«Алтын тұғырлы» тұлпарлар

7181

ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы соңғы бірнеше жылдың жүзінде айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. Көкпар мен Аударыспақтан І-ші Ашық Азия чемпионатын өткізіп үлгерген қауымдастық, Бүркітшілердің халықаралық фестивалін, «Алтын тұлпар» аламан бәйгесін, асық атудан Республикалық турнир және тоғызқұмалақтан ел біріншілігін мәресіне жеткізді. Бұл Қайрат Сатыбалдыдай ұлт жанашыры тізгінін ұстап, Бекболат Қанайұлы сынды елімжан азаматқа сәтті тапсыра білген Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының санаулы жылдарда ғана қолы жеткен жетістік.
Екі жылдан бері осы байрақты бәсекелердің үздіктерін анықтап, жылдың қортындысын шығаруды қауымдастық дәстүрге айналдырып келеді. Өткен жылы бастау алған «Алтын тұғыр» Ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі, биыл да жалғасын тапты.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген секілді, бұл жолғы марапаттау салтанаты былтырғыға қарағанда өзгерек болды. Оның да өз себептері жоқ емес. Жыл өткен сайын кемелденіп, кемтігін азайтып кележатқан қауымдастықтың өз қызметтеріне деген құрметі, ұлттың, халықтың мәртебесін көтеріп, елімізді ұлттық спорт арқылы басқаларға танытсақ деген талабынан туған бұл жолғы ерекшелікті айта кетпеске болмас. Оның ең Рамазан ағабастысы – Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы басшылығына кеңесші болып Мырзатай Жолдасбековтей абыз ақсақалдың келуі. Екінші бір көзге жылы, көңілге жақын болған дүние ол – ұлттық құндылықтарымызға, соның ішінде ұлт спортына қатысты әдістемелік оқу құралы ретінде «Қазақтың атбегілік өнері» және «Саят құстары» кітабының жарық көруі. Бұл еңбектер алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығын жеткізді қауымдастық басшылығы. Бұл туралы алдағы уақытта толықтай тоқталатын боламыз.
Ал енді, жалпы алғанда, 2014 жыл ҰСТҚ үшін табысты жыл болды. Ұлттық спорттың барлық түрінен жарыстар ұйымдастырылып, жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарлар анықталды. Көкпар, бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлері тар шеңберден шығып, халықаралық деңгейге өсті. Ұлттық спортымыз шетелде де дамып, еліміздің имиджі көтерілуіне ықпал етуде. Бұл Қауымдастықтың үстіміздегі жылды қорытындылаған жиынында сөз алған Қайрат Сатыбалдыұлының пайымы.
Айтса айтқандай, Республикамыздың барлық аймақтарында ұлттық спорт мектептері ашылып, барлары қайта жаңғыртылып, клубтар құрылып, мықты командалар жасақталып жатыр. Сонымен бірге биылдан бастап ұмыт болып кеткен «Жамбы ату» ойыны қайта қолға алынып, Моңғолия, Түркия секілді шетелдерден арнайы мамандар шақырылып, спотшыларды мергендікке баулуда.
Соңғы кезде ұлтымыздың рухани да, әлеуметтік те құндылығына баланған Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына «Нұр Отан» партиясы айтарлықтай қолдау көрсетіп, оның насихатталуы мен дамуына барынша үлес қосып келеді. Биыл «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына орай Астананың іргесінде өткен «Аламан» бәйге сондай ірі шараның бірі. 43 шақырымға ұйымдастырылған бәйгенің бас жүлдесі – 10 миллион теңге қазақы тұлпар Бақторының қанжығасына байланды.
9 құмалақҰлттық спорттағы жетістіктер Елбасының ұлттық құндылықтарды қолдап, дәстүрімізге ерекше мән беруінің арқасы. Сондай-ақ қауымдастықтың ұйымдастырған кез келген іс-шараларға «Самұрық-Қазына» әл ауқат қорының демеушілік көрсетіп, қолдау білдіруі – ұлттық құндылықтарымыздың сенімді, әрі іскер азаматтардың қолына тигендігін байқатады.
