Бабақұмар ҚИНАЯТҰЛЫ. Мадьярлардағы жылқы мәдениетінің бүгінгі жұқанасы

2777

Шығыстық тек-тамырдан таралған, Еуразияның аридтік зонасының ең батысындағы өкіліне саналатын мадьярларда көшпелі мәдениеттің жұрнағын әспеттеу, қадірлеу – олардың ұлттық болмысымен, мәдениет саясатымен астасып бірегей сипатты құраған десек, артық айтқандық емес.

Мажарстанның атақты археологы Ласло Дьюла пікіріне ден қойсақ, мадьярлардағы жылқы мәдениеті Оралдың оңтүстігі мен көшпеліліктің бесігі солтүстік Қазақ даласына жақын жерде қалыптасқан деген пікірде. Б.з. ІҮ-ҮІ ғғ.-да ердің қапталы мен қастары, үзеңгі, қанжыға қатарлы бөліктерінің дами түсуі, атты әскердің қуатын арттыра түскен, яки ат үстінде соғысуға – садақ тартуға, атысып-шабысуға жекпе-жек шайқасқа қолайлылық тудырған. Осындай жылқының жалының күшімен Карпат қойнауына жетіп, шапқыншылыққа қоса, елдігі мен шығыстық болмысын сақтауда аттың атқарған ролін ардақтайды.

Тарихтан белгілі, Римдіктерді талқандап адамзатты құлдық қоғамнан азат болуына түрткі болған Аттила ғұндары, кейінгі түркі тілді аварлар, 896 жылы Карпат қойнауына ел-жұртымен қоныс аударып, мемлекеттілігін гүлдендірген Арпад патша бастаған мадьярлар, Шыңғыс Хан шапқыншылығы заманында Еуропаға бас сауғалаған құман-қыпшақтар — барлығы қазіргі Мажарстан жеріне аттың жалы, түйенің қомында жеткен. Соның айғағы ретінде Арпад патша мен оның 9 тайпа басының салт атты бабалар мүсінінің Будапештегі батырлар алаңында бой көтергеніне жүз он жыл болды (№1 сурет).

Мадьярлар да атты қазақтардағыдай қастерлеп қадірлейді. Олар да өлікті атымен қоса жерлеуі, дәлірек айтқанда жылқының бас сүйегі мен төрт сирағын мәйітпен қоса жерлейтін салт Мажарстан жерінде ХІҮ ғ. соңына дейін сақталған (құрбандық жылқысының етін түгел жейтін болған). Ол кездегі аттардың шоқтығы 136-140 см биік, жабы тұқымына ұқсас. Айталық, 1246-53 жж. жерленген (бойы 173 см., тураноид) құман-қыпшақ сарбазы елдің оңтүстігіндегі Ченгеле қорғанынан 2000ж. табылды (№2 суретті қараңыз).

Аттың күші мен шығыстық әскери өнерінің арқасында Еуропаның батысы мен оңтүстігіне үш мың шақырымға дейін жалғасқан жорықтарында мадьярлар темір құрсауланған еуропалық рыцарларды орта ғасырдың соңына дейін қарсы келтіріп, бет қаратпады. Латынның cursor, corsarius – шабандоз, ұры мағынасынан туған гусарлар мадьярларға ғана тән өнер болған. Аты мен қару-жарағы бар гусарлар келісімшарт негізінде (1482-87 жж. император қазынасынан шекара қорғаған гусарға айына 3 форинт төлеген) ел мен жердің тыныштығын күзеткен. ХҮІІ ғ.-дан бастап, әскери, азаматтық, спорттық мақсаттағы жылқы тұқымдарын өсіру қолға алынды. Кейінгі орта ғасырда Осман түріктерінің отарлауы, Хабсбург езгісі кезінде де оларға қарсы мадьярлардың көтерілісінде атты әскер үлкен роль атқарған.

ХІХ ғ. басынан мадьярлар жылқы мәдениетін дамытудың жаңа түрлерін қолға алады: 1825 ж. граф Сечени алғашқы Жылқы өсірушілер одағын құрса, 1828 ж.дан кәсіби әдебиет жарық көре бастады.

1848 ж. мадьяр ұлт азаттық төңкерісі аяусыз жанышталған соң атты әскерлерді қарапайым өмірге, егін, мал өсіруші шаруа етпек болған Габсбург саясатына қарсылық күшейді. Ендігі кезекте гусарлар барымташы, ұрыға айналды. Қазақтардың дәстүрлі құқығында жаза түрі, кепілдік қызметі болған барымташылықтық кейіннен есе қайтару, ұрлық, жуанбілектік әрекетіне айналғаны тәрізді мадьярлар арасында да дәл сондай бетьяр (барымташы), иолегень-жуанбілек ұры жігіттер ат құлағында ойнаған қайратты әрекетін әділетсіз қоғамға қарсы наразылық тәсілі деп тапты. Көшпелі мәдениеттің романтикалық кейіпкерлері – бетьярлардың ерлігі мен атының қайратын мадақтайтын жыр, аңыз, халық әндері молынан туды.

