Жылқыға байланысты көнерген сөздер (жалғасы)

23393

Зәлті – ерге, ашамайға тоқым орнына қолданатын ескі киіз. Желқом.
Зерен – қымыз құятын ағаштан жасалған ыдыс.
«Әйел босағадағы күбіні пісіп, сыры қашқан зеренге сусын құйды.» (Т.Әлімқұлов) «Сырлы зерен аяқпен бал ұрттаған ер едім.» (Махамбет)
Ителу – жегілу.
«Арбаға тайдай ителіп,
Алтынды Бақшасарай, Қырымға,
әзірлеген сұлтан жаның шарт кетер.» (Шалкиіз жырау)
Кежім – кестелеп, оюлап тіккен ат жабуы.
«Аңсағай, шымыр қысқа мойын аттар бірыңғай көк кежімді.» (М.Мағауин)
Кекілқақпай – аттың жылдам аяңы.
Келеші – бәйгеден келе жатқан аттардың алдынан шығатын арнайы тағайындалған адам.
Кеңсірік – жүгеннің, ноқтаның аттың танау үстін басып тұратын бөлігі.
Кереші – Бәйге аттарын жолға шығарып салатын, келген ретін анықтайтын адам. Кей дерде даяғашы деп те айтады.
Керқұлан – құлан тұқымдас аң. Тарпаң, Пржавалский жылқысы.
«Қазіргі таңда өмір сүріп жатқан керқұланды зерттеушілер есек тұқымдас деп таниды». (Бекен Қайрат)
Кермыйық – кербез, сұлу жылқы деген ұғымды білдіреді.
«Кермыйығым-кербезім,
керіскедей шандозым.» (Махамбет)
Кері айыл – асау үйреткенде қауіпсіздік үшін ердің қапталын бастыра тартылған үшінші айыл.
Кесе басу – жылқының атқы тұяғымен алдыңғы аяғының шашасының астынан басып ақсауы.
Киеңкі – 1.Жылқының ауыруы. Қарақаптал
«Қатпа болған түйедей,
киеңкі болған биедей.» (Мұрат Мөңкеұлы)
2.Қияңқы, шәргез, мінезі шатақ.
Китің– кібіртік жүріс. Атты китіңдету – аяң мен желістің арасындағы жүріс. Китің жорға – болымсыз жорғасы бар жылқы.
Көбең – арық жылқының ет ала бастауы.
Көгілдірік – құйысқанның, өмілдірітің, түйіндеріне, жүгеннің кеңсірігіне орнатылатын асыл тас.
Көкбұқа – бәйгеде ең соңында келген ат. (Қазақ дәстүрінде көкбұқаға арнайы сыйлық беріледі.)
Көкжұлын – жүйрік ат.
«Көкжұлынды жетелеп,
қисық жерден төтелеп.» (Махамбет)
Көкқасқа – айтып сойған жылқы. Жолына көкқасқа шалу. (Ақсарбас қой шалу сияқты көбіне көкқасқа жылқы шалады)
Көнек – Бие сауға арналған теріден (көннен) жасалған ыдыс.
«Жүгінен шошынған түйе оңбас,
көнектен шошынған бие оңбас.» (Саққұлақ шешен)
Көнтақы – көп мініліп қажыған, шабан ат.
Көтек арба – қос дөңгелекті, көбіне қашарға жегілетін жеңіл арба.
«Көк шапанды, көтек арбалы келіншек» (Несіпбек Айтов)
Көттік – еңісте ер мойнына кетпес үшін аттың құйрығының астына құйысқан ретінде жіп, қайыс өткізіп, екі ұшын ерге бекіткен құрал. (Есекке көттік үшін жұмыр, жіңішке ағаш пайдаланады.)
Көшір – арбаға жегілгент көліктің тізгінін ұстайтын адам.
«Алғашқы екі түйенің өркешіндегі керей салтымен бастарына үкілі тымақ киген екі көшір тек сән үшін отырғызылғандай.» (М.Мағауин)
Күйме – төбесі жабық сәнді арба.
Күлік– сәйгүлік, тұлпар. Жүйрік, шалымды ат.
«Майданға шыққан жауынгердің астындағы күлігі де қорғаныссыз болмауға тиіс.» (М.Мағауин)
Күпшек – Арбаның дөңгелегін қисайтпау үшін білікке салынған ағаш.
«Осы кезде майлау дегенді білмейтін білік пен күпшек бірін-бірі қансырата қажап келіп еді.» (Ғ.Мүсіпепов)
