Әділбек Ыбырайым. Мизамкөк

6453

Жирен қасқа ат үйдің іргесінде төбесі жабылған биік қорадағы ақырда байлаулы тұр екен. Жанына жақындағанымда ішін тартып пысқырып, көзі шатынап, онша жақтыра қоймады. Маралқасқа десе дегендей-ақ, бойынан тағылықтың, тарпаңдықтың нышаны аңғарылады. Қанша қытымырланып жасқағанымен, қолымды шоқтығына артқанымда сап тыйылды. «Құр-р-р!» – деп жекіріңкіреп, алқымынан, бесіктей омырауынан сипаладым. Бұлшық еттері тығыршықтай. Былтыр жазда көргендегімдей сидаң емес, екі саны күпшектей, жаясы жайылып қалыпты. Жаңбырлығы білінбейді – семіз. Тек шұнтиған шолақ құйрығы ғана өзгермеген. Көбіне жүйріктік – белгісіз, ойламаған аттан шығады. Маралқасқаның да аламан бәйгеге қосылу тағдыры қызық. Ешкім оның сауран сойы жылқы екенін бастапқыда аңғармады. Тіпті жылқымен өріп, жылқымен түнеп жүрген Сейсенбайдың да назары аумады. Малшыларға арнап ұстайтын жаман-жәутіктің арасынан құнанында бас білдіріп, қотанына әкетті. Тығыршықтай тұрқына қарай, «жүк тартуға жарар» деп, дөненінде арбаға үйретті. Тынымсыз ұлдары шабуылдап малға да мінді, омырауын қамытқа алдырып жүкке де салды, аямай көкпар да тартты. Осындай күнделікті сабылудан кейін, жиренде қандай күй болсын. Ыңыршағы айналып, сырт көзге сұрықсыз көрінетін. Әбден жайланған жануар қоңылтақ, қоңторғай күйде жүретін. Бөртекі, боркемік неме сәл қыстасаң қара тер көміп, шатқаяқтап қала беретін. Оның үстіне дәл сол кезде Сейсенбайдың белдеуінде байлаулы бәйгеден келіп жүрген қара төбел аты бар еді. Елге мәлім жүйрігі тұрғанда көлік күші ретіндегі сандақтарға зер салсын ба? Әрі жылқыны тастап, қой баққанына көңілі қоңылтақсып, дүниеге бей-жай қарап қалса керек. Ақыры байыз таппай, алдындағы ақтылы қойын жыл жарым шамасында қайыра өткізді. Бекбай ақсақал бойдақ қойды қабылдап алғанда, әр отарға тиесілі екі аттың бірі болып, осы жирен босағасына келді. Мына жарық дүниеге көзін ашқалы түз қойнауында күнелтіп жүргендіктен, сырқатына қарамай ауылдан қырға кетіп, кең жазираға шыққанша асығып еді. Содан ол кісі көп ұзамай өмірден озды да, шаруашылыққа үлкен ұлы Серікбай ие боп қала берді. Бірақ жирен қасқаның ұлы дүбірде өзіне абырой әперіп, айбынын тасытатынын білген жоқ. Тек әкесінің «осы жиренді қолыңнан шығарма» дегенін көкейіне тұтып, бастапқыда тақымына қолайсыз боп жүрсе де, сұраушыларға бере қоймады. Еркелетіп, бетінен қақпай өсірген әкесін жиі ойлайтын. Оның үстіне жалғаннан бәтуа қашып, адам ұқпайтын қилы заман басталды.

Алғаш көргенде жиреннің арқасы жауыр екен. Соған бола аяды ма Серікбай, әйтеуір, көп күн бойы үстіне шыбын да жорғалатпады. Ер алып кеткен жері жазылғанда да аяқ артуға асықпады. Асықпады емес-ау, басына жүген-құрық тигізуге зауқы шаппады. Өйтетіні, сиқы, жүріс-тұрысы қолайына жақпайтын. Қайта, күнде қойға мініп жүрген қара ат бұған қарағанда әлдеқайда жақсы-тын. Ақыры, «осы мәпелегенім, әспетсіткенім жетер» деп ойлады ма, жиренді ерттеді. Малдың соңынан ілбіп, шабан жүреді. Аяғын ауыр алатын сияқты. Кенет, бұзаулар енесіне қосылып еміп қоятын болған соң, Серікбай тұра шапқан. Шапқанда да құйын-перен емес, желе-шоқыта жөнелген. Албасты басқандай-ақ, аяқ астынан жамандатқыр сүрініп, оңқа-шоңқа жығылды. Абұйыр болғанда, мертіккеннен аман. Осыдан қайтып Серікбай жиреннің қасына жуымады – көңілі қалған.

