Жастайынан атқа міну баланы қорқақтықтан арылтады

6806

…Қала іргесінде дүркіретіп өткізіп жатқан Наурыз мерекесіне бара қалдық. Қасымда он үштегі ұл бар. Көкпаршылар аттарын ойқастатып қасымыздан ойқастатып олай-бұлай өте бастады. Арасында жүзтаныс бауырларым бар. Атының басын бұрып, амандасқан біріне “Көкпарға әлі ертерек сияқты ғой. Атыңды бере тұршы, мына балам мініп көрсін” деп едім, тілеуің бергір, сөзге келместен атынан дік етіп секіріп түсіп, көлденең тарта берді. Қызық болғанда, бұрын ауылға барғанда талай атқа мініп жүрген ұл еті қызып, ойнақшыған сол көкпардың атына беттемей қойды. Күштеп міңгізіп жіберіп едік, алысқа ұзауға жүрексініп жүрмей қойды.

Хош, сонымен іңір қараңғысында үйге келдік. Келген соң ұлды дүкенге жұмсадым. Қашықтығы бір аялдамадай жер. Қипақтаса да киініп кеткен еді. Кешіккен соң алаңдап сыртқа шықтым. Сөйтсем, жиырмадағы жиен ағасымен бірге барып келіпті. “Мұның не?” дей бергенім сол еді:  “жолда бос жүрген иттер көп қой, бірі болмаса бірі қауып алса қайтеміз. Қасына жиенді мен қосып жібердім” деп анасы ара түсе қалып жатыр. Сол кезде осы баламның жасынан да кішкене кезім еріксіз еске түсе берді.

…Біздің үйде ерте көктемнен күздің қара суығы түскенше сауылатын күрең бие бар-тын. Күрең биені ауылдан үш шақырымдай алыс Қожакөлінің жиегіне күн бата апарып тұсау, таң қараңғысында тұрып барып алып келу менің міндетім еді. Алты-жеті жас шамасындамыз. Құлынды биеге үйден мініп кету ғана оңай еді. Ал, қалған шаруаның мен үшін қиындығы осы күнге дейін есімнен кетпейді. Биені ерте жарықта тұсап келуге “Ертең қонақтар келіп қалса қымыз аз боп қалады. Тағы бір-екі сауымның уақыты бар” деп анам көнбейді. Содан тура күн қызарып батар мезгілде бір-ақ шығамын. Қожакөліне жеткенше ымырт түсіп кетеді. Сөйтіп, жаздың тас қараңғысында жүгенімді сылдырлатып  үйге жаяулап зорға жететінмін. Таңертең атам шақырған таң намазының азанымен оянып, алакөбеде тағы да жүгенімді сылдырлатып  биеге кетіп бара жатар едім. Жуас биені ұстап алу, жүгендеп, шідерін ағыту оп-оңай. Қиыны сол, жап-жазық жерде сол биеге мінетін биіктеу жер таппай әуре болатынмын. Алғашқыда жаяу жетелеп кеп жүрдім. Атам білсе де үндемеді. Кейін оған қалай мінудің әдісін өзім тауып алдым. Биенің басын жерге салғанын тосып тұрып, жалынан тастай қатып ұстап,  мойнына асыла кетем. Бие басын көтерген сәтте тырмысқан күйімде шоқтығына жетіп, жайғаса қалам. Бие тұсаудағы ең қиыны – тас қараңғыда ауыл мен көлдің ортасында жаяу-жалпы жалғыз жүру еді. Бастапқыда қатты қорқып жүретінмін. Бірақ, кейіннен соған әбден бой үйретіп кеттім. Бір ғажабы, менің сонша жерге қараңғыда жаяу барып-келіп жүргеніме біздің үйдегі үлкендер мүлде мән беріп жатпайтын еді.

Осы кездерде ойға қаламын. Сонда біздің ата-анамызда “қаршадай баламыз тас қараңғыда бірдеңеден шошынып қалар, ит қауып алар” деген қауіптің болмағаны ма?

Біз болсақ, таяқ тастам жердегі дүкенге жұмсаған он үштегі ұлдың  жанына соқталдай жігітті қосып, кешіккеніне алаңдап отыратынымыз мынау. Бұл не cонда? Бала тәрбиелеуде біздің тым босаңсып кеткеніміздің көрінісі ме?..

Tolegen ZhakitaiТөлеген Жәкітайұлы,

namys.kz (Тақырыбы өзгертілді)

Мұқаба сурет: Жеңіс Ысқабай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!