Ауысп: Жұмыр, жуан. Күпшек санды күрең ат.
Күрде – асау биені сауғанда теуіп жібермеуі үшін артқы аяғын шашасынан іліп алып, мойнына салып байлап қоятын жіп, арқан. Биені күрделеп сауу.
Кіріс – Ердің қасының қапталға қиылысқан жері.
Кісіге – жылқы қарнының майлы бөлегі.
Қазан суыт – алыс жолдан қиналып келген атты жатарға дейін отқа қоймай демін алдыру.
«Ршыман болса қазан суыт болсын деп, қаңтарып қойған атын үй желкесіндегі қияққа арқандап жүр еді.” (А.Сейдімбек)
Қазанат –қазақ жылқысының байырғы бір тұқымы. Ұзақ жолға шыдамды, мықты ат.
«Жылқы да да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек.» (Шәкәрім)
Қазмойын – Қазанаттан туған жүйрік ат.
«Қазанаттан туған қазмойын, күнінде көз көрім жер шалғысыз» (Махамбет)
Қалбағай – Шу асауды ұстау үшін қолданылатын құрал, шалма.
Қалмақ ер – тұтас ағаштан жасаған жаугершілік кезінде мінетін берік ер.
«Қалмақы ердің қасы деп,
нақ кіндіктің басы деп». («Қабыланды батыр» жыры)
Қалша бала – бәйгеге ат шабудың әдіс-тәсілін жақсы меңгерген, дағдылы бала.
«Суынкөкке өмір бойы шауып әдісін алған қалша бала әдейі басын іркіп келеді екен”. (С.Бегалин)
Қалшаң – жүндес жылқы.
«Жылқы ішінде ала-ды,
қалшаң жүнді қара-ды.» («Батырлар жыры»)
Қам – Осал, нашар, жүріске жоқ жылқы.
«Онсыз қам жылқы ұзаққа шаба алмайды.» (Т.Әлімқұлов)
«Жігіттің аты семіз, қам болғандықтан жете алатын болмайды, енді біраз шапса болдырып қалады.» (Б.Қалиевтің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен»)
Қамау тер – қара жарысқа түсіп қиналып келген атты бітеу, қапырық ыстық жерге қамап, арам терін шығару.
«Ең соңғы даярлық, ақырғы сынақ – осы қамау тер.» (Т.Әлімқұлов)
Қамшы – еркек малдың жыныс мүшесі, шыбығы.
Қамшы кесті – айдау, ұрып-соғуды көп көрген, көлікке жегілетін керенау қимылды түйе не өгіз.
Қамшыгер – ұрыс төбелес, бәс кезінде қарсыласын қамшымен ұрып түсіру әдісін меңгерген адам.
Қамыт – аттың мойнына кигізетін ағаштан иіп жасаған арба әбзелі.
«Тырнақтап жинаған үй-мүлкімді, тіпті кітаптарыма дейін қалдырып, қамыттан босаған аттай қара чемоданымды көтеріп кете бермедім бе.» (Оралхан Бөкей)
Қанжілік – жылқының зорығудан болатын ауыруы.
«Семіз атты алғашқы кезде қатты қинап, қызылмай, қанжілік болдырып алмау керек». («Саятшылық» )
Қара жабу – қайтыс болған адамның жылдығында тұлданған атқа жабатын жабу.
«Бұрынырақта тұлданған аттың қара жабуын салт атты біреу найзаның үшімен іліп түсіреді екен”. (Б.Қыдырбекұлы)
Қара жарыс – үлкен бәйге алдындағы жақыннан шабатын сынақ жарыстар.
Қарақаптал – айғырдың жыныстық ауруы.
«Тәжірибеде шыжың биеге шапқан айғыр қарақаптал ауруына шалдығады.» (Х.Арғынбаев)
«Қарақаптал айғырдан биеге жұқса, киеңкі деп атайды.» («ҚСЭ»)
Қарғын– Көмбе, мәре.
«Тұлпар қалар қарғыннан көтермешің болмаса.» («Сөз – сандық»)
Қарынсау – қарыны үлкен, салбыраған мама бие.
«Анадайда желілеп байлаған құлын, басын изеп қойып, шыбындаған қарынсау биелер көрінеді.» (М.Мағауин)
