Маңғыстаулық ат сейіс

7592

Жылқыны бағу мен оның өнімдерін адам игілігіне жарату – күнелтіу қамы болса, оны баптап, жаратып, бәйгеге қосу – өнер. Өнер болғанда да қанмен сіңетін қасиет, аса қызығушылықпен жылдар бойы ден қоя үйренбесе, зерттемесе сырын оңайлықпен аша қоймайтын ғылым. Жылқы түлігін алғаш қолға үйреткен немесе жылқы түлігі алғаш даласынан табылған деп аталатын біздің халқымызда жүйрікті жазбай танып, оны балаша баптап, құстай ұшырған дала перзенттері – атбегі, сейістердің орны бір бөлек.
Қазіргі технологиялық жаңғыра жетілу заманында бірқатар ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлеріміздің, көненің көзі саналатын кәсіптік-тұрмыстық құрал-жабдықтарымыздың қолданыс аясы тарылып немесе біржолата қолданыстан шығып, енді біреулері ұмытыла бастағаны жасырын емес. Ат өнерінің өзі тамырында қаны бүлк-бүлк ойнаған баяу қалыпта, яғни төрт аяғын көсілте шапқан кең көлемдегі қолдауға ие болып кете алмай тұр. Мұндай жағдайда ел арасында кешегі Толыбай сыншының ізбасарлары қалды ма, қалса ол атбегі, сейістердің жағдайы нешік? Атадан балаға мирас болған әз өнерді қалай жалғастырып жүр? Еш жерден қаржыланбайтын, ешқандай бағдарлама мен жоспар-жобаға кірмейтін «дала мектебінің дана ұстаздары» жас ұрпаққа «сабақ-дәрістерін» қалай үйретуде?
Ұлан-ғайыр кеңістікке кең қонып, көлбей жайлаған Ұлы дала елінің даңқын алысқа жайып, ТМД аясындағы айтулы додалардан байрақпен оралып жүрген Адай жылқыларының өрісі болған Маңғыстауда атбегілік өнердің тіні пытырлай үзіліп, барынша жұқарған сәттер болды. Бірақ үзілген жоқ. Ел арасында ондаған болмағанмен бірен-саран сейістер алтын тінді аялап әкеліп, бүгінгі буынға жалғап үлгерді. Бүгінде ащы шөпке жайылып, қатаң қыс пен шіліңгір шілдеге бейімделе жетіле түскен Адай жылқыларының өсіп-өнуінде, тұқымдық тұрғыда жаңарып-жетілуінде, халықаралық жарыстарда топ жаруында осы атбегілердің ерен еңбегі тұр. Сондай-ақ, бұл жеңістер мен жетістіктер — үйірлеп сән-салтанатымен жылқы айдап, оларды тек сан жағынан ғана емес сапалық жағынан асылдандырып, тұяғының желі, қанының қуаты бар текті тұлпарларға мән берген, оларды құлын кезінен танып, адам таңғаларлық құн төлеп сатып алып, баптап бағын ашқан, тіпті қажетті жерінде бір тай үшін бәстесіп, бір байтал үшін жанынан баз кешкен аталардың атқұмарлығының нәтижесі.
Бір ғана мал атаулының бабы мен оны бағу-қағудың қыр-сырын «біліп туған» сұңғыла Ескелді Саназар әулиенің әсіресе жылқы түлігіне қатысты көріпкелдігі, сейістігі тарихтан мәлім. Қалмаққа қарсы аттанбақ болған Тоқтамыс батырдың тақымы толатын ат-көлік іздегенде Жем бойындағы Саназар байды іздеп барып, үйірінен ат таңдауы тегіннен-тегін емес. Сол сияқты Саназар бай жиені Балуанияз батырға құла атты мінгізіп жолға шығарып салғалы тұрып, аттың басындағы жүгенін сыпырып және шоқтығынан бір уыс қылды қиып алады да, езуіндегі сілекейді орамалына сүртіп, оны түйіп қалтасына салады.

Маңғыстаулық ат бапкері - Тілеген Өрісбаев

Маңғыстаулық ат бапкері – Тілеген Өрісбаев

Қазір Маңғыстауда ат жаратып, ат қосып жүргендердің арасында Тілеген Өрісбаевтың орны бөлек. Ол бүгінгі жас буынның ұстазы, кешегі құрық ұстаған сейістердің ізбасары. Атадан әкеге, одан өзіне дарып, бүгінде балаларынан немерелеріне өткен сейістік өнердің жуан ортасында жүр.
