Айтуар ӨТЕГЕНОВ. Суын құлын хикаясы

12080

Боз бие. Суын айғыр. Қара құлын

Жыртатұғын намысқой өз ұлтының жыртысын,
Түгендейтiн көзбенен малдарының түр-түсiн.
Түрiкменнiң Жәумiтi,
Қазекемнiң Адайы,
Қатар жайды бiр жылы жағалауға жылқысын.

Бұл теңiз ғой екi елдi телқоңырдай емiзген,
Дейтiн екi ел бақталас: “Өздерiңнен немiз кем?!”
Екi байдың жылқысы қатар жатты сол жылы,
Ада атты қолтықта сұғыныңқы теңiзге.

Талай бастан ғаламат, адам сенбес өттi iс,
Бұл дүниеде жыртылып, жамалған да көп тiгiс.
Бiр көрiпкел әулие әлгi-әлгi байларға,
“Судан суын шығар кез – осы көктем”, – дептi-мiс.

Жылқыларын жағадан ұзатпады екi бай,
Жағалаудың ну шалғын биыл, тiптi, отын-ай.
“Суын айғыр шапқаннан туады тек қас тұлпар”,
Кiмнiң бағы үстем боп жанар екен, япыр-ай!

Жауапты iстiң салмағын кiм қалады сезiнбей,
Жылқышылар күзеттi кезектесiп, көз iлмей.
Суын айғыр шығатын түндi асыға күттi олар,
Төзiм болмас, сiрә да, аңсап күткен төзiмдей.

…Қияқтанған Ай сұлу сүттей жарық түн едi,
Қабыл болып бiр байдың көптен күткен тiлегi.
(Айта алмаймын оны мен сол байыңыз кiм едi)
Суын айғыр күмбiрлеп кiсiнеген сәтiнде,
Биелер мен байталдар дүр сiлкiнiп түледi.

Ақ толқындар ақ шулан, ақ көбiгiн шашады,
Күмiс – құйрық, алтын – жал және жiбек – шашағы.
Суын айғыр келдi де боз биеге артылды,
Бұл кезде ұйықтап кеткен-дi жылқышылар жасағы…

Әлқисса, бұдан кейiн аңыз былай дейдi. Түрiкмен байы ертесiне қасына жасы тоқсанға келген сыншы, әрi сейiс ақсақалды ертiп қосқа келiптi:
– Иә, бiлiштерiм, суын айғыр жанасты ма? – деп сұрайды сыншы жылқышылардан.
– Көз iлмей күзетудемiз, бiрақ суын шығар емес.
– Ұйқы дұшпан болады, бiлiштерiм…
Сыншы осыны айтып, үйiрлердi аралауға кiрiседi. Балауса көк құрақты күрт-күрт үзiп тұрған боз биенiң жанына келiп тоқтайды. Боз биенiң алдына бiр, артына бiр шығады. Сосын: “Көзден таса қылмаңдар, суын тұлпар осының iшiнде”,– дейдi де, өз жөнiне кете бередi.
– Боз бие ерекше күтiмде болсын, оның амандығына бастарыңмен жауап бересiңдер,– дейдi бай да жылқышыларына. Бұдан былай судың мөлдiрiн, әрi тұщысын боз бие iштi. Жердiң отына боз бие жайылды, жемдi боз бие жедi, жал-құйрығы жұма сайын таралды, қыста жiбек жабу жабылды. Көктем шыға құлындады. Жылқышылар қосына сыншы мен бай тағы келдi. Боз биенiң бауырында мөлдiр қара құлын ойнақтап жүр. Жүнiнiң түгi мақпалша құлпырады. “Иiсi түрiкмендi ауызына қарататын болашақ дүлдiл, ақалтеке тұқымының асыл қанын тағы бiр жаңғыртатын осы жануар”, – деп тебiренедi сыншы.
Бiр жұма өте сыншы тағы да келдi. Келе боз биенiң қасына барады. Мөлдiр қара құлын ойнақтап жүр. Бiрақ… Сыншы өз көзiне өзi сенбедi. Өткендегi дүлдiл шығар құлын тәрiздi емес. Әлде тоқсан жас көз жанарына кiреуке түсiрдi ме екен?
– Құлын басқа, тұлпардан айырылыппыз.
– Мүмкiн емес, бiз құлынды көзден таса етпей бағудамыз.
– Қазақтар келген жоқ па едi?
– Жоқ.
Сыншы атқа мiндi де, көршiлес қазақ ауылдарына тартты. Жоқ қараған болып, жылқы табындарын аралады. Кенет… көзi бiр боз биеге түстi. Өз ауылының боз биесiнен айнымайды-ау, айнымайды. Бауырында мөлдiр қара құлын ойнақ салады. Әр қар басқан сайын қарабауыр, көкбуырылданып түлеп, ең соңында ақбоз айғыр болып арқырағалы тұрған тұлпар құлынды көрдi, таныды. Сол. Дәл сол. Япыр-ай, бұл қазақтар қапысын қалай тапқан? Енелерiне қалай телiнген? “Мынау бiздiң түрiкмен малы, суын айғырдың тұқымы, iздеген жоғым осы”, – дедi.
Сыншының бұл сауалын қазақтар келеке қылды.
– Су жылқысы суын ертегiде ғана айтылады. Сiздi перi елiктеген болар. Жүрiңiз, Бекет әулиеден дұғалық алып берелiк. Мойныңа бойтұмар етiп тағып жүр. Ха-ха-ха!
– Жын қаққан болар.
– Алжыған кезде адам сәбидей болады.
– Ха-ха-ха-а-а!
– Отағасы, ол құлын, өзiмiздiң қолтума бәйге Ақтанкер айғырдың баласы. Көр де тұр, ертең сол атасындай болып шыға келедi.
Сыншының iшi удай ашыды. Қазақтар сөзге қонақ берер емес. Маубас жылқышылардың суынның судан шыққанын да, ақбоз биеге шапқанын да көрмеген, тiптi көз алдындағы құлынды ауыстырып кетуiн де сезбеуiн қарашы. Өң бе, түс пе? Запыран ойын, көрген-бiлгенiн байға айтты. Бай орнынан атып тұрып айқай салды.
– Аттан! Шабыңдар қазақтарды, құлынды үйiрдi айдап әкелiңдер!
Аттанса екi елдiң арасы қантөгiс болады. Бiр қантөгiс кеше ғана басылған. Сыншы ақсақал байға кеңес айтты:
– Қантөгiс халқыңа сын. Олармен анттасайық. Антқа шылқыған бай Қожаназардың сұлу, жас тоқалы Ақшолпаннан туған алты жасар оғыланды ұстасын, – делiк. Бiр құлын үшiн қазақтар оған бара қоймас. Малымызды қайырар.
Мұны естiген соң қазақтар да ақиып тұра келдi.
– Анттасамыз!
– Құлын өзiмiздiкi. Өз енесiнiң бауырында. Бұл не басынғандық.
– Қожаназар байдың асыл тұяғы Қошан баланы антқа ұстаймыз…
Iс насырға шапты. Түрiкмендер талабы: “Не қантөгiс, не анттасып, Құдай алдында өздерiн ақтап алсын”.
Қазақтар уәжi: “Анттасақ анттасамыз”.

Бекет Ата байламы

Сұлулардың мықынындай мықыны,
Кекiлiне тағар сәндеп үкiнi.
Көшпелiлер үшiн қымбат бәрiнен,
Қас тұлпардың тұқымы.

Көкейiмнен көмкерiлген сырғы, жыр,
(Қатпарларың неткен көп ед нұр-ғұмыр).
Екi елдiң намыс-ары боп шықты,
Сырты түкті,
Іші боқты,
Бiр құлын.

Бiр құлынға бола екi ел дауласқан,
Бiр құлынға бола екi ел жауласқан.
Сосын қыз ап татуласқан, қайтесiң,
Мiнездерi болса солай, әу бастан.

Жүре алмайсың сонда да елдi аңсамай,
Қызықтырмас өзге елдегi сән-сарай.
Сөз асырмау бастан жөнсiз, қайтесiң,
Даладағы жазылмаған заң солай.

Күннiң нұры күлiмдеген – гүлдiкi,
Ләззатың төсектегi – түндiкi.
Дүниеге келмей жатып сынға түскен тағдыры,
Сонда, сонда…
Мынау құлын кiмдiкi?

Бұл адамның көзi жiтi, болжампаз ғой санасы,
Бала Мұхаммедтi де өлтiрмек боп iздеу сапты қарашы
Өмiр заңы (оққа iлiгер қай кезде де Дарасы)
Ал осы ғой,
Ал осы ғой,
Ал осы.

Мұндай сәтте үзiлген жөн тек мықтының жұлыны,
Сонда ғана кек қайтады шығып ырым-жырымы.
Боз биенiң бауырында ойнаған сол құлындай,
Қожаназар – Ақшолпанның оққа iлiнбек құлыны.

Бекет-Ата қалың ойда, түйiлiңкi қабағы,
Ойлануда күтсе-дағы мешiттегi сабағы.
Бiр құлын бұл…
Бiр құлынның әрi кетсе құны да –
Бiр қотыр тай – жабағы.

Iстiң мәнiн ақылға сап, безбендеп көр, қарап көр,
Боп тұрғандай қазақ жағы айыпкер де,
Түрiкмендер – талапкер.
“Жауластырмақ жаушыдан да, бiтiстiрмек елшiден”,
Жаппар ием, пендеңiзге осы тұста қанат бер.

Екi жақты табыстыру, осы iстiң қиыны,
Қайткенде де шешкен дұрыс ши байланған түйiнiн.
Ант үстiнде мәмлегер болуға Ата бел буды,
Бiр Аллаға сыйынып.

Тілек

Анттасу Маңғыстау өңiрiндегi атақты 360 әулиенiң бiрi Қараман Атаның басында өтуi тиiс. Қараман Ата, Қошқар Ата, Масат Ата, Шақпақ Ата… киелi де, қасиеттi Аталар мекенi болған Маңғыстау өңiрiнде екi елдi бiтiстiрер, не кетiстiрер тағы бiр ұлы жиын болғалы тұр. Тiрiлердiң мынау дүние жалғандағы пақыршылық әрекеттерiне өлiлер патшалығының әулие-әмбиелерi риза ма екен? Қараман Ата әулие әруағы “өлiмде де тыныш жатқызбадың”– деп ертең құмырсқадай қаптаған қалың жұрттың алдында бұлқан-талқан ашуланып, күн көзiн жабатын қара бұлт болып түнерсе немесе қара жер топырағын суырып, тойымсыз көздерге тықпалаған дауыл болып соқса… онда екiншi жақтың, яғни айыпкер саналатын жақтың бел омыртқасының үзiлгенi. Қалай болғанда да Ант күнi Аруақ көңiлiне кiдi алмай: “Ұрпақтарым, өз қал-қарекеттерiңдi өздерiң шешiңдер, бiр жабағыға бола, бiрiңнiң жағаңа бiрiң жармасқандарың не, ол ақылгөйлер жасар iс емес, ұят, ұят”, – деп жайма шуақ қабақ танытып, шалдуар балалардың асыққа таласқанына қызыға қараған әкедей болып жатуы керек.

Бекет Ата Қараман Атаның басына үш рет келдi. Сырт кiсi келу-кету сапарын ғана жiпке тiздi, бiрақ оның әр келiсiнiң сыр-құпиясын аңғара алмады. Оны Бекеттiң бiр өзi ғана бiлдi.
Әйтеуiр, үш келгенде де Баба жер асты ғибадатханасында жападан жалғыз ұзақ болды…

Құрбандық

Кесiлдi үкiм ая мейлi, аяма,
Нағыз шындық бермейдi ғой бояла.
Шашын жаып, жатты Ақшолпан талықсып,
Садақаға ұлын қимақ қай Ана?

Еркiн өскен ерке тоқал пәк, салқам,
Талайлардың жүрегiне шоқ салған.
Қошан бала мiнген кезде қара атқа,
Талып жатты, талып жатты Ақшолпан.

Солдыруға кiм қияды гүлдi өскен,
(Дәл осылай бiздiң қазақ күн кешкен).
Қоштасқанда ағайындар аңырап,
Жымың қақты көзiн қысып күндестер.

Шыққаннан соң бередi күн қысқара,
Болған болса Ант басында iс қара.
Екi “құлын” – құрбандыққа шалынбақ,
Тым қатыгез неткен жандар, масқара?!

Аруақ ашу танытпады

Қараман Ата қауымының басы қаптаған қарақұрым халыққа толды. Жүздерi суық, қабақтары қатыңқы, өмiрде күлкi дегеннiң не екенiн бiлмей өткен жандардай. Екi жақ бiр-бiрiне қара бұлттай төнiп тұр. Қылыштар әзiрге қынында тұрғанымен, әп-сәтте лыпып, жарқ етуге дайын-ақ. Iстiң ушыққанын тiлеп жүргендер қаншама?
Бiрақ адамдардың қабақтары түнерiңкi болғанымен аспандағы алтын күннiң қабағы жадыраңқы, жайма шуақ едi. Лып етер жел де жоқ, әншейiндегi аяқ астынан көтерiлiп лаң салатын тентек құйындардың да қарасы өшкен. Әруақ оқыс мiнез танытпады. Екi жақтың дiлмарлары жүрелесе отыра қалып, бие сауым мезгiл қызыл тiлдiң майын тамызып салғыласты. Ортада – кекiлiн, құйрығын қара матамен түйген қара арғымақ үстiнде қара киiм киген, бұл фәниге қылдай қиянаты жоқ Қошан сәби. Қара тоқымды, қара бас ердiң қасына қара жүген қаңтарылған. Қошан баланың оң қолында кәдiмгi етiк тiгетiн, ағаш сапты iлмек қармақты бiз. Қара құрмен ноқталанып, қара қазыққа байланған, екi аяқты адамдардың не iстегелi жатқанынан еш хабарсыз, даудың басы – қара құлын.
Айтыс шарықтау шегiне жеткен кезде Бекет Ата Қараман Ата бейiтiне қарап тiзерледi де:
– Уа, әруақ, қара болсақ қара атты, бiз болсақ бiздi ат! – деп айқайлады.
Осы сәтте Қошанның қолындағы бiз ортасынан қақ жарылып, қара ат құлап бара жатты. Оңтайда тұрған бiр жiгiт Қошанды жерге құлатпай ат үстiнен көтерiп алып кеттi… Екiншi жiгiт құлаған қара аттың тамағынан қанжарымен шалып жiбердi. Осының бәрi қас-қағым сәтте, ешкiм есiн жиып үлгере алмайтындай кезде болған едi. Көпшiлiк қауымның әруақтың құдiрет күшiне тәнтi болып, құлшылық етуге ғана шамасы жеттi.
– Әруақ қара атты ғана атып, татулыққа, бiтiмшiлiкке шақырды. Бiр құлынға бола ел iшiн ала тайдай бөрлiктiргенiмiз болмас, Қараман Ата басында жарықтық Қожаназардың қара арғымағының етiнен ауыз тиiп, сорпасын iшiп, бата жасасып, туысқан болып тарасалық, – дедi Бекет Ата түрiкмендерге қолын ұсынып.
Бұл уәжге талапкер жақтың көнбеске еш лажы қалмады. Сөйтiп Бекет Ата екi елдiң арасында қантөгiс болдырмай, бейбiт татулықты сақтап қалды.
Айтушылар Бекет Ата үш күн бойы Қараман Атадан тiлдесудi тiлек етiптi. Үшiншi күнi Қараман Ата әруағымен тiлдесiп, жоғарыдағыдай байламға келiскен екен дейдi. Ал әлгi суын құлын тұқымы адай жылқыларынан қуса жететiн, қашса құтылатын ұзақ жолда шаршау мен шалдығуды бiлмейтiн талай тұлпарларды шығарыпты.

Қателессем кешірім өтінемін

Қиыстырып қиялдан жаздым мен де шығарма,
Мұның үлкен мәнi бар түсiнерге, ұғарға.
Биесi едi ол қай байдың, айта алмаймын дәл басып,
Бiледi оны
Ер Бекет,
Қараман Ата,
Бiр Алла!

Көмулi жатқан сырың көп,
Маңғыстауым – Бесiгiм,
Сол сырларды ашуға талаптансам несi мiн?
Жетегiмен шабыттың артық кеткен тұстарға,
Бекет Ата, өзiңнен
Өтiнемiн кешiрiм.

utegenov-aАйтуар Өтегенов, «Ақ көйлекпен шығып ең».

argymaq.kz (Негізгі фото: Gandex.RU)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!