Ахмет ТОҚТАБАЙ. Ат тағалау

9224

Адамзат жылқыны қолға үйрету үшін ауыздықтан бастап, ер-тұрманның соңғы жабдығы – үзеңгі мен тағаны ойлап табуға дейін бірнеше мыңдаған жылдар уақыт өткен. Мысалы: алғашқы ауыздық б.з.д. IV-III мыңжылдықтарда пайда болып, VІ- VІІ ғасырларда қазіргі кездегі түрге келді. Ат жабдықтарының ең соңғысы таға – VІІІ және ІХ ғасырларда бірнеше елдерде бір мезгілде, сондай-ақ көп жылдық крест жорықтары тағаның дамып жетілдірілуіне себепші болған дейді зерттеушілер. Европа елдерінде ат тағалауға ерекше маңыз бергені соншалық: «Бір мемлекеттік тағдыры бір шегеге байланысты» деген мәтел болған, себебі «шеге тағаны сақтайды, таға атты сақтайды, ат батырды сақтайды, батыр қамалды қорғайды, қамал бүкіл мемлекетті қорғайды». Көшпенді халықтарға қарағанда отырықшы елдер ат тағалауға ерекше мән берген. Тіпті ат тағалау арнаулы пән ретінде кавалериялық мектептерде оқытылған. Ат тағалау теориясына арнайы кітаптар мен көмекші құралдар жазылған.
Қазақта атты жорыққа шыққанда тағалаған. Қазақтың жылқыларының қатты құйма тұяғы тағаны керек етпеген, бірақ үстем тап өкілдерінің хан, сұлтан, батырлардың атты көбінсе сәндік үшін алтын, күміс тағалармен тағалағаны халық эпосында кездеседі:
аттың ізі…Тұсар ма, билер тұсар ма!
Арғымақтың аяғын,
Алтынменен тағалап,
Күміспенен шегелеп,
Игі жібек тұрғанда,
Арқанменен тұсар ма?…

…Тұрманының барлығын алтындатып,
Күміспенен төрт аяғын тағалатып…
(Ер Тарғын)
ХVІІІ ғасырларда қазақ-жоңғар соғысында қазақ әскерлері аттарын тағалағанын тарихи жырлардан көреміз.
Қабанбай батырдың жорыққа шыққалы жатқанда серігі Шағалақ батырға айтқаны:
-Ей, Шағалақ, Шағалақ,
Ертіп едім жасыңнан,
Жүз кісіге бағалап.
Қубас атты алып кел,
Төрт аяғын тағалап.
Әр тағаны ат тұяғына төрт шегемен тоқтатады. Көзеліп, атқа қағуға дайын болған айтаға.Ат тағалау оңай шаруа сияқты көрігенімен, әр аттың тұяғының формасы әртүрлі: қалың, жұқа, үлкен, кішкене және әртүрлі уақытта өсіп-жетіледі, сондықтан ат тағаларда жыл мезгіліне және ат қай жерде пайдаланылады, жазық жерде ме, тау-тас па, соған сәйкес таға таңдап алынады.
Таға соғып жүрген ұсталар тағаны формасына қарай бүршік таға (емшек таға), жайпақ таға, жыл мезгіліне қарай қыстың емшек тағасы, күздің (жаздың) жайпақ тағсы деп бөледі. Тағаларды суға қанбаған жасық темірден соғады, асыл темірден соқса, морт сынғыш болады. Халық арасында ай таға, шеге таға деген сөздер кездеседі. Қасан (қасаң) таға деп тозған тағаны айтады. Бүршік тағаның ортасында және екі жақ ұшында үш бүршігі (емшегі) болады, биіктігі 1,5 см тағаның көлденеңі 10 см, ұзындығы 11,5 см (орташа ат тұяғының мөлшерімен – А.Т.), әр таға бес шегемен тағаланады, шегелерінің ұзындығы 4,5 см, басы ұзынша төртбұрыштанып трапеция тәрізді боп келеді, бір атқа 20 шеге кетеді. Бүршік таға аттың аяғының сырт жағынан, қазақша қамшылар жағынан үш шегемен, іш жағынан екі шегемен шегеленеді, себебі қыста аяқтың сырт жағына көп күш түседі деп есептелінеді. Жаздық (күздік) жайпақ таға төрт шегемен ғана шегеленеді, сонда бір атқа 16 шеге қажет. Аттың жасына байланысты тай таға, құнан таға деп те атау қалыптасқан. Жетісуда жазда да, қаста да жайпақ тағаны пайдаланған, қыста таймас үшін шегенің қалпақбас жағын үлкенірек қылып, оны әдейі үшкірлеген, мұны «мұз шеге» деп атаған. Жазда шегені тағадағы ойықтың ішіне кіргізіп тағалайтын. Төсін шауып алып, жара қылады деп бәйгеге шабатын атты Моңғолия қазақтары ешқашан тағаламайды.
Қазақ жеріне ат тағалау Қазақстанның Ресейге қосылған кезінен біраз уақыт өткен соң Батыс Қазақстанда кең тарай бастады, оған дәлел Мөңке бидің мына өлең жолдары:
Арғымақтың аяғы,
Айдай таға қағылса,
Кілегей мұздан таяр ма.
Ел ішінде таға соғатын, ат тағалайтын, шеберлер, ұсталар көп болған.
Бірақ қазақта арқардың мүйізінен таға жасау, таутекенің мүйізінен үзеңгі жасау – күні кешеге дейін ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін жалғасып келген мүйізді пайдалану өнерінің көне саласы. Бұл өнер арқар мен таутеке өсетін Қазақтанның барлық жеріне тән.
Баян-Өлгий қазақтарында Лайық деген ұста 1960ж. дейін арқардың мүйізінен таға істеп, шегесін темірден қаққан. Лайық ұстаға тапсырыс берушілердің айтуынша, арқар таға өте шыдамды «азбас, тозбас» деуге болады, тек темір шегесі қиылып қалады, шегені ауыстырып отыру керек.
podkovaМүйіз тағаға арқардың құлжасының қырлы, жуан, салмақты мүйізі пайдаланылады. Мүйізінен тағаның көлеміне сәйкес бөлегі арамен кесіліп алынады да, отқа әбден былқылдақ күйге түскенше, қысқашпен ұстап тұрып қыздырылады. Балқытылған мүйізді пышақпен жонып, аттың тұяғына мөлшерлейді. Мұнан соң қолдан соғылған басы бүршік шегелермен аттың тұяғына қағылады. Шегенің үшкір бүршіктері барлық шығыс тағаларындай тағаның «емшегі» рөлін атқарады.
Басқа тағаларға қарағанда мүйіз тағаның мынадай ерекшеліктері мен артықшылықтары бар:
1. Қалың және өте қатты, жылқының өз тұяғынан мықтырақ.
2. Біршама майысқақ, икемді, иілгіш келеді, жарылып жарықшақ болмайды, темір таға сияқты морт сынбайды.
3. Салмағы өте жеңіл – 100-120 грамм, ал темір тағаның салмағы 350-400 грамм.
4. Қанша тозып желінсе де, бедерлі, ажымды күйін сақтайды, себебі арқардың мүйізінің құрылымы сондай.
5. Таулы жерде аттың тек табанын ғана емес, тұяғын түгел қаптап тағалайды, бұл тұяқтың жан-жағын үшкір тастардан және басқа табиғи заттардан қорғайды.
6. Үнемді, бір жылға бір атқа екі-ақ мүйіз таға кетеді екен, темір таға небәрі 3-4 айдан аспай тозып қалады.
7. Мүйіз таға әсіресе алысқа шабатын бәйге аттарына ыңғайлы. Бәйге аттарын шегенің басын шығармай, арнайы шеге ойығына кіргізе тағалайды. Көнекез қариялардың айтуынша, мүйіз таға өте жеңіл және ат шапқанда серіппелік әсер береді. Темір тағамен аттар төсін шауып алады, жарақаттайды.
ХІХ ғ. ІІ жартысына дейін қазақтар мүйіз тағаны пайдаланып келген. ХІХ ғасырдың орта кезінде Орта Азиядан, Ресейден, Қытайдан дайын темір тағалардың келуі, мүйіз тағаларды ұмыттыра бастаған. Дегенмен ХХ ғасырдың басына дейін қазақтар мен қырғыздар жеке бәйге аттарын мүйіз тағамен тағалап келген. Мүйіз тағаның тағы бір жоғалу себебі, орыс қоныстанушыларының арқарды жаппай қырып, азық-түлікке пайдалануы еді. Арқардың мүйізінен гөрі, темір табу, одан таға соғу оңайға түсті.
Ел ішінде таға соғатын, ат тағалайтын кәсіпті мансұқ еткенден шыға бастады. Кіші жүзде он екі ата Байұлының ішіндегі Есентемірден тарайтын ағайынды Көн, Тағашы аталары сол замандарда тері илеушілер мен таға соғушылар әулеті болғанынан хабар береді. Ресейге шекаралас қазақ ауылдарында ат тағалаудың кең тарағанын Орынбор өлкесі қазақтарының қыз ұзатылғанда айтылатын сыңсу жырынан да көреміз.
Базардан алып келген тағаларым,
Қақтырған керторы атқа тағаладым.
Жол жүріп алыс жолға кетіп барам,
Қош, сау бол, артта қалған ағаларым.
Балаға Тағай, Тағабек, Тағағали, Тағабай сияқты есімдер беру сол кездерде пайда бола бастаған. Қазақтың ат тағалау өнері басқа халықтардың ат тағалауынан көп өзгешелігі бар өзіндік үрдіс. Қазіргі таңда бәйге аттарын мүйіз тағамен тағалап, ұмытылып кеткен ұлттық өнерімізді қайта жаңғыртсақ, игілікті іс болар еді.

Безимени-6Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!