«Семіртіп, дені дұрыс, жібі түзу бір жылқыға айырбастармын» деген ойдың сүресімен, қасқа атқа тиіспей өріске қоя берді. Емін-еркін жайылып, жілік майы үзіліп кеткен неме біраз уақытта қоттанып-ақ қалды. Баяғыдағы сөлбіреген халден арылып, басын жоғары ұстайтын күйге жетіпті. Іші оқтаудай тартылып, сымбаттана түскен. Алғашында қомсыныңқырап жүрген иесінің өзі қызыға қарайтынды шығарды. «Мынау оңалған тұсында қасқаның өнерін бір көрейін» деп ойлады іштей. Сөйтті де, көп ұзатпай ұстады. Ерттегенде де елеңдеп, біраздан бері жүген-құрық тимегенін байқатып тұрды. Жүрісінен де түнеукүнгідей шабандық аңғарылмады. Тақымында жайтаңдай басып, лыпыл қағады. Өкшеңді бүйіріне қадап қалсаң ытырыла жөнелердей. Әйткенмен, иесінің көсілте шабуға көңілі соққанымен, «сүрініп кетіп, мертігіп жүрермін» деп, тартыншақтады. Өрісте байыз таба алмай, елегізген жануармен ары жүрді, бері жүрді. Қасқа ат та тізгінді сүзіп, атқұмар Серікбайдың делебесін қоздырып барады. Ақыры бұдан арыға шыдамады. «Не болса да…» деп, жирен қасқаны жолға салып, шаужайды қағып қалды. Сол-ақ екен, жер апшысын қуыра, адырнадан атылған жебедей самғай жөнелді. Мына қалпында заулап келе жатып жығылатын болса, оңбайтыны бесенеден белгілі-тұғын. Тізгінді тартып еді, басы жалғанда қатты екен. Үзеңгіге шірене, ердің артқы қасына шалқая тартты. Аузын арандай ашқанымен, тау құлатарлықтай екпіні дес берер көрінбейді. Айдалаға лаға салады. «Жібер, шабамын» деп, басын шайқап, ауыздықты сүзе тұқиғанда, алпамсадай жігіт аттың мойнынан асып түсіп қала жаздады. Жануар қанша шабыс тілегенімен, тоқ әрі қазысы жыртылар деп, одан ары еркіне қоя бермеді. Әртүрлі айла-амалға салып, жиренді тоқтатты. Әудем жер шапқанға омырауын қара тер көміп, танауы делдиіп шыға келіпті. Көзі жайнап, ауыздықты қарш-қарш шайнайды. Аяқтарын билей басып, жақын арада сабасына түсе алар емес. Серікбайдың көңілі асқақтап, жан дүниесі жадырап, әлдебір желік бітті. Атының мойнынан сипап, ризашылық пейілмен ер үстінде шалқая отырып, жиреннің сауырынан қақты. Жалпақ жаясы тығыз екен, төңкеріліп тұр.

Осыдан кейін-ақ жиренге деген көзқарасы өзгеріп, мәпелей бастады. Қыстан қоңды шықты. Бірақ, «сәуірік неме көктемге салым қаңғып кете ме?» деп, байлаудан босатпады. Күндіз-түні қорада. Алыстан жылқының төбесі көрінсе, бейсауат аттардың бірі кісінесе, азынап қоя береді. Сәуір айының орта тұсы болып қалған кез. Көрші шопандардың бәрі дәмелі деген аттарын ұстап, 1 мамыр мерекесіндегі бәйгеге жарата бастады. «Қайдан шықса, одан шықсын» деп, Серікбай да жиренді аяңдап мініп, етін қатыра берді. Оншақты күн қалғанда алғашқы терін алып, байқады. Таң асқан күннің ертеңінде қасқа ат сөлбіреймей, қайта жұтына түсті. Келесі терін аларда інісі Досжанды мінгізіп:

– Шаба аласың ба? – деп, нығарлай сұрады.

– Шаба аламын! – деді ол да сенімді түрде.

Содан, қыстаудан аулағырақ барып, ат жүгіретіндей айналым жасады. Әуелі өзі қоса жүрді де, сосын Досжанды жеке жіберді. Інісі қасына келген сайын Серікбай жиреннің терін саусағына іліп, тіліне тигізе дәмін алды. Бір кезде Досжанды тоқтатып:

– Ендігі бір айналымды бар шабысымен байқап көрші. Мұның бір жаман әдеті – үйге қарай тартатыны бар. Қыстау жақ тұсқа барғанда, абайла! – деп, інісін ескертті.

– Жарайды.

Ауыздығымен алысып, шұлғып тұрған жануардың өз еркі өзіне тигені сол еді, сақпанның тасындай зырқырай жөнелді. Ши-қияқтан, шеңгелден тайынбай киікше орғиды. Аяқ тастасы керемет – алдыңғы тұяғы тұмсығынан асып түссе, артқы аяқтары омыраудың тұсына жетіп жығылады.

Әп дегенше қыстаудың қапталына кеп қалды. Бастапқыда бас беріп, жөнге иліккенімен, бұл тұста қияс тартты. Шынашақтай баланың түзу жібермей, айналымға салғаны шамына тиді ме, тізгінін сүзе оқыс төмен тұқиғаны. Мұндай шалт қимылды күтпеген Досжан, жиреннің мойнынан аса қаңбақша ұшты. Ат сылаң қағып, ойнақтай жайына жөнеді. Серікбайда жан қалмады. Құйғытқан бойда, төтелей інісіне тартты. Әйтеуір тебінгіні қағатын қалың шидің арасынан Досжанның қалқиған бойы көрінеді. Жанына жеткенде:

– Ештеме болған жоқ, аға, –деп, күліп тұр.

Серікбайдың да қыпыл кірген көңілі сабасына түсіп, жайланғандай.

– Шынында да еш жерің ауырған жоқ па?

– Рас айтамын, еш жерім ауырып тұрған жоқ.

– Кел, онда мінгес. – Сәл еңкейе ат үстінен інісіне қолын созды. – Қалай жығылып қалдың? – деп сұрады Досжан әбден жайғасып алған соң.

– Ат алып қашып кетті. Жол табанына бұрмақ болып тартып едім, болмады. Бір езулеп, айдалаға лағып барады. Бәрібір еркіне жібермеуге тырыстым. Сөйткенімше, ауыздықты сүзе шұғыл еңкейіп қалғаны. Тізгінді өзіңіз қысқа етіп түйіп бергенсіз, екпінімен алдыға лықсып, аяғым үзеңгіден шығып кетті. Сосын қайта қалпыма келіп үлгере алмадым да, сыпырылып түсіп қала бердім.

