Адай жылқысы тиісті бағасын алатын кез жетті!

6111

ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына;
ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының президенті Б.Тілеуханға;

Құрметті ұлттық спорт жанашырлары!

ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы құрылған оншақты жыл ішінде ұлттық спорт түрлерін жандандырып, насихаттап, әлемдік деңгейге көтеруге барынша жұмыс жасап келе жатқанын білеміз және ризамыз. Осы орайда Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында биыл екінші рет ұйымдастырылғалы отырған «Алтын тұлпар» республикалық турнирiнің сәтті өтуіне тілектестік білдіре отырып, өз ұсынысымызды жолдаймыз.
Бір ай бұрын, 29 шілде күні мәлімдеме жасаған Бекболат Қанайұлы өте дұрыс мәселе көтерді: «Жасыратыны жоқ, бүгiнде болып жатқан бәйгелерге Еуропадағы атқораларда тұрған, қысқа қашықтыққа шабатын ағылшынның тазақанды аттары қатысады. Ал, қазақы аттың бапкерлiгi, аттың ұзақ шақырымға төзiмдiлiгiн дайындау өнерi ағылшын аттарының заманауи ат шабыстарының көлеңкесінде қалып қоятыны өкiнiштi. Осы себептi, қазақтың дәстүрлi атбегiлiк өнерiн қалпына келтiру мақсатында былтыр алғаш рет өткiзiлген бәйге жолы 43 шақырымнан, биыл 51 шақырымға ұзартылды… 43 шақырымда жылқының тынысы дұрыс ашылмай қалды, басқа да мәселелерді ескере келе, 51 шақырымға тоқтадық», – дейді.
Біз өз кезегімізде осы жолғы бәйгенің ұзақтығын кемінде 80 шақырым қылуын, одан кейін жыл сайын бірте-бірте ұзартып, 120-150 шақырымға дейін жеткізуін сұраймыз. Өйткені біздің Маңғыстаудың қатаң табиғатына бейімделген Адай тұқымды жылқылары халықаралық бәйгелерде 80, 120, 160 шақырым қашықтыққа шауып, бас жүлдені жеңіп алып келіп жүр. Адай жылқыларының 50 шақырымнан кейін екінші тынысы ашылады. Мініске шыдамды, желгіш, жыл он екі ай жайылымды ғана пайдаланатын, қосымша азықты қажет етпейтін, ауа райына төзімді бұл тұқым күтім талғамайды. Теңіз суын іше алатын жалғыз жануар. Жүйріктері ұзаққа шабады, 40-50 шақырымға шаршамай еркін жетеді. Арнайы сынақтарда тәулігіне 320 шақырымды жүріп өткен кездері болған…
Шын жүйріктің бағасы әділ берілсін!
Енді сіздердің назарларыңызды тағы бір маңызды мәселеге аударғымыз келеді. Адай жылқысы деген атауына бола рушылдық көзқарастың құрбаны болып, әлі күнге дейін лайықты бағасын ала алмай келе жатқан осы бір асыл тұқымды жылқыларымызды сол бәйгеде арнайы, жеке таныстырып, әр өңірдегі атбегілер мен Қостанайдағы бір ғасырлық тарихы бар «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының ғалымдары зерттеуіне, қамқорлыққа алуына себепші болсаңыздар. Сондай-ақ, түркмен елінің Теке руының атауын қосып, Ахал-Теке атанған асыл тұқымды жылқылары сияқты мәртебеге ие қылып, брендке айналдырып, басқа елдерге сатылмауын қадағаласаңыздар. Өйткені интернетте ресей сайттарында халықаралық бәйгелерде топ жарған Адай жылқысы сатылады деген жарнамалар жарияланған.

Бақтыбай Жайлау, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Шын» порталы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!