Жылқының тілін білетін Құлабай сыншы

8707

Ерте заманда найманның атақты атбегі Құлабай деген кісі, көрші отырған арғынның атақты байы Қасен деген кісінің үйіне ел орынға отырған кезде барып, атын сыртқа байлап үйге кіріпті. Ойда жоқ тұйықсыз жетіп келген Құлабайды Қасен құшақ жая қарсы алып, бір қойын сойып, ұзақ әңгімеге кірісіпті. Бір кезде сыртта қатты жел тұрып, қасқырдың ұлыған, иттің үріген даусы естіліпті. Іле-шала Құлабайдың аты ұзақ кісінеп қояберіпті. Атының даусына құлақ түрсе, аты оған:
— Тақсыр, ием! Ит пен қасқыр айтысып жатыр. Қасқыр итке: «Ей, ит, бүгін қалың нөсер жауғалы келеді, жауын келгенше тойып алайық, маған бір тай бер» деп еді, байдың көк иті: «Албаты оттама! Бір тай емес, тышқақ лақ бермеймін! Иеме адал қызмет көрсетемін» деді. Қасқыр оны алымсынбай: «Сенің адалдығыңды біліп жатқан иең жоқ. Көп үрімей бір тай бер. Егер өзің біліп бермесең аздан соң тартып аламын» деді. Мына байдың иті де оңай емес екен, «Албаты ұлымай аулақ жүр!» деп шорт кетіп еді, қасқыр басқа тәсілге көшіп: «Онда былай істейік; малдарды иең түгел саған сеніп тапсырған болса, онда ана далада тұрған қонақтың атын бер, оны бағу сенің міндетің емес қой» деп еді, ит сәл босап қалды: «Қонақтың атын беру-бермеуді қазір ол ас ішкен кезде көрейік. Егер ол алдына ас келгенде мені ұмытпаса, оның атын да қорғауыма аламын. Ал ол ешнәрсе татырмаса, атын ел жатқан соң келіп жей бер» деді – дейді.
Ғажайыптанған Қасен Құлабайға бұрылып:
— Құлеке, атыңыздың кісінесі бөлек қой, атыңыздың дауысын неге ұзақ тыңдадыңыз? – деп сұрапты. Құлабай күліп:
— Атым алаңдап қорқып тұрған сияқты… Бүгін түнде итіңіз бен қасқырдың сайысы болғалы тұрған сияқты – деп Қасенге онша сыр бермепті.
Бір кезде үй иесі Құлабайдың алдына өзіне арнап сойған қойдың етін әкеп қойыпты. Сол арада байдың иті жетіп келіп, есіктен басын сұғып қонаққа қарап жата кетіпті. Қонақ үлкен бір кесек етті алып итке лақтырып жіберіпті. Ит оны қағып алып жөніне кетіпті. Құрметтеп отырған қонағының бұл қылығына Қасен ренжіп:
— Қалеке-ау, бұл не қылғаныңыз?! Немене, көк итім аш жүр деп пе едіңіз, — депті. Құлабай басын шайқап:
— Қасеке, ренжімеңіз! Ит жеті қазынаның бірі емес пе. Оның үстіне бағана атым кісінеп «маған түнде бас-көз болады, үй иесінің итіне сыбаға беруді ұмытпа!» деп ескерткен еді, қалған етті жесек те жетеді ғой, — депті.
Түн ортасы ауғанда Құлабай далаға шығып суытып қойған атына қараса, аты аман-есен тұр екен. Аттың ерін алып отқа қойыпты. Сонау алыстан талып жеткен қасқыр мен иттің даусын естіпті. Қасқыр мен көк иттің аңдысып жатқанын сезген Құлабай үйге кіріп:
— Қасеке, ау, Қасеке! Жылқыңызды қасқыр айдап кетіпті. Сонау алыста көк итіңіз көмек күтіп жатыр, тез тұрыңыз. Тез тұрып ара түспесеңіз жылқыңыз апатқа ұшырайды, – депті. Бай атып тұрып, белдеуде байлаулы тұрған атына қарғып мініп өріске қарай шаба жөнеліпті. Байдың ожар қылығынан сескенген Құлабай отқа қойған атына жайдақ міне салып, артынан қуып жетіп:
