Еліміздегі жылқы шаруашылығын асылдандыру барысы

10160

Біз, қазақ халқы – «тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп өскен елміз. Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте-мөте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезімі, рухани болмысы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрыпы. Ол – қазақтың мәдениет пен өнерінің айырылмас тұтас бір бөлігіне айналып кеткен.
Орталық Азия, оның ішінде қазақ даласы – жылқының отаны, оған дәлел – жүздеген жылқы сүйектері табылған энеолит дәуіріндегі Ботай қонысы. Ботайлықтар – әлемдегі алғашқы жылқышылар, жылқыны қолға үйреткендер.
Қазақта байлық жылқының санымен бағаланған, салтанат пен сұлулықтың өлшемі де жылқы болған. Қалыңмалға, бәйгеге, адамның құнына, сондай-ақ айыпқа ат-шапанмен қоса жылқы төлеген. Қазақ жылқысы осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз Қазақстанның ұлттық бренді ретінде сақтай білуіміз керек, сондықтан қазақ жылқысының қасиеттерін осы елдің азаматтары толық сезінсе екен дейміз. Әсіресе, қазақ үшін жылқының орны бөлек болуы тиіс!
Демек, XXI ғасырда егеменді ел атанғанда мемлекетіміздің басты шарушылығы – жылқы өсіру, халқымыздың сүйіп ішетін сусыны – қымыз, ұлттық идеямыздың тұғыры – тұлпар болуға тиіс.
Осыдан 6 мың жылдай уақыт бұрын кіндігі қазақ жері болып саналатын, арғы тегі тарпаңдар мен керқұлаңдардан тараған қораш жылқылардан бүгінде көпке әйгілі қылқұйрық тұқымдары: ақалтекелер, араб жылқылары, арғымақтар, қазанаттар, ағылшынның таза қанды сәйгүліктері, мініс, жегіс аттары, жүк тартатын ірі жылқылар іріктеліп, сұрыпталып шықты.
Қазақстан Республикасы – аграрлық мемлекет. Еліміздің барлық 272,5 млн гектар жер көлемінің 224,5 млн гектарға жуығы ауыл шаруашылығы өндірісіне қолданылатын жерлер, ал оның ішінде табиғи мал жайылымдық жерлер көлемі 180 млн гектардан астам немесе бүкіл республика жерінің 70 пайызы шамасында. Оның 71 млн. гектары – шөлді, 35 млн. гектары – шөлейтті, 68 млн. гектары – далалық және 6 млн. гектары – таулы аймақтағы жайылымдар. Барлық мал жайылымдық жерлердің 76 млн. гектары – көктемгі-күзгі, 79 млн. гектары – жазғы және 25 млн. гектары – қысқы жайылымдар. Осы жайылымдарда мал азығы ретінде жыл сайын өсетін шөптесін өсімдіктердің құндылығы 27-30 млн тонна азықтық бірлік шамасында, яғни құны ақшалай есептегенде 1 млрд АҚШ долларына бағаланатындай мөлшерге жетеді. Міне, мұндай жыл сайын жаңаланып өнім беріп отыратын сарқылмас байлық көзін тиімді пайдалану – еліміз үшін экономикалық әлеуеттілікті арттырудың мол ресурсы болып табылады.
Жылқы – аяқты мал. Аяқты малға жақсы жайылым, тұнық су керек. Елімізде бос жатқан жерді пайдалану жылқы жануарының көбеюіне жағдай туғызады.
Әлбетте, жылқы – қазақтың жаны мен қаны, қанатына баланған. Алайда біз қазақтың жылқысы дегенде сәйгүліктерді ғана ойлаймыз. Неге оның қымызы мен қазы-қартасын айтпаймыз? Осы жағын жарнамалауға болмай ма? Қазір Италия, Франция елдері бізге экологиялық таза өнім жіберіңдер деп отыр. Басқа елдердің жылқыларына қарағанда, қазақы жылқылардың сүті мен етінің қаншама ауруларға ем екенін екінің бірі біледі. Басқасын былай қойғанда, жылқы етiнiң адам ағзасын жақсартатын-жасартатын қасиетi бар екенін мамандар мойындап отыр. Бұл дегенің – Дүниежүзілік сауда ұйымына енді кірген біздің ел үшін үлкен мүмкіндік. Ат спортын дамыту, жылқының қымызын, етін, қазы-қартасын көптеп дайындау, жылқыларды шағын фермерлік шаруашылықтарда күш көлігі ретінде пайдалану қаншама пайда әкелер еді, бірақ осы жүйе бізде бір ізге түспей жүр. Бір сөзбен айтқанда, жылқының қадір-қасиетіне әлі толықтай жете алмай отырмыз.