Сонымен 20 желтоқсан күні өткен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының жыл қортындысына тоқталайық. Еліміздің түкпір-түкпірінен жыл қорытындысының мәжілісіне жиналған ұлттық спорттың жанашырлары таңертеңгі сағат 11-ден бастап алқалы кеңеске кірісті. Әр өңірдің жылдық есебін тыңдап, уақыт өткізгеннен гөрі, қай аумақтың қандай олқылығы бар, қандай ұсыныс пікірі бар дегенге баса көңіл аударған мәжіліске қатысушылар жиынының беташарын жоғарыда сөз еткен екі кітаптың тұсаукесерімен бастады.
Осы ретте аты аталған екі кітапқа шамалы тоқтала кетейік. Бұның бірі әйгілі ғалым, қазақтың танымал тұлғаларының бірі Әлкей Марғұланның қолжазбасынан, Тұрсын Жұртбайдың рецензиясымен дайындалып, жарық көрген «Саят құстары» кітабы. Бұл еңбекте қазақтың ұлттық өнеріне айналған саятшылыққа арналған құстардың барлық түрлері жеке-жеке талқыланып, тарқатыла жазылған. Ал екінші еңбектің қазақтың ұлттық болмысына, салт-дәстүріне, әсіресе қазіргі таңда халқымыздың жаппай қызығушылығын тудырып отырған ат спорты саласында алар орны ерекше. Сонымен бірге, жылқы шаруашылығымен айналысқысы келетін, ат жаратып, жүйрік баптауды қолға алған азаматтар үшін таптырмас оқу құралы бола алатындығын байқауға болады. Бұл – бұған дейін көпшілік оқырманға түрлі тақырыптағы журналистік зерттеулерімен, этнографиялық әңгімелерімен танымал болған Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» атты еңбегі. Екі кітап та Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тапсырысымен, «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қорының қаржыландыруымен жарыққа шығып отыр.
Осы кітаптардың тұсауын кесіп, көпшілік қауымға таныстыру кезінде сөз алған Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кеңесшісі Мырзатай Жолдасбековтың; «Еліміздің қай аумағында болмасын Ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарға сол өңірлердегі қарттар үйінде өмір сүріп жүрген қарияларды арнайы көрермен ретінде автобуспен әкеліп, қатыстырып отыру керек. Бұл өз кезегінде бүгінгі таңда ата-анасына тасбауырлықпен қарайтын жастарға үлкен сабақ болар еді» деген сөзі көпшілік көкейінен шықты.
Жиын барысында сөз алған әр өңірден келген ұлттық спорт жанашырлары өздерінің өлкелеріндегі кем соғып жатқан мәселелерді ортаға салды. Солардың бірқатарын жалпылама атай кетуді жөн көріп отырмыз. Мысалы үшін, еліміз көлеміндегі көкпар алаңдарын бір стандартқа сай ету;
Көкпар командаларын шеберліктері мен күш-қуатына қарай екі сатыға бөлу;
Солтүстік өңірлерде қар көбесі жаңа сөгіліп келе жатқан уақытта Оңтүстікте жаз шығып, көкпар маусымы басталып кететіндіктен, көкпарды регион бойынша бөлу немесе Республика чемпионатының уақытын өзгерту;
Өңірлердегі ұлттық спорт мектептерінің жұмыстарын бірізге түсіру;
Өңірлердегі түрлі сайыстардың, чемпионаттардың уақыттарын реттеу;
Мемлекет тарапынан спорт бағытындағы жылқыларды өсіруге субцидия бөлдіру; т.б. қатарлы көптеген ұсыныстар мен пікірлер ортаға тасталып, алдағы уақытта шешімін табуы көзделінді.
Мұнан соң кешкі сағат 17-де Астанадағы Конгресс-Холл сарайында нағыз майталмандарды марапаттау салтанаты жалғасын тапты.
Жыл бойы жүрілген түрлі ұлттық спорт түрлерінен үздік аталғандар осы күні «Алтын тұғырдан» табылды. Былтыр 26 адам «Алтын тұғыр» сыйлығына ие болып, 3 адам арнайы «Елімжан» төсбелгісімен марапатталған болатын. Ал биыл дәстүрлі түрде екінші рет қолға алынған «Алтын тұғыр» – Ұлттық спорттың жыл үздіктерін марапаттау кезінде 21 спортшы «Алтын тұғыр» иегері атанса, 22 спортшы арнайы дипломға ие болды. Сонымен бірге биылғы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының «Елімжан» орденіне ұлттық спортты насихаттауға үлкен еңбек сіңірген «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы Акционерлік қоғамының Басқарма төрайымы Н.Мұхамеджанова, «Қансонар» республикалық қауымдастығының Басқарма төрағасы О.Әбдікәрімов, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер, меценат Б.Мұсабеков ие болды. Сонымен қатар, 2014 жылдың қортындысында марапатқа ұсынылған үздіктер тізімі :