ХХ ғасырда екі бірдей жиһангерлік соғыста жеңілуші жақтың (немістердің) одақтасы болған елдің ұлттық құндылықтарынан бас тартуын сыртқы күштер талап етті. Әсіресе, Трионон бейбітшілік келісімі І дүниежүзілік соғыста тізе бүккен Венгрияның жерінің аумағын жәлкемдеп (жерінің үштен бірінен айырды), ел армиясының шектеуге мәжбүрлеген кезде елдің ішкі саясаты атты сарбаздардың бір бөлігін денешынықтыру саласына ауыстырады. Олар негізінен ат спорты түрлерін дамытуға құлшынды. 1920-30 жж. ұлтты тәрбиелеу бағдарламасы бойынша патриоттық-эстетикалық тағлым беру туралы заң, арнайы органдар дүниеге келеді. Іле-шала кең қолдау тапқан шара әр өңірде ат спорты, бәйге, ат серуені, жылқы өсіру, сұрыптау, тұқымын асылдандыру бағыттары бойынша қоғамдық ұйымдар құрылып, әрбір сала бойынша аймақтық, мемлекеттік, халықаралық жарыстар ұйымдастыру кең өріс алады. Осылайша Мажарстанның әлемге әйгілі ат спорты саласының зор қарқынмен дамуы басталады. 1930-50 жж. олимпиада ойындарында Мажарстанда өсірілген аттар мен олардың құлағында ойнаған шабандоздар олжалардың денін қанжығасына байлауы мадьяр атбегілерінің абыройын асқақтата түсті…

Сан ғасырлық дәстүрі бар мадьярлардың атбегілік, шабандоздық өнерінің куәсі ретінде елде бүгінгі күні 200-ден астам ат мектебі қызмет етіп қана қоймай жыл сайын елге ағылып келетін 20 миллион туристің көзайымы мен серуеніне айналып отыр. Елдің батысы мен шығысына дейін 300 шақырымға дейін аумақты атпен аралау, елдегі бірнеше ұлттық паркте ат үстінде жүріп (верховая езда) тамашалау тәрізді қызметтер табиғатпен жақын болуға ғана емес, оның тылсым құпияларын етене танып білуге мүмкіндік береді.

Мадьярлардағы ат спортының бет-бейнесін жыл сайын Хортабадьта өтіп тұратын ат мейрамы күндері көрсете алады. Куманиядан шығысқа қарай 115 шаршы шақырым аумақтағы Ұлттық парк аумағында (оны БҰҰ 1979 ж. биосфера резервуары ретінде таныған) 1965 жылдан бері маусым айының алғашқы жұмасында басталатын бұл мейрамға әлемнің түкпір-түкпірінен атбегілер мен туристердің ағылып келеді.

Мейрамда алуан жылқы тұқымдарының кербез жүрісі, көз қызықтырарлық мүсін-сымбаты, сол аттармен ондаған түрлі көрсетілімдер жасайтын ұлттық костюмдегі мадьяр шабандоздардың ептілігі мен жүректілігі көрген жанның есіне бағзы дәуірлердегі табиғатпен тамырлас тарихты елестетеді. Олардың қатарында шабандоздардың атты шоқитып отырғызуы, жерге сұлатып жатқызуы ат пен адамның етене байланысының көрінісіндей. Бес атты көсем жегіп, екі аттың сауырында тік тұрып, бесеуін қатар тізгіндеп құйғытқан мадьяр шабандозының ептілігі көргенді тәнті етпей қоймайды (сурет №3,4).

Бұл айтылған шабандоздық өнер тек Хортабадьта ғана емес, Мажарстанның кез келген түкпіріне таралған тамаша дәстүр, спорт пен серуеннің ерекше түрі. Еуропада 45 млн жан атпен әуестенеді, өркениет запыс болған жан үшін ностальгия (сурет №5). Мажарстандағы ат туризмі мекемелері 1-5 дейінгі тағамен белгінеген түрлі дәрежеге жіктелген. Мұндай стандартты алғаш енгізген мадьярлар әлемде алғаш рет емдік мақсаттағы атпен жүру, шабу, ат үстінен аң аулау, атты садақ (ат үстінен садақ тартудан Гиннес кітабына енген шебер Кашшай да мажарстандық), атты тур тәрізді ермек пен серуеннің түрін нарық талабына бейімдеп заңдастырды.

Бұған қоса, соңғы кездері Орта Азия халықтарында көп таралған көкпар, салым, бәйге, аударыспақ, ат үстінен садақ тарту, шығыстық ат спортының көрсетілімі дами бастады. Өзіндік сұранысқа ие болып отырған шығыстық атбегілікті қарқымен дамыта түсу үшін мадьярлар қазақ жерінен жылқы тұқымын апарып жерсіндіруде (сурет №6). Өресі биік, қызметі елпек Мажарстанның туризмі көшпелілер киіз үйін жасауға, мәстек, жабы жылқы тұқымдарын еуропа нарығында сатуға құлшынуда.

Үстімізідегі жылы шілде айының 21-24 күндері Дүниежүзілік шабандоздардың ІІІ фестивалі Венгрияның Сарваш қаласында өтеді. Мұнан бұрын 1996, 2000 жылдары екі фестивалді Венгрияның ат туризмі қауымдастығы ұйымдастырған айтулы додада қазақ шабандоздарының мерейі үстем болған. Бұрынғы кездесулерде белсенділік танытқан Қ.Сатыпалдыұлы басқаратын Қазақ ұлттық ат спорты федерациясы бұл айтулы әлемдік басқосуға қонақ ретінде шақырылып отыр.

003(41)Бабақұмар Қинаятұлы, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!