Қазіргі таңда еліміздің жылқы шаруашылығындағы басты қызығушылық – ет пен сүт өнімдерін мол беретін, өндіріс шығыны аз қазақы жылқыны өсіру. Жабы типті қазақы жылқы басқа жылқыларға қарағанда өзіне тән ерекшеліктерімен артық: жыл бойы жайылымда тебіндеп жайылуға бейімділігімен, ірілігімен және тірілей салмағының жоғары болуымен ерекшеленеді. Қазақы жылқының басы дөрекі, жалпақ бетті, жақ сүйектері жетілген, мойны бұлшық етті, қысқа, тұрқы ұзындау, орта бойлы, арқасы тік, белі мықты әрі жалпақ, сауыры етпен білеуленген, аяқтары қысқа да сүйекті, артқы аяқтары түсіңкі, жалы қою, қылы ірі талшықты, терісі қалың, жүні қыс айларында түкті, ұзындығы 4-5 см-ге дейін келеді. Қоңдылығы жоғары жабы типті қазақы жылқының тірілей салмағы 450-530 кг-ға дейін жетеді. Көктемгі және күзгі жайып семірту кезінде тез қоң алу қабілеті өте жоғары болып келеді. Биелері тәулігіне орташа есеппен 10-15 литр, ал ең үздіктері құлынның емген сүтімен есептегенде 21 литрге дейін сүт береді.
Тәуелсіздікке «тұлпар ізімен» жеткен қазақ халқы үшін қазіргі таңда жылқы шаруашылығының орны бөлек. Жылқының адам бойына күш, рух сыйлайтын ала-бөтен қасиеті бар. Ол – намыс, ол – ұлттық сана-сезім, ол – тектілік рухы еді. Қазақ үшін қазір бұл тіптен қажет болып отыр.
Әрине, кешегі кеңестік кезеңге дейінгі қазақтың сайын даласында қаншама табынды жылқы еркіндікте жүрді. Қазақ халқының сол кездегі байлығы да осы – жылқы еді. Дегенмен осы шаруашылықты дамытуға аса мән берілмегендіктен, мұқият көңіл бөлінбегендіктен және экономикалық қиын жағдайларға байланысты оны біз біраз қожыратып алдық. Мұны мойындауымыз керек.
Қазір «Қазақстан – 2050 стратегиясын» жүзеге асыруға қадам бастық. Осы жолда қазақтың өз ұлттық бренді болуы тиіс. Бұл – заман талабы. Ал бұған ежелден келе жатқан ата кәсіп – мал шаруашылығын жетілдіру, оның ішінде жылқы малын асылдандыру арқылы жедел жетуге болады.
Кезінде Қазақстандағы табынды жылқы шаруашылығының сапасын арттыру мақсатында, селекционер-ғалымдар тұқымаралық будандастыру жұмыстарын кеңінен қолданды. Тіршілік ету ортасына жақсы бейімделген жергілікті қазақы жылқының биелерін, шабысы жақсы, ірі денелі зауыттық жылқы тұқымдарының айғырларымен шағылыстыру арқылы қазақы жылқыларға қарағанда ірілеу келген, бейімделу қабілеті кем түспейтін будандар ала бастады. Осындай селекциялық жұмыстар нәтижесінде, ғылыми түрде айтсақ, жергілікті қазақы биелерді таза қанды мініс, дон, желісті тұқымдардың аталықтарымен күрделі зауыттық будандастыру арқылы алынған ұрпақтарын «өзара өсіру» негізінде жаңа көшім тұқымдық топ жылқыларын шығарды. Алынған будандарды ұрпақтан-ұрпаққа жетілдіре отырып, 1976 жылы көшім жылқы тұқымын қалыптастырды.
1998 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 30 қарашадағы №156 бұйрығы бойынша Мұғалжар жылқы тұқымы апробацияланды.
