«Сағыптың» қымызы — Сарыарқаның мақтанышы

4111

Сарыарқаның төсінде сары қымыз сапырып, бабадан келе жатқан ата кәсіпті жандандырған «Сағып» шаруа қожалығын өңір тұрғындары ғана емес, көршілес елдердің тұтынушылары да жақсы біледі. Дертке — шипа, жанға — қуат ұлттық сусын —  қымыз өндірісін өркендету жолында тер төгіп жүрген «сағыптықтардың» тасы бұл күнде өрге домалап тұр.

Шаруа қожалығының басшысы Төлеу Құшманованың айтуынша, ата кәсіпті жандандыру туралы идея тоқсаныншы жылдары ойға келген. Ойлаған дүниесін соңына дейін тындырмай тыншымайтын ол алғашында үш бие байлайды. Қымызды Павлодар қаласында сатады.  Бұдан кейін бие санын арттырып, қымыз өндірісін мықтап қолға алды. Адал істе береке болатынын түсініп өскен Төлеу Көкешқызы кәсібін заман талабына сай дамытуды көздейді. Сөйтіп, Павлодар қаласының маңынан жер телімін сатып алды.  Шөп басқан алаңда кешікпей құрылыс жұмыстары басталады.  Бүгінде бұл жерде бие сауатын қора-жай, мал бордақылайтын орын және қымызды сақтап, оны шыны шөлмектерге құятын арнайы құрал-жабдықтар орналасқан цех бар. Мұндағы жұмысшылар да өз ісін ыждаһаттылықпен атқарады.

Шаруашылықтағы жылқы саны 400-ден асқан.  Бұдан бөлек, жүзден аса ірі қара бар.

— Шаруашылықты құрғанда менде бір ғана арман болды. Ол – қазақтың қымызын төрімізге шығарып, әлемге таныту.  Мемлекет қолдауымен осы арманыма біртіндеп қол жеткізіп келемін.  Бүгінде қымызды немістер де өндіруде. Бірақ, біз олардың алдына түсуіміз керек. Қазақтың сары қымызын Еуропаға әйгілеу керек, — дейді Т.Құшманова.

Осылайша, осыдан он шақты жыл бұрын небары үш бие сауған Төлеу Көкешқызы бүгінде ірі кәсіпорынның иесі. Тәулігіне 1 тоннаға жуық қымыз өндіреді.

— Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің көмегімен «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібіміздің аясын кеңейттік. Отандық қана емес, көршілес елдердің де нарығына жол ашылды. Палата қызметкерлері әрдайым қолдау мен көмек көрсетіп, ісіміздің алға басуына қол ұшын созып келеді,-дейді шаруа қожалығының басшысы.

Шынымен, бүгінгі күні «Сағыптың» өнімдері шекараның арғы жағындағы тұтынушылардың да жоғары бағасын алып үлгерді.  Павлодарлық кәсіпорынның қымызы мен құрты Ресей және Қытай мемлекеттеріндегі сауда орындарында сатылымға шығарылды. Тіпті, Ресей астанасы Мәскеу қаласында «Сағып» шаруа қожалығының бастамасымен «Бауырсақ» дүкені ашылған болатын.  Мұнда қымыздан бөлек, ұлттық тағамдарымыз сатылады.

Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінен бір тонна қымыз жеткізуге тапсырыс алды.  Осылайша, қазақтың ұлттық сусыны алыс және жақын шетелдерді бағындыруда. Былтыр қожалық Италияның Милан қаласында өткен ЕХРО-2015 көрмесіне қатысып, өнімді әлем жұртшылығының назарына ұсынып еді.

Он жылдан астам уақытта «Сағыптың» бағындырған белестері бұл ғана емес. Осы уақытқа дейін шаруашылық Астана қаласында өткен «Қараөткел» көрмесінің алтын медаль иегері,  Якутиядағы «Қымыз  құдайлар сусыны» халықаралық байқауының жеңімпазы атанып, 2013 жылы «Қазақстанның ең үздік тауары» байқауында үшінші орынды еншілеген. Мәртебесі биік, бәсекелестер салмақты «Алтын сапа» республикалық байқауында да жүлдегер болды.

Осылайша, заманауи құралдар көмегімен, әлемдік талаптарға сай қымыз өндіретін «Сағып» шаруа қожалығы биік шыңдарды бағындырып келеді.

Алдағы уақытта да тынымсыз әрі адал еңбек жемісін беріп, қазақтың қымызына әлемдік сұраныс артады деген үміт зор.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

Abai.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!