Жеткізген СЕЙІТОВ. Тұрардың Тайқасқасы

6421

Құланды ауылындағы нағашым Мәжекеңдікіне бардым. Кенжеғали деген кіші баласы екеуміз далаға шықсақ қораның жанында байлаулы тұрған кішкене қасқа тайға көзім түсті, атқа әуестігім ұстап айналып қарап шықтым. Қасыма Кенжеғали келді.

— Тайды көп айналдың ғой, не білдің? – деді ол.

— Мынау жүйрік жылқы болайын деп тұр екен.

— Оны қайдан білдің?

— Ау, мен, Нарынбайдың жиенінен туған жиеншар емеспін бе, сол қасиетті ат сейістің түйірдей болса да қаны бар ғой бойымда, сол меңзеп тұр, — дедім.

— Жалпы танып тұрсың, өткенде тай бәйгіге қосып көріп едік, бірінші келді. Сен көпшіліктің ішінде жүрсің ғой, ат алатын адам болса айта жүр, сатамын. Қамбарым жалғыз ғой, тым атқа әуестеніп кетсе оқымай кете ме деген қаупім бар, — деді Кенжеғали.

Бір күні Жолдыбаев Тұрар ағамыздың үйінде отырғанымызда Тұрекең:

— Осы бір ат ұстап, бәйгі қосып көру керек еді, — деген, Тұрекеңмен жақсы араласып тұрдық.

Тұрекең Маңғыстауға белгілі азамат, жолдасы Рысхан апай менің әйелімнің туған жиен апасы, осындай жақындығымыз да бар. Тұрекең ұлттық өнерге жаны құмар ән-жыр, күй өнерлерін жаны сүйетін жан еді. Күреске, ат бәйгісіне өте құмар болатын. Тұрекеңнің әлгі сөзінен кейін мен:

— Тұреке ат ұстағыңыз келсе, менің нағашымда бір құнан шығар құла қасқа жылқы бар, ол енді жүйрік жылқы соны алыңыз, — дедім.

Сол жерде қайда, қай жерде, аты-жөнін бәрін сұрап алды. Кейін барып әлгі жылқыны көріп ұнатпай кетіпті.

— Тым кішкента жылқы екен, — дейді.

Тағы бір көргенімде Тұрекең:

— Сен айтқан жылқың тым кішкентай, ананы шабады деп айта алмаймын, — деді.

— Тұреке, алыңыз негізі кішкене жылқыдан жүйрік көп болады. Баяғы Барахаттың “Көкбайталы”, Қызылтаңның “Кіші Қаратөбелі”, Бектемістің “Қалдықарасы” кішкене жылқылар болған, бірақ бұлар тым өрен жүйріктер еді, Тұреке, — деген едім.

Артынан барып әлгі қасқа құнанды сатып алыпты, әрі «Тайқасқа» деп ат қойған. Сатып алғаннан кейін біреуге жараттырып бәйгіге қосады, бірақ бәйгі ала алмайды, дұрыс шаппайды. Бір кездескенімде:

— Сенің айтқан жылқың жүйрік болмайд шықты, — деді тағы да.

— Бабы келіспей жүрген шығар, — дедім.

Кейін сол Тайқасқаны өлкемізге белгілі атсейіс, Тілеген Өрісбаев ағамызға баптатып, бәйгіге қосады. Міне сонда Тайқасқаның бағы жанды.

Бірде Форт-Шевченконың 150 жылдығы болу керек, үлкен бәйгі болды. Бәйгіге 50-60 ат қосылды, ішінде Тайқасқа бар. Соңғы айналымда екі ат алдына суырылып шықты, біреуі Тайқасқа, екіншісі Ресейден келген жирен. Соңғы айналымның ортасын келгенде Тайқасқа алға шықты, Мәреге жақындағанда Тайқасқа жиреннен 100 метрдей алда келе жатыр еді, мәреге 30 метрдей қалғанда алдынан жүгіріп адамдар шықты. Тайқасқа үркіп жалт беріп, кейін шапты. Содан манағы екінші келе жатқан жирен мәреден өтті де Тайқасқа екінші болып өтті. Обал болды, бұл адамдардың тәртіпсіздігі болды, себебі тың келе жатқан ат үркеді, талып келе жатса ондай болмас еді.

Екінші көргенім Тас Орпада Ақбота, Бүркіт атаға ас бергенде Тайқасқа өзге аттардан жарты айналым бұрын келді. Бұл менің өзімнің көргенім, көрмегенім қанша.

Суреттегі сол Тайқасқа шылбырынан ұстап тұрған Тұрекеңнің өзі.

jetkizgen-sЖеткізген Сейітов, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.