткендегіге қарағанда етім үйреніп қалыпты, онша қысылмадым. Бұл күні де де Көкжал ат алдымен келіп, ауылға олжалы қайттық.
Ауылға келсек, көкем нашарлап жатыр екен. Атының екі бәйгеде де алдымен келгенін естіп, риза болғандай кейіп танытты. Бір сағаттан соң қайтыс болды… Көкем қайтыс болған соң, Көкжал ат бір жылдай жүгірмей жүрді. Кейде екінші орын алып қалатын. Көкжал ат көкем қайтыс болған соң күйзелісте болған шығар деп ойлаймын.
Қыста жаздай бәйгеге қосылған жүйрік аттарды қараша айының аяғынан қаңтардың ортасына дейін «ішінің ыстығын алсын, тұяғы жетілсін» деп қар тептіретін. Осындай бір күндері қасқырлар қамап, Көкжал атты жаралайды. Абырой болғанда, артқы санының терісін ғана осып кеткен. Мәтіл жәкем жүйрік аттарымен көптеген қасқыр соққан тәжірибелі кісі еді. Қыста қасқырлар жылқыға, ұсақ малдарға шауып маза бермейтін. Бір жолы жәкем аға екеуі қасқырдың арланын қуалайды. Көкжал атпен қуып жеткен жәкемнің қайырмалауына арлан қасқыр ырылдап мүмкіндік бермейді. Тауға ілініп кетсе жеткізбейтінін білген жәкем қолындағы сойылымен қасқырды соғып қалады. Сойыл жон арқадан тиіп, арлан қайырыла келіп, ат үстіндегі жәкеме секіреді де, шекпенінен тістеп аудара тартады. Сол мезетте Көкжал ат артқы аяғымен қайыра теуіп, қасқырды ұшырып түсіреді. Сол мезетте жетіп үлгерген Алдекен аға сойылымен қасқырды бастан салып өтіп, ұрып алады.
Қытай билігі 1958 жылы жазда – жайлауға, қыста қыстауына көшіп, еркін жүрген қазақ ауылдарын бір жолата отырықтандыруға бар күшін салып, коммуналандыруды бастады. Малдар да ортақ ұжымға топтастырылды. Көкжал ат та коммунаға өтті. Коммуна бойдақ жылқылардың барлығын жұмысқа салды. Ат қадірін білмейтін коммуна мүшелері Көкжал атты соқаға салып, тартпаса басқа, көзге қамшымен, таяқпен ұрып, бір көзін ағызып жіберген. Әбден қинап, арықтатып болдыртқан. Мәтіл жәкем інісі Ауғанбай аға екеуі отбасыларымен Қазақстанға өтіп кеткенде, Көкжал ат коммунада қалып қойған. Менің әкем қызмет бабымен көрші Текес ауданына көшіп, Алдекен аға да бізбен бірге сол ауданға барды. Бір жолы Алдекен аға біздің ауылдың бұрынғы қонысы Қалқатыға баратын шаруасы болып, қыстауға соғады. Ескі қораның алдында жатқан бір жылқыға көзі түседі. Қасына барғанда, өлгелі жатқан жануардың Көкжал ат екенін әрең таниды. Қасына барып, аттың басын көтереді. Тұруға шамасы жоқ жануар «келдің бе?» дегендей әлсіз оқыранып, көзінен жас парлайды. Мұны көрген Алдекен аға да көз жасына ие бола алмайды. Аттың басын сүйеп біраз отырады да, мал болмайтынын білген соң жануардың жанын қинамайын деп, қасындағы адамға бауыздатады. Терең шұңқыр қазып, ит-құсқа жем болмасын деп көміп тастайды. Арысы Қалыбек батыр бабамыздың қаракөк тұлпарларының тікелей тұқымы, берісі қазақ, қырғызды жүйріктігімен таңғалдырған, ағайынды Көтбай мен Ахметтің даңқын аспандатқан, Көкдөнен мен Көкбестінің даңқты жолын жалғастырған тұлпарлардың соңғы тұяғымен осылай қоштасқан едік…

Әбділда Ахметов,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі
«Айқын» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!