Жеті жасында бәйге атқа отырған ол әкесі Өрісбайдың айтулы Қарабурыл айғырының жалында ойнап өсті, қашаған қуып, тай жуасытты. Тіпті, жүген-құрық тимеген шу асауды жүйрікпен қуып жетіп, қапталдай жүріп ноқталап, үстіне қарғып мініп шауып кете беретін әдісті, кей кездері ноқталамай-ақ асаудың жалынан ұстап шабуды, асау тай, құнан, дөнендерге мінуді Тілекең он-он екі жасында-ақ меңгеріп алған болса, бесті асауларға бас білдіруді 14-інде үйренген екен.
Қарғадайынан жылқы малының қыр-сырына қанығып, құрығы құтты әкесінің ілімі мен тәлімін сіңіріп өскен ұл оны өзінің зердесіне сала байытып, тәжірибесімен жетілдіріп, кәнігі жылқышы болып қалыптасты, жылқыны алыстан таныр сыралғылық, сыншылық қасиеті ашылды. Кушкада әскер қатарында жүргенде атқұмар түрікмен жігіттерімен танысып, олардың ат сынатуға бөлімнен арнайы алып кеткен кездері де болған және қазақ жігіті танып, «осы жылқыдан бірдеңе шығады, баптай бер» деген асауларының алды бұл әскерден кеткенше-ақ топ жарып, бірі «Волга» автокөлігін, екіншісі «Урал» мотоциклін ұтып алып, олжа салып үлгерген екен. Осылайша жастайынан әкесі Алданов Өрісбайдың қасына еріп, жылқы шаруашылығын бойына да, ойына да сіңіріп өскен Тілеген бүгінгі ағалық, аталық жасқа дейін бірнеше жылқы баптап, аламандардың дуын қыздырды. Өзінің сейістік дәстүрін жалғастыратын ізбасар шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Ол жылқы малына қатысты шаруалар – қысырақ байлау, асау жуасыту, құрық салу, күзеу, ақталау, құлын байлау, тағы да басқа жұмыстарды еппен, баппен, біліктілікпен жүргізудің хас шебері.
– Жылқыға салынатын құрықты тым жоғары көтеріп, көздеріне көрсетуге болмайды. Мұндай жағдайда әккі айғырлар мен биелер құрыққа ілінбеу үшін бас бермей жалтарып кетеді. Сондықтан құрықты көрсетпей келіп, иә иектің астынан, иә қос құлақтың тұсынан қағып салу керек, – дейтін Тілеген дөненді күзеуді «жалын түбіне тақамай төрт елідей биіктікте сыпыра күзеп шығып, уысқа толық ілінетіндей шоқтық қалдырамыз. Көзіне түспес үшін кекілін де сәндеп қысқартып қою керек. Ал құйрығын түбіне дейін сыпыра күзеп, тек ұш жағына ғана азғантай «шыбын қағар» шашақ қалдырасың, дейді шәкірттеріне.
Тілекеңнің айтуынша, ат баптаудың бірыңғай қалыптасқан қағидасы, қалып үлгісі – стандарты жоқ. Баптау әр аттың өзінің мінезі мен ерекшелігіне қарай жүргізіледі екен. Демек, қанша ат бар десек, олардың сонша мінезі бар, яғни сонша баптау түрлері мен ерекшеліктері болады деген сөз. Шебер атбегі болу үшін әрбір жылқының психикасын, ішкі сырын, мінез-құлқын толық меңгеріп, соған сай әрекет ете білу керек дегенді ұғындырады. Бірде мал да болса көңіл-күйі болмағандықтан жақын арада өтетін аламанға қатыстырмаймыз деп шешкен жүйрігі иесінің ойын оқып, одан сайын мүжіліп, жабыға түскен екен. Жануар аламанға қатысқысы келгендігін оқыс дауыс шығарып, ұйқыда жатқан иесін далаға жүгірте шығарады. Қараса кеше ғана көңілсіз жүрген жылқы біртүрлі өзгеріп, оқыранып тұр. Нар маяның жаңа сауылған бір шелек сүтін сіміріп ішіп алып, одан сайын жайнай түседі. Түр-тұрпаты ұнаған соң, Тілекең оны аяқ астынан аламанға әкеліп, қосып жібермей ме? Бір-екі сағаттық жаратудан соң-ақ тынысы ашылған хас жүйрік қара үзіп келеді. Тілекеңнің өмірінде жылқыға қатысты осындай алуан әңгімелер, адам айтса нанғысыз жағдайлар өте көп.