Қас – Ердің бір түрі. Қас ер.
Қаса (хаса) – Еркек жылқының жыныс мүшесі.
Қасаба – 1.Жасамыс мама бие.
2. Шошақ бас ердің қасы.
«Қалтасынан алтын күміс аралас сіңіріп безендірген мүйіз шақшасын суырып алып, қасабалы ердің қасына тық-тық қақты». (А.Мекебаев)
Қасаң– 1.Тозған кеуіп қалған қалдық. Қасаң таға.
2.Жылқы малының мүйізгек ауыруы.
«Түйедегі мүйізгек ауыруы сиыр, қой, ешкіде қашақ, жылқыда қасаң деп аталады». (Ж.Бабалықұлы)
3.Қысыр.
«Айпара мырс етіп күлді. «Қасаң байтал екі айғырдың арасын ащы қылады» деді күбірлеп». (Оралхан Бөкей)
Қасқалық – жүгеннің кеңсірігі мен кекілдігін қосып тұратын сәндік бұйым.
Қастауыш – Көк жылқыда болатын көк түсті без. (Ертеректе сия орнына қолданған)
Қатаңғы – мата немесе елтірі тысты, ішіне жылқы қылы және көн тері немесе киіз қабаттап сырыған киім. (Қаттама, дегіл деп те атайды.)
Қашақ –Үйірге қосылған, алғаш рет айғырдан шығатын (іш алатын) байтал.
«Қашақ байталдың … жалап жүрген кәрі азбан, арамдық сенен өтіп маған келіп пе!» (Ғ.Мүсіпепов)
Қашар– есек пен жылқының буданы.
Қашауа (орыс) – сәндеп жасалған жеңіл атшана.
Қашу –ұрғашы малдың іш алуы. Айғырдан шығу.
«Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма?
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.» (Абай)
Қаштауыш (Қастауыш) – көк жылқының көк түсті безі. (Бұрын сия орнына керектенген)
Қидасын – Жылқы сүйегінің бекуі, шынығуы.
«Саптыаяқтай ерінді,
Қидасын кәрі жілікті.» (Ақтамберді)
Қиқу – бәйге шапқанда, жауға шапқанда, жылқы қуалағанда, аңқуғанда рухтана айғайлау. Жауға қиқулай шабу.
«Халықтың мың-сан көріністегі рухани көріністерімен бірге танысып, қансонар қиқудың арасында келе жатады.» (А.Сейдімбеков)
«Қиядан қиқу төгілсе,
аттың басын тартпаған.» (Бұқар жырау)
Қилану – әлдену, тыңаю, дыңды.
Қолаба – Ат үстінде қолға ұстайтын, бір басы тоқпақ сияқты үлкен, сабы қысқа қару. Қолабадай –жуан, үлкен.
Қолаңса– жылқының жіліншігіндегі кішкене мүйіз, тұяқша.
«Төрт тұяғы қолаңса,
қажымайды табаны.» («Жұбаныш батыр» жыры)
Қолау – тай, байталдың зорығудан аяғының ақсап қалуы. Қолау болу, қолы түсу.
Қолкесер – соғым союға көмектескен адамның ақысы.
«Ділдабек қолкесер деп санның шақпақ етінен пышақты салды да жаяның қырынан апарып бірақ шығарды.» (Ғ.Мүсірепов)
Қолүздік – соғым сойып берген адамға еттей берілетін кәде. (Кей жерде қолкесер деп аталады).
Қора – ашкөз, қомағай, ашқарақ жылқы.
«Атың қора болса берді Құдай,
қатының қора болса, ұрды Құдай». (Мақал)
Қораба – 1.Қымыз ашытатын саба түбіндегі ашытқы. Қор.
«Қорабалы сабадай, саһәр тұрып піскенде,
Көп жерге кететін гүмбірі.» (Т. Ізтілеуов)
2.Ескірген қымыздың түбіне тұнған іртігі. Еріп.
Қос – мал отарлатқанда көбіне жылқышылар, қойшылар пайдаланатын кішкентай киіз үй, баспана. Қара қостан дәм тату. Абылайдың қара қосы.
Қоспақ – Қамыттың екі ұшын тамақбаумен біріктіріп байлайтын жері.
«Қамыт құлақбау, тамақбау, шұжық, қоспақ деп аталатын бөліктерден тұрады». («Қазақ этнографиясы»)
