Жылқы туралы фразеологиялық тіркестер

34079

Төрт түлік мал ішінде жылқы түлігі қазақ ұлтына ең жақын серік болып келгені тарихтан белгілі. Жылқыны сойсаң тіл үйірген азық, саусаң шөл қандырар сусын, мінсең желден жүйрік көлік болары даусыз. Сондықтан тұтас өмірі жылқы баласымен біте қайнасып кеткен халқымыз: «Ат — адамның қанаты», «ат үсті — әулие» деп, жылқы түлігін ерекше құрмет тұтқан. Соның нәтижесінде жылқының жасына, жынысына, түсіне, жүрісіне және басқа ерекшелігіне қатысты айтылатын атау-терминдер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, тұрақты сөз тіркестері қазақ тілінен молынан табылады. Ел аузынан жинаған жылқыға қатысты фразеологиялық тіркестерді оқырмандарға ұсынып отырмын. Мұны толық жиналды деп айтудан аулақпын. Сондықтан көпшіліктің кем-кетігін толықтауын үміт етемін.
Жылқы жылың алдыңда.
Жылқы жылың ілгері.
Ақбоз ат сойып анттасты.
Ат ізін тай басар.
Ат биеден, алып анадан туады.
Аттан аттың несі артық, аттап басқан ізі артық.
Бәйге алмаған жүйріктен — белі жуан бесті артық.
Атың бәйгеден келді ме.
Ат бәйгелі болсын.
Ат шаппайды, бап шабады.
Ат болатын құлынның мүшесінен, жігіт болатын баланың кісесінен белгілі.
Жігіттің атын не аты, не қатыны шығарады.
Бір жесірлік ат.
Тайлақ түйедей ат еді.
Аламан бәйгеге қосатын жүйрік ат.
Арық атқа қамшы жау, жыртық үйге тамшы жау.
Жақсы атта баға жоқ.
Жақсы атта өлшеу жоқ.
Ат қосқанға жүрек керек.
Баласы атқа шапса, шешесі үйде отырып тақымын қысады.
Ат сабылтып алашапқын болды.
Ат салысты.
Ат мінгізіп, атан жетелетті.
Жүйрік ат шабуылмен таң аулаған.
Атты адамға жер алыс емес.
Енесі тепкен құлынның еті ауырмас.
Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп.
Алаштың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын.
Бір биеден ала да, құла да туады.
Құлын мүшесі бұзылмаған ат.
Ат жалын құшты.
Жақсы ат қартайса да жүрісінен танбас.
Байтал түгіл бас қайғы.
Биені бүгімен, түйені түгімен.
Жақсы адам аттан жығылса, жаман адам табашыға тұрады.
Қызқуардың аты екен.
Жорғалымен жолдас болма.
Атым жақсы болсын десең көп байла, балам жақсы болсын десең шетке айда.
Жылқы — қуса жаудікі, соқса желдікі.
Жылқы желден жаралған.
Су төгілмес майда қоңыр.
Ел ішін ала тайдай бүлдірді.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар.
Перінің ойнағына туған желтабан жүйрік.
Арбаның аты.
Қойға жетпес қой торы.
Байтал шауып бәйге алмас, құнан шауып құр қалмас.
Үйретілмеген құр құнаннан арық та болса ат артық, айқасы жоқ ағайыннан танысатын жат артық.
Жазда жауыр, қыста жорға өледі.
Ат — адамның қанаты.
Ат арытып, атан қолтаулайтын жер.
Ат арыса тулақ, ер арыса аруақ.
Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер.
Азусыз ат, азулы бие мінген жігіттің арманы жоқ.
Ат алсаң аймағыңмен ақылдас.
Атасы басқаның алтауы бірдей ат қояды.
Ат басын тіреді.
Ай ат басын бұрғанша, жыл жылқы аунап тұрғанша.
Қасқа айғырдан төбел құлын туады.
Ат жалына шәй қайнатып ішті.
Ат жалын тартып мінді.
Ат жалымен ойнайтын бала.
Ат алып қашқан кемпір ауызданып.
Аттың жалы, түйенің қомында.
Атың жемқор болса берді құдай, қатының жемқор болса ұрды құдай.
Бие мінсең құлын жоқ, саумал ішсең қымыз жоқ.
Жылқылы бай — сылдыр бай.
Атты қойшы — ашуы қатты қойшы, өгізді қойшы — өлген қойшы.
Жылқы құлыннан өседі, ақша тиыннан өседі.
Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран.
Ат үсті әулие.
Ат үстінен күн көру.
Ат үсті қарау.
Ат аунаған жерде түк қалады, құс аунаған жерде жүн қалады.
Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп.
Бестінің бет алдынан сақта.
Ер жолдысынан ат жолдысы жақсы.
Ат пысқырса соры, бие пысқырса жолы.
Адам танысқанша, жылқы кісінескенше.
Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас.
Жаман айғыр жатырына шабады.
Жабыдан айғыр салма жалды екен деп, жаманмен жолдас болма малды екен деп.
Қу бас айғыр құлынын қуады.
Ат болатын құлын ат жақтайды.
Жітікке саяқ, жиренге торы.