Бұл тұқымның шығуына да қазақы жылқының қатысы бар. Мұғалжар тұқымын шығару үшін жергілікті қазақы жылқының ең үздік жабы типті айғырларын тұқымдық және өнімдік қасиеттеріне қарай тиянақты іріктеп алып, Қазақстанның әр аймағына тарата отырып, таза тұқымды мал өсіру әдісімен көбейтіп жетілдіру нәтижесінде қол жеткізді. Бұл жылқылардың генетикалық құрылымдары анықталып, одан әрі оларды жетілдіруде жоспарлы асылдандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Аталған барлық типтің ішінде құнды тұқымдық айғырлардан бастау алатын, ата-тегінің шежіресі анықталып қаланған ұрпақтарынан зауыттық аталық іздері бар. Жабы типті қазақы жылқымен асылдандыру жұмыстары Павлодар (Кереку), Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында жүйелі жүргізіліп келеді. Асылдандырудың басты бағыты осы жылқыларды тиянақты іріктеу мен жұптастыра отырып, әрбір аймақтың табиғи-климаттық жағдайына байланысты ерекшеленетін өзіндік зауыттық типтерін, аталық іздері мен аналық ұяларын шығару. Павлодар (Кереку) облысында Қазақтың жабы жылқысының селеті зауыттық тұрпаты «Алтай, Қарпық Сайдалы-Сарытоқа» шаруа қожалығында негізі қаланды.
Жоғары өнімді үш аталық із Браслет 13-74, Задорной 51-76 және Памир 127-78 негізінде таза тұқым өсіру әдісі арқылы 2013 жылы қалыптасты. Тірі салмақтары: тұқымдық-айғырлар 505 кг, ал биелері – 450 кг. Биелердің құлындауы 85-90%. 2,5 жасар құнандардың таза ұшасы 215-220 кг дейін жетеді. Сойыс шығымы 56-57%. Биелердің 105 күндегі сүттілігі 1701 литр сүт береді. Аталған шаруашылықта 3400 бас жылқы, оның ішінде 56-бас тұқымдық-айғыр және 970 бас асыл тұқымды бие өсіріледі.
«Алтай Қарпық Сайдалы-Сарытоқа» асыл тұқымды жылқы шаруашылығы жылқыларының негізінде Қарағанды облысында «Сенім», Павлодар облысында «Алтай» және «Ащысай», Алматы обласында «Жақсылық» және «Акимбеков», сонымен қоса Шығыс Қазақстан облысында «Қызылащы», «Сержан» мен «Саят» асыл тұқымды жылқы шаруашылықтарының жылқылары асылдандырылып, асыл тұқымдық шаруашылық болып қалыптасты. Сол себептен Павлодар облысы қазақтың жабы типті жылқыларының құнды генефоны сақталған орталық болып табылады.
КСРО ыдыраған соң, оның құрамынан бөлініп шыққан мемлекеттердің экономикалық тоқырау кезеңдерінде біздің елде де жылқы саны күрт азайып кетті. Дегенмен Қазақстан Үкіметінің 2000 жылдардан кейінгі малшаруашылығын дамытуға бағытталған дұрыс саясатының нәтижесінде елімізде жылқы саны қайта өсе бастады. 2006 жылы еліміздегі жылқы саны – 1219,9 млн. бас болса, 2011 жылы саны – 1641 млн. басқа жетті, ал 2016 жылы саны – 2,1 млн. басқа жетті.
Бүгінде Қазақстанда дүниежүзіндегі жылқы тұқымының 20-дан астам түрі өсіріледі. Республикада жылқылардың 68 пайызы жеке үй шаруашылықтарында, ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы үлесі 5 пайыздай, шаруа қожалықтарындағы бары – 27 пайыздай. Еліміздегі барлық жылқылардың 90 пайызы өнімді бағыттағы жылқы тұқымдары, ал 10 пайызы – әр-түрлі, спорт бағытындағы жылқылар.

ЖШС «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі»
ҒЗИ-нің Жылқы шаруашылығы бөлімінің бас
ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы
ғылымдарының докторы
Әкімбеков Әмин Ричардұлы

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің
қауымдастырылған профессоры, ауыл
шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
доцент Исхан Қайрат Жәлелұлы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!