Қызылжарда ат спортынан ел чемпионаты басталды

3609

Солтүстік Қазақстан облысыда жастар арасында ұлттық ат спорты түрлерінен ел чемпионаты басталды. Еліміздің 9 өңірінен жиналған жігіттер көкпар тарту, теңге алу, жамбы ату, аударыспақтан күш сынасады.

Солтүстік Қазақстан топырағында алғаш рет ұйымдастырылып отырған ат спорты түрлерінің республикалық чемпионатына 18 бен 21 жас аралығындағы жігіттер қатысады. Сайыскерлерді Қызылжар ауданындағы «Құлагер» ипподромында облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қарсы алып, чемпионаттың басталуымен құттықтады.

«Қазір елімізде 300 мыңнан астам азамат ұлттық спортпен шұғылдануға бет бұрған. Соңғы жылдары біздің облыста да бұл салаға көп көңіл бөлінуде. Әсіресе ұлттық ойындар жандана түсті. Биыл балалар мен жасөспірімдерді ұлттық ойындарға баулитын «Тұлпар» спорт клубы жұмысын бастады. «Қызылжар арландары» атты қазақ күресінен кәсіби клуб ашу да жоспарда бар», — деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.

Жарысты Ақмола мен Маңғыстау облыстарының көкпаршылары бастады. 22 келілік серкені жамбастарына басып салым салуға тырысқандарымен нәтиже болмады. Ойынның алғашқы 20 минуты 0:0 есебімен аяқталды. Ептілік пен ерлікті, күш пен қайсарлықты талап ететін ұлттық ойында жарақат алғандар да болды.

«Ойын тартысты өтіп жатыр. Командалар мықты. Дегенмен, біз де дайындалып келдік. Біздің облыста ат спорты мектебі бар. Оған қызығушылық танытатын жастар көп. Сондықтан, бас жүлдені ұтып алуға үміттіміз», — дейді Ақмола облысы құрамасының көкпаршысы Найзабек Темірбеков.

Солтүстік төрінде алғаш рет өткізіліп жатқан жастар чемпионатында жамбы атудан үшінші орынды Қызылорда құрамасының ойыншысы алса, екінші орынды жамбылдықтар иеленді. Алтын медальді Түркістан облысының ойыншысы қанжығасына байлады.

Baq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!