Манарбек ҚЫДЫРБАЙ: Зейнеткер

6897

(Әңгіме)

Көктем… Рауандап таң атып келеді…
Төңіректі қымтаған қараңғылық әлі де ыдырай қоймаған… Жастығының астындағы сағатын сипалап тауып алды да, үңіліп ұзақ қарады. Күңгірт бөлмеден бұлдырап көрінген сағатының тілі тура төрт елу тоғызды көрсетіп тұр. Есі кете езуін керіп ұзақ есінеп, апандай аузын алақанымен жапты. Көрпесін ысырып тастап, тұра бергені сол еді, тізесінің сіңірі тартылып қалмасы бар ма?! Қиралаңдап, жүріп, күнге күйіп, түсі оңып кеткен ескі киімдерін кие бастады. Ең алдымен қысы-жазы тастамайтын қызыл тақиясын төбесіне қисайта қондырды да, шынтағы шұрық тесік жүн жейдесі мен тізесі шыққан мақталы шалбарын киді. Содан соң аспай-саспай сіңірі тартылып сіресіп қалған тізесін ақырындап созбақ болып күректей алақанымен уқалап біраз отырды. Шу асау айғырды жуасытам деп ерге қонбаса бұндай бәлеге мүмкін тап болмаста еді. Жас кезінде бұлшық еттері білеу-білеу, қызуқанды, ұзын бойлы, қыр мұрынды, қара торының өзі еді. Ендігі күні мынау тіршіліктен қажып адам танымастай өзгеріп, өзегіне құрт түскен кәрі емендей еңкіш тартып, сирақтары жіңішкеріп, тұла бойы тарамыстанып, жағы суала бастаған.
— Қарғыс атқыр қара айғыр, көзіңді құртпасам ба?! – деп жанары жасаурап, кектене күбірлеп бір күрсініп алды да, орнынан ілініп-салынып тұрып, шарт еткізіп бүгілген аяғын жазып орнына келтірді. Ақырын жүріп ас үйдегі шәйнекке толтыра су қойды. Содан соң топсасы тот басып ескірген ескі есікті ыңырсыта еппен ашып, тысқа шықты… Таңғы ауа аздап салқындау екен, жұлдыздардың соңғы шоғыры әлі де бір өшіп, бір жанады. Күндегі әдеті бойынша ат қорадағы құйрық-жалы жер сызған, көзі шатынап аталақтап тұрған, шатақ мінезді, ай төбелді, сүлік қара, асау айғырды жетектеп алып шықты да, ауыл шетіне шөбі шүйгіндеу жерге шідерлеп арқандады.
khara-aigyrАуыл адамдары оянып, малды өріске шығарғанша, оразасын ашып алу үшін жарықты жақпастан дастарханға жайғасып, маңдайы тершіп, шайын сораптай ішті. Қос жанары бір нүктеге қадалып аз отырды да, екі тілім күйген қара нанға сары май жағып, газетке орады. Жарты литрлік шөлмекке бояуын шығарып қара шай құйып, қақпағын жапты. Бұл азаннан кешке дейінгі жүрек жалғап, талғажау ететін азығы-тын. Тек төзімділігінің арқасында ғана қолайсыз ауа райына қарамастан жаны ауырып, тәні сыздаса да тағдыр тауқыметіне төтеп беріп, бала-шаға қамы үшін азын-аулақ ақшаға ауылдың бір табын сиырын бағып жүргеніне жеті жылдың жүзі болды. Жетпіс жылдың азабындай азап арқалаған жеті жылдың бақандай бес жылында бақташы табынды жаяу жүріп бақты. Соңғы екі жылында ғана қара айғырдың көмегі тиді. Тек жайдан-жай келе жатып, жоқ нәрсеге жалт беріп үркіп, үстіндегі адамды доптай домалатып иесіз қайқаңдап шыға келетінді. Мұның осы мінезінен әбден зәрезап болған бұл осы жолы сатамын деп ұйғарып газетке жарнама берді: «Асыл тұқымды алты жасар айғыр сатамын, бағасын келісіп берем немесе баспа-бас басқа жылқыға айырбастаймын…»! — деп белді бекем буды. Сатып алуға ниет білдіргендердің саны біртіндеп өсе берді, бірақ ешқайсысына көңілі толып келісе алмады. Қара айғырдың жаман мінезін жек көрсе де, жаны қиып жат жерге қимайтындай. Бір жағынан дәл үйір қайыратын сақа кезінде обалына қалмай жылқыға жіберіп, бостандық беруді жөн санап екі ойлы боп жүр!
Ол — өте аңғал, ақкөңіл адам. Қашан көрсең де көрші-қолаң мен ағайын туғанға көмектесем деп жүріп, өзі опық жеп қалатыны бар-ды.
Бақташының бір әдеті тонналап темір терсек жинау. Қара темір сынықтарының құны өскелі күн көріс қамы үшін қаңылтыр болсын қара айғыр қанша үркек болса да өлермендікпен алды-артына өңгеріп келеді… Бүгінде бірнеше келі темірді ат үстінен артына қарай асырып лақтыра берем дегенде, ауладан атып шыққан бұралқы иттен жалт беріп, үріккен айғыр бақташыны жалп еткізіп, айналаны ақ шаң қылып алға ұмтылды, аяғы аңдаусызда үзеңгіде ілініп кеткен бақташы айғырдың бауырында сүйретіліп барады. Абырой болғанда аяқ киімі шешіліп кетіп, бір өлімнен аман қалды. Үсті басы ақ шаң, ит сілікпесі шыққан, алба-жұлба атып тұрды да, екі өкпесін қолына алып, ентігіп тұрып, ең соңғы нақты шешімін қабылдап, кім алса да көп саудаласпай көзін құртуға бел байлады. Ауылдастары айғайлап, улап-шулап жүріп, қашып кеткен қара айғырды қаумалап ұстап, қорасына қамады.
Түн іші. Үй телефоны безілдей шырылдады. Құс ұйқылы бақташы мен әйелі жүрегі атқақтап атып тұрды:
– Кім болды екен, түн үшінде безілдетіп? Тыныштық болғай әйтеуір. Жата бер өзім сөйлесейін, — деп кібіртіктей сыбырлаған бақташы, ас үйдегі телефон тұтқасын ақырын ғана көтеріп құлағына апарып үнсіз тұрды. Ар жағынан құлақты жарып жіберердей белгісіз біреудің дауысы күжілдейді.
— Әлөу… Ассалаумағалейкум! Түннің бір уағында хабарласқаныма айыпқа бұйыра көрмеңіз, мен хабарландыру бойынша…
— Иәәә?
— Айтпақшы, есімім — Асылхан! Алты жасар айғырыңызды құнан шығар тайға айырбастайсыз ба? Өте жуас, жетекке үйретілген, үстемелеп ақша қосам, өкінбейсіз! Таңертең екі жылқы алып келем, таңдап алыңыз?!
— Жақсы келістік, алып кел, көрейік! Газеттегі мекен-жайға кел! – деп бұлда қысқа қайырды.
Бақташы елеңдеп, елегізіп, көз ілмей дөңбекшіп көп жатты, бар ойы ертеңгі сауда! Атар таңды ашық көзбен қарсы алды. Көп кешікпей таң қылаң бере Асылхан да жетті. Тап-таза, тып-тинақтай киініп алған, бурыл бас, қампиған қарны бар, орта жастағы еркек, өзі де, сөзі де салмақты адам сияқты көрінеді, айтқан әр сөзіне қарасаң, ала жіп аттамай, ақиқатты ғана алау етіп жүрген бейкүнә адам тәрізді. Ал жанындағы жандайшап көмекші алқам-салқам киінген, жылтың-жылтың еткен қара қайыс біреу, қалбалақтап Асылханның алды-артына шығады. Анау не айтса да бәрін істеуге даяр сияқты… Айтқандай екі тай артып әкелді, біреуі ірілеу келген бір көзінде ағы бар қара тай, ал екіншісі арық келген торы тай. Екеуін де жерге түсіріп жетектеп көрген бақташының көңілі бірден торы тайға ауды. Қара тайды алғысы келген, көзіндегі ағынан қорықты. Айғырды қимай қипақтап көп тұрды. Бір-екі тал қылына сілекейін жағып алып қалды. Ақыры «сауда сақал сипағанша» деп үстемелеп ақша алды да, арық торы тайды иемденді. Ақшасын суылдатып санап берген Асылхан асыға бастады. Ол лезде айғырды артып алып, тайып тұруға ыңғайланды.
— Игілігіңізге жарасын! Қаласаңыз, тағы бір реті келгенде басқасына ауыстырып берем, қолдан келгенше, сізге көмектесуге даярмын. Мынау менің телефон нөмірім, хабарласыңыз!
— Тай беріп, айғыр алған бақытты екенсің, бауырым! – деп әзіл шыны аралас кетіп бара жатқан көліктің артынан айғайлады да, қара айғыр қарайған нүктеге айналғанша, көзімен шығарып салды. «Кешке келіп, мініп көрермін» — деп торы тайды қораға байлап тастап, жаны сірне бақташы қолын артына айқастырып, сіңірі тартыла беретін аяғын сылтып басып, салпақтап табынға жаяу тартты.
Ақшам мезгілі. Бақташы тағатсыздана торы тайды жетектеп сыртқа алып шықты, жануардың тұрқы жаман емес сияқты. Алғашында селтектеп, үрке қоймады, ақырын еппен еңкейіп аяғына шідер салды, езуіне ауыздық кигізді. Енді ер тоқымын салып, шат айылын тарта бергенде, бей-жай тұрған тай көкке шапшып, оқыс мінез көрсетіп, омақасып барып гүрс етіп құлап, серейіп жатты да қалды. Не істерін білмей қалған бақташы қатты сасып, аңтарылып аз уақыт тұрды да, құлаған тайды қайта тұрғызбаққа ниеттеніп үркітті, қорқытты, жатқан жерінен төпелеп қамшының астына алды. Жануар жантайған күйі жата берді, аз уақыттың ішінде қазаға жиналған қара құрым халықтай боп ауылдас, көрші-қолаң жинала қалды. Жан-жақтан демеп, тайды тұрғызбақ ниетпен әр түрлі әрекет жасалды, ешқайсысынан адам айтарлықтай нәтиже шықпаған соң, әркім өзінше жорамал айта бастады:
— Қырсығып жатыр, кетіп қалсаңдар атып тұрады!
— Жоқ, жамбасы кеткен…
— Аяғы сынған…
— Ұршығы тайып кеткен болу керек…
— Арқасы кеткен! Аяғын салбыратып алты ай байлап қойса, әлі-ақ шауып кетеді! — деген пікірлер сан-саққа кетті.
Аппақ «Нива» құйғытып келіп, қара құрым халықты қақ жарып, ауаны ақ шаң қылып кілт тоқтай қалды. Аспай-саспай кекірейіп көлігінен түсті де амандасып, қолын созған ауылдастарына пысқырып та қарамастан қолын қалтасына салып, сілейіп жатқан тайдың қасына келді. Бұл ауылдың мал дәрігері шардақ қарын, қатпар бет, бір көзі қысық келген жуан сары. Өзін өте жоғары санайды. Албаты адамды менсіне де бермейді. Артық-ауыс әңгіме айтуға болмайды, ондайда әй-шәй жоқ кекірейіп кетіп қалады. Бір сәтке сілтідей тыныштық орнаған, бәрінің назары мал дәрігерінде. Қандай диагноз қояр екен деп бәрі күтіп тұр. Төрт аяғы төрт тарапқа кетіп, тарбиып жатқан тайды төрт рет айналып шықты да тік тұрған қалпы тайдың тұяғын теуіп көрді. Бұл да бір көргенсіздік емей немене дегендей жиналған жұрт жақтыртпаған сыңай танытып, көздерінің қиығымен ежірейе қарады.
-Үшкір біз әкел! — деп бұйырды бақташыға. Бақташы қалбалақтай жүгіріп барды да, лезде біз алып келіп, қолына ұстатты. Ол инедей үшкір бізді саусағының ұшымен ғана ұстады да, тайдың арқасына, санына бірнеше рет кірш-кірш еткізіп тығып-тығып алды да, бізді лақтыра салды.
— Денесі сезуден қалған! Бел омыртқасы үзілген, енді мал болуы екі талай, жалғыз амал, сойып сатып жіберіндер! – деп кесіп айтты да, жөніне кетті. Іле-шала жұрт та тарады.
Бақташы басы айналып, не істерін білмей шарқ ұрды, сұлап жатқан тайдың басын сүйеп ұзақ отырды. Шарасыздан көмек сұрамақ ниетпен Асылханға телефон шалды. Ол тұтқаны көпке дейін көтермей, әзер көтерді.
Бақташы қаралы хабардың жаршысындай кібіртіктеп әрең сөйлеп, даусы қалтырап бар жайды тәптіштеп түсіндіре келе, жағымпазданып, жалына көмек сұрады:
— Асеке, пәле аяқ астынан деген, өзім ыңғайсызданып тұрмын! Енді нетіп бір көмек қылсаңыз, ет базарында болама тамыр-таныстарыңыз бар дегендей, бір жақсылық жасасаңыз өле-өлгенше ұмытпаспын, қаласаңыз сойып, даярлап қояйын, – деп жалбарынды.
— Жақсы, көмектесем.
— Сөйтіңізші, қатты қиналып кеттім!
— Мен жолдамын! Ертең келіп, алып кетем. Орнына басқасын қарастырып көрейін, оған дейін тиіспеңдер, арам өліп қалмасын! – Бір үміт қылаң берді де, байланыс ажырап кетті.
Осы сөзден кейін алабұртып алып ұшқан жүрегі орнына келгендей. Таңға дейін тайдың қасында болды, ыстығы көтеріліп, қалтырап жатқан тайдың астына қабаттап сабан төсеп, арқасын сүйеді. Жануар жалғыз күнде сал боп жатып қалармын деп, сірә, ойламаған болар. Жал құйрығы білтеленіп, тостақ көзінен жас моншақтап, асау өмір азабымен арпалысып жатқандай, қараған адамды еріксіз қамықтырады.
Келем деген Асылхан келмеді. Көп күтті, күн өтті, түн өтті. Күн тас төбеге шыққанда тайдың қарыны тай қазандай қампиып, күп боп кеуіп кеткен, ауруы асқынып, малмандай су боп терге малшынды, бақташы бауыр еті езіліп, әбігерге түсіп, біресе аузына жем-шөп төсеп, біресе су әкеліп, күннен көлеңкелеп көне көбентесін төсеп, жатқан жылқыны айналсоқтап, ызыңдаған шыбын-шіркейді қалпағымен қағып, үркітіп әлекке түсуде. Тайдың тағдыр тауқыметін тартуына өзін кінәлі сезінетіндей. Бар тағатын тауысып уақыт кешкірген сайын елеңдеді. Қайта-қайта Асылханға телефон шалды, ол келем деп сендірумен болды. Жылқыны мертіктірген Асылхан іспетті іштей оған да кіжініп, демін ішіне тартты.
Іңір. Ақыры көп күттіріп, аңсатқан адам келді-ау, әйтеуір! Бақташы балаша қуанды! Олар жүк көлігімен келді. Бақташы алдынан атып шығып, ақталып әлек. Телефонмен айтқан бар жағдайды басынан бастап бес-алты рет судыратып шықты.
— Бар күн көрісім осы еді, оның үстіне жаяу көп жүре алмаймын, тіземнің сіңірі тартылып қалады. Қазақсың ғой, көмектесіп, азаматтық жасашы, — деп мәймөңкеледі. Өзін мүсәпірдей аянышты ғып көрсеткісі келетіндей… Асылхан жүре тыңдай жүріп былай деді:
— Маған сеніңіз, бәрі жақсы болады. Бұл жылқыны сойып сатам да, көп ұзамай ақшасына басқа жылқы әкеп берем, Алла жазса! Мына мен үшін түк емес нәрсе, тек бір апта жаяу шыдаңыз! — деп асқақтай сөйледі. Қасындағы көмекшісі де арасында сөзге қосарлана:
— Бізге сеніңіз! — деп мұрнының астынан міңгірлеп, өзінің бар екенін білдіріп қояды.
-Ал мынаны бауыздай қойыңыз тезірек, — деп Асылхан сұлап жатқан жылқының басынан аттап өтті. Сырт көзге сондай ерсі көрінді. Ал Бақташы көмекке көршілерді шақырып, қайраулы қара пышағын алып, асығып-аптығып келіп, алақанын жайып, ильхамын айтқанша, Асылхан тайдың тамағын орып, басын кесіп, итке лақтырып жіберді. Жылқының жаны шығып үлгермей, кеңірдегі қырылдап, қиналып көп жатты. Басы жоқ торы тайды көлікке тиеуге Асылханның тарапынан бұйрық берілді. Қолы қызыл қанға малынған Асылхан, басқаларға қанды қол қарақшы боп елестеді, сондай жиіркенішті… Жігіттер жан-жақтап лезде тиеді.
— Рахмет сізге, Асеке! Сіздің орныңызда басқа адам болса, бұндай жақсылық жасамас еді, орайын келтіріп, орнына басқа жылқы тауып беретініңізге сенем!
— Маған сеніңіз! Алдамаймын, — деп уәдесін үйіп-төгіп, жолға шығып кетті. Үркердей үлкен үміттің жетегіндегі бақташы басын қасып қала берді. Мойнынан зіл батпан жүк түскендей ауыр күрсініп алды да, ауланы сыпырып-сиырып тастап, үнсіз үйге кірді.
Содан бері апталар емес, айлар өтті, ол хабар-ошарсыз кетті. Анда-санда телефон шалса, тұтқаны көтермейді. Кейде көтеріп, құдай сөзін айтып сендіреді, құрғақ уәдемен алдап жүрген тәрізді. Көзден бұл-бұл ұшқан қара айғырды қиялдап, табынды бақташы жаяу бағып жүр. Қолда бар да алтынның қадірі жоқ деген осы да! Күнде кешке шаршап-шалдығып, аяғы талып, құр сүлдерін сүйретіп көңілсіз келіп, әйелімен күңкілдеседі. Әйелінің күні-кешке дейін шебеленіп айтатыны бір сөз: « Есі дұрыс адам айғырға тай ауыса ма екен. Өзіңнен бәрі. Жүр енді осылай соқа басың сопиып. Адам деген кішкене ойлану керек ғой. Әп-әдемі айғырды тегін бергендей бере салдың. Ана торы тайдың мал болмайтынын әу баста білгем. Ілмиген түріне қарап. Әй, адам танымасаңда мал танитын едің ғой қақпас. Асылханнан үміттеніп жүрген сенде бір… Оны ұмыт! Одан қайыр жоқ!» Кемпірінің осындай сөздерденен әбден мезі бола бастаған-ды…
Бақташы жылқының жайын біліп, әр апта сайын Асылханға хабарласуды әдетке айналдырған. Ал ол әртүрлі сылтау айтып, үміттендіріп, сендіруден жалықпады. Бақташының ашуына тиді, ағайындардың кейбірі: «Сотқа шағымданып өндіріп ал, бұл да бір адам құқығын таптаған алаяқтықтың бірі» -деп арзандау ақылдарын қосты. «Жоқ, бұл сотпен шешетін мәселе емес, заң жүзінде шешсе, шеңбер тарылады да, екі жақ тарап та жеңіліс табары сөзсіз. Одан да соңына дейін шыдап, жанын қоймай жүріп, уәдесін орындатқызу керек. Тек шабына тиіп, ашуландырып алмау керек» — деп шешті. Жаяулатып шілденің шіліңгір ыстығын да сумаңдаған желімен сіркіреген жаңбырын бастан кешіп, күңгірт күздің қара суығына да қалтырап шыдап келді. Биыл бақташының денсаулығына көп нұқсан келіп, белі бүгіліп, бет жүзінің әжім жолақтары көбейген. Шүңірейген көзінің түбінде алданып қалған мұң қалғандай.
Күз. Қараша. Қалт-құлт еткен өмір өтіп барады. Бақташы басына түскен қиындықтан қатты қаусап, Асылханның уәдесінен біртіндеп үміт үзе бастағанда, үкілі үміт қылаң беріп, түннің бір мезетінде телефон безілдеді.
— Әлөууу, Асылханмын ғой! Ертең жылқыңызды апарып берем! Көпке созғаныма ренжімеңіз!
Бақташы қуаныштан бал-бұл жайнап кетті.
— Көп рахмет!- деп зор алғысын білдірді. Осы жолы Асылхан сөзінде тұрды. Таң ата тағы бір торы жылқы әкеліп түсірді. Қасындағы қара қайыс жылтыңдаған көмекші жігіттің жеке меншік жылқысы екен. Жылқы деген аты ғана құр қаңқа десең лайықты-ау, шамасы. Ап-арық, мойны қылдырықтай, тұла бойы ет емес, шандыр қабырғасын көзбен санауға болады. Жал-құйрығы саудырап түсіп қалған, аузында тіс деген бәле атымен жоқ, әбден қартайған жануар екен. Соны саудалап жылқының иесі аузын айға білеп, үстінен қосып жүз мың теңге сұрап, әкелген жылқысын көп бұлдап, тұрып-тұрып, ыңғайсызданып, ақыры ақша ала-алмасын сезген соң, жылқыны қалдырып кетіп қалды. Осылай жылға созылған жылқы дауына нүкте қойылды. Оның да мал болуы екі талай. Үстіне ырғып мінсе, мұның да белі үзіліп кете ме, кім білсін… Ақыры бақташы жоқтан бар жақсы деп, қаусаған кәрі атқа қарап, көңілін жұбатып қала берді. Әлгі жануардың тұрқына қарап, «Зейнеткер» деп ат қойып, ұшқыны әлсіздеу жанарын сығырайтып жымиды.
Күздің соңы… Қапалақтап қар жауып тұр…

manarbekМанарбек Қыдырбай.
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!