– Бәйге аттарын жазғы маусымда жұлдыз шыға салқынмен отқа жіберіп, күн шыға ұстаған жөн. Таң асқан жүйрікті түнгі сағат 3-4-тер шамасында отқа қойып, 7-8 сағат жайылған соң байлап, кешкі ымырт түсе қайтадан өріске жібереді. Бұл жерде жайылымның сапасын да ескеру керек. Атты аяңдатып, желдіріп, шаптырып жаратқанда тыныс жолдары ашылады, бұлшық еттері ширайды. Сіңірі бекіп, ащы тері шығады. Алғаш ұсталған жүйріктер осындай кезде артық тезегін тас¬тап, жеңілдей түседі. Келісімен 5 сағат қысқа қаңтарып, суытуға қойылады. Ертесіне осы жағдай тағы қайталанады. Суытылған аттың ноқтасы алынып, арқандаулы тұрған өзінің үйірінің қасына бос жіберілсе жақсы болады. Аунап-қунап еркіндікті сезінеді. Үшінші күні тағы да бірнеше шақырымдық жолды үш түрлі жүріспен, яғни аяңмен, желіспен және шабыспен жүруі керек. Бұдан соң атты желге қарсы жетелеп, терін қырмай, сүртпей кептіріп, 6-7 сағат суытып, отқа жіберген жөн.
Атты ашықтыруға болмайды. «Шабар аттың тоғы игі» деген сөз бекер айтылмаған. Аш аттың қартасы түйіліп, өліп кетуі де мүмкін. Тоқ ат өлмейді. Сортаң жерге жаймаған жөн. Себебі, ат шөлдеп, артық су ішіп, бүкіл ішкі бабы бұзылады. Төртінші күні де кем дегенде 10 шақырымдық жолды игеру керек. Бұл күні жолдың ортасына дейін желдіріп, қалған бөлігін шауып өтсе болады. Ең бастысы, ат терлеу керек. Таң асыру міндетті. Сол сияқты түнгі өріс те пайдалы. Жайылу уақытының ұзақтығы 8 сағат шамасында болуы керек. Ыссыға қалдырмай көлеңкеге бай¬ланады. Ертесіне қаражарысқа салып, терлетіп, тағы да таң асырып, баптауды жалғастыра береді. Қаражарыста озамын деп ұмтылу артық. Аттың ішкі мүмкіндігін тексеру үшін жасалатын амал бұл. Семіз атты арықтату, керісінше, арық атты семірту, терлету, күн сайын белгілі бір қашықтыққа шабу, суыту, қаңтару сынды шаруа¬лар мен шаралар ат баптау емес, мұның бәрі ат жаратудың белгілі бір жүйесіне кіреді.
Қатар тұрған екі атты бір әдіспен баптау мүмкін емес. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, оның ішкі сырын, мүмкіндігін білу керек. Негізінде спортқа адам баптаудан, ат баптау қиын. Адамның тілі бар, айтасың, сұрайды, түсіндересің, ал аттың тілін өзің табуын керек. Жаясы жалпақ, жонды да қоңды құлын сауыр қара етті жүйріктерді жаратып, арытамын деп жілік майын үзіп алудан, олпы-солпы пішінде жұпыны, жүдеу тартып тұрған тұлпарларды семіртуде сақ болу керек. Дене тұрқы онша ірі емес, семіздікті сүйетін құлын сауыр жүйріктер негізінен етіне сеніп шабады. Мұндай аттарды ретіне қарап бір айдан асырмай жаратып, 4-5 рет суына тиіп, таң асырып, бәйгеге қоса беруге болады. Ал етті, қол-аяғы балғадай балуан денелі жүйріктерді көбірек әурелеу керек. Оларды қаражарысқа салып терлетіп, 7-8 рет таң асырған жөн.
Аттардың бапқа келуі де әртүрлі. Тоқжарау күйінде жақсы шабатын аттар бар, әбден жеңіл¬детіліп жарағанда бабы келетін аттар да бар, қабырғасының жігі білінбей, жаңбырлығы тілінбей семіз қалпында жақсы шабатындары бар, әбден арып-азып, қабырғасы санап аларлық дәрежеге жеткенде шабатындары да кездеседі. «Тайында – қақта, құнанында – сақта, дөненінде – бапта, бестісінде – бәйгеге қосып бағын сына» деген рас екен, дейді сейіс.
Тұқымына, күйіне, жалпы физикалық жағдайына байланысты атты бабына келтіруге шамамен 40-60 күн кетеді. Ал бұрыннан бабында жүрген бәйге аттары оншақты күн тынығып қайта қосыла береді екен. Қазылы семіз ат асықпаса 60 күнде бабына келеді, асыққан жағдайда 35 күннің ішінде шұғыл жаратып бабына түсіруге болады. Мұндай әдістер маңғыстаулық атбегілердің іс-тәжірибесінде қолданылған. Оны Тілекең де өз тәжірибесінде жетілдіре түсуде. Жоғарыдағыдай жағдайда атты шыңыраудың мұздай суына шомылдырып, қант береді екен. Сосын саздақты жерге арқандайды. Сонда аттың іш майы, қазысы ыдырайды. Мұндай шұғыл баптауды көп адам біле бермейді, қыр-сыры Тілекеңнің өзіне мәлім әдіс-тәсілі. «Неше рет шомылдырып, неше күн арқандау керектігін аттың өзі айтады, яғни аттың қалыпқа түсуіне байланысты болады», дейді ол.
