Ақмарал ИБАТҚЫЗЫ. Көктерек музейіндегі көненің көзі

5289

Халық мұрасы көздің қарашығындай сақтап, жәдігер ретінде көріп тамашалап қана қоймай, оны зерделеп, жан-жақты талдап, ұрпағымызға ұсыну арқылы, халқымыздың салихалы салт-дәстүрлері мен өмір сүрудегі ақылды, тапқыр іскерліктерін аша түсу, оны терең тану арқылы, халқымыздың кешегісі мен бүгінгісін сабақтастыра білу, рухани тұрғыдан қарағанда бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып саналады.
Кез- келген халықтың мәдениеті ғасырлар қойнауынан бастау алып, заманның сатыларына сай дамып, өзгеріп отырары даусыз. Қазақ халқының қалыптасуына байланысты оның материалдық мәдениеті жетіліп, өзіндік сипат ала берген. Ол көшпелі тұрмыс салтына бейімделіп, ежелгі дәстүрді сақтағанымен, адамның рухани сұраныстарын қанағаттандырумен ерекшеленеді. Халықтың күнделікті тұрмыс қажеттілігін өтейтін, өмір сүруін қамтамасыз ететін бұйымдар мен өндіріске қажетті құрал-жабдықтың түрлері Көктерек тарихи-өлкетану музейінің залдарынан көрініс тапқан. Ерте кезден бүгінгіге дейін өз құндылығын жоғалтпай жеткен бұл киелі жәдігерлер ата-бабаларымыздың көшпелі салтынан сыр шертіп тұрғандай.
Солардың бірі, ауылдық жерде әлі де қолданыста бар, аса бағалылығымен ерекшеленетін қазақы ер. Салт атқа мініп жүру үшін пайдаланылатын айрықша құрал-жабдық – ердің сүйегі, көбіне ағаштан жасалады. Жасалу техникасы мен сыртқы түріне қарай ер бірнеше түрге бөлінеді. Қазақы, қырғыз, орыс, шошақ бас, үйрекбас, құранды, қозықұйрық, қазыбас, ашамай, қанбас ерлер болған. Бұлардың ішінде қазақ арасына кең тарағаны – қазақы ер. Ол екі түрге бөлінеді: 1) Ер кісілерге арналған ер, оның сүйегі жұқа және ықшам келеді. Мұндай ерлерді онша әшекейлемейді, тек жасалуына көп көңіл бөліп, жете өңдейді. 2) Әйелдерге арналған ер, оның сүйегі ауыр, алтын, күміс, асыл тас, сүйек, мүйізбен әшекейленеді. Былғары, шұға барқытпен қапталады.

Жамалиев Рысқали, 1942 жыл. Австрия

Жамалиев Рысқали, 1942 жыл. Австрия

Әңгімемізге арқау болып отырған ер, ХҮІІІ ғасырдың туындысы, қазір өте сирек кездесетін ағаш ер қолдан – қолға өтіп, музейге жеткен. Қасына келген көрермен таңдайын бір қақпай кетпейтін бұл жәдігер ерекшелігі сол ешқандай шеге қолданбай, ағаш қапталға таспамен бекітілген. Қасты, алдынғы қасы артқы қасына қарағанда биік жасалған. Қастың үстіне қыран құстың бейнесін оюлап салған. Ер қатты емен ағашынан жасалған, жақсы сақталған. Ердің үстіне қойылған барқытпен қапталған көпшігі, қылдан есілген айылы, таза қайыстан жасалған таралғысы, сабы еліктің алдынғы аяғынан сапталған сегіз өрім қамшысы бұл ердің сәнін аша түскен.

Бұл құнды жәдігердің нақты иесі – ауылдың ардақты азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері 1922 жылы туған Жамалиев Рысқали деген ақсақал. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына алынған. Сталинградты, Австрия жерін жаудан қорғап, соғысты Берлинде аяқтаған Рысқали атамыз 1946 жылы елге аман оралған. Соғыстағы ерлігі үшін «Берлинді алғаны үшін», «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медалдарымен, «Үлгілі байланысшы» төсбелгісімен марапатталған. Соғыстан кейін Көктерек елді мекенінде есепшілік қызмет атқарған. Жұмыс бабында көлікке атты үнемі пайдаланып жүрген атамызға «қажетіңе жарат» деп аталған ағаш ерді ағасы Бақыт сыйлаған екен. Соғыс кезіндегі денеге тиген жарқат салдары болар, атамыз 1979 жылы 57 жасында жастай өмірден озды. Ерді кейінен баласы Базарбай мұражай қорына тапсырды.
Майдангер атамыздың ұрпақтары сыйға берген бұл жәдігер бүгінгі таңда аса сирек кездесетін, құнды да, бағалы, асыл мұралар қатарын толықтырып, халық игілігі мен ұрпақ тәрбиесі үшін рухани байлықтың көзіне айналуда.

AkmaralАдиетова Ақмарал Ибатқызы.
Көктерек тарихи- өлкетану музейінің экскурсоводы.

2 comments

  1. Роман 17 Мамыр, 2015 at 23:03 Жауап беру

    Бұл кісі менин Атам!!!Есимим Жамалиев Роман Базарбайұлы.Осы мақаланы жарыққа шығарған Жайсан Төлегенұлымен Ақмарал Ибатқызына алғысым шексіз!!!

  2. Гүлдана Өтегенқызы 25 Маусым, 2015 at 13:02 Жауап беру

    Осындай мақаланы жеткілікті тілмен жаза білген Ақмарал апама көп алғыс. Жер қойнына түсіп, ұмыт бола бастаған батыр аталарымыздың атын есіке салып , ел тарихын дәріптеп, жас буынға құнды ақпаратты жеткізіп отырған бұл кісінің еңбегі өте зор. Еңбегіңіз жемісті болсын, артыңыздан ерер жәдігерлеріңіз көп болсын.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!