Бір ауыз сөзбен бес айғыр үйір жылқы алған Бапан шешен

9450

Алтай Жанботаның соғым кезінде аттандырған баукеспе барымташылары алыстан жылқы әкеле жатып, жолшыбай Қанжығалы ауылдарының төрт үйір қысырағын қоса айдап кетеді. Жаманат жерде жата ма, қуғыншылар із суытпай дөп басыпты.
Жортуылдап байып, оңай олжаға құнығып тұрған қанды қол Жанботаны маңына жуытпай:
– Еліңнің басты адамы келсін. Қатеден ауысқан болса, малыңның барының көзін, жоғының төлеуін береміз, – деп қайтарады жоқтаушыларды.
Арада ай өтпей Қанжығалыдан Бөгенбай батыр­дың немересі Бапан би Алтайға даугер болып кетеді. Жанбота – ұрт мінезді, батырсымақ, мақтаншақ, даукес бай екен. Даугермен беттескенде-ақ:
—Менің елім еліңнен, ерім еріңнен, жерім жеріңнен, белім беліңнен, көлім көліңнен кем бе?! Тұлпардың өзі бітпейтін, тұяғы кетпейтін, ұры-қарылардың өңешінен өтіп кеткен қырық жылқыңа келесі көктемде қырық құлын ал. Төлбасы сенікі болсын! – деп шіренеді.
Сонда Бапан мырс етіп:
– Жағалай елің қонбаса,
Суы тұщы болмаса,
Мал-жаның бәрі сусындап,
Мейірі онан қанбаса,
Көл дегенің немене?!
Ынтымақ-бірлік болмаса,
Елдікке мойын бұрмаса,
Үлкеннің айтқан сөздерін,
Кішісі қолдап тұрмаса,
Ел дегенің немене?!
Еліне құрбан болмаса,
Абырой-бедел қонбаса,
Ағайын, туыс, ел-жұрты,
Батырым-ау деп тұрмаса,
Ер дегенің немене?!

Шайырлы шөп болмаса,
Түлігің жайлап тоймаса,
Қатар өсіп мал мен бас,
Қуанып елің қонбаса,
Жер дегенің немене?!

Желден пана болмаса,
Қарды бөгеп тұрмаса,
Аңдары қойдай өрмейтін,
Қызығын адам көрмейтін,
Қадірі жоқ қырқалы
Бел дегенің немене?!

Адал жүрек болмаса,
Сөзіне опа қылмаса,
Түзулікті бұрмалап,
Өтірікті шындаса,
Кең дегенің немене?!

Атан түйе атамай,
Ат-айғырды матамай,
Шын икемге келмесең,
Төл дегенің немене?!

Арыңды сатпа, атың сат,
Жалған айтып, болма шат.
Жалған айтып жандассаң,
Жүрегімде қалар дат.

Тегінде жөнді берерсің,
Түзулікке келерсің.
Бекер айтты деп жүрме,
Түбінде бір сенерсің! – доп аттанып кетеді.
Жанбота даугердің жаңағы батыра айтқан зілді толғауынан қатты сескеніп, Бапан шешенді нөкерімен тоқтатып, айып-анжысымен қоса бес айғыр үйір жылқы беріп қайтарыпты.

(«Ел аузынан», Алматы,
«Жазушы», 1989ж.)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.