Қулық –тұмса құлындаған бие.
«Қулық бие құлыны,
алты аяқты аланы, жарамайды жабы деп,
мінгізбеген Кенжекей». («Ертөстік» ертегісінен)
Құйысқан – ердің еңіс жерлерде ат мойнына кетпеуі үшін былғары не қалың қайыстан жасалып, ердің артқы қанжығасына бекітіліп, аттың құйрығының астынан орай тағылатын әбзел.
«Төрт жүз тоқсан тоғыз жүйрікті артқа тастап, жалғыз құлдырап, аққан жұлдыздай Құлагер Көкөзектің сайына құйысқаны сартылдап, екпіндеп түсе берді.»
Құлперен (Құныперен) – құйғыту, құйындату, алды-артына қарамау. Құлперен шақпылау, құныперен болып ашулану.
Құмақ – жылқының қатқыл тезегі. Қара құмақ.
Құндыздық – жылқының шашасы мен қара тұяғы арасындағы жіңішке жері.
Құнан қымыз – күшті ашымаған орташа қымыз.
“Кешікпей бай ауылының артық-ауыс тұра беретін құнан қымызы да келді.” (А.Сейдімбеков)
Құр – Жыл бойы мінілмеген семіз ат. Құр ат.
«Қырық деген жасым-ай, байлаулы тұрған құр аттай.» (Шал ақын)
Құрайт-құрайт–айғырды күйті келген биеге шаптыру үшін айтылатын одағай сөз.
Құранды ер – қасы, қапталы бөлек-бөлек ағаштардан құрастырылып, қиюластырылып жасалған ер.
«Айыл-тұрман қураған,
Көрдім де бірде құранды ер,
Жұлдыздай ағып зулаған,
Есіме түсті Сылаңгер.» (Мұқағали Мақатаев)
Құрықбау– Жылқыны қыстан аман шығарған жылқышыға сыйлық ретінде берілетін бір жылқы.
Құтпан – Қалың, жыныс, жалдас айғыр.
«Үйірде құтпан жалды қара айғыр,
Жанына ерген саяғын,
құлағын жымитып теппейді.» (Базар жырау)
Құяр– шайқаста аттың маңдайын, сауырын қорғауға арналған жамылғы.
«Аттарының маңдайын, сауырын жапқан болат құяр, омырауын, мойынын, қос бүйірін бүркеген көн қаптамалар бұл топтың түгел аламан екенін әйгілейді.» (М.Мағауин)
Қыза шабу – тер шыққан сайын өршеленіп алысқа шабу. Ұшқырдың антонимі.
Қызылмай – семіз жылқының зорығуынан болатын ауру.
Қылқұйрық – жылқы малы.
«Екі аяқты бір басты,
менен озбас деп едім,
қыдыра жалды қылқұйрық,
сенен озбас деп едім». («Батырлар жыры»)
Қымызмұрындық – бие баланғандағы алғашқы қымыз ішу тойы.
Қын – жылқының қасасының сыртқы қабы.
Қырсау – Шабан, кежір, жалқау жылқы.
«Ер жігіт қапалықпен қартаяды,
қатын жаман, мінген ат қырсау болса.» (Шал ақын)
Қысырақ – үйірге қосылмаған байтал.
Қысырақтың үйірі – бие байлағанда үйірде құлынсыз биенің болмауы үшін байталдардан салған жеке айғыр үйірі.
«Үйірі қысырақтың мақпал қара,
шашыңды түнде жуып, күндіз тара.» (Халық әні)

B.TokhanulyБодаухан Тоқанұлы, журналист.
«Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздердің түсіндірме сөздігі» кітабынан.
(Басы: 1. 2.) (Жалғасы бар)

Басты суретті түсірген Асылбек Әбдінәби, «Балқарағай» демалыс орны

1 comment

  1. Кеңесхан 12 Сәуір, 2020 at 12:29 Жауап беру

    Жылқы малы туралы біраз мағлұматтарға қанық болдым, рахмет. Алайда мақалада біраз қателер бар екен. Соларды неге түзетпейсіздер? Ұят емес пе, қатеге толы деректерді жариялаған….

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!