Бәйге атының терін алу, бәйге атын сынау, бәйгенің түрлері, атты баптау, атқа қатысты спорт түрлері, шабыс түрлері, жылқы малының аурулары мен оларды емдеу, жылқы терісін баптап, бұйымдар жасау, жылқыны жасына қарай күзеу, жылқы сүтін сақтау, ат әбзелдері мен оларды дайындау, күтіп ұстау, жайылым түрлері, оны тиімді пайдалану – Тілеген мектебінің тылсым дәрістері. Бұл мектеп туралы егжей-тегжейлі, толық айтып шығу мүмкін емес, өйткені ол өз алдына бір ғылым, оны тек зерттеп оқыған, жылдар бойы зерделеген адам ғана меңгеріп, бүге-шігесіне дейін әңгімелеп бере алады.
Сейістің айтуынша, тұлпар болатын атта жарылмайтын әсем тұяқ, төрт аяғын тең басуы, жағының етсіз болуы және орналасуының айқын байқалуы сынды есектің үш белгісі, жорытқанда алды-арты кезек солқылдамай, атқан оқтай болып жортуы, яғни «түлкі жортақ», құлағының екі шекелігінде болуы, құйрығының ұшына қарай жіңішкере түсуі тәрізді түлкінің үш белгісі, басы етсіз, жеңіл, жарқыраған көзі танадай, аяғы жеңіл, ұшқыр болатан қоянның үш белгісі болуы керек. Жарты ғасырға жуық жүйрік жаратып, ат қосқан, оның ішінде бұл жұмысқа дендей кіріскен 1991 жылдан бері Тілегеннің тұлпарлары шаң қауып артта қалған көрген жоқ. Алған сый-сияпат, байрақтары да осал емес – көліктің неше түрі, кілем, тіпті арасында қаладан ойып тұрып пәтер алған да кездері болды.
Бүгінде өзінің немерелерімен бірге, өзге де балаларды атадан қалған мұра өнерге, мирас іске баулып жүрген Тілекең нәтижелілікке қол жеткізу үшін сәйгүлік пен сейіс және бәйге бала үштігіне баса мән береді. Бәйгеге шабатын балаға да қойылатын талаптары бар. Бәрі өзі шыңдалған, өзі өтіп, ысылған мектептің сабақтары. Жуырда ғаламтордан Моңғолияда зертханаларда жүріп, столдарда отырып көз майын тауысып ізденбей-ақ, еңбек тәжірибесінде әбден ысылған, дала сыры мен мал жағдайын бес саусағындай білетін майталман малшыларға профессор атағын бергендігін, мұндай жоғары атаққа тағы бірнеше малшының ұсынылғандығын оқығаным бар еді. Тілеген Өрісбаев та қазақ даласындағы құрығы құтты жылқышы, сыралғы малсақ, дала табиғатының тамыршысы, дала профессоры. Теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ, өзге де ат спорты түрлеріне жеткілікті көңіл бөлініп, кең көлемде қолдау тауып кете алмай жатқан кезде ұрпақ санасынан жоғалып кетпесін деп ат жарату, жылқы баптау ісін өз бетінше дәріптеп келеді. Сейістік – қазақ даласының сәнін кіргізген, қазақ баласының қанында бар әз өнер, оны жылқы малының мінез-құлқын, жаратылыс-жаңалығын, болмыс-бітімін жете танып, соған сай лайықты іс жүргізе алатын табиғаттың тума таланты ғана алып жүре алады. Ол – ғылым, оны жылқылардың суретіне қарап отырып, кең кабинеттердегі стол басындағы қағаз ақтарғандар емес, шаруашылықтың арасында шыңдалып, дала желімен сырласып, жылқы жалына жармасып, құлағында ойнаған дала қырандары меңгере алады. Ендеше, дала перзенттерін атбегілікке баулып жүрген Тілекеңдердің жұ¬мысы – ұлттық құндылықтарды түгендеудегі нағыз еңбек.
«Алтынның қолда барда қадірін біліп», ел арасындағы сейістерге қолдау көрсетіп, білгені мен іс-тәжірибесін қағазға түсіріп хаттап, тәжірибе түрінде қазақ жастарына үйрету кезек күттірмейтін іс.

gulmairamГүлайым Шынтемірқызы,
«Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!