— Әй, байеке, сабыр, сабыр! Қазір қасқыр мен ит аңдысып жатыр. Ит жылқы жақта жатыр да, қасқыр итке қарап жатыр. Егер сіз ит жақтан барсаңыз, ит бізге жалт қарағанда, қасқыр оны бас салады. Сондықтан қасқыр жақтан барыңыз. Қасқыр жақтан барсаңыз ит бізді көріп жатады да, қасқыр бізге жалт қарағанда, итіңіз оны алқымынан ала түседі – депті. Сөйтіп, бай екеуі қасқырдың ту сыртынан шауып жетіп барған екен, қасқыр Қасен мен Құлабайға жалт қарағанда, аңдып жатқан көк ит оны бас салыпты. Бай мен қонақ қасқырды соғып алып, жылқыларын айдап үйге қарай тартыпты. Жолда бір семіз көк тай жылқыға ілесе алмай қайта-қайта арта қала беріпті. Сонда енесі артына қарап кісінеп:
— Ей, құлыншағым, тезірек жүрмесең, не байдан таяқ жейсің, не қасқыр жеп кетеді, — депті. Оған құлыны:
— Ой, апа, Қасен байдың бар малының құты менде тұрса, сонша ауыр жүкті жалғыз көтеріп мен қайтіп өзгелермен тең жүре аламын, — деп кісінепті.
Жылқы тілін жақсы білетін Құлабай, тайды қалайда қолға түсірмек болады. Құлабайдың сезгірлік арқасында малының аман қалғанына қуанған Қасен, ол аттанар кезде:
— Құтты қонақ болдыңыз, мына бір ақбоз атты мініп қайтыңыз, — деп бір ақбоз ат беріпті.
Құлабай оған рахмет айтып:
— Көлдей көңіліңізге мың алғыс! Сізден ат мініп, шапан киейін деп келмедім. Түк бітірмей тұрып таудай бір атты жетелеп кеткеннен ұялып тұрмын. Мені ұялтпайын десеңіз әлгі жылқыға ілесе алмай келген жаман көк тайды беріңіз, — депті. Қасен қарқылдап күліп:
— Құлеке-ау, сізден жаман бір тай емес, одан зорғымды да аямаймын. Қаласаңыз ұстап ала беріңіз. Маған бір тай шығын да емес, тығын да емес, — деп ризалығын білдіріпті.
Байдың көк иті иттің сырттаны екен, ол көк тайды иесінің біреуге бергенін біле қойып, жүгіріп барып көк тайдың аузы-мұрнын искеп құтын алыпты да, байдың үйнің туырлығының етегіне барып сарыпты, көк тайда қасиет қалмағанын білген Құлабай:
— Әй, байеке, пейліңізге рахмет! Алыс жолда тай жетелеп шаршағанда қайтемін, тайыңыз өзіңізде қалсын. Оданда ерімнің тоқымдары жұқа болып жүр еді, туырлығыңыздың етегінен бір тоқымдық кесіп алайын, — депті. Бай алдыңғы жолғыдан да ары күліп:
— Ой, Құлеке, қызық екенсіз. Бір тоқымдық емес, туырлығымды бірақ алып кетсеңіз де қыңқ етпеймін, — депті. Мұны естіген көк ит құтын сыртқа жібермеу үшін әупілдеп үріп: «Болмайды, болмайды, бермеймін, бермеймін» деп барып туырлықты иіскеп, жалап құтты көшіріп алып, босағадан көрініп тұрған үйге ұстаған шиге сарыпты. Мұны көрген Құлабай басын шайқап:
— Қасеке, сіздің біткен құт-байлығыңыз мына көк итіңізде екен, — деп, өзінің кеше түннен бері көріп-білген оқиғаларын айтып беріпті…

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Сымағұлұлы,
«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!