Торы айғырдың үйіріндей дөп-дөңгелек.
Жаман жігіт биесін атқа сатады, ағайынын жатқа сатады.
Ат қадырын білмесең жаяушылық тартарсың, ас қадырын білмесең ашаршылық тартарсың.
Аттан жығылмай жер танымас.
Тебеген болса биең жау, күнде келсе күйеу жау.
Ат шаптырым жер.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.
Ат бауырына алып сабады.
Ат сауырына салды.
Ат жерін сағынса, артқы аяғымен сағағын қағынар.
Ат омырауымен соқтырды.
Ат ойнатты.
Тай жеген бөрідей.
Жылқыдан айғырды, түйеден бураны айтып сойды.
Атасы басқаны құдай қосады, үйірі басқаны ноқта қосады.
Ақтылы қой, алалы жылқы өсірген ел.
Ат тізгінін ұстатты.
Қысырақ матады.
Аты үзілісте ілінді.
Аты көкмойнақтап келді.
Тай-құлындай тебісті.
Басына қосақ, көтіне тіркеу, үйірімен үш тоғыз.
Тайлы-таяғы қалмады.
Ердің құны екі жүз жылқы.
Бар сенген байталға айғыр шапты.
Қырық байталға құдаласты.
Тоқпақ жалды тор айғыр.
Аты бәйгеден келгендей болды.
Салт атты, сабау қамшылы жігіт.
Атының маңдайы жарылып тұр.
Тайға басқан таңбадай айқын.
Бауырынан жарады.
Тай-құлындай айқасты.
Ат құйрығын созып тұр.
Құнан қымыз.
Дөнен қымыз.
Төрт аяғы тең жорға.
Тұлпар шауып жетіледі.
Көкаланың үйірі.
Қойдан қоңыр, жылқыдан торы.
Адам жылқы мінезді.
Екі қыршаңқы ат тоғайда кездеседі.
Жүген-құрық тимеген құр ат әншейін шекесінен қарайды.
Қара көтен ту бие.
Айғырмен ойнаған ат арқасын алдырады.
Құлынды ат қылатын түрі бар.
Жуан ат — өркеші жоқ түйе.
Алды желіп арты аяңдағанда, тымағыңды алшы кигізеді.
Арғымақ аттың белгісі — аз оттап, көп жусайды.
Сүндет атын мінгізді.
Жылқыдай жусатып, қойдай өргізді.
Бесті асау үйреткендей болды.
Жазғы аттың майын жаудан аяма.
Тағалы ат тайып жығылғандай.
Ат иесі алдына мінеді.
Жүрегі тайдай тулады.
Қулық биенің құлыны.
Құлан жал, қылыш құйрық.
Құлынында сақауын, құнанында тісеуін айтты.
Құлын жарғақ, тай жақы.
Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе.
Алдына ат салмаған желтабан жүйрік.
Жақсы ат ер серігі.
Ат ізін салмады.
Ат ізін суытпай келіп тұрды.
Ала ат мінгеннің көзі тыныш, шыбар әйел алғанның көңілі тыныш.
Жақсы ат жолға тастамайды.
Түске дейін дәл жорға, түстен кейін сал жорға.
Аттыға еріп жаяудың шабы айырылыпты, ешкіге ілесіп қойдың таңы айырылыпты.
Атқа бергісіз бие бар, ені жоқ, ханға бергісіз жігіт бар, шені жоқ.
Жақсы ат кермеде, жаман жігіт түрмеде.
Шошқа көздің бәрі жүйрік, бота көздің мыңнан бірі жүйрік.
Ат аяғы жетер жер.
Тізгін үшімен атшабар жіберді.
Ат арытып, тон тоздырды.
Атты аясаң, айылын қатты тарт.
Ат бойын ала қашты.
Ат алсаң құласынан, құйрық жалы қарасынан ал.
Ат- ер қанаты.
Ат тағасыз болмас, тон жағасыз болмас.
Таға аттың жарым күші.
Көзтағалы* ат.
Атақты атбегі.
Шолақ айғырдың үйіріндей.
Кедей болатын жігітке көкшолақ көлденең жақтан келеді.
Қашсаң құтылатын, қусаң жете алатын жүйрік ат.
Атыңды арымаса суға сал, болдырмаса құмға сал.
Бай топқа, бәйбіше көшке мінетін ат.
Байға тай мінсе де жарасады.
Атың арық болса бір-ақ шап, отының аз болса бір-ақ жақ.
Ат құлағынан ақсамайды.
Арғымақтан ат жақсы шабыс болса, ағайыннан жат жақсы таныс болса.
Мәстек мінген ары тұр, жүйрік мінген бері тұр.
Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ.
Жаман ат жолда қалтырады, жаман жолдас қолда қалтырады.
Бие сауым уақыт.
Жақсы аттың тісін ашпа, жақсы жігіттің жасын сұрама.
Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейді.
Аттының аяғын, жаяудың таяғын алған қу.
Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай.
Ат төбеліндей.
Ат тұяғы тимеген жер.
Ат үстінде күн көрді.
Сәйгүліктей сайланып.
Арғымақтай арындап.
Дүлдүлдей дүбірлетіп.
Ат байлар өрісім.
Баланың істегені, тайдың мінгені білінбес.
Аттан түссе де, үзеңгіден түспеу.
Ат кекілін кесісу.
Ат басындай алтын.
Бес биенің сабасындай.

*Көзтаға – тағасыз ат мінген кезде, жолдың шөптесін жұмсақ жерін қуалап жүру.

Қажыахмет Қасымұлы
«Алтай ақпарат торабынан алынды»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!