Атырауда аламан өтті

5699

Атырау облысы Мақат ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған аламан бәйге өтті.
Мерекеде ұлттық ат спортының алуан түрлері мен қазақтың төл өнері ақындар айтысы секілді сөз сайысы да сарапқа салынды.
Қара алтынды аймақта өткізілген шаттыққа толы шара нағыз халықтық мерекеге айналды.
Аламанға 6 облыстан және Астана қаласынан 43 сәйгүлік келіпті. Талай дүбірлі додада топ жарып, жүлде алған арғымақтар әп дегеннен жиналған жұрттың делебесін қоздырып, бәйгетөбені қиқуға толтырды.
30 шақырымдық жарыс жолын артқа тастап, Астана қаласынан келген «Аламан» жүзден жүйрік шықты. Осылайша, бәйгеге тігілген темір тұлпар астаналық атбегіге бұйырды.
– Енді келесі жылы бізде ЕХРО. Сонда шетелден келген қонақтарға осы ұлттық тойларды көрсетсек, өте тамаша болар еді – дейді бүгінгі жеңімпаз Арман Серікұлы.
Ұлттық ойындарға, соның ішінде ат спортына батыс өңірдің тұрғындары да ден қоя бастаған. Ауылдық жердің азаматтарын айтпағанның өзінде, мұнайшы компаниялар да арғымақ жаратып, аламанға үлес қосып отыр.
«Бұл – халықтық сананың жаңғыруы, төл тәуелсіздігіміздің арқасы», – дейді ат спортының жанашырлары.
– Ұлттық спорт еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа қарқынмен, жаңа екпінмен басталды. Осы біздің батыста да кенжелеу қалған еді, қазір ат ұстап, жас жігіттер көбейіп келе жатыр. Бұл – қуанарлық жағдай – дейді Ұлттық ойындар қауымдастығының Атырау облысы бойынша төрағасы Өнербай Жанбала.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік шаралар облыстың түкпір-түкпірінде үлкен ұйымшылдықпен аталып өтуде. Мұнайлы Мақат ауданында өткен салтанатты шараға жиылған жұрт киіз үйлер көрмесі, ақындар айтысы, тағы басқа ұлттық өнерімізді тамшалап, салт-дәстүрімізден сусындап қайтты.

24.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!