І. КӨКПАР СПОРТЫНАН

1. Көкпардың жыл шабуылшысы – Нышанбеков Аблайхан Шаймерденұлы, ОҚО ойыншысы «Алтын тұғыр»
2. Көкпардың жыл қорғаушысы Қыянов Жалғас Рыстыбайұлы, Жамбыл облысынан «Алтын тұғыр»
3. Көкпардың жыл аты «Хан» атының иесі Қуанышбек Құрамаев «Алтын тұғыр»
4. Көкпардың пырағы «Аю» атының иесі Нұрдәулет Момынов «Алтын тұғыр»
5. Көкпардың жыл салымгері Айтбаев Темірхан Сауақасұлы, ОҚО-нан «Алтын тұғыр»
6. Көкпардан жылдың жас саңлағы Тұрғанбеков Құрманбек Тұрғанбекұлы, Жамбыл облысының ойыншысы «Алтын тұғыр»
7. Ұлттық ат спорты ойындарының жылдың үздік төрешісі Азбаев Мақсат Қажығалиұлы, СҚО облысынан «Алтын тұғыр»

ІІ. АУДАРЫСПАҚ ОЙЫНЫНАН

1 Аударыспақтың ауыр салмақтағы жыл палуаны Қосалиев Біржан Сатыбалдыұлы, ОҚО-нан «Алтын тұғыр»
2 Аударыспақтың 70 кг. салмақтағы жыл палуаны Ермек Жұмабекұы Жапишев «Алтын тұғыр»
3 Аударыспақтың 90 кг. салмақтағы жыл палуаны Сырым Ізбасаров «Алтын тұғыр»
4 Аударыспақтан жылдың үздік жаттықтырушысы Бекмұсаев Жанбатыр Сайлауұлы, ОҚО –нан «Алтын тұғыр»

ІІІ. БҮРКІТШІЛІКТЕН

Жыл бүркітшісі Арман Қошқаров «Алтын тұғыр»

IV. АТ БӘЙГЕСІНЕН

1 Жыл Алтын тұлпарының атбегісі (43 ш.шапқан «Бақторы» иесі) Сексенов Мейіржан Мәдікенұлы «Алтын тұғыр»
2 Жыл атбегісі Сатыбалдинов Ерлан Байбатырұлы «Алтын тұғыр»

V. ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН

1 Тоғызқұмалақтан жыл ойыншысы Қаймулдин Жанат Сембайұлы «Алтын тұғыр»
3 Тоғызқұмалақтың жыл жаттықтырушысы Нұршин Қабидолла Аманбайұлы «Алтын тұғыр»

VІ. ЖЫЛ АСЫҚ ОЙЫНШЫСЫ

1 Асық атудан жыл мергені Асанов Руслан Сәдіреддінұлы «Алтын тұғыр»
2 Асық атудан ересектер арасында жыл мергені Мұхамеджан Адай Сәбитбекұлы «Алтын тұғыр»

VІІ. ЖАМБЫ АТУДАН

Жамбы атудан жыл мергені Алдияр Жанатұлы Нурғазиев «Грамота»

VIII. ТЕҢГЕ ІЛУ ОЙЫНЫНАН

Теңге ілуден жыл ойыншысы Бәшімбаев Әлихан Дәулеткерейұлы , Ақтөбе облысынан «Алтын тұғыр»

IX. ЖЫЛ ҚҰМАЙ-ТАЗЫСЫ

Жыл құмайы Тоқабаев Аманат «Алтын тұғыр»

X. ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН

Қазақ күресінен жыл палуаны Айбек Нұғымаров «Алтын тұғыр»

көрермендерБұл тізімде тек қана биылғы жылдың «Алтын тұғыр» иелерінің есімдері берілді.
Келесі жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын, Жеңістің 70 жылдығын, Конституцияның 20 жылдығын, Ассамблеяның 20 жылдығын атап өтеді. Осы айтулы даталарға орай ҰСТҚ алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Мереке кезінде ұлттық спорттан ірі халықаралық жарыстар ұйымдастырылып, дәстүр дәріптелмек. Өйткені, ұлттық спорт рухты көтеріп, тәуелсіздіктің алтын тұғырын биіктетеді.
«Алтын тұғыр» марапаттау салтанаты кезінде сөз алған «Нұр Отан» қоғамдық саяси институтының директоры Саясат Нұрбектің сөзімен айтар болсақ; «Ұлттық спорт түрлері – халықтың, ұлттың рухани, әлеуметтік әрі бренттік мақтанышы» екендігін көрсетті. Бүгінде еліміз көлемінде 250 мың адам шұғылданып, 650 штаппәтері жұмыс істейтін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы өзінің биылғы жылғы үздік тұлпарларын осылай тұғырғы шығарды.
Марапаттау салтанатында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен қызықты да тартымды болып өтті. Кеште Бекболат Тілеухан, Ерлан Рысқали, Тұрсынбек Қабатов, Нұрлан Албан, Ардақ Балажанова, «Аламан» тобы, «Белес» тобы, Ибрагим Ескендір өнер көрсетіп, Айбек пен Сара айтысты. Сонымен бірге, 35 жасқа дейінгі ақындар арасында жарияланған «Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасының жеңімпазы Қуаныш Қолқаев өз өлеңін оқыды.
Кеш соңы Ұлттық спорт түрлеріне еңбегі сіңген ардагерлер Әбілхан Дауылбаев, Жолдыбай Кенжеғұлов және Нәркен Калибеков қатарлы ақсақалдарға шапан жауып, алғыс білдірумен аяқталды.

Ержан Жаубай, Арғымақ.кз

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!