Қапелімде жығылғанына кінәлідей қызарақтай жауап берді. Сәуірдің аяғы. Ойламаған тұста он шақты салт атты сау етіп Серікбайдікіне келе қалды. Бәрін бастап алып жүрген ветеринар технигі әрі атсейіс – Биақымет.

Амандық-саулықтан кейін Серікбай:

– Үйге түсіңіздер, – деп еді, қашанда асқақ сөйлейтін қалпымен Биекең:

– Рақымет, Серікбай! Мынау ат жаратқан жігіттер бәйгелердің терін аламыз деген соң, кетіп бара жатқан бетіміз. – Салмағын сол жақ үзеңгіге салып, ер үстінде шіреп отыр. – Сен де жүрмейсің бе? Жүйрік баптап жатыр дегенді ұзынқұлақтан естідік. Кішкене, аттың күшіне тимейтіндей қара жарыс жасап, аламанның алдында сәйгүліктердің алымын байқайық.

Бұл уәжға бірден келісе кетпеді. Әрі жылда бәйгеге түсіп жүрген мына саңлақтардың соңында жаман жирені «тезек теріп» қалып қойса… Өз ойынан өзі ұялып, екі беті ду етті. «Біздің ат сіздермен жарысуға жарар ма екен?» деген сөзді айтпақшы еді, Биақымет:

– Осындай шағын топқа салып атты үйреткен жөн. Алып жүр бәйгеңді! Әлде жарысқа емес, соғымға байлап отырсың ба?

Әкесінің замандасы Серікбайды осылай қамшылап, қыжырта сөйледі. Әдейі бетін ашып алмақ.

Серікбай да бұдан арыға шыдамай, қорада байлаулы тұрған жиренді шығарды. Сәуірік неме қос құлағын тігіп, бөгде жылқыларға қарап бір-екі оқыранды. Айғырлығын жасап, өзін-өзі зорлап құмалақ тастады. Ылдым-жылдым басып, сулығынан ұстап жетектеп келе жатқан иесін омырауымен қаға ілгері ұмтылады. «Әй, құр-р! Так!» деген қожайынының зілді даусын құлағына да қыстырар емес. Екі көзі жайнап, қыдия түседі. Ерттегенше арпалысып, бой бермеді. Қайта-қайта екі қапталына кезек қозғалып, байыз таппай, төңірекке елеңдей көз тігеді. Салт аттылардың арасында да әдемі аяқ алысымен оқшаулана көрінеді екен. Кірпияздығы да жұрттан бөлек. Жанына жақындаған жылқыны жақтан ала тістеп немесе бұрыла қап тепкісі бар. Бірақ Досжан қары талып, қолы ауырса да, өткендегідей абыройсыздыққа ұшырамауға тырысуда. Серікбай да інісі мен аттан көзін айырмайды. Жазық қоңыр дөңді ат шабатын айналымға айналдырды. Соны төрт рет дүркірете шеңбер жасай өту керек. Мөлшері – 15-16 шақырымдай.

Серікбай «тағы да алып қашып кетер ме екен?» деп жирен аттан секемденіп тұр. Басқалар да «мына шолақтың ұсқыны бөлек қой» деп, ауыздықты құшырлана шайнап, жер тарпығанын қағыта әжуалады. Міне, алты-жеті атты қатар тізіп, жаңағы жобамен қоя берді. Ә дегенде оғыр-шоғыр топтанған лек, бір айналымнан кейін-ақ үздік-создық созыла бастады. Жирен мен Қараторғай ғана қатарласа, жұбын жазбай сілтейді.

– Мына жиреннің арыны жаман ғой! – деді біреуі.

– Шү-у дегеннен былай шауып тұр. Жер танып, әбден төселіп алса… – деді келесісі сөзінің соңын жұтып.

– Қараторғайдың сыңары болмай, жетімсіреп жүр еді…

Осы тақылеттес сөздер айтылып, жігіттер кеу-кеулейді. Мұны естіген Серікбайдың өне бойы тыз-тыз етіп, шымырлайтынға ұқсайды. Жирен қасқаның ішінде пыңзысы барына көзі нақты жеткендей.

Кеудесін керней лекіген қуанышпен ойын тұжырымдап үлгергенше, екі ат үзеңгі қағыстырып алдарынан өтіп бара жатты.

– Жирен жарады! – деп, тұрғандар шу ете қалды.

Иесінің де жүрегі лүпілдеп, аты кәдімгі аламан бәйгеден келгендей күй кешті. Бәрінен қуанғаны – ана жолғыдағыдай бас бермей, айдалаға безе жөнелген жоқ. Бұрыннан айналымға шауып үйренген кәнігі аттай, бір жат қылық көрсетпей зырқырады да отырды.

– Жирен жақсы ат болғалы тұр, Құдай бұйырса! – Биақымет шаттана, көтеріле сөйледі. – Ары-бері жүргізгеннен кейін, бүгін таң асырып таста. Дәм тартса, Алқалыда өтетін ат жарысына бірге барамыз.

Биақымет жаңа бір жүйріктің қылаң еткеніне қуана қоштасып, жүріп кетті.

Сол күні Серікбай да біртүрлі алағызып, жөнді ұйықтай алмады. Қым-қуыт түс көрді. Түсінде әкесі сол баяғы қалпынша мейірлене әлдебір нәрсені айтатындай. Қалай екенін кім білсін, әдеттегіден де ерте тұрып алды. Сыртқа шыққанда сәуірдің керімсал самалы тұла бойын сергітіп сала берді. Таңғы шақтың кәусар да тымық ауасы жан сарайын аша түскендей.

Қораға жақындағанда жануар иесін аяқ дыбысынан таныды ма, оқыранды. Сулығын сылдырлата, ауыздығын күтірлете шайнады. Ерін сыпырып, арқа-басын сылап-сипап көрді. Аттың қас-қабағын байқады, селкеулік білінбейді. Кешегі шабыс әліне тимеген тәрізді, жұтынып тұр.

Жиреннің ширақ қалпы атбегінің меселдесін тасытқандай.

 * * *

 Мамырдың бірі күні лек-легімен ағылған жұрт, Сағабүйенді бетке алды. Жылдағы дәстүрге айналған жарысқа Көкқия тауын асып та аттылар келіп жатыр, сары жазықты басып та аттылар келіп жатыр. Қарақұрым нөпірде қисап жоқ. Биақыметтер де таң сыздықтап ата атқа қонған. 30-35 шақырымды соңдарына тастап, түс әлетінде ұйысқан қалың жұрттың шетіне ілікті. Қараторғайдың дақпыртына қанық жұрт, қызылағаштықтар келгенде елең етіскен. Әрине, бәрінің қауіптенетіні – ешкінің асығындай ғана қара ат. Сан мәрте дәмелі жүйріктердің аузын сандауызға қаратып, бәйгені бөктеріп қайтқан. «Сол жойыт тағы келді ме?» дегендей жек көре, сұқтана қарайтындар да, «жануардың шабысы бөлек» деп, сүйсіне қарайтындар да бар. Әйтеуір, көпшілік біткен ұрлана Биақымет тобының аңысын аңдиды. Серікбай ауылдан аттанарда жирен қасқаны «сегіз шақырымдық жарысқа қосармын» деп ойлаған. Бірақ жігіттер ол байламынан айнытты.

– Сегіз шақырым деген немене? Аттың бекер бағын байлайсың, өткенде көрдік қой, – деді Сапаш.

– Ей, рас-ей, рас! – Екінші жағынан Тұрсымәмет қосылды.

– Жиренің ұзаққа жүгіреді.

Межесі аз жарысты өзі де қомсыныңқырап тұр еді, мынадан кейін нілдей бұзылды. «Жығылсаң – нардан жығыл». Тәуекел, атты аламанға айдадым» деген тұжырымға келді іштей. Бұл ойын Биақыметке білдіріп еді, кәнігі атпаз:

– Бәлен деп айта алмай тұрмын. Өз ықтиярың білсін.

Турашыл дала мінезді азамат ағынан жарылды. Аламанға қос дейін десе – бұрын шауып төселмеген ат, бәйгеге ілінбесе – атсейістікті жаңадан бастап жүрген жігіттің тауы шағылар. Ал сегіз шақырымға жібер дейін десе, «өткендегі жиреннің қарамен таласқанын көрген соң, бәйгені алып кетер деп қауіптеніп тұр» деп ойлап жүрер деген пиғылдың да шеті түйсігінде саңылауланды. Кесіп айтпай «ұзын арқан, кең тұсауға» сала сөйлегені содан. Жиреннің тағы бір осал тұсы, айғыр – желқуық.

Атбегінің екіұдай сезімнің ортасында қалғанын Серікбай да ұғынды. Дегенмен, ләм-мим деп тіл қатпады. Әйткенмен, соңғы шешімін өзгертпеді. Дала төсін дүрліктіре шапқан аттарды көргенде жирен қасқадан дегбір кетіп-ақ қалған-тұғын. Ауық-ауық кісінеп, қалт тұра қап аңыра қарайды. Ал Қараторғай тым салқын қанды. Екі көзі қас сұлудың жанарындай боталағанымен, жылқы болып елең етпейді. Күнделікті осындай дүбірді көріп, әбден еті өліп кеткен тәрізді. Әлде пыраққа тән тәкаппарлығы болар, әлде өрен жүйріктігіне сенімді ме, қыл құйрықтының біреуіне де мал екен деп қарамайды. Кермеде салбырап тұрады да қояды. Ызы-қию шудан құлақ тұнады.

Әлгінде ғана басталған ат шабыс орта тұсынан асып кетті. Өткендегі қара жарыстағы көрініс дәл сол қалпында қайталанып, алдыда қара мен баран бірде-бір жылқы баласын ілестірмей, аққан жұлдызша самғап барады. Өңге сәйгүліктер соңдарында үздік-создық созылып, жұптары әлдеқашан ыдыраған. Тек ат құлағын тең ұстап келе жатқан екі атшабар бала ғана.

Қараның да, жиреннің де аяқ тастастары жіті. Бауырларын жерге төсеп, алымдарына адуынды арынды сәт сайын үстемелейтіндей. Әне, қоңыр белдің қойнауын дүбірлетіп, бесінші айналымды да еңсеріп тастады. Енді оларға атқан оқ болмаса, басқадай жететін дәнеме жоқ. Жануарлар шығандап, түздің тағысындай лаға безеді.

Талай жұрт тамсанса, талай жұрттың делебесі қозды. Серікбайдың да қуаныштан жүрегі атқалақтап, жаман жиренінің мына шабысына дән риза қалыпта. Қапелімде сөйлеуге тілі келмей, жүзі алаулап, болмашы жымияды. Жанындағы еліріп алған қалың халықтың ысқырғаны мен айқайлағанын да естіп тұрған жоқ. Екі көзі де, есі-дерті де жирен мен жиреннің үстіндегі Досжанда. Қасқа аттың бір жағына лықси тартып, ұрттамағанына айран-асыр. «Жануарым-ай, құдіретіңді аңдай алмай айырбастап жіберіп, қор бола жаздаппын-ау» деді іштей толқып. Санасында әкесінің ләмі саңғырап тұрды: «Осы жиренді қолыңнан шығарма». Әне-міне дегенше қос күлік көмбеге салып-ұрып, кеп те қалды. Бәз-баяғыдай, әу бастағыдай сілтейді. Кейіптерінен тың аттың өршеленгендігіндей өршілдік аңғарылады.

Қалың қауымды шаңға бұрқ еткізіп бір көмді де, кесе-көлденеңдеп алдыларынан ағызып өте берді. Жиреннен Қараторғайдың мойны ғана озып барады екен. Серікбай атына міне сап, Досжанның соңынан салды. Ұрма жануар делебесін еркіне бағындыра алмай, әудем жер ұзап кетіпті. Жақындағанда інісінің дидарынан бақыт шуағының шапағын аңғарды. Досжан арында жалт ойнап, ағасына арсалаңдай күле қарады.

– Жарайсың, Досжан!

Желіп келген бетте інісінің иығынан қапсыра құшақтап, бетінен сүйді. Арқасынан қақты. Сосын жиреннің жалынан сипап, бас-аяғына барлай көз жүгіртті. Қанша таң асырдым десе де, терге әбден малшыныпты. Аяғының шөлкилік ағын дыммен баттаса, шаң қауыпты. Бірақ әзірге бой алдырар қасқаның сыңайы байқалмайды. Ағаның да, інісінің де меселдесі тасып, ауылға қызыліңірде оралды. Содан үш-төрт күн өтер-өтпестен Биақымет Серікбайдікіне келе қалды. Мал-жанды сұрап, өткендегі жиреннің шабысын әңгіме етіп біраз отырды. Әлден уақытта барып:

– Саған әдейі ат басын бұрдым, – деді отағасына мал дәрігері технигі. – Жирен айғырды пішіп, ат жасалық. Жануар, өнерді содан кейін көрсетеді. Бұйымтайым – осы…

Серікбай қуанып, екі көзі күлім қақты.

– Өзім де сізге қолқа салайын деп жүр едім. Мамырда бәйгеге қосатын болған соң, сәуірде қузамадым. Шамасын байқадым, енді ат жасауға болады. Сол күні жирен жылқы көрсе азынай жөнелер айбынынан айрылып, қара жерге бір аунап тұрды. Қатты ауырсынды. Мұңын шағып, қасындағы жылқыларды қара тартып кісінейін деп еді, ішегін біреу тірідей суырып жатқандай жаны мұрнының ұшына келді. Қинала ышқынғандықтан жанарының аясын жас торлап алды.

Жирен атты жыл бойына мәпелеп, ара-тұра ғана аяңдап мініп жүрді. Ат болғанда да сылаңдаған сұлу сәйгүлікке айналды. Елдің бәрі сыртынан тамсана қарайтын. Дәл былтырғыдай 1 мамырда жирен қасқаны Алқалыдағы аламанға апарды. Бірақ бұл жолы Қараторғай келмей қалған-тұғын. Мұны естіген өңгелер, «енді Қызылағаштың жігіттері бәйгені әкете алмас» деп, іштей қуанған. Әйткенмен, жирен қасқа олардың дәмесін тас-талқан етіп, басы-көзін су ғып озып, ұлы дүрмектің дақпыртын қанжығасына байлап кете барды.

Ел ошарыла көшіп, жайлауға да қоныс тепті. Шопандардың соңы жайғасып үлгергенше, шопантойдың да мезгілі таяды. Серікбай осыған көктемнен бастап-ақ, жиренді апармаққа мықтап дайындалған. Бұйырса, жөні келіп-ақ тұр. Шілденің ортасында шопандар тойындағы аламан бәйгеге аяңдай тартты. Бір күн бұрын жетіп, ат тынықтырған дұрыс. Соны іштей жобалап, ерте аттанған.

Биақымет бұлардан бұрын келіп алыпты. Қараторғайды етектен машинаға тиеп әкеліпті. Жануардың омырауы қушия біткенімен, сауыры төңкерген қазандай жойдасыз үлкен. Тура маңдайынан қарағанда күпшектей санының бұлшық еттері екі бүйірінен асып көрінеді. Кешкі салқынмен аттарды айналымға салып, бусандырды. Қос күліктің де қас-қабағы ашық. «Әйт!» десе атырыла жөнелердей. Нағыз табаны қызып, шабыс тілер қыл бабында.

Мұздыбұлақтағы шопандар тойының бар қызығы таусылып, ең соңында алқа топтың көңілін өзіне аударар – аламан бәйге қалған-тын. Қалың жұрт ұбап-шұбап ат жарыс өтетін жаққа қарай ағылды. Кекілдері үкіленіп, құйрықтары қызылды-жасылды ленталармен шарт буылып, әлеміштелген сан түрлі саңлақтар бастарын тынымсыз шұлғиды. Аяқтарын көпшіліктің алдында сән үлгісін көрсеткен сұлудай кербездене тастайды. Дүйім ағымның ортасында келе жатып кейбірі елеңдеп, кісінеп те қояды. Үстілеріндегі ою-өрнектелген жабуы да жүйріктің ғана мүлкі болған соң, әлдебір жай можантопайларға көңілдері толмайтындай қарайды. Тостағандай жанарларында жайдың ұшқынындай жалт-жұлт еткен нұр қылаңы аңғарылып қалады. Барлығы да «бәйгені мен еншілермін» дегенді сылаңдаған қылпымен байқатады. Сәйгүліктерге мінген балалар да «мені көріңдер» дегендей ер үстінде шірене оқшыраяды. Қолдарындағы тобылғы сапты өрме қамшыларын қайда қоярларын білмей, жөнді де, жөнсіз де білеп, сығымдай түседі. Қаба сақалды қариялар да қарттығын ұмытып, атын тебініп, емпең қағып жүр. Серікбай жиренді ағылған лектің ортасына салмай, алшақтай берген. Сол сырдақтаған қалпы оңашарақ барып түсіп, «иә, аруақ» деп қасқа аттың ерін сыпырды. Сосын Досжанды «біссіміллә-рахым-аллаһиын» айтып, ат арқасына көтеріп қондыра салды. Бұл кезде сәйгүліктер суырылып, нөпір халықтың алдына жиыла бастаған. Досжан да солардың арасына сіңіп, атшабар балалармен араласып кетті. Аттар лап беріп, дүркірей ошарыла жөңкігенде ызы-қию шудан құлақ тұнды. Жер апшысын қуырған болат тұяқтар әне-міне дегенше жосылып, алқа топтың алдына тағы да жетіп үлгерді.

Қараторғай үшінші, жирен бесінші болып ызғытып барады. Екінші айналымда да дәл осылай, тек төртіншіге бет алғанда жирен қарамен құйрық тістесіп, үшінші орынға шықты. Ал келесі айналымда екеуі өңге аттардан жеке-дара бөлініп алып, үзеңгі қағыстыра самғады.

Олардың осы адуынды шабысына бірде-бір қара ілеспеді. Соңғы жетінші айналымды да осылай таласқан қалпы тәмамдады. Тек жиреннің қарадан мойны ғана қалып келді. Қарақшыдан Қараторғай кемел өтіп, қайқайып сол бетімен кете барды. Бағанағы айқай-шу айқай-шу ма, ығы-жығы ел бес көрікше дүркірегенде көк аспанды тітірентті. Әйткенмен, амал бар ма, жарыстың аты – жарыс, меженің аты – меже.

 * * *

 Ел орынға отырған кезде ит арсылдап ала жөнелді. Байбаламға басып ызақорлана үргеніне қарағанда, бейсауат жүрген адамға арпылдайтын тәрізді. Тонды желбегей жамыла салып, Серікбай далаға шықты. Жаздың соңғы түні әжептәуір салқын екен, өне бойын құрсады. Әмбе көзге түртсе көргісіз, тастай қараңғы. Ат аяғының дүбірі білінеді. Сосын итіне жекіріп: «Жат-ей, Құтпан! Жат!» – деді зілмен. Сөйткенше салт атты да таяп келіп қалды. «Серікбай, амансыңдар ма?» – деген Биақыметті даусынан жазбай таныды.

– Ассалаумағалейкум, аға! Қаліңіз қалай? – Қос қолын ұсынды.

Биақымет әлік алды.

– Үйге түсіңіз.

– Қымыз бар ма?

– Бар, аға, бар.

– Бие байлайтын елдердің бәрі етекке көшіп кетті де… қымызға саңымның қатты ауғаны. Сосын ұят та болса түнделетіп келіп тұрған бетім.

– Оның ешқандай айыбы жоқ.

Олар үйге кіргенше Әсия бұлардың сөз аялғысынан мән-жайға түсініп, жылы төсектен тұрып алған. Биақымет енгенде имене сәлем берді. Ал екі кішкене ұл танаулары пысылдап, ештемені сезбей тәтті ұйқыға шомған қалпы.

– Атың өрен жүйрік. – Дастархан басына отырған мал дәрігері технигінің алғашқы сөзі. – Елдің аузынан «Серікбай жас қой, атжаратудың ұңғыл-шұңғылын біле бермейді. Түбі жирен аттың Қараторғайдан озатын түрі бар. Биақымет бапкерліктің қыр-сырын үйретсе ғой. Әй, қайдам, қызғанатын шығар» деген әңгіменің шет жағасын естіп қалдым. – Сәл бөгеліп, маңғаз қалпымен шаңырақтың иесіне оқшырая қарады да, сапар кесе толы қымызды басына бір-ақ көтерді. – Шіркін, жарықтық-ай, бал ғой. Ішкен сайын дәмең құрып, таңдайың тақылдай береді.

Кесесін Әсияға ұсынды. Сосын Серікбайға бажайлай қарады.

– Әкел қалам-қағазыңды. «Таудағы түлкіні баптағы тазы алады, тұзғындаған аққуды шалғындағы қаз алады» дегендейін, ат, бірінші – бағымен жүгірсе, екінші – бабымен жүгіреді. Мен ештемесін қалдырмай айтайын, сен жазып ал!

Сөйтіп, атбегілік қасиетті құпияны көңілі ауып, тек қана Серікбайға қиып, аманаттады.

Таң саз бергенше үшеуі дастарханның басында қызу әңгімемен отырды да қойды. Жарық қылаңы білінгенде, «демалыңыз» дегенге қарамай, Биақымет атқа қонып, етекке тартты да кетті. Серікбай ол кісімен одан кейін емен-жарқын ашылып, сөйлесе алмады. Науқанға толы қым-қуыт шаруа иліктірмеген. Сол жылы қыста Биақымет аяқ астынан мұрттай ұшып, ауырды. Бір жұмадай ғана төсек тартып жатты да, дәуірін теріс салып жүре берді.

Атпаз ағасы әрі әкесінің тағы бір замандасынан көз жазып қалғанға жігіт қатты жасып, бәтуәсіз тірліктің байламына ештеме дей алмады. Ара-тұра құрдасын еске алып, Серікбайға әзілге бұрса да әкесі жайлы айтатын еді. «Әкеңді көрген өлмесін» деген сол екен. Бір жағы бұған қамқор боп, іш тартып тұратын. Арқа тұтатын азаматтың орны бөлек екенін өмір көрсетті. Баянды, баянсыз тірліктің әйтеуір бір батқан күннің бояуына оранып барып, байыз табатынын іштей түйсінді. Сөйтіп, ойламаған жерден осыдан жарты ғасыр бұрынғы Бошайдан кейінгі атбегі – Биақымет көзінің қиығынан шығармайтын ер-тұрманын, қара тұлпарын қараусыз қалдырды.

Бошай Шығыс Қазақстанда Үлкен Нарын ауданындағы Ленин колхозының төрағасы болған. Оның Құланқара, Бұланқара бәйге аттары, Желмая жорғасы заманында өңіріне белгілі сәйгүліктер-тұғын. Қала берді республиканы да тыйған саңлақтар. Үшеуі де сүліктей қара жылқылар еді. Сондықтан да оларды «Бошайдың үш қарасы» деп атап кеткен. Данышпан Абай мен даңғыл ақын Жамбылдың туғанына 125 жыл толған тойдағы аламанда Құланқара мен Бұланқара бірінен кейін бірі тізбектеліп келіп, бірінші, екінші орынды алды. Желмаясы жорғадан алдына мал салмады. Мынандай ғажайыпты көріп сүйінген Ғабит Мүсірепов бұл оқиғаны қаламына арқау етті.

Мұндай қызықты дүниелерді көп оқитын Серікбайға Бошай мен Биақыметтің арасында табиғи үндестік бар тәрізді. Бошайдың қаралары мен Қараторғайдың арасында өзіндік сабақтастық жатқандай. Бошайдан кейін араға ширек ғасыр салып шыққан Биақымет тәрізді атбегілер бүгінде жоқ. Енді сол Биақыметтен бата алған Серікбайдың атпаздығы асқақтар. Талай қыл құйрықтылар аузымен құс тістеп, аламанның алдымен өтер. Сөз парқы – ант аумай ат жүгірмейді. Сол киелі өнердің әруағы Биақымет атсейістен Серікбайға көшкен іспетті. Өйткені Қараторғайдың кекіліндегі үкісін Биақыметтің баласы өз қолымен Серікбайға ұстатып еді.

 * * *

 Серікбайдың қыстауы – Талдықұдықта. Бұл – ежелден әкесі Бекбайдың табан аудармай мекендеп келе жатқан, әбден бауыр басқан қимас қара жұрт. Жирен қасқаны да алғаш Алқалыға шығарып салған осы жер.

Ақырда тұрған ат оқыранды. Жер тарпиды.

– Жануар тұяғын жыбырлатпағанға іші пысып, шыдамай барады. Мен де назарымды солай аудардым. Келте жалы үлбіреп, бізге еңсесін сала едірейеді.

– Әзірше қолда болады ғой, қар суымен тебінге жіберемін.

Сәл үнсіздік орнады.

– Жүр, үйге жүр.

Табалдырықтан аттағанымызда самаладай жарқыраған үйдің іші жандүниені кеңітіп, одан бетер жадырата түсті. Бәрі өзді-өз орнына ұқыпты қолмен жиналыпты. Төрдегі кілемнің үстіне құйрығы жерге шұбатылған арланның терісі ілініпті. Арланның қасында қаршадай екі ұл асық үйіріп, ойынға қызу кіріскен. Әсияның шайы дайын екен. Бірден дастарханға отырдық. Іштей көкейіме түйген негізгі бұйымтайыма көшіп:

– Секе, Биақымет марқұм өзі жаздырып беріп кеткен ат баптаудың құпияларын айтпаймысың? – дедім сыр тарта.

Ол сәл жымиып күлді.

– Өзің де талай бәйгеге шапқан атбегінің баласысың ғой. Ондай құпияны атпаздар көп жария етпейтінін білесің, мені қинамашы.

Әр нәрседен секем алғыш ырымшыл саяткерлердің табиғатына қанықтығымнан, оның неге бұлтарғанын ұқтым. Әңгіме басқаға ойысты.

– Жаңа терісазудың терісіне ұзағырақ қарап қалып едің, – деп сөзін сабақтады отағасы. Менің сауалымнан бұлтарғанына өзін кінәлідей санап, жуып-шайғаны.

– Құтпан дейтін итіміз былтыр алып еді. Биыл аңға шыққанға асып-төгілген шаруа икемге көнбей жатыр.

Мен әңгімені қайтадан жирен қасқаға бұрып алып келдім.

– Қасқа аттың енесі қандай бие, әкесі қайсы айғыр екенін білесің бе?

– Дөп басып айту қиын. Бірақ мұның енесі дон жылқысы, әкесі ағылшын тұқымынан болуы ықтимал. Өйткені совхоздың нөмірі, таңбасы бар. Ал жылқы зауыттан бірде-бір қазақиды таба алмайсың.

– Білемін. Зауыттың жылқыларын қанша асыл тұқымды дегенмен, ұзақ-сонар шабысқа келгенде қазақиға жетпейді-ау.

– Иә, оның дұрыс. Қазақи мен швед, шотлан тұқымдарын будандастырған жөн бе деп қалдым. Өйткені Қараторғай сондай ғой. Әмбе, Ілияс «Құлагер» поэмасындада былай атап өтіпті, – деп, Серікбай тақпақтата жөнелді.

– Қанында шығысың мен батысың жоқ,

Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.

Қашаннан қазағымның қолтумасы,

Арабтың дүлдүлінің қатысы жоқ!

Маңғұлдың мес аты емес тұқырынған,

Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.

Жануар шапса жүйрік, мінсе берік,

Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан, – дейді сыншының саңлағы Күреңбай. Сонда, жаңағыдай будандастырса, қазақидың ұзаққа сілтейтін шыдамдылығы мен Еуропа жылқыларының алымды, ұшқырлығы құлынға қабат бітіп, жақсы ат болып шығады.

Шай ішіп болып, сыртқа беттедік. Мезгілдің қаңтар деген аты болмаса, жылдағыдай аяз жоқ. Қар да жұқа. Әлгіндегі дастархан басында Серікбайдың көмекшісі Жұмәділ ақсақалдың айтқаны есіме оралды.

«Мизам шуақта өрмекші торды шидің басына неғұрлым биік салса, солғұрлым қыс жұмсақ болады. Күзде осыны аңғарып Серікбайға айтып едім, айтқаным дәл келді. Біз де мұны үлкен қариялардан бұрынырақта естігенбіз» — деген еді ол кісі.

Сүмбіледегі сіркіреген жауыннан, мейірлі күн нұрынан мизам айында буыны қатқан шөптің түбі қайта көгеретіні бар. Сол мизам көкке мал еңсесін салып оттап, суық түспей қоңданып алатыны әдеткі көрініс. Өрмекшінің талмай торын тоқитын, онысы желмен шұбалаңдап үстіңе орала кететін уағы да сол мезет.

– «Талдықұдықта» ертеректе қараның Омар деген шаруасы отырыпты, – деп ойымды Серікбай бұзды. – Дәл осы жермен Семейден Түркістанға, Түркістаннан Семейге қарай кіре тартатын жол өтеді екен. Жаздың аптабында ауыз су қайдан болсын. Омар әлгі кірешілерге су сатып, күн кешіпті. Ақырында келе-келе әбден байыпты. Бірақ осы өлкеде «су сатқан қара» деген сөз қалды.

Бетіме жымия, қуақылана қарады. Өйтетіні, оқымыстылау әрі сонысымен өзін бәрімізден оқшау көрсетуге бейім бір сыныптасымыз бар еді. Ол әрдайым «қаралығын» айтып, қарақан басын бекзатқа балайтын. Мен де еріксіз езу тартып, бас изедім.

«Талдықұдықтан» Қызылағаш жылқы зауыты директорының орынбасары Нұрлан екеуміз іңір қараңғылығында аттандық. Соңымызда жас атбегі, жас болса да алғыр атпаз Серікбайдың ошағы қалып барады. Оған марқұм Биақымет өз тәжірибесін аманаттап кеткеннен кейінгі бір-екі жылда ол талай-талай дүбірлі жиында аға аруағын ренжіткен жоқ. Орта Азия – Қазақстан арасындағы аламанда үшінші орынды иемденді. Талдықорған облыстық шопандар слетінде бас бәйгені алды. Сол жолы Қапал ауданының әкімі Тұрсынғазы Медетбеков: «Мұның аты «Маралқасқа» болсыншы», – деген-тұғын. Содан кейін-ақ елдің бәрі «Маралқасқа» деп кетті. Одан соң да жирен ат республикалық ІІ спартакиадада үшінші орынды иемденді. Жануар ақырда тұрып қайта-қайта ішін тарта беріп еді. Қыстай қайырылып бапталды, биыл аузымен құс тістеп самғайтын шығар… Алқа топтың алдын шайқайтын шығар…Оның оқыранған үні әлі күн құлағымда тұр.

* * *

 Содан бері де араға 22 жыл уақыт түсіпті. Әлгі бір қос ұл ержеткен. Бірі – Төтенше жағдайларда, екіншісі – Сыртқы барлауда қызмет етеді. Екеуі де офицер. Ол кезде мына жарық дүниеде болмаған Секеңнің үшінші ұлы Бекболат – сәулет университетінде студент. Тасыған судай лықсыған уақыт өз ауанымен жылыстап барады. Осы аралықта Серікбайдың үйінің белдеуінен қылқұйрықтың тұқымы арылған емес. Соңғы жылдары есігінің көзіне азынатып бір көк айғырды байлап қоятын дағды тауыпты. Жануар өзін-өзі жұлып жеп, қиянның ұшынан жылқының қаралдысы көрінсе әбден дегбірі қашады. Не күндіз, не түнде оттамайды. Жазғытұрым бәйгеден екінші келіпті.

– Аты не бұл көк күліктің? – дедім тұрқына сүйініп.

– Аты жоқ.

– «Жалаукөк» болсын.

Ол ләм демеді, күлді. Келіскен белгісі.

Өмірдің жазы өтіп, жігіт ағасына айналсақ та құрдастар бір-бірімізді көргенде балалық шағыңа оралғандай күй кешесің. Әйткенмен, ғұмырдың мизамкөгі басталып кеткен еді… Сол бір болмашы ғана шуақты сәттің қызығы көк тұлпар болғанға не жетсін…

Қонып жатып жеті түннің ішінде жануардың бір мезгіл қу шөпті гүтірлетіп шайнаған дыбысын естідім. «Қас тұлпардың белгісі аз оттар да, көп жусар» деген осы-ау деп ойладым.

adilbek-ybyraymӘділбек Ыбырайым, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!