Құдайберлі МЫРЗАБЕК. Жылқы туралы жыр

19948

Асыл тұяқ тұлпар қайдан шығар деп,
Қай айғырдың үйірі, қай биеден туар деп.
Еркекпін деп ес білгеннен бері қарай,
Іздеп келем құмар боп.

Кебежедей кеудесін керіп соққан жүрегі,
Сахараның төсінде сайрап жатқан сүреңі.
Саңлақтар шыққан емес санамнан,
Түсіме де кіреді.

Ақын бабам жырындағы тұрқымен,
Ауыздығы қаршылдап, аузы жалын бүркіген.
Арғымаққа ғашық болып жасымнан,
Жусап, өрдім жылқымен.

Шашасына шаң тимей, екпінінен жел бұрқап,
Омыраудан жерге жауып тер-бұршақ.
Құйындатқан тұлпардың қияндағы дүбірін,
Қиялдайды енді ұрпақ.

«Қырық мың жылқы жүзіп ішкен айдындар»,
Деген сөзге иланатын әй, кім бар?!
Байталдың да түсіне енер дерт болды,
Бабам баққан айғырлар.

Ортекедей ойқастап, құйрығын көкке қадаған,
Аш күзендей бауырынан жараған.
Қайран қазақы қолтума, айлап шапса азбаған,
Қазанаттан тараған.

Иесімен тұтасып тура шапқан жалынға,
Шаһиттердің қаны қатқан жалында.
Жылқысы да қазақтың жігітіндей жігерлі,
Тарихтың тағында.

Түзден тарпаң қайырып, тағысымен жарысқан,
Тіктеп тиген тұяғы тасты құмдай жанышқан.
Қыз-жігіттің астындағы аттары да кешқұрым,
Кісінесіп табысқан.

Сол жылқының тұқымын іздеймін мен ойға алып,
Сол халықтың ішінде шыркөбелек айналып.
Қаба жалдым болдырып, керік мойын бөтен ат,
Жатқан кезде бәйге алып.

Бас сүйегін тұлпардың жазбай танып қураған,
Сын айта алар сыншыны қазақ бекер тумаған.
Мүшесін де табақта айырмайды енді ұрпақ,
Піскен етті тураған.

Қуғыншыға дес бермей қалың жылқы бұрылған,
Көнек бұлғаған бәйбіше құтым еді бұрыннан.
Келіні де қазақтың дәл таныған тұлпарды,
Іште жатқан құлыннан.

Ей, қазақтың жылқысы, ала-құла түр-түсі,
Бүгінгінің білгені қабырғаңның қыртысы.
Өзінікін өзгенің тұяғына бастырған,
Кімнің жыртқан жыртысы?!

Көрмегелі көп болды озғаныңды мәреден,
Көрмегенім көп екен көрем деген дәмеден.
Қайғың батты жаныма қалғаныңда шаң жұтып,
Ұзын топай немеден.

Бабаң тұлпар еді ғой, сұңқар еді анаң да,
Қасиеті солардың дарымап па саған да.
Табиғатың түңілер тап келдің бе тағдырға,
Ақша жарыс заманда.

Түсінде де көрмеген Қамбар-ата құрығын,
Ат қораға енгенде шүйіретін мұрынын.
Бәйге алғанда бәз біреу, мені жерге қаратпай,
Кісінеші, құлыным!

Көзі тиіп кетер ме деп қорғаштап жат кісіден,
Таңдай қақса түкіріп, ұшықтайтын мүсін ең.
Шығу керек қас тұлпар тақымы бар қазаққа,
Жылқысының ішінен.

Өз атыңмен тойға барып, өз көйлегің зор сана,
Өзіңдікі-өзіңдікі, жаман, жақсы болса да.
Тайға мінген ұлдар ғана тең ұстайды тізгінді,
Айға барып қонса да.

Бөтен аттың қайсы озып, қайсысы қалсын бәрібір,
Қазанатын бәйгеден күтіп жатыр кәрі қыр.
Жүрген шығар бір тұлпар құрсағында биенің,
Берген болса тәңір ұл.

10380828_1429349034001033_1634307494351407622_oҚұдайберлі МЫРЗАБЕК. (Фейзбуктағы